АНДАС БАТЫР КІМ БОЛҒАН?

Таным Тарих
1 057 Views

ел есінде қалған ер

Ел іші – алтын бесік, таусылмас қазына, әңгіме – шежіренің алтын кені. Біздің елдің көкірегі дана, шежіреші қарияларынан жазып алған жазбаларымызды жариялаудың реті, кезегі келді-ау деп ойладым.

*   *   *

Андас жасынан өткір, алымды-шалымды ел басқарған, айтқанын өткізетін, дегеніне жеткізетін жан екен. Ташкенге бүкіл игі-жақсыларды шақырып, дүйім елдің көзінше хан қасынан орын беріп Андасты ерекше күтіпті. Қайтар кезіне арнайы жарлығымен датқа деген атақ беріп, үстіне алтынның буына ұсталған бұлғын тон, беліне алтын қылыш сыйлапты.

Ауылына келгеннен кейін Андас боз бие сойып, елінің ақсақалдары мен сүт бетіне шығарларын шақырыпты. Ет желініп, құран оқылып, бата берілгеннен кейін Андас суырылып ортаға шығып:

— Уа, мен жақсы болсам патшадай төбесіне көтеріп, егер мен еліме жамандық істесем терідей сүйрейтін қасиетті ел-жұртым! Қоқанның ханы датқа деген атағын берді, алтын тонын арқама жапты. Осы жерде, мына жайды айтайын деп отырмын жұртым. Әруағыңнан айналайын, Кәшке ханның тоғыз қырсаулы, тоқсан баулы туы Сұраншы ағамыздікінде тұр. Сұраншы ағам жау жағадан алса, не есіктен сығаласа атандай ақырып ел-жұртын бастап, сол қасиетті туды көтеріп жүр. Итиіп елімізге, жерімізге көз салғандар Сұраншы ағамыздың айбарынан именеді.

Батыр елі үшін туады

Бағлан жері үшін туады.

Ата тұрып ұл сөйлемес болар

Ана тұрып қыз сөйлемес болар.

Аға тұрып – іні жолын алмас болар

Өйтіп ұятқа қалмас болар.

Аға деген аспандағы – шырақ

Ақ жайлау, алтын орда – тұрақ.

Бұл алтын тонды Сұраншы ағама жабамын.

Сөйтіп сол кісінің ақ батасын аламын! – деп сары ала алтын тонды Сұраншы батырдың арқасына жауыпты.

Тонды тіп-тік қойса алтынға суарылғандықтан нұры қызыл жалқын сан құлпырып құламай сол қалпы тұрады екен.

Сұраншы батыр өле-өлгенше Андас датқаның сөзін сөйлеп, қасында жүріпті, бұл інісін елден ерекше қатты қадірлепті.

*   *   *

Ботпай Сыпатай батырдың үш жүзге сауын айтқан атақты асында Андас датқа мен Кедейбай Сұраншының Ақтұяқ атын бәйгеге алып барады. Асқа сиқым Батырбек датқа келеді, қасында Майлықожа ақын бар. Батырбек датқа:

— Сүйінбай шырағым, жұпардай иісің шығады, тұлпардай дүбірің шығады, қане бес-алты ауыз сөзіңді естірт! – депті.

Сонда Сүйінбай:

Ат құйрығын бұлаған

Қол жеткен жерін сұраған

Егескен жауы жылаған

Қызыл тілін безеген,

Найзасын тасқа егеген

Тұлпар мініп, ту алған

Мен Қарасай ұлымын, — деп Қарасай батыр жайлы ұзақ дастан айтыпты.

Ас сегіз күнге созылыпты. Батырбек Андасты бүкіл игі жақсылардың алдында сынамақ болып:

— Андас шырағым, өткірлігің семсердей, сыншылдығың Күреңкейдей, айбарыңнан ел ығып, қорқақтар бұғып жүреді дейді. Хан қолынан атақ алған сен де датқа, мен де датқа. Сүйінбай ақынның көмекейінен бұлбұл сайрайды екен. Оған разымын. Ал, енді Андасжан мына бәйгеге айдалып бара жатқан жүйріктерді сынап көрші, — депті бар жақсылардың көзінше.

Алдынан шұбыртып өткен бәйге аттарын шолып шыққан Андас датқа:

Сыпатайдың күреңі белді екен

Суыта білмеген шелді екен.

Қырғыздың сүлігі ашаң екен

Құрсағы құрықтай босаң екен.

Шымкенттің Сұрқайы жалды екен

Бөксеге қара ет жинаған санды екен.

Басқалары шобыр екен

Шаң қабатын тобыр екен, — деп тоқтап қалыпты.

— Ал, менің Көкмойын жүйрігім не болады? – деп айқай салыпты Батырбек датқа.

  • Батеке, сүйіншіңізді дайындай беріңіз

Сөзімді босқа сатпайын деп едім

Көптің көзінше айтпайын деп едім,

Біреудің сұғы, біреудің көзі болады.

Көкмойынның пырағы бар

Бармақтай ғана құлағы бар

Тоқсан екі шырағы бар

Бағы ашылайын деп тұр

Бауыры жазылайын деп тұр.

Ағып өтер жұлдыз дерсің

Маңдайдағы құндыз дерсің

Бас бәйге Көкмойында болады.

Ақтұяқ алыстан шаршап келді

Жайлауды салқын аңсап келді

Көкмойынмен үзеңгі қағысып, тістесіп Айтұяқ келер! – депті Андас датқа сын айтып.

Андас датқаның айтқаны дәл келіп Батырбек датқаның Көкмойын арғымағы бас бәйгені алады. Бас бәйгеге біреуінің өркеші қисық емес 100 атан түйе, барлық мүлік-жиһазымен 6 қанат ақ үй, 9 құндыз, 9 бесік жамбы беріліпті.

Ал, Сұраншының Ақтұяқ тұлпары екінші келіп, 100 жылқы алады. Ақтұяқты апарған Андас датқа мен Сұраншының баласы Кедейбай еді.

Бұл асқа келген жұрт Сүйінбайдың саңлақ ақындығын, Андас датқаның ат сыншылдығын ауыздан – ауызға алып, абыройларын жер-жерге аспандатып әкетті.

*   *   *

Бекер адам ел басқармайды. Аумалы-төкпелі заманда бүкіл бір рулы елін желдің өтінен , жаудың бетінен аман сақтап қалу оңай шаруа емес. Андас датқа қоқанмен, қырғызбен де, кейін орыспен де терезесін тең ұстап сөйлескен, елінің ары мен барын ойлаған, болашағын болжаған парасат – пайымы мол көреген жан.

Әсіресе, сол дәуірде қырғыз-қазақ арасы ұдайы барымта, қарымта, ұрыс-керіс, қырғи-қабақ көп болған. Осындай жаугершілікте Сұраншы, Саурық батырлардың ерлігі өлшеусіз.

Шоқан Уәлиханов былай деп жазады:

“Орман Ниязбеков қазақ-қырғыз халықтарына тізесі батқан ұрыншақ, барымташыл адам болған. Ол Қастек, Қарақыстақ асулары арқылы Алатаудың теріскейіндегі қазақтарды зар жылатқан. Қолына түскен тұтқындарды Шығыс Түркістан мен Орта Азия базарларына күң-құл есебінде сатқан. Өзіне қарсы шыққан адамдарды жазалау үшін Қаскелең өзенінің жағасына дар ағашын орнатқан”.

1864 жылы 23 қаңтарда қырғыздың Солты руының бас манаптары Қоқым мен Шайбек бастаған барымташылар Сұраншы ауылына күтпеген жерден шабуыл жасап, бес жүз жылқыны алдыға сап айдап, Сұраншы батыр мен Андас датқаны тұтқындап әкетеді.

Ауылына жылқыларды айдап әкелген соң, тұтқындардың кім екенін білмек болып Шайбек манап Андас датқаны алдына алдырыпты.

— Атаңның көрінде өкірген қу Шайбек! Сен өлексе аңдыған құзғын болсаң әне ана үйде қызыл шұбар жолбарыс Сұраншы батыр жатыр. Әлемді түгел уысында ұстамақ болған Әмір Темір де, Ескендір Зұлқарнай да бұл жалған дүниеден өтіп кетті. Алатаудың күнгей-теріскейін қатар жайлап жатқан тату-тәтті, құда-құдандал ел едік. Өртті сөндіру үшін өртке қарсы от қояды. Аш қасқыр арланын талайды. Мұның не? Арыстан туған Сұраншыдай ерімізді тұтқында ұстап отырсың. Алда-жалда батыр намыстан жарылып өліп кетсе қалың қазақ ат беліне қонбай ма, ата кегін қумай ма? Басындағы бағың кетер, иығыңдағы басың кетер, қорадағы қойың, қойныңдағы қатының кетер. Түйенің екі өркеші секілді тату ел едік, бір өркеші кесілсе түйе тірі қалмас. Осыны ойладың ба? Ат-шапан айыбыңмен, алдырған малымызды алдыға салып қайтармасаң қара жерден сен кеткенше көрімізде де тыныш жатпаспыз! – депті екі көзі қанталап, оттай жарқылдап.

Шайбек манап мөлиіп, сүмірейіп сұлқ отырып қалыпты да:

— Әй, Қоқымның тілін алған мен оңбаспын.

Өзен тауға қарай ақпас болар. Аңдасжан, Сұраншының тілін өзің тап, ат-шапан бізден! – деп кешірім сұрап Сұраншы мен Андасты алдындағы бес жүз жылқыға жүз жылқы қостырып беріп қайтарыпты.

Шайбек кейін айтады екен:

— Андас датқа сөйлегенде аузынан от – шашып лапылдап, үйдің іші ып-ыстық болып, шүмектеп қара терге түсіп, берекем кетті. Қасиет қонған өжет семсер екен! – депті Андас датқа жайлы.

*   *   *

Тұлпарды тұлпар таниды, сұңқарды сұңқар таниды.

Ірі адамдардың араласатын адамдары да ірі болады. Осы орайда Андас датқа мен Сүйінбай арасындағы сыйластық, бір-бірін құрметтеуі, екеуінің ылғи ас, той, түрлі сапарға бірге шығуы – көп жайды аңғартса керек.

Қырғыздың Орман ханына ас бергенде Сүйінбайды алып барған Андас датқа. Сүйінбай мұнда Орманның балалары Үмбетәлі, Шарғынға жырмен жоқтау, көңіл айтады. Жыры қырғыздарға аса ұнап Сүйінбай ақынға бір қыз, алты қанат үй, үш түйеге сыйлық артқызып, астына сәйгүлік мінгізіпті.

*   *   *

Көктем шығып, ел жайлауға көшіп бара жатқан кез екен. Саурық батыр, Андас датқа, Құртқа тәуіп үшеуі Сүйінбайдың сексен ширатылып, тоқсан тарқатылып айтатын ғажайып жырларын әңгіме етіп келе жатқанда ана жақтан алдарынан Сүйінбай көрінеді.

— Сүйінбайдың тапқыр ақындығын тағы бір сынап көрейін, осы үшеумізді бір ауыз өлеңге сыйдырып көрсінші, — деп келісіпті.

Келе амандасып, хал-жағдай сұрап үлгермей жатып Андас датқа:

— Сүйекең, үшеумізді сүйе ме екен,

Бүйідей әлде бізге тие ме екен

Бір-ақ ауыз өлеңмен жауап берші.

Намысқа қарап жүріп күйеді екен? – дегенде Сүйінбай табан астында:

— Андастың әділдігі жұртқа болар

Үш жүздің бас тәуібі Құртқа болар

Атадан артық туған Саурық батыр

Қазақ пенен қырғызға тұтқа болар, — деп бір-ақ ауыз өлеңмен үшеуіне баға беріпті.

Мұндағы Құртқа тәуіп – үш ғасырды көрген, өте ұзақ – 136 жыл жасаған атақты тәуіп, көріпкел әулие, білімдар емші, асқан оташы. Кезінде Шыбыл еліне би болған, қадірменді ақылман ақсақал. Қазір бейіті Жамбыл ауданындағы Шилібастау деген жерде, ол жерге игі істердің басында жүретін Қайрат Сатыпалды ініміз биік кесене тұрғызды.

*   *   *

Сүйінбай ақын қайтыс болғанда әйелі Еңлік жоқтағанда асыл жарының қасында болған дос-жарандарын, есінде қалған елеулі оқиғаларды жоқтауына қосады:

Алғаш ақын болғаның,

Ақынбектің асында,

Жиырма бес жасыңда.

Қаңтарбай келді жиынға,

Сүйекем салды қиынға.

Қаңтарбай деген ақынды,

Алдына салып айдады.

Сүйекем оттай жайнады,

Қарт бурадай шайнады.

Елуден өтіп келген соң,

Байбосынның асында,

Әлі төре, Диқанбай,

Ботпайдан шыққан Сыпатай,

Ақшадан шыққан Қазыбек,

Қызылбөріктен шыққан Атақұл.

Қасқараудан Керім бар,

Ораз деген бегім бар,

Дәуітәлі, Мәңке бар,

Сарыүйсінде Сары бар,

Ұлы жүздің бәрі бар.

Жантай деген ақынмен,

Айтыспаққа келгенде,

Андас келіп тоқтатты,

Ертеңгі күні бесінде.

Сұраншы келді қырық кісі –

Ақтұяқ ат астында,

Қанжары бар жанында.

Жантай деген ақынды

Сөзбен оттай жайнады.

Әлі төре, Айғожа

Көкала атты бас қылып,

Сүйекемнің алдына –

Үш тоғыз әкеп байлады.

Ел аузындағы деректерге қарағанда Жантай ақынды Сүйінбай бұрын да бір-екі мәрте оңбай сүріндіріпті. Тағы да айтысамын деп кеу-кеумен ортаға шығарғанда Андас би айқай салыпты.

— Күштіні мойындамағаның – күпіршілік. Пышақ өз сабын кесе алмайды. Жантай сен ешқашан сұңқар Сүйінбайды жеңе алмайсың. Қане, Сүйекеңнің бәйгесін әкеліңдер,- дегенде Жантай домбырасын құшақтаған күйі қалың нөпір елдің арасына кіріп кетіпті.

*   *   *

Сүйінбай, Сарыбай би, Андас датқа замандас, туыстас ірі тарихи тұлғалар.

Сүйінбай Сарыбай бидің бейітінің басында айтқан өлеңінде өзінің тел-қозыдай қатар өскен, сыйласып, құрмет тұтқан, қатарынан асып туған асыл бауырларын сағынғаны көрініп тұр:

Алпыстың алтауында Андас өлді

Сарыбайды Екей шулап жерге көмді

Қатарлас тең-құрбының бәрі кетіп

Байқасам енді нәубет маған келді.

Жаттың ба жақсы жайға Сарыбайым

Сен өліп маған түсті сары уайым

Сен өліп ең – ат шауып асың берді

Мен өлсем неғылады Малыбайым?

Тел-қозыдай тел өскен ер, Сарыекем

Жалғыз тастап кеткені-ай бір құдайым!..

Сарыбай Айдосұлы – 1821 жылы туып, 1890 жылы 13 сәуірде 69 жасында қайтыс болған. Жетісудың төбе биі, батыр.

Ал, Андас болыс Ыстамбекұлы Сүйінбай жырлағандай алпыс алты жасында қайтыс болған, Сүйінбайдан, Сұраншыдан кіші. 1822 жылы туып, 1888 жылы қайтыс болған, Суықтөбе бауырының етегінде өзінің атажұрты – қазіргі Аққайнар ауылы тұрған жерге жерленген.

*   *   *

Ататегі, арыдан желі болып тартылған алтын арқау — ұрпақ жалғастығына көз салсақ – Андас Шапыраштының ішіндегі – Еміл – одан Есқожа, одан Тоқтар, одан Алтынай, одан Қарасай батыр. Қарасайдың төрт баласы болған: Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек. Түрікпеннен – Түктіқұрт, Түктіқұрттан — Дәулет, Дәулеттен- Мырзабек, Кәшке, Нұрабай. Кәшкеден – Стамбек. Стамбектен – Андас. Андас датқа үш әйел алған: бірінші бәйбішесінен – Жантай, Ыбырайым, Жүніс, Оспан, екінші әйелінен — Әлжан, Рахым, үшінші әйелінен — Әбілқасым, Әбдіжапар, Әбдіхалық.

Жамбыл және оның туып өскен ортасы жөнінде көп зерттеп “Жамбыл” атты роман жазған Сапарғали Бегалин: “Андас – Саурықтың інісі, өзі датқа, әрі ақын, әрі ел тірегі” деп жазған.

Шынында да Андас – Сұраншы, Саурық батырлардың жақын інісі.

Сұраншы – Ақымбектің баласы, Саурық – Стамбектің ең үлкен ұлы. Ақымбек пен Стамбек – Қашкенің балалары.

*   *   *

Жоғарыда атап өткеніміздей Андас – Қоқан ханынан жас кезінде датқа атағын алған. Ал, орыстар келгеннен кейін де ел билігінде болып өз елі мен жері үшін талай-талай басын бәске тігіп, желдің өтінде, қылыштың жүзінде ғұмырын өткізген жан. Орыс ұлықтары, генерал, ояздар Андаспен үнемі санасып, төрге шығарып, сый-сияпат ұсынған. Мәселен, Андас үшінші дәрежелі кафтан (шапан), Станислав лентасындағы кіші күміс медальмен марапатталған.

Заман ағымына сай елін, жерін сақтау үшін белін шешпей, би де болды. Батыр болып майданға да түсті, болыс, ел ағасы болып, қабырғалы үлкен мәселелерді шешті.

Андас Стамбекұлы жайлы бар деректі тұтас жазуға бір мақаланың ауқымы көтермейді. Сарыбай би мен Нарбота арасындағы дау, оған Андастың төрелік айтып тоқтатуы; қырғыздың Орман ханын тұтқынға алғанда Сұраншы батыр қатуланып қатты кеткенде Андастың араша түсуі; орыс жандаралы, ұлықтар Алатау аймағынан алым-салықты молайту жайлы жинағанда бар қырғыз қазақтың игі жақсылары тосылып қалғанда Андастың суырылып шығып сөз сөйлеп, тығырықтан шығаруы және де басқа мәліметтер келесі келелі әңгімемізге арқау болмақ.

Андас – денесі өте ірі, айбарлы, сөзді кесек-кесегімен түйдектете сөйлегенде ешкім қарсы беттей алмайтын, өз дәуірінің биік тұлғаларының бірі болды.

Кеңес өкіметі кезінде Андас датқа туралы мүлде айтқызбай, жазғызбай, тұқымдарын қудалауға ұшыратты.

Еліміз тәуелсіздігін алғалы арқардай айбарлы арыстарымызды еске алып, іздестіре бастадық.

Міне соның бірі, бірі ғана емес бірегейі, елге пана, аға бола білген Андас датқа.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Ш.Айтматов атындағы академияның академигі, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *