ӘЛИХАН МАҚСҰТ АТЫНДАҒЫ «ROBOZERDE-2023»

Білім Қоғам
572 Views

І қалалық робототехника фестивалі ЕҰУ-да кең көлемде атап өтілді

Талантымен, білімімен, біліктілігімен, ақындық талантымен жарқырай көрініп, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп дүниеден озған Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың есімі елімізден асып, шетелдерде де кеңінен мәлім болғаны қалың жұртшылыққа мәлім. Көзі тірі болғанда алаштың атын әлемге танытар тұлға болатыны анық еді. Әттең, сұм ажал арамыздан жұлып әкетті.

Енді Әлиханның есімі өзі сияқты шынайы дарындардың талантын ашуға қызмет ететін болады. Жақында «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2023» І қалалық робототехника фестивалі (әрі қарай — Фестиваль) төрт санат: шығармашылық caнaт «Робототехника, IT» (12-18 жас), биатлон кіші санат (10-13 жас), биатлон үлкен санат (14-17 жас) және лабиринт (14-17 жас) бойынша өтті. Фестивальда елордалық 40 мектептен 75 команда (150 оқушы) сайысқа түсті.

Фестивалді өткізудің мақсаты — өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ете отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауларында айтылған елімізге қажетті болашақ техник мамандарды дайындауға қолдау көрсету, оқушылардың жасаған инновациялық жобаларын, өнертабыстарын БАҚ және әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңінен насихаттау.

Фестивальді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі, «Роботек» робототехника мектебі және Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Шараның ашылу және жабылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігі Білім басқармасының басшысы, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, журналистер, блогерлер қатысты.

Фестиваль белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» деректі фильмінің тұсаукесерімен ашылды. Тұңғыш рет қала деңгейінде өткен Әлихан Мақсұт атындағы «ROBOZERDE-2023» І қалалық робототехника фестивалінің ашылу салтанатында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, “Аманат” партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, әлеуметтік — мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ҚР Оқу-ағарту министрінің өкілі қатысушыларды құттықтап, фестиваль маңызын атап өтті.

Қазіргі таңда білім кеңістігіне робототехника ғылымы саласын енгізу өте маңызды мәселе. Робототехника оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге ықпал етеді, сонымен қатар бұл жастарды ғылым, техника, физика, математика арқылы жаңашылдыққа шабыттандыратын, бүгінгі күннің мәселелерін шешу үшін өз дағдыларын қолдануға, жағдайды талдауға шығармашылықпен ойлауға мүмкіндік беретін өте тартымды ғылым.

Фестивальдің «РобоСпорт» бағыты ЕҰУ «University sports centre» спорттық-сауықтыру кешенінде, «Шығармашылық жоба» бағыты «Күлтегін» атриумында өтті.

Сайыс нәтижесінде Фестивальға қатысушылар төмендегідей жетістіктерге қол жеткізді:

Шығармашылық «Робототехника, IT» санатында:

І орын – «CyBros» командасы, Тусупбекова Жадыра және Махсұт Ерасыл;

ІІ орын – «РобоМэны» командасы, Барков Дамир және Барков Тимур;

ІІІ орын – «ERP 80» командасы, Мелис Ақбота және Джусупбек Омар.

«Үздік идея» — номинациясында:

— «Drive» командасы, Абжаппар Мусаби және Сәкен Азамат.

«Үздік инженерлік шешім» — номинациясында:

— «Smart» командасы, Нұрғали Ихсан және Канат Адильхан;

— «48 мектеп- лицей» командасы, Қалдыбек Әділет және Боларбек Нұрбек.

«Үздік жоба дизайны» — номинациясында:

— «RoboMaker» командасы, Халман Азамат және Шахзада Олжас.

Биатлон кіші санатында:

І орын – «Milestone_torpeda» командасы, Агубаев Тамерлан және Курманов Алишер;

ІІ орын – «Alpamys girls» командасы, Мельник Ксения және Айнабекова Жанель;

ІІІ орын – «ЖАС БУЫН» командасы, Ермек Амина және Ермек Бекжан.

Биатлон үлкен санатында:

І орын – «Milestone_avangard» командасы, Жұмабек Ниязбек және Агадуллин Назар;

ІІ орын –« Жас техниктер» командасы, Шакенов Джаһангир және Аманбаев Жансултан;

ІІІ орын – «Alpamys_team» командасы, Нарынбай Серікбай және Сағадат Едіге.

Лабиринт санатында:

І орын – «School 22» командасы, Сафонов Валерий және Ержанов Владислав;

ІІ орын – «32 school» командасы, Жанахмет Әли;

ІІІ орын – «Квазар» командасы, Ибрагимов Фаршед және Беляк Кирилл.

Еліміздегі техникалық бағытты дамытуға ерекше ықпал ететін Фестиваль робототехник балалар үшін нағыз мереке болды! Бүгінгі фестивальге қатысқан әрбір оқушы робототехника саласында жаңа белестерге жетіп, осы салада өзін көрсете алатын зор мүмкіншілік алды.

Енді болашақта таланттарды ашатын мұндай маңызды шара республикалық деңгейде өткізіліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас таланттарды ашу кеңінен қолға алынса деген жақсы ұсыныстар айтылып, мұндай бастаманы қолдауға әзір екендіктерін бірқатар басшылық қызметтегі азаматтар да білдірді. Сондықтан ӘЛИХАН МАҚСҰТ АТЫНДАҒЫ «ROBOZERDE» робототехника фестивалі республикалық деңгейде жыл сайын өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

М.БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,

Астана

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *