«ЗАҢ БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ, ТАЛАПТА ҚАТТЫ БОЛУЫ ТИІС»

Заң Қоғам
461 Views

Түркістан облысындағы әрбір аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде зерделенеді. Қоғаммен кері байланыс жолға қойылады. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі. Тұрғындармен есептік кездесулерінде осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жұмыс сапарын Арыс қаласында жалғастырды. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте Арыс қаласының өзекті мәселелерін талқылады.

Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің шешу жолдары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы сараланып, Дархан Сатыбалды тарапынан қала әкіміне тиісті тапсырмалар берілді.

Арыстың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне шаһарға инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, индустриалды аймақты дамыту, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, газбен қамтамасыз ету жұмысын жеделдету, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Мәжілісте Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар ортаға салынды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Арыс қаласы бойынша білім, мәдениет, спорт, ішкі саясат, дін салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды. Балабақшаларда жүргізілген мониторинг анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов былтыр қалада бірқатар негізгі көрсеткіштер орындалмағанына тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар көлемі 63,4 пайызға ғана орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы азайған. Бюджет көлемінде өзіндік кірістер үлесі кеміген. Арыс қаласындағы облыстық маңызы бар «Сарыкөл-Қожатоғай» автомобиль жолының бойындағы «Сырдария» өзенінің жағалауында заңсыз карьер жұмыс істеп тұр. Бұл жағдай қолданыстағы жолдың шайылып кету қауіпін туындатуда. Тасжолдарда ауыр салмақты жүк көліктерін шамадан тыс жүк артып жүру салдарынан жолдың жүріс бөлігі бұзылып, жарамсыз жағдайға жетуде. Отырыста өзге де салалар зерделеніп, өзекті проблемалар қозғалды.

– Бүгін біз Арыс қаласындағы өзекті мәселелерді талдауға және олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Заң бәрімізге ортақ, талап та қатты болуы тиіс. Қалада шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кемшіліктер көп. Оларды жою үшін бір ай мерзім беремін. Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе қала бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Қаланың дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, қаланың инвестициялық климатын жақсарту қажет. Білім саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге күш салу керек. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырамын. Оның ішінде жастарға ерекше назар аударылсын. Заңсыз карьерлерге тосқауыл қоюды күшейту қажет, – деген Дархан Сатыбалды кемшілікке жол берген басшыларға ескерту берді.

Жаңа форматтағы кездесулер алдағы уақытта барлық аудан, қалаларда жалғасады. Облыс әкімінің басшылығымен мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралады.

Жұмыс сапарында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарын аралап көрді. «Нұра топтық су құбыры» РМК «Оңтүстікауызсуфилиалы» Арыс топтастырылған су жүйесі өндірістік бөлімшесінің ескі су қоймасында болды. Шаһар тұрғындарын таза ауыз сумен қамту бойынша жаңа жобалармен танысты. 1904 жылы салынған ескі су айдау станциясы арқылы 17 мыңнан астам тұрғын сумен қамтамасыз етіледі. Заманауи су тазалау станциясы 31 мың халыққа таза су жеткізуге қауқарлы. Жоба республикалық қарауға жолданылмақ. Сондай-ақ облыс басшысы «Арыс Жылу» КМК орталық қазандығының жұмысымен танысты. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі алдағы уақытта қаралады.

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ӨЗЕКТІ

Түркістан облысы әкімдігінде жанар-жағармай тапшылығының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, өзекті мәселелері талқыланған мәжіліс өтті.Оған Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру, Полиция департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Шекара және Кеден қызметі, Көліктік бақылау инспекциясы мен Статистика департаменті өкілдері, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаментінің басшысы және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Сонымен қатар облыстық жанар-жағар май ассоциациясы мен жанармай тарату операторлары және жанармай құю бекеттерінің иелері қатысты.

Жиынға төрағалық жасаған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов күн тәртібімен таныстырып, мәселенің өзектілігіне тоқталды.

– Облысымыздың кейбір аудандарындағы жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензині және дизель отынына тапшылық байқалуда. Бүгінгі мәжілістің күн тәртібінде өздеріңізбен жанармай тапшылығының алдын алу жөнінде, кеңесіп, қажетті шешімдер қабылдаймыз, – деді аппарат басшысы.

Жиында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Әбдіразақова жанармай тапшылығының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензинінің 6 күнге жеткілікті, дизельдік отынның 8 күнге жеткілікті қоры бар.

Өзбекстан Республикасымен шектесетін Сарыағаш, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарында жанар-жағармайдың шектес елдерге заңсыз сатылымына жол бермеуді қадағалайтын жұмыс тобы міндетін атқарып жатыр. Сонымен қатар облыс аумағында 2023 жылғы 6 сәуірден бастап жанар-жағармай құю станцияларына қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде біраз кемшілік пен заңсыздық анықталған.

Жанармай құю бекеттерінде есепке алатын бақылау аспаптарының орнатылуы туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Бегзат Абдукаримов айтып берді.

Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Алиби Тұрысбаев Жанармай құю бекеттерінде дизель отынына жасанды тапшылықты болдыру мен бағаны негізсіз өсірудің салдары туралы баяндаса, Түркістан облыстық Полиция департаменті, Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Алмас Тастанбеков жүк көліктеріне қосымша жанармай багын орнату жөніндегі заңсыз әрекеттерге қарсы жұмыстарға тоқталды.

Мәжілісте жанар-жағармай станциясының иелері, кәсіпкерлер, облыстық жанар-жағармай ассоциациясының өкілдері өткір мәселелерді қозғап, ұсыныстарын айтты.

Жиынды қорытындылаған аппарат басшысы мұнай өнімдерінің бар-жоғы мен бағасына күн сайын мониторинг жүргізіп, облыстық штабқа ақпарат беріп отыруды, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментімен бірлесіп, жанармайдың жасанды түрде тапшылығын болдырмау, бағаның негізсіз өсуінің алдын алу жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Мұнай өнімдері нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіп, бәсекелестікті қорғау, монополистік қызметтің алдын алуға және жолын кесуге бағытталған шараларды атқаруды ұсынды.

– Аудан, қала әкімдіктері жанармай тапшылығын болдырмау мақсатында жұмысшы топтың жұмысын жандандыруы тиіс. Жанармай тарату операторлары мен жанармай құю бекет иелерінен мұнай өнімдері нарығындағы және басқа да заңдылықтарды қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Сонымен қатар жасанды тапшылық пен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге шақырамын. Адал бизнес пен бәсекелестік, әрдайым мемлекет қорғауында болады, қолдау көрсетеміз. Ал мұнай нарығындағы заңсыздықтарға шаралар қабылданады. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізіледі, – деді Еркеғали Әлімқұлов.

Мемлекеттік кірістер органына жанармай құю бекеттері иелеріне есепке алатын бақылау аспаптары (КПУ) жүйесін міндетті түрде орнату және жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу, Полиция департаментіне, тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралдарына қарсы тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастыру тапсырылды.

Құзырлы органдарға облысқа арнайы бөлінген (квотамен) жанармайдың көрші елдерге және өзге облыстарға заңсыз шығып кетуіне жол бермеу мақсатында нақты шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар берілді.

ЖЕТІСАЙДА 10 МЫҢ ТҰРҒЫН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛАДЫ

Жетісай ауданында 112 елді мекеннің 56 елді мекені газбен қамтылған. Жергілікті тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін Жаңа ауыл және Достық ауылдық округтеріндегі елді мекендерге жеткізуші газ құбырын салу жұмыстарына 2022 жылға 1 млрд. 655 млн 935 мың теңге қаржы қаралып, толық игерілген. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» АГТС, Ынтымақ ауылдық округінде «Кирово» АГТС нысандарын салу жұмыстарына тиісті қаржылар бөлініп, мердігер «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалардың сметалық құны – 2,067 млрд. теңге.

Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 181 млн. 709 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Бұдан бөлек, өткен жылы Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Қызылқұм, Ақтөбе елді мекендері мен Абай ауылдық округіндегі Отан, Бейбітшілік елді мекендерін, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі Ғ.Мұратбаев елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында және республикалық бюджеттен жалпы 1,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекеме – «РемСтрой» ЖШС. Жұмыстар өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанды қолданысқа тапсырған соң 1407 абонент немесе 10 мыңға тарта тұрғын табиғи газбен қамтылады.

Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстарына отандық сапалы өнімдер қолданылуда. Атқарған жұмыстарға 5 жыл кепілдік бар.

Ауданда жергілікті бюджеттен 2020-2022 жылдарға елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 38 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдеуге 149,3 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 26 елді мекенге табиғи газ тарту бойынша ЖСҚ толығымен әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Оның ішінде 22 елді мекеннің құрылысына қаржы бөлуге ұсынылды.

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТА 13 ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОСПАРДА

Биыл Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда 13 инвестициялық жобаның жүзеге асуы жоспарланып отыр. Өнеркәсіп алаңының іске қосылуы 375 адамның жаңа жұмыс орнымен қамтылуына мүмкіндік береді.

Жалпы, өңірде 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олардың жалпы аумағы — 538 гектар. Соның ішінде Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт аудандарында инвестициялық жобалар жүргізіліп жатыр. Ал, Бәйдібек, Түлкібас, Шардара индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жұмыстарының құрылысы жүргізілуде.

Жобалардың жалпы құны — 5,8 млрд. теңге. Бүгінгі таңда аталған индустриалды аймақтарда құны 44,4 млрд. теңге болатын және 3092 жұмыс орнын құрайтын 63 жоба орналасқан. Соның ішінде қазіргі таңда іске қосылған 44 жобада 2500-ге жуық адам қызмет етіп жатыр. Айта кетерлігі, өткен жылдың қорытындысы бойынша жоба қатысушылары 14,6 млрд. теңгеге өнім өндірді. Биыл ашылатын жобаларды қоса алғанда, осы жылы өндірілетін өнім мен қаржы көлемі ұлғаяды деп көзделіп отыр.

Аталған жаңа кәсіпорындарда кеңсе жиһазын өндіру, асфальтті бетон, газобетон, темір бетон, керамзитті кірпіш, мобильді жылжымалы контейнер, темір есік, құрылыс блоктары мен металл тор өнімдері өндірілетін болады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ГАЗ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

Түркістан облысында автогаз қымбаттамайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиев мәлім етті.

Түркістан облысына сұйықтылған газдың сұранысы айына 12 000 тоннаға жуық көлемді құрайды. Ал, күнделікті тұтыну көлемі 420 тоннаның төңірегінде.

Басқарма басшысының сөзінше, өңірдегі сұйытылған автогаздың көлемі жеткілікті. Алдағы уақытта да тапшылық туындамайды.

«Сәуір айына 10236 тонна, мамыр айына 12359 тонна, маусым айына 10739 тонна сұйытылған мұнай газ Түркістан облысына бөлініп отыр. Бағасы да тұрақты. Түркістан облысы аумағында сұйытылған автогаздың литрі 60-65 теңгенің көлемінде сатылып жатыр. Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарында тариф өседі деп жоспарланып отыр. Ал, біздің өңірде әзірге ондай жоспар жоқ. Көлемі де жеткілікті. Зауыттан күніне 16 вагоннан Түркістан облысына жіберіліп жатыр» — деді Сәкен Далиев.

Бүгінде өңірде баллон газын қолданатын 140 536 тұрғын үй бар. Сондай-ақ, 50 000 астам жеңіл көлік, 1500 жуық жүк тасымалдайтын және 1000-ға жуық жолаушы тасымалдайтын көлік сұйытылған автогазды тұтынады.

Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде 328-інде дизель отыны сатылады. Дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесі 135 жағармай құю бекетінде орнатылған (41,2%).

Еске сала кетсек, Түркістан облысындағы шекаралық аймақтарда энергетика бекеттері құрылды. Энергетика бекеттері дизель отынын көршілес елдерге заңсыз тасымалдау жолын кесу мақсатында жұмыс істейді. Сондықтан олар шекаралық аймақтарда орналасқан және қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы — «Жібек жолы», «Қазығұрт», Келес ауданындағы — «Б. Қонысбаев», Мақтаарал ауданындағы «Сырдария», «Атамекен», «Целинный» өткізу пунктерінде жұмыс істеп тұр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *