«Дезертирлер» Жаңа Қазақстанға лап қоюы мүмкін…
15-ші қаңтарда Ресейде мобилизацияның екінші этапы басталады деп күтілуде. Кремль 500 мың «балмұздақты» мұздай қаруландырып, майдан даласына жөнелтуді көздеуде. Путиннің алғашқы мобилизацияны тартыншақтап жасағанын ұмыта қойған жоқпыз дейді DALA инсайд сарапшылары. Кремль көсемі жұрт жаппай алаңға шыға ма деп қауіптенген-тін. Бірақ орыстар әдеттегідей бас көтермеді. Билікті ататын HIMARS-ы жоқ, іштей кіжініп жүрген ақыл-есі cау орыстар қарсылық танытудың орнына елден безіп кетті. Осылайша Путин мобилизациясына қолайлы жағдай жасап берді. Украин барлау қызметінің мәліметінше, мобилизация 2.0 – «Ресей экономикасына табыс әкелетін салаларда» істейтін ер-азаматтарды қамтиды. Яғни, middle class (орта тап) өкілдеріне бағытталады. Жарлық қатты, бірақ жан тәтті: алдағы күндері біз «орысқашқанның» екінші сериясына куә боламыз. Украин топырағын тыңайтқанды қаламайтын орыстар Қазақстанның шекарасына қарай шұбырары анық. Кремль оларға бас ауыртпайды. Бар салмақ бізге түседі. Жаңа Қазақстан атажұртынан зытайын деп отырған орыстарды қабылдауға (бәлкім, қабылдамауға) дайын ба? Бұл үлкен сұрақ. Түнеукүнгі мобилизацияда елге 100 мың орыс «басып» кіріп, елдегі әлеуметтік-саяси ахуал күрт ушыққан. ЦОН-дарда шұбатылған кезек, пәтердің арендасы шарықтап, жастар далада қалған. Ол кезде күн жылы еді… Қытымыр Қаңтарда тағы 100 мың орысты құшақ жая қарсы алып, бұл қазақтардың ашу-ызасына тиіп, ауылдан келген студенттер қыстың көзі қырауда далада түнер болса, мұның соңы әсте жақсылыққа әкелмейді. Ол кезде екінші Қаңтар болмаса да, соған ұқсас дүниелер қайталануы әбден мүмкін. Ақорда идеологтарына Тоқаевтың жылын аман-есен өткеру үшін мұндай сценарийдің алдын алу қажет-ақ. Мұндай мүмкіндікті Дариға мен Тимур бастаған ескі биліктің өкілдері де мүлт жібермесі белгілі. Әсілі мобилизацияның екінші кезеңінде Қазақстанға лап қойғалы отырған орыстарды шекарадан кері қайтару. Олардың «Алматыны көрмедік. Аунап-қунап қайтуға келе жатырмыз…» деген алдап-сулауына сенбеген жөн. Алғашқы мобилизацияда Қазақстанға қашқан орыстар «туристпіз» дегенді алға тартып, шекарадан өткен-ді. Путиннің «спецоперациясын» соғыс деп кесіп айтқан Жаңа Қазақстан соғыстан қашқан туристерді «дезертир» деп танып, радикалды шара қабылдауға дайын болуы тиіс. Бүйтпесе біздің елге қатысты Симонян мен Соловьевтің провокациясын Путин соғыстан қашқан орыстардың қолымен жүзеге асырады. Соғыстан қашқандар Троя қақпасына еркін кірген ағаш атқа айналып жүрмесін. Сақ болайық.