ЖАМБЫЛТАНУШЫ ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕРІ

Әдебиет
423 Views

Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Жамбыл ауылында туып өскен, жас кезінен Жамбыл және оның ақындық төңірегі жөнінде зерттеу, мақалалар жазып келеді.

Ал, 2021 жылы Жамбыл жайлы 40 том жинақ құрастырып шығарды. Оның 10 томын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, ал «Жамбыл әлемі» атты 30 томына Алматы облысының әкімшілігі демеуші болды.

Бұдан басқа да Н.Қапалбекұлы «Бала Жамбыл», «Жамбыл толғау», «Киелі – қызыл жолбарыс», «Жамбыл ата» деген атпен Ж.Жабаев жайлы бірнеше кітаптар жазып шығарды.

Осындай сүбелі тың ізденістері үлкен абырой әперді. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мынандай алғыс хатпен марапаттады. Онда былай делінген: «Нағашыбек Қапалбекұлы Сіз тарихи және әдеби көркем шығармаларыңызбен елімізге кеңінен танылған қарымды қаламгерлердің бірісіз. Жыр алыбы Жамбыл және халқымыздың басқа да біртуар тұлғалары туралы жарық көрген туындыларыңыздың болашақ ұрпақ үшін тағылымы мол. Әдеби және мәдени маңызды іс-шаралардың ортасында болып, еліміздің қоғамдық өміріне де белсене атсалысып келесіз.

Халқымыздың рухани әлемін байытуға қосқан елеулі еңбегіңіз үшін Сізге алғысымды білдіріп, зор денсаулық, шығармашылық шабыт, әулетіңізге амандық тілеймін. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев».

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин арнайы құттықтау хатын жіберді. «Сізді жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 40 томдық шығармашылығын жинап, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосуыңызбен құттықтаймын. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин».

Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиетінде алатын орны бөлек, ол айтыс өнерін биік дәрежеге көтерген ірі тұлға. Оның өлеңдері өзі өмір сүрген дәуірдің шынайы бейнесін ғана емес, шежіресін түзеді десе болатындай. Эпик ақынның шығармашылығы сан қырлы болуымен, мәні мен мазмұнының тереңдігімен ерекшеленеді. Сондықтан Сіздің Жамбыл сынды ақынның өмірі мен өлеңдерін зерттеп, келер ұрпаққа мирас етіп тапсырған еңбегіңізді жоғары бағалаймыз.

Қазақ қоғамы Өзіңізді қабырғалы қаламгер, зерделі ғалым ретінде жақсы таниды әрі құрметтейді. Сіздің қаламгерлік және қайраткерлік жолыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Қаламыңыздан қуат, өміріңізден шуақ кетпесін.

Сізді шығармашылық жетістігіңізбен тағы да құттықтаймын. Өзіңізге мықты денсаулық, әулетіңізге бақ береке тілеймін.

Әрдайым абырой биігінде болыңыз!

Былтыр Президентіміз Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер» атағын алды.

Ал жаңа жыл қарсаңында Чувашия Ғылым Академиясының ғылыми кеңесінің шешімімен Н.Қапалбекұлына «Чувашияның халық батыры-тархан» атағы берілді.

Биылғы жыл да табысты басталды. Қырғызстаннан «Шыңғыс Айтматов атындағы академияның академигі» атағын берді. Сондай-ақ, жуырда Қазақстан Журналистер Академиясының академигі атағын академия Президенті С. Қозыбаев табыс етті.

Әрине осынау марапаттар жамбылтанушы жазушының ұзақ жылдар бойғы шығармашылық ізденісінің нәтижесі, жазып шығарған 55 кітабі мен көптеген ғылыми-зерттеу мақалалары, қоғам жұмысындағы белсенді қайраткерлігі үшін берілді де есептейміз.

Нағашыбек Қапалбекұлы бүгіндері Сүйінбай мұрасын жан-жақты зерттеп, Әл Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университеті ғалымдармен бірлесе отырып 10 томдық жинағын әзірлеп, баспаға тапсырды. Сүйінбай, Жамбыл жайлы және олардың төңірегіндегі ақындық әлем, жыршы-жыраулар, тарихи тұлғалар туралы кешенді зерттеулерін одан әрі жалғастыруда.

С. ӘШІМОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *