АТА КӘСІПТІ МЕҢГЕРГЕН АЗАМАТ

Қоғам
413 Views

Елімізде шағын-орта кәсіп иелеріне барынша қолдау көрсетіліп келеді. «Бизнес бастау» жобасымен мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алғандар тұралап қалған кәсібін дөңгелетіп, ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр. Түркістан облысында жыл басынан бері 2765 азаматқа грант берілді. Ал кей тұрғындар төмен пайызбен несие алып, шағын цехтар ашып өнім шығаруды қолға алды.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы 2010 жылдан бастап табысты іске асырылуда. Осы орайда, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалар ішінде ең сұранысқа ие бағдарлама. Бағдарлама бизнесті қаржылай және қаржылай емес қолдауды қарастырады. Сондай-ақ, «БЖК-2025»-тегі қолдаудың негізгі қаржы құралдары проценттік мөлшерлемені субсидиялау және кәсіпкерлердің кредиттеріне кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, сондай-ақ бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу болып табылады.

Сарыағаштық Ерболат Шалқарбайұлы темірден түйін түйген шебер. Ата кәсіпті меңгерген азамат екі жыл бұрын осы істі қолға алған. Тұрмысқа қажет бұйымдар жасауды бастаған соң, уақыт өте тапсырыс көбейе берді. Бизнес бастаумен» берілген қаражатқа қондырғы алған шебер жұмыс көлемін одан сайын арттырған.

Ерболат Шалқарбайұлы, дәнекерлеуші:

— «Бизнес бастаумен» алған ақшаға біз профи 5 станогын алдық. Сонымен қазір оюдың барлық түрін, прудтан болған, профильден болған барлық оюларды шығарып жатырмыз. Жан жаққа тарқатып та жатырмыз. Бұйыртса келесі жылға басқа өңірлерді де аралап, сол жақтарға да тарқатуға ниет бар құдай қаласа.

Темір бұйымдарға тапсырыс облыс аумағынан емес, Шымкент қаласынан да түсіп отыр. Сондықтан кәсіпкер шеберхананы кеңейтіп, жұмыс көлемін ұлғайтсам дейді. Ал, Сарыағаш қаласындағы кондитерлік цех тәттілердің 40-қа жуық түрін шығарады. Әрі шахар тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бастапқыда он адам жұмыс істесе қазір олардың саны жеті есеге артқан.

Қатира Сарымсақова, цех меңгерушісі:

— 60-70 адаммен жұмыс жасаймыз. Бізде әлеуметтік жағы қарастырылған. Жалақымыз, айлығымыз өз уақытында беріледі. Екі мезгіл тамағымыз бар.

Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алған серіктестік еліміздің барлық өңірлеріне тәттілер таратуда. Алдағы уақытта кәмпит шығару жоспарда бар. Себебі Ресей мен Украинаның технологиясымен дайындалатын өнімдерге алыс-жақын шетелдерден де сұраныс артқан.

Нұржан Қожамбеков, серіктестіктің атқарушы директоры:

— Сырттан импорт азаюына байланысты біздің ішкі өнімдер қатты сұранысқа ие болып жатыр. Біз осы экспорт мәселесі бойынша да қарастырып жатырмыз. Келісімшарт жүргізіп жатырмыз. Осы Ресей федерациясының Дағыстан мемлекетімен және Әзірбайжан мемлекетімен келісімшарт жүргізіп жатыр.

Облыста жаңа бизнес идеяларды іске асыруға ниетті үш мыңға тарта азаматқа грант берілген. Алайда қайтарымсыз қаражатты заңсыз алғандар да анықталды. Тиісті тексерулер нәтижесінде 18 млн теңге мемлекетке қайтарылған. Мамандар бұл қаражат кезекте тұрған өзге азаматтарға үлестірілетінін айтады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *