КЕНТАУДА ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ 85 ПАЙЫЗЫ ТОЗЫП ТҰР

Мәселе
336 Views

Түркістан облысына қарасты Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығында қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста өңірдегі жылу электр орталықтарының техникалық жай-күйіне талдау жүргізілді.

Алда атқарылар ауқымды жұмыстар бойынша еліміздегі ең ірі зауыт басшыларымен кездескен облыс басшысына жылу желілерін жаңарту бойынша жобалар таныстырылды. Әкім жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Модернизация барысында ең басты талап – сапа.

Жобада көрсетілгендей, тозығы жеткен жылу электр орталығында магистралдық құбырлар мен 4 насос станциялары жаңарады. Сонымен бірге облыс әкіміне 6 қазандық пен турбогенераторды жаңалау жоспары таныстырылды. Подстанция мен орталықтың ішкі орам жүйелерін қайта құру бойынша жұмыстар баяндалды. Ауқымды жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінеді. Алғашқы кезеңдегі қайта құру жұмыстары алдағы жылыту маусымына қарсы аяқтауды көздеп отыр.

Кентау – Түркістан облысындағы моноқаланың бірі. Мұнда 100 мыңнан астам халық қоныстанған. Қалада 347 көп қабатты тұрғын үй бар. 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған. Сондай-ақ 2000-нан астам жеке сектордағы тұрғын үйлер мен 106 бюджеттік мекеме, 441 коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.

Айта кетейік, Кентаудағы №5 жылу энергоорталығы 1934 жылы салынған. Мамандардың мәліметінше, негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *