БӘСЕКЕГЕ ДАЙЫНСЫҢ БА, ДЕПУТАТТЫҚТАН ҮМІТКЕР!?

Саясат Қоғам
411 Views

Қазақ еліөткен жылғы басынан өткен «Қаңтар» оқиғасын «революцияға» таңғаны – ғылыми түсінікке,мазмұнға сәйкес пе? Жоқ, әлде, тек қана мемлекетіміздегі соңғы үш онжылдық дамудың нәтижесіндегі олқылықтар мен кемістіктердің, қателіктер мен жеке пайдаүшін бұрмалаулардың себептерінен туған әлеуметтік қарсылық па? Менің өзіме әзірге көптеген «құпиялар» ашылмағандықтан болар, — толық түсінікті емес.

Жалпы революция — қоғамдық-экономикалық формацияның түбегейлі өзгеруіне бағытталған күрес нәтижесі.

Олай болса, «толық түсініксіздіктің» тап қазір неліктен маңыздылығы көтеріліп отыр? Менің шамалауымша жақын арада Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауларының қызу температурасы алаулай бастағанынан. Оның үстіне электораттың саяси ояну деңгейін бұрындағы сайлаулармен салыстыруға келмейтін сияқты. Сондықтан да, кешеге дейінгі қоғамдық пікір: «ескі жүйені толығымен жоймай, ескі кадрлардан толығымен тез тазармай, ешқандай жақсылыққа қол жеткізе алмаймыз» деген талаптар мен сұрақтар депутаттық статустан үміткерлердің алдында халықпен кездесулерде кесе көлденең тұрады.

Әрине, мақсатқа қол жеткізуде жеңіл пиарды потенциалды мүмкіндіктен жоғары қоятындар, көп нәрседен оңайлықпен тайына бермейтіндер: «Осыдан бастаймыз, жоямыз, түгел ауыстырамызды» ұран етуден де жалықпайды. Біздің жағдайда ондайлар өздеріне көп ретте ұтымды пікір қалыптастыруы әбден мүмкін. Ал, «ескі жүйенің», қазіргі социализмнен кейінгі қоғам болып таңдаған формацияның, әрі пайдалы, әрі заңды тұстары да жеткілікті екенін бетке ұстап, бүгінгі күні көпшілігі орнын босатқанымен, кешегіден келіп жеткен мемлекеттік кадрларға, бизнескадрларға және басқа да мамандарға жалпылама топырақ шашпай, «ақ-қарасын ажыратып барып тазалайық» деген мандаттан үміткерлердің жолы барлық ортада бірдей даңғыл бола бермейді.

«50 мың теңге кіріспен», бірнеше кредитпен күнін кешкен «озлобленныйларды» таза кәсібімен және жоғары кәсіби қабілетімен тұрмыс жағдайы жақсы «таза табыстылардың» өздеріне сендіру оңайға соқпайды. Мұндай тұстарда не істеу керек? Авторитаризм уақытында «дәулерге» таңдағандарын өткізу қиын емес еді.

Енді демократизмге ұмтылған тұста қалай болмақ?

Қалай болғанда да біліми, кәсіби және моральдық қасиеті, саяси мәдениеті сәйкес азаматтардан таңдалуы керек қой!

Осы айтылған және айтса жалғаса беретін себептермен алдағы тарихи «Қаңтардың» ызғары әлі де сезіліп тұрған шақтағы өкілді билік сайлауы өте күрделі үгіт пен насихатты, екінің бірі меңгермеген идеологиялық тереңдікті талап етейін деп тұр. Осыған тиісті жауапкершілікпен қарамай, ескі модельдегі депутаттық фигуралар көптеп өтіп кеткен жағдайда, қазіргі саналы түрде әдейі және санасы төмендіктен соларға ергендердің, «өзгерген ешнәрсе де жоқ, екінші билік иесі — біріншісінің жалғасы» деп есіргендердің құдайы беріп қалады.

Орын алуы әбден мүмкін айтылған аргументтерге байланысты және демократиялық принциптерді жеке өз пайдасына бұра пайдалануға әрекеттенгендердің біразы көзге көріне де бастады. Елдің де, өз өңірінің де, тіпті еңбек еткен саласының да, жан-жақты проблемаларын зерттеу түгілі білуден де қабілеті, хабары, түсінігі жоқ көптеген пенденің сайлауға түсуге біреулерінің ойы кетсе, біреулері ашық әрекеттеніп жүр. Әрине, электораттың сүзбесінен түгел, немесе, кездейсоқтық элементі дөп тисе, түгелге жуық, сүзіліп қалатыны белгілі. Бірақ, ондайлардың ішінен «жаңарған ешнәрсе жоқ, бәрі өтірік, бұл сайлауың да әділетсіз» деп айғай салып, бұғанасы қатпаған жастар мен өздері сияқтыларға теріс пікір қалыптастыруға әрекеттенетіндер де аз болмайды-ау, өзі…

Бүгінгі күндерде даярлығы басталып кеткен бұл сайлау – өткендегі бүкілхалықтық референдумның, соңғы Президент сайлауының логикалық жалғасы. Өткен үш онжылдықтағы көп жағдайда кешірілмес кемшіліктерді жөндеу әрекеттерінің кезекті жалғасы.

БIPIHШIДЕН, билік жүйесіндегі Ата заң айқындаған бірінші – өкілді – тармақтың компетенциясын қалың халыққа – мемлекеттегі билік иесіне – тереңдей түсіндіруді қолға алу қажет сияқты, сайлау компаниясы аясында. Ел басқару үдерісіне тиісті көңіл бөле бермейтін көптеген «қара қазақ» үшін атқарушы не, өкілді не, бәрібір сияқты. Оның үстіне «ескі» билік заманында, өкілді мен атқарушы «бірлесіп» кеткен тұста, осындай психологиялық-менталдық ассоциация қалыптасып қалған. Осыны пайдаланып, ниеті таза емес үміткерлер «болса, болсын, болмаса бордай тозсын», әйтеуір өтсем болды деп, уәдені үйіп-төге беретіні сондықтан. Түбі белгілі.

ЕКІНШІДЕН, депутаттықтан үміткерлер өз сайлаушыларымен кездесулер барысында ең алдымен халық өкілінің заң жүзіндегі міндеттері мен құқығы туралы ақпарат беруден бастауы маңызды. Бұндай бастама екі жаққа да пайдалы. Кездесуге қатысушылардың, олардың өз потенциалын, таңдауының құқықтық міндеттерін тиісті дәрежеде білетінінен, оны орындау мүмкіндігінен, бағдарламасын орындау қабілетінен, пікірі қалыптасады. Статустан дәмелінің бос уәдеге ұрыну мүмкіндігі төмендейді.    

ҮШІНШІДЕН, жоғарыда айтылған «ескі жүйе» заманында, коррупция ластаған ортада қызмет атқарған азаматтарды түгелімен сырып тастауды уәделеу талабы кездесулер кезінде көтерілмеуі мүмкін емес. Әрине, өткеннен «күнә арқалағандарға» деген үміткердің пікірі біреу ғана екені белгілі. Жаңа мемлекеттік қызметкерлер, азаматтық қызметкерлер, бизнескадрлар «Жаңа Қазақстан» идеологиясына, «Әділетті Қазақстан» заңдарына, халық талабына қатаң негізде сай болуы сөзсіз шарт. Десек те, біз әділеттілікті қастерлеген халықтың ұрпағымыз, құқықтық ел болуға мақсат қойған қоғамбыз. Сол себепті «ескі жүйенің» нанын жеген деп, кінәлімен қатар кінәсіздерді де негізсіз «кадр қырғынына» ұшыратудан аулақ болуымыз керек. Айналып, артқа қарап, өткен тарихымыздың кейбір парақтарына да көз жүгіртіп қойғанымыз пайдалы.

ТӨРТІНШІДЕН, осы кезге дейінгі осы абыройлы атаққа «жепутат» деген атқа қалмай, оны естен шығару әрекетімен, алдағы сайлау жарысында белді деген үміткерлердің алдымен уәде, сайланған жағдайда орындауға атсалысу ретінде келесі талаптарға көңіл бөлулерін қалаймын:

  • Жаңа депутаттық корпустың басқа азаматтардан – электорат мүшелерінен – әлеуметтік, экономикалық, құқықтық артықшылығы болмауы керек. Артықшылығы – тек халық алдындағы міндеті, жауапкершілігі;
  • Үміткердің өз бағдарламасында депутаттыққа Мәжілісте, тура сол мәслихатта 2 реттен артық сайлану құқы болмайды деген ұсынысы болса. Бұл талап депутаттық орындарды «жекешелендіріп, меншіктеп» алуды болмайды деген сөз. Өкілеттікті жеке пайдасына бұруды азайтады. Конституциядан туындайтын азаматтың сайлану құқығын көпшілік алдында кеңейтеді.

Осы сияқты ресми ұсыныстар кез-келген үміткердің мүмкіндігін жоғарылататына, сайлаушылардың бәріне ұнайтынына сенімдімін.

Жоғарыда жазылған менің жеке ойым, пікірім. Ат үсті емес, ойланудың, тұжырымдаудың, кезіндегі осындай үміткерліктің, депутаттық тәжірибесінің бір бұрышы. Бүгінгі күннің осындай өз мүмкіндігін, бағын, сәттілігін сынап көру аясы кеңіген уақыттағы үміткерлеріне белсенділік, таза құқықтық әрекет, абырой мен нәтиже тілеймін!

Сапарбек САХОВ,

ОҚМА доценті, тарих ғылымының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *