СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМДЫ ІШТЕЙ ЖЕЙТІН ЖҰЛЫНҚҰРТ

Қоғам Құқық
860 Views

Жемқорлық дертін әлдеқашан дамыған, немесе даму кезеңіндегі көптеген мемлекеттер басынан өткерген. Жегі құрттай кеулеген қоғам індетін тек күресіп жеңе білген әрбір мемлекеттің өз таңбалы тарихы бар.  «Жең ұшынан жалғасқан жұлынқұртпен өзге елдер қалай күресті?» деген сауал мені де жиі толғандырады. Мәселен, Сингапур, Малайзия мемлекеттерінде жемқорлық шырмауықтай шырмап алып, кезінде қоғамның алға басуына кедергісін келтірген. Алайда халықтың ой-санасын өзгерту арқылы жылдар бойы үздіксіз жүргізілген сау идеологияның арқасында бұл жұрт – қазір озық елдердің қатарында. Экономикасына, даму деңгейіне күллі дүние сүйсініп қарайды.

Қазақстанның ілгері қадамы жылдам қарқындау үшін алдымен жемқорлықты жою өте маңызды. Өйткені, жемқорлықтың тамырын үзбей алға қарыштау құр қиял ғана. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Әсіресе, халық әлеуметтік салада парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Мұны мойындамасқа лаж жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам болатыны секілді жемқорлықтың да ғұмыры тым қысқа. Соңғы жылы сыбайлас жемқорлықпен дүние жиған, мемлекетке залал келтірген ірі лауазымды тұлғаларға іс қозғалды. Олардың біршамасы ұсталды, қамауда, бірі тергеуде, енді бірі үй қамағында. Кісі ақысы мен мемлекет мүлкінен жымқырып жиған дүниенің жылуы болмайтынына көзіміз жетті.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев қаралы қаңтар оқиғасынан кейін сыбайластық жемқорлықпен күресті күшейтті. Пара ұсынушы да, пара алған азамат та тең жазаланатын болды. “Жеке реформа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат аясында жүзеге асырылады. Бұл құбылыстың себептерімен емес, салдармен күресуге баса назар аударылады. Сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі талдау, шенеуніктердің бизнеске және азаматтарға әсер ету мүмкіндіктерін азайту – бұл жұмыспен жаңа деңгейде байыпты айналысқан жөн”, – деді Қ.Тоқаев отандық кәсіпкерлермен кездесу сәтінде.

Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Қоғамда сыбайлас жемқорлық қылмыстардың және осы тұрғыда құқық бұзушылықтардың бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен мемлекеттік не бюджеттік мекеме қызметшілерінің білім деңгейі, айналасына, мемлекет дамуына деген атүсті көзқарасы, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер етсе керек. Кей мемлекеттік қызметте жүргендердің заң бұзушылыққа немкеттілік танытуы, берген антына адал болмауы, кәсіби мәдениетінің төмендігі, қара басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне себепші болып отыр. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында анық көрсетілгендей сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттің органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттің органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Сау қоғам, өркениеті дамыған мемлекеттермен иық тірестіру, жемқорлықты жан-тәнімізбен болдырмай, республика азаматы ретінде қоғам кеселімен күресу бұл өзіміздің ерік-жігерімізге байланысты. Мейлі сіз жеке кәсіпкерсіз бе, мемлекеттік қызметшісіз бе, Отанға деген ыстық махаббатыңыз алдыңғы орында болғанда ғана біз ұрпағымыз алдында қарыздар емеспіз, адал, өз міндеті мен борышын орындаған буын болып қалыптасамыз.

Бұл дерттің қоғамға таралу жолдарын шорт кесіп, оның тармақтануына қалайда жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке мейлінше атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі мен мерейі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Дана Кенжеханқызы ҚАЛТАЕВА,

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *