«ЕЛІМ-АЙ» ДАСТАНЫ

Руханият Әдебиет
413 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Қайғырып жасытпа Айшажігерімді,

Үзбеймін қиналсам да күдерімді.

Қоршауды аман-есен бұзып шықсақ,

Арқадан жолықтырам өз елімді.

Нағашым Айдабол би, Күлік мырза,

Ісіне туған халқы болған риза.

Аруағы сол екі ердің жебеу болып,

Көрерміз туған елді дәм бұйырса!

Көп жылап тоздырма Айша жанарыңды,

Тауыспа бүйтіп менің амалымды.

Сібірге сені арқалап жеткізермін,

Жыл жүріп тоздырсам да табанымды.

Күнәсіз пенде болмас сұм жалғанда,

Ағаттық еске түсер қиналғанда.

Мықты ұстап өзімізді жүрейікші,

Ешқандай пайда болмас жылағанда.

Ақбура, Тұлпар менен Қабыланбек,

Бір туған нағашы атам інілері еді.

Аруағы үшеуінің қолдау болар,

Олар да шарапатты нағашым еді.

Дүние жеткізбес жол бұраңдаған,

Бақ тайса, мал менен бас құралмаған.

Көзіңмен зор апатты көрсең-дағы,

Айшажан, үміт үзбе бір Алладан.

Көріп тұрсың Айшажан,

Мынау қырғын-жосықты.

Қаза тапты қанша адам,

Тойтарам деп бұзықты.

Жазықсыз шапты жұртымды,

Қанға құмар жау қалмақ.

Болмаған соң мылтығы,

Қалайша елім қорғанбақ?

Затын алып темірдің,

Күшімен майлы көмірдің.

Балқытпадық әр жерде,

Ішінде өртеп үңгірдің.

Жасамадық мылтықты,

Тауып темір әр жерден.

Сылтау етіп сынықты,

Қалдық кенже көп елден.

Қырды дұшпан қазақты,

Шынымен болып қас надан.

Төбе шашым тік тұрды,

Халқымды көріп қиналған.

Түршіктірді жанымды,

Естіліп дауыс зарланған.

Толып жатыр жас бала,

Қара жерді қарманған.

Заты басқа Ғайыпқа,

Сенем деп ерлер алданған.

Туысы оның Болатқа,

Ерем деп елдер сандалған.

Жол-жөнекей қарасам,

Қырылған халық орасан.

Өліп жатыр әр жерде

Талай сарбаз бура сан.

Алшынның Теміртауына,

Дұрыстап назар салмадық.

Мылтық соғу шаруасын,

Үш жүз боп қолға алмадық.

Ойлаған мен Айшажан,

Төгілген қайта толмайды.

Қалғанға берсін береке,

Өкінгенмен түк болмайды.

Ой түбіне жетпеспіз,

Ойламайық босқа ойды.

Армансыз болып өтпеспіз,

Тоқтатайық осы ойды.

Мінекей, көрдік істі басқа салған,

Жауыздар халқымызға салды лаң.

Бәрі де көрген қызық түске айналды,

Еске алман өткен дәуір болды-ау жалған.

Мұңайма қасыма ерген жарым Айша,

Дүниеде кім қиналмас бағы тайса.

Кім біледі Қазақтың да айы оң туар,

Алланың рахымы мен нұры жауса!

«Елім-ай!» – деп, бастай бер, Айша жарым,

Біз айтпасақ, кім айтар елдің зарын.

Жауға шабар мылтықты жасағым жоқ,

Өлең айту болды ғой бар амалым.

Мұңлы әнге сал, жырымды ұғып алып,

Өліп кетсем есіне алсын халық.

Өлмесемде жайылсын елге хиссам,

Үлгі болсын ұрпаққа атым қалып.

Кенжесі ем Толыбай сыншы Қожаберген,

Бата алғам Әнет пенен Әз Тәукеден.

Күйзелген жұрт жағдайын көзбен көріп,

Өзегім өртенген соң айттым өлең.

Біз айтпай көптің зарын кім айтады,

Батырды ұзақ соғыс қартайтады.

Кенеттен елі-жұртын жау шапқан соң,

Жырауды шабыншылық мұңайтады.

Жүрегім жау мен жұрттан сескенеді,

Біздерге кімдер қуат-күш береді?

Тілеймін амандықты бір Алладан,

Үш жүзді қашан қорғап ескереді?

Қарт ақын осындай да нұсқа айтады,

Мұндай жай ер қайғысын ұлғайтады.

Халқына қысылғанда айтпағанда,

Пайдалы насихатын қайда айтады.

Халқыма жәрдем бер деп хақтағала,

Қолға ұстап жасыл туды шықтым алға.

Бұлайша өлеңменен қайрат бердім,

Соғысқа қатысатын мұсылманға:

-Ассалау мағалайкум, әлеуметім,

Дұрыс қой, осы бүгін алған бетің.

Қолда бар қаруларды пайдаланып,

Жойыңдар жау әкелген зор індетін!?

Соғысу ата жаумен-бұл міндетің,

Аянбай қылыштасар келді ретің.

Қол оқпен дұшпандарды жер құштырып,

Сопы мен айықтырғай елдің дертін.

Асынған құтты болсын жарақтарың,

Сөзіме құлағың сал қарақтарым.

«Шабуылы сұм қалмақтың күшті екен», -деп,

Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің.

Жорықта жолың болсын азаматым,

Болыңдар жаудан кекті қайтаратын.

Кеудеңде шыбын жаның болса егер,

Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын.

Болып тұр халқым үшін ауыр кезең,

Найзаңды, боздақтарым, жауға кезен.

Жырылып өз тобыңнан алшақтама,

Ер жігіт оңа алмайды елден безген.

Шабушы ек жауға қарсы ұрандасып,

Майданға аттанушы ек қатарласып.

Биылғы қалмақ қолы басым болды,

Тоқтату қиын боп тұр қарсыласып.

Дұшпанның аямасын әбден сезем,

Жаулардың қорлығына қалай төзем?

Қалмақтар дәу мылтықтан доп атқанда,

Сілкінді тау, орман, көл, тоғайлы өзен.

Салғанмен Жоңғар қатты бүліншіілік,

Қуса да елді жерден быт-шыт қылып.

Шыдаңдар тобың бұзбай, азаматым,

Арылар әлі-ақ бастан қиыншылық.

Жемегей саяқ жүріп жаудан таяқ,

Жүрген жоқ бүгін бізді ешкім аяп.

Айнала анталаған дұшпаның көп,

Мылтығын атпақ болып тұрған таяп.

Пайдалан, Қазақ, Ноғай құралыңды,

Көтере айт «Алаш!» – деген ұраныңды.

Өлер болсаң, балаңа қолтабыс ет,

Жоғалтпай қоржындағы Құраныңды.

Қазыбек, Ер Жәнібек, Алдабек би,

Көрді олар өз жұртынан кеткенін күй.

Үшеуі тозған елді біріктірер,

Қайғыр ма, жас пен кәрі, естерің жи!?

Өскенбіз Қазақ ұлы бір ұяда,

Қызыққан ел емеспіз дүнияға.

Үлкенді кіші сыйлап әрқашанда,

Топ болса, сөз бастатқан қарияға.

Сақтанып ұйымдасып, тізе коссақ,

Инша Алла, мұны құдай хош көреді.

Топтанып ғаскер құрап, есті жисақ,

Алла, аруақ баршамызға күш береді.

Тастама халы азыңды мықтыларың,

Қоныстан жылжымаңдар күші барың.

Мекеннен марал ауса, жайы болмас,

Есте ұста, бұл сөзімді есі барың!?

Би мен бек, бір-біріңді сынамаңдар,

Дауласып ел арасын былғамаңдар!?

Сардарлар, сарбаз жинап, жаумен соғыс,

Сөздерін ғазазілдің тыңдамаңдар!

Қаратау, Сыр, Сарыарқа, Еділ-Жайық,

Тұрақты Қазақ жұрты қонысы деп.

Санаңдар түп қазаққа соны лайық,

Әуелден мал кіндігі өрісі деп.

Тіріліктен жарамайды күдер үзген,

Сайла орын, жер үй салып, жапан түзден.

Қазақтың қыздарына жараспайды,

Қалмақтың бектеріне көзін сүзген.

Қыздарым, келіндерім, жауынгер бол,

Дұшпанға басыңды име, ұсын ба қол.

Сендер де қару-жарақ асыныңдар,

Жоңғардан кек алатын өжет жан бол.

Қыздарым, келіндерім, топ құрыңдар,

Ерлерше киініңдер, сай тұрыңдар.

Ұрыста өл, мазақ болма, берілмеңдер,

Қалмақты қанжарменен шапқа ұрыңдар.

Таралған Үш жүз ұлы бір ұядан,

Сөйтсе де қоныс тепкен әр қиядан.

Бір-бірін көре қалса, «ой, бауырымдап!»

Табысып шұрқырасқан қиуадан.

Тарқатпа, сарбаздарым, жиыныңды,

Оңайлат жаудан кек ап, қиыныңды.

Қалмақты жеңіп шығып, құдай оңдап,

Боздақтар қайтадан тап үйіріңді?!

Елестеп көз алдыңда бұрынғы күн,

Шығарма өткенді ойлап, жылаған үн!?

Тірі қалған пенделер сергек болғай,

Иманын жолдас етсін өлгеніңнің!

Пайда жоқ қайғырғанмен, жамиғатым,

Ешқашан жасымаңдар, болғай батым.

Ауырлық жау қырылып жеңілденсе,

Артады бұрынғыдай салтанатың!

Мұхаммед үмметіміз – құдайға құл,

Сіздерге бабаң айтар өсиет бұл.

«Адам басы – Алланың добы», — деген,

Тәңірден тілек тілеп, шүкірлік қыл!

Соғыста қиындыққа шыдай берсек,

Дұшпанға қырылатын келер кезек.

Табағын жаудың өзіне қайта тартар,

Бөгенбай, Ер Сары, Асқап, Жабай, Көшек.

Біріңді бірің қолда қысылғанда,

Татулық – лайықты іс мұсылманға.

Боларсың бәрің батыр, өндірлерім,

Ұрыста ата жаумен ысылғанда.

Сынап көр бұл соғыста бағыңызды,

Сындырмай жау алдында сағыңызды.

Жоңғарға жебелерің тура тисін,

Дәлдеп ат, кере тартып жағыңызды.

Ауыр күн ұзақ тұрмас бастарыңда,

Тоқтарың қайырыла жүр аштарыңа.

Тірілікте бір-біріңе мейірімді бол,

Етек жап, ұйымдасып ес барында.

Сүйей жүр әлсізіңді әлі барың,

Қолдағы жолдас болсын қаруларың.

Майданға жау Қалмақпен шыққан кезде,

Алла мен аруақ болсын сыйынарың.

Дәрменсіз сұлтандарға ел ермесін,

Қазағым ғазазілді дос көрмесін.

Қазіргі төрт ханда да береке жоқ,

Оларға енді тізгін жұрт бермесін.

Екі жүзді сатқынға,

Жарамас ерлер иліккен.

Қоғамшыл емес сұлтанды,

Тайдырыңдар биліктен.

Қысылшаң мұндай кезеңде,

Айырылмаңдар бірліктен.

Мейлің төре, қара бол,

Жұртыңды қорға ерлікпен.

Үш биден, менен бата алған,

Түйе балуан атанған.

Балта керей Тұрсынбай,

Асқан батыр қатардан.

Он жетісінен мәлім Тұрсынбай,

Ертісбай ердің баласы.

Жаста болса ол шаһбаз,

Қазақтың үлкен панасы.

Дұшпан шошыр айбатты,

Көп батырдан қайратты.

Қалмақ тигенін естісе,

Дей бер жауды жайратты.

Сондай ерлер аттанса,

Жоңғардың құрыр шарасы.

Ішкерілей енуге

Келе қоймас шамасы.

«Сарыарқа – Қазақ жері кіндігі», — деп,

Атаның мүлкі болсын жиғандарың.

«Жау қалмақ – ата дұшпан қанішер», — деп,

Ойраттың мойны болсын қиғандарың.

«Нұр жауар талапты ерге» деген жанмын,

Есіркеп қашан Алла жеткереді?

Тәңірден елге амандық тілеп жүрмін,

Қазақтың ісін қашан хош көреді?

Күн барма енді бізге жиылатын,

Дәм-тұзы туған жердің бұйыратын.

Сауықшыл бейбіт жатқан Қазақ едік,

Жау көрсек, қарсы бірге жұмылатын.

Бар еді Кіші жүзде батыр Жайнақ,

Жау десе, аттанушы еді жүзі жайнап.

Ол-дағы халқын жинап, жасақ құрып,

Қалмақты «ә» дегенше шығар жайпап.

Намазды тоқтатыңдар, азаматым,

Ұнаса менің айтқан насихатым.

Қожа, молда, ишандар уақытша,

Қоржынға сақтап қойсын шариғатын.

Намаз оқып жатқанда, жаулар қырар,

Атылған дәу мылтықтан доп кеп ұрар.

Мінажат қып жайнамазда отырғанда,

Сұм халхи ұстап алып, тұтқын қылар.

Көңілің Алла мен дінге болса таза,

Тартқызсаң жау қалмаққа қатаң жаза.

Ұжмақтың төрінен орын аларсыңдар,

Кешірілер намазың болса қаза!

Тұрмыстың көрдің, міне, ауырларын,

Сау болғай, қайда жүрсең, бауырларым!

Тастама, ата-анаңды, ұл-қызыңды,

Қасыңда бірге жүрсін алған жарың!?

Қалмақтың күні бізден жаман болсын,

Індет кен аттары да шабан болсын!

Өткендер енді қайта тіріліп келмес,

Аз қазақ тірі жүрген аман болсын!

Санама біріңді артық, біріңді кемге,

Біріңді-бірің деме сүрінгенде.

Әрқашан тобық бұзбай, бірге жүрсең,

Татисың азда болсаң іргелі елге.

Түсірме естеріңе ойда жоқты,

Көрсетпе бір-біріңе қоқан-лоқы.

Зор апатттан қалсаңдар аман-есен,

Аларсың әлі-ақ жинап дүние-боқты.

Дәулет, бақ, перзентке асығыс жоқ,

Пендеге шыдамдылық дес береді.

Жоққа қуып еш жүйрік жеткен емес,

Біреуге ерте, біреуге кеш келеді

Орнатар дұшпандарға заман ақыр,

Жас арыстан Қанжығалы Жантай батыр,

Естісе қалың қолын бастап шығып,

Жоңғарды отырғызар мұзға тақыр.

Саспаңдар, жұртты ұйыстыр, даналарым,

Дұшпанның көрсеңдерде соққыларын.

Қалмаққа шығын болмай, майдан барсаң,

Белгілі болар жауды жоқ қыларың.

Ту ұстап, тұлпар мінген мен қарт ноян,

Бет келсе, жоңғарлардың көзін оям.

Қаншама арпалысып соғыссақ та,

Дінкені құртып тұр ғой мына қоян.

Желкілдеп бәйшешектей қатар өскен,

Майданда қайрат қылып көзге түскен.

Асынған қару- жарақ көген көздер,

Қоршауды бұзып шыққай ерен күшпен.

Көп әлі көретінің берендерім,

Бел буып, тәуекел ет, өрендерім.

Оғыңды құр далаға шығын қылмай,

Байлап ат дұшпаныңды мергендерім.

Жырларым құлағыңа тие қалса,

Ұғып ал, есіңе ұстап, азаматым.

Тірі жүрсең, қайта тап жер- суыңды,

Жоғалтпа жер жүзінен үш жүз атын.

Шәкіртім қайда екен Бұқар жыршы,

Ол Бұқар әрі ақын, әрі сыншы.

Естісе жау тигенін аттан салар,

Жырына оның, халқым, құлақ түрші!?

Бұқаржан биылғы жыл отыз жаста,

Атағы ақындықпен шықты Алашқа.

Өзі де көп қайғырып жүрген шығар,

Түскен соң ауыр бейнет қайтсын басқа!

Азаттық қамын ойла милыларың,

Қосқайсың елдің басын сыйлыларың.

Дұшпанға бас көтертпей, соққы берсең,

Жойылар бүгін көрген қиындарың.

Қалмақты шамаң келсе, қыра бергей,

Өмірдің көрем десең рахатын.

Тірлікте жауыздарға есе бермей,

Бабаңның мақұлдаңдар насихатын!

Есен бол, әр уақытта, бауырларым,

Көңілге медеу болсын қаруларың.

Біріңді-бірің қолда шамаң келсе,

Кетпесін босқа тозып ауылдарың.

Күн туса, ел беті оңға бұрылатын,

Әңгіме-кеңес, думан құрылатын.

Жұртымыз өз қалпына келер еді-ау,

Болса егер жау табаны сырылатын.

Бұл заман, қай-қай заман, қасқыр заман,

Көрші ел жоқ қазақтарға қас қылмаған.

Дұшпанға кездескенде соққы бергей,

Дұрыс іс-жауға кеуде бастырмаған.

Алынсын сұрыпталып жиындарың,

Жұмсалсын үнемделіп бұйымдарың.

Киім мен азықтарды бөле- жарып,

Оңайлат істеріңнің қиындарын.

Керейдің батыры бар Ақпанбеттей,

Оған да қоймаушы енді дұшпан беттей.

Естісе ғаскер жинап, ту көтеріп,

Қалмаққа келіп тиер жанған өрттей.

Мекенің болсын орман, тау мен тоғай,

Ол жерден жау алуы болмас оңай.

Майданда Қазақ қолын аруақ қолдап,

Халқыма қадыр Алла пана болғай.

Жаттап ал жырларымды, балаларым,

Болашақ көпке тұтқа даналарым.

Дұшпанды батылдықпен тойтарыңдар,

Жоғалтпай жау алдында беттің арын!?

Бастасын тозған елді көсемдерім,

Ақылшы болсын сөзге шешендерім!?

Мұндайда езуі босты ел санамай,

Тізе қос, күшті жинап есендерің!?

Зор соғыс мұныменен тыйыла алмас,

Қазақты кәпір қалмақ жоқ қыла алмас.

Дүние кезек деуші еді бұрынғылар,

Дейме екен Үш жүз жаудан кегін алмас.

Ерлерім, тілейтінім сендерден сол –

Аршыңдар Қазақ үшін бақытқа жол.

Қажыма, сескенбеңдер, ілгері ұмтыл,

Жастардан тез құрастыр қарулы қол!?

Қиыншылық ылғи болмас, әлі-ақ өтер,

Сарбаздар жауды ұзатпай тентіретер.

Бөгенбай, Ер Сары, Асқап, Жабай, Көшек,

Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер.

Қазағым дәулеті мол, қарқынды еді,

Жүздері ерлерімнің жарқын еді.

Құс төресі аққу құс секілденген,

Жұртымның қыз-келіні алтын еді.

Үміттімін әлі-ақ халқым оңалар,

Кәпір қалмақ, жер бетінен жоғалар!

Балаларым, жауды жеңіп күйретіп,

Тұғырына қазақ қайта қона алар!

Астыңда болмасада тұлпарларың,

Аянбай соғысыңдар, сұңқарларым!?

Майданда өл, жауға тірі берілмеңдер,

Төкпеңдер, азаматтық беттің арын!?

Қалмақпен басталғанда үлкен ұрыс,

Қаршылдап жарқылдасын алмас қылыш.

Бастап өт Сарыарқаға қалың елді,

Жараспас шораларға босқа тұрыс.

Би мен бек, жұртты ұйыстыр, қарап тұрма,

Артыңа алаңдама, мойын бұрма»?

Кейінгі елді ертетін сардарлар бар,

Олар да құлақ түрер біздің жырға.

Жырымда кемдік болса, сөге көрме,

Қарғысты қарт бабаңа төге көрме!?

Кек қайтар дұшпаныңнан, ұландарым,

Басқаға көңіліңді бөле көрме!?

Қайраттан, қимылдап қал, боздақтарым,

Есіңде болсын менің айтқандарым.

Жауларды қол оқпенен топырақ қаптыр,

Әрдайым берік болсын ынтымағың!?

Балалар, Алла, аруаққа сыйыныңдар,

Топ-топ боп әрбір тұсқа жыйлыңдар.

Әр жерден жау қалмақты бас салыңдар,

Бытырап құр жүруден тыйылыңдар!?

Құй ойла, құй ойлама, бітті жұмыс,

Бастаңдар қоршау бұзып үлкен ұрыс.

Қайғыдан ұран салып серпіліңдер,

Бұл сөзім менің айтқан болмас бұрыс.

Аршыңдар жұрт өтетін жаудан жолды,

Шаншыңдар көк найзамен оңды-солды.

Соғыста жолың болғыр қолбасылар,

Бастаңдар сұрыпталған қалың қолды.

Аман бол, ел қамқоры жарқындарым,

Алмастай қан майданда жарқылдағын.

Жұрт қамын естеріңе ап, ескере жүр,

Бақ қонып, басылмасын қарқындарың!

Ел мұңын әнге қостым, күйге қостым,

Алдыңа тарту етіп, жырды тостым.

Насихат халайыққа тағы да айттым,

Жігері артса екен деп көңілі бостың.

Тыңдады өсиетімді Үш жүз халқы,

Ұнатып айтқанымды жаяу-жалпы.

Осындай насихат сөз көпке арнадым,

Жазсын деп игілікке апат арты.

Жырымды ұғып жұрттың қаны қызды,

Тастамай жетектеді ұл мен қызды.

Батырлар найза ұстаған алға түсіп,

Сайланған жауынгерлер қоршау бұзды.

Ашынған қазақ қорқып бұға алмады,

Қалмақтар жекпе-жекке шыға алмады.

Мылтығы жеткілікті қанішерлер,

Бірме-бір шайқасуды қаламады.

Лап қойған бетте Қазақ бұзып шықты,

Қалмақты қоршап тұрған шаншып жықты.

Қайсы бір жас өндірлер оққа ұшса да,

Қайтпасын біздің жақтың жау да ұқты.

Түспен деп енді қалмақ алдауына,

Қаймықпай соққы беріп қас жауына.

Орта жүз, Кіші жүз боп күшін салып,

Дұшпанның быт-шыт қылды құрсауын да.

Жағдай жоқ көрші жұртпен елдескендей,

Өмір мен өлім болды белдескендей.

Мылтықсыз біздің Үш жүз жүрсе-дағы,

Тап қазір болдық жаумен теңдескендей.

Ер емес жаудың туын құлатпаған,

Қалмақтың адамы жоқ жылатпаған.

Сүйреткен дәу мылтығын сұмырайлар,

Қолма-қол соғысуды ұнатпаған.

Садақ пен мылтығым бар «күлдірмамай»,

Кезім жоқ атысқанда тигізе алмай.

Халқыма насихат жыр айтқанымда,

Қоршауды бұзып шықты бірі қалмай.

Кезінде қыннан қылыш суырылған,

Апшысы ит Қалмақтың қуырылған.

Орта жүз, Кіші жүздер садақ тартып,

Еріксіз дұшпан жақтан ту жығылған.

Қарамай өлгеніне, тірілгеніне де,

Қалмақтың таптап өтті мергенін де.

Қазақ, Ноғай баршасы ұран салып,

Дұшпанның талқандады шеңберін де.

Бөгелмей зуылдата садақ тарттық,

Күлдірмамай мылтықпен көздеп аттық.

Қоршау бұзып шығарда көк семсермен,

Арпаласқан жаулардың басын шаптық.

Қазақтың қарт батыры ем ардақтаған,

Жырымды топқа салып салмақтағам.

Қан кешіп, сан майданда жүрсем-дағы,

Жоғалтпай өз бойыма ар сақтағам.

Мейман боп қайын жұртқа келіп едім,

Сый-құрмет Кіші жүзден көріп едім.

Еліме қайтар шақта жау қоршады,

Жаратқан, осыншама не қып едім?

Қазаққа қиын болды келген індет,

Ежелден жауға шабу-ерге міндет.

Шығарда жау қоршауын күшпен бұзып,

Екі ұлым майданда өлді Науан, Әсет.

Майданда соғысқанда шаһыбаздарым,

Қиналып қысылып еді жер боп тарын.

Сұм қалмақ қорғасын оқ жаудырса да,

Қаймықпай шайқасып ед құлындарым.

Екі ұлым, екі атқосшым оққа ұшты,

Төрт боздақ қара жерді барып құшты.

Өлімін төрт батырдың көргенімде,

Өртеніп іші-бауырым күйіп пісті.

Төртеуі бізбен бірге келіп еді,

Тамаша Кіші жүзден көріп еді.

Ақыры қан майданда шейіт болды,

Төрт ботам жау қалмаққа не қып еді?

Көрген соң сұмдық істі шыдай алмай,

Ұрандап «Ошыбайлап!» салдым айғай.

Шаныштым оңды-солды көк найзамен,

Жығылды талай жендет салып ойбай.

Пенденің бала деген жүрегі ғой,

Аз күндік тіршілікте тірегі ғой.

Ұлдардың жаудан кегін алу үшін,

Қалмақтың тайшыларын түйредім ғой.

Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,

Құштырдым талайына аттың жалын.

Әйтеуір бір өлім деп қылыштастық,

Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.

Үйде, түзде болсақта бір-ақ өлім,

Дұшпаннан алған дұрыс елдің кегін.

Келсемде алпыс бірге найзаладым,

Жоңғардың қанға құмар талай бегін.

Қоршауды бұзар шақта әлді жидық,

Уайымды, босаңдықты мүлдем тыйдық.

Алысқан ат үстінде ит халхидың,

Ұстап ап айдарынан мойнын қидық.

Уақиға ауыр болды көзбен көрген,

Атқыш ем қолмен мерген, көзбен мерген.

Лақтырып шыжым найза жылдамдата,

Қалмақты сұлатуды мақұл көргем.

Болсам да қол бастаған батыр ноян,

Қайғыны ішімдегі қалай жоям?

Қасымда қалың жасақ болмаса да,

Шайқастым алпыс бірде болмай қоян.

Айырылды тұлпар атым тағасынан,

Тозып тұр ақ сауытым жағасынан.

Қайралған қайқы болат алдаспаным,

Боялды қызыл қанға сағасынан.

Жорықта қырық төрт жыл ғұмырым өтті,

Орта жас ол да мені тастап кетті.

Ит қалмақ соғысуға душар қылды,

Болмаса ақсақалдық кезең жетті.

Жасымнан ту ұстаған болдым сардар,

Соңыма еріп жүрді талай дегдар.

Кез болдым алпыс бірде қатал жауға,

Ісіне құдіреттің не амал бар?

Жау алды қазақтың кең сахарасын,

Талайды оққа ұшырып, кесіп басын.

Күнасыз жүкті әйелдің ішін тіліп,

Найзалап шырылдатты жас баласын.

Тірілікте бұл қорлықты көрмейін деп,

Тайынбай жауға соққы берейін деп.

Дұшпанға ыза кернеп, қарсы шаптым,

Майданда шейіт болып өлейін деп.

Қалмақпен ұрыс салдық аянбай-ақ,

Аялдап алды-артыма қарамай-ақ.

Мені көріп, жастар да аттан салды,

Ойратты шабақтадық аямай-ақ.

Жүрекке шабыншылық салды жара,

Бөлінді ел бір-бірінен дара-дара.

Жоңғармен ұлғайсам да кескілестім,

Тағдырдың жазуына бар ма шара?

Пендеге опа болмас дүние жалған,

Жау үшін қазақ құны арзандалған.

Майданда Алла сақтап жарылмады,

Төбесі дулығамның маржандалған.

Атаның еркін өсіп дәулетінде,

Бөленіп сән-салтанат сәулетіне.

Сарбазсыз жолаушылап жүрсем-дағы,

Қаймықпай шығып жүрдім жау бетіне.

Көргенде Хорос, Шорос, Білеуітті,

Убашы, Ұраңқай мен Телеуітті.

«Әкелген жұртыма апат сұмырай», — деп,

Іштегі кәрі кегім қайнап кетті.

Құрымай енді дұшпан бізге күн жоқ,

Ерлердің жүрегіне түсірген шоқ.

Халқымды қансыратқан малғұндардың,

Қадалттым жауырынынан дәлдеп қол оқ.

Айналды зор шайқасқа ұрыс соңы,

Жаңбырша жауып кетті қалмақ оғы.

Дұшпандар оқ бората бастағанда,

Шегінді шығын болмай қазақ қолы.

Кең дала толып кетті айғай шуға,

Қазақтар паналады тоғай-нуға.

Соғысқан қалмақтармен біздің ғаскер,

Болды ғой тірелгендей от пен суға.

Қалжырап күші азайған есіл халық,

Мәңгірді соғыс, аштық жүдеткелі.

Көлігін қолда барлар пайдаланып,

Бет қойды Сарыарқаға тез жеткелі.

Жанына қиыншылық қатты батып,

Азаптың улы дәмін бәрі татып.

Қажыды азығы жоқ шұбырған жұрт,

Әр жерде аш, жалаңаш қона жатып.

Бұл заман, қай-қай заман, мыстан заман,

Қазақты әлсіреткен дұшпан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қар жауған қантардағы қыстан жаман.

Қанданды қазақ атам кең даласы,

Өлік пен ашқа толды сай-саласы.

Құтқармақ елді апаттан болсадағы,

Әнеттей жолда қалды жұрт данасы.

Құрсауын Торғауыттың бұзып өтті,

Қазақтар қоршаудағы бәрі кетті.

Жеткізбей халхиларға кеткен елдің,

Біразы Сарысуға барып жетті.

Келтірдің жұртыма індет қатты, құдай,

Қара жер ел табанына батты, құдай.

Жаяудың жүрсе аяғы ауырады,

Халқыма қимадың ғой атты, құдай.

Зор апат Үш жүз ұлын тентіретті,

Жұртымның бақ, береке, құты кетті.

Жал-жая, қазы-қарта жеген қазақ,

Дариға-ай, шөп тамырын қорек етті.

Жоқшылық меңдеткен соң адам жұқа,

Шекпенге өш болады тікен, бұта.

Қазағым шөп тамырын қорек етіп,

Қампайтты ішін сумен жұта-жұта.

Бейнетке жол-жөнекей әбден батып,

Тоқтайды дем алмақ боп аздап жатып.

Қоршаудан шықса-дағы мекені жоқ,

Ойлайды жан сақтауды басы қатып.

Көсемдер қайғыланды қатты налып,

Жарымжан, кемтар-ауру жолда қалып.

Өгіз, тайлақ мінгендер қуанысып,

Шұбырды Арқа жаққа қашқан халық.

Өкшелеп артымыздан бізді қуып,

Жетуге қалмақ қолы қалды жуық.

Жауға дәлдеп шірене садақ тарттық,

Қалдық деп бір күн өліп, бір күн туып.

Қалмады соңымыздан кәпір қалмақ,

Тағы да түсірмек боп ауыр салмақ.

Бұршақша қорғасын оқ жаудырды олар,

Қоярдай қалған елді бірден жалмап.

Мен талай жау шебіне салғам ойран,

Ісіме Үш жүз ұлы қалған қайран.

Атақты Ер Толыбайдан тусам-дағы,

Тимей тұр тозған жұртқа ешбір пайдам.

Қазаққа болмасам да үлкен тұтқа,

Насихат тағы да айттым барша жұртқа.

Жырымды шегінген қол қабыл алды,

Кезігіп тұрса да аштық, соғыс, жұтқа.

Ел намысын қозғадым,

Ұзақ сөйлеп созбадым.

Қайрат беріп ерлерге,

Бұлайша бір толғадым.

Өртеңге шыққан жас шөптей,

Еркелеп өскен ұлдарым.

Дұшпандарға бас име,

Құламасын тіккен туларың.

Жау келді деп қайғырма,

Табаныңды тайдыр ма!?

Жебе барат қалмаққа,

Естеріңнен айырылма?!

Ұрандап шық майданға,

Қолдағы сеніп сайманға.

Жау таңқалсын мылтықты,

Тапқан ақыл-айлаңа.

Бақыт қонбас тайғанға,

Сес көрсетіп жайнаң да.

Абдырама ерлерім,

Қалмақ қанат жайғанға.

Қас ойлаған кәпірдің,

Қабыл болмас тобасы.

Естен кетпес қазаққа,

Иттердің салған жарасы.

Қалмаса да соңыңнан,

Берме намыс қолыңнан.

Аянбай ұрыс салыңдар,

Бөгей алмас жолыңнан.

Қалдырармыз Қалмақты,

Аударып тастап салмақты.

Тойтарайық жауызды,

Құрсаулатпай жан-жақты.

Батырлардың ағасы,

Қырықта жас шамасы.

Қорған болар халқыма,

Бөгенбайдай панасы.

Қанжығалы Арғын Бөгенбай –

Алтынды тонның жағасы.

Осы күнгі сардардың,

Бәрінен артық бағасы.

Бес жасы кіші Бөгеннен,

Албанның ері Ханкелді.

Бөлінсе де жұртынан,

Бастауға жарар ғаскерді.

Тазартылар күн туар,

Қазақтың кең даласы.

Ел қорғаны ұл туар,

Жоңғардың құрыр шарасы.

Жазығы жоқ қазақтың,

Батырлар болар панасы.

Жұртты қырған Ойраттың,

Жыртылар әлі-ақ жағасы.

Қазақтар түйіп қабағын,

Жаудың орып тамағын.

Қайта тартар қалмаққа,

Өздері тартқан табағын.

Быт-шыт қып шебін, қамалын,

Кәпірдің тауысып амалын.

Қазағым жерін тазартып,

Тайдырар дұшпан табанын.

Қайтарылар жерлерің, —

Тау, орман, өзен, көлдерің.

Болашағы үшін ел-жұрттың,

Ұрысқа шық ерлерім!

Ту көтеріп, ұран сап,

Шығарып жаудың ойранын.

Желбіресін құлпырып,

Бөрілі жасыл байрағың.

Халқымның соры арылып, бағы жансын,

Дұшпандар топырақ қауып, жер жастансын.

Үш жүздің жауыз Қалмақ соққысын жеп,

Айырылып жер-суынан қайғылансын!

Қолынан ата жаудың дәулет кетсін,

Жай түсіп, елі-жұрты құрып бітсін!

Талқандап Қалмақтарды мекенінде,

Қазағым желбіретіп туын тіксін!

Келеді көп ұзамай ондай заман,

Азамат тізе қосып, жүрсе аман.

Ұшырап бейбіт жұрттың қарғысына,

Қалмақтың көрер күні болар жаман!

Мұны естіп өңкей боздақ қайраттанды,

Сарбаздар көңілденіп, бек шаттанды.

Ілгері қалмақ қолын жүргіздіртпей,

Жігіттер садақ тартып, айбаттанды.

Көрсетті өндірлерім жауға айбын,

Тарқады оны көріп, шер мен қайғым.

Сарбаздар жылдам қол оқ лақтырғанда,

Бәрінен қашты дұшпан дөң мен сайдың.

Батырлар халхиларға шегіп айбат,

Көп бөгеп Қалмақ жолын қылды қайрат.

Хорос, Шорос, Білеуіт жабылса да,

Күллісін қазақ қолы шықты жайпап.

Жендеті Сібе, Ұраңқай сасып қалды,

Убашы, Торғауыттар жасып қалды.

Қолма-қол шайқасқанда жауын қырып,

Көңілі ерлерімнің тасып қалды.

Біздің жақ бірме-бірде басым түсті,

Қылыш пен найза ұрыста асып түсті.

Алысып қалмақтармен ұмар-жұмар,

Көрсетті бұл майданда жауға күшті.

Өзім де «Ошыбайлап!» ұран салдым,

Дұшпанның қорлығына назаландым.

Қасық қаным қалғанша соғыспақ боп,

Қалмақтың батырларын найзаладым.

Майданда ақыл-естен адасқанда,

Өлшеусіз ерік бердім алдаспанға.

Наркескен мойнын қиды талай жаудың,

Өзім мен жан-жарыма жармасқанда.

Жаным менің ерлерден ардақты емес,

Өткен күн көз алдымда жай бір елес.

Жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен

Отыз үш мың сахаба да дүниеден өткен,

Солардан Қожаберген артық емес.

Дүние опасы жоқ жалған екен,

Бізден басқа да ерлерден қалған екен.

Өліп кетсем, соғыста шейіт болам,

Үйде өлмей, түзде өлген арман екен.

Ашамайлы керей ішінде Көшебемін,

Жорыққа он жетімнен төселгенмін.

Жекпе-жек Қалмақтармен шыққан шақта,

Желкесін қидым талай ерсінгеннің.

Бұл сөзім менің айтқан жалған емес,

Өтірікке ерлік арым барған емес.

Алпыс бірге келгенше бірме-бірде,

Жау дендеп, ат сауырына салған емес.

Бұл да болса, құдайдың бергені де,

Атқардым қолдап істің келгенін де.

Аллаға шүкір, беделсіз болған емен,

Түсінем жұртым, маған сенгенін де.

Атқарып тәуір жұмыс елшілікте,

Ұнадық ер атанып көпшілікке.

Айырылып қасыма ерген төрт боздақтан,

Тап болдым дәл бүгін мен кемшілікке.

Зор апат болатынын білген жоқпыз,

Кем тұтып, ғарыптерге күлген жоқпыз.

Кез болдық абайсызда бұл індетке,

«Ертегі» тыңдайық деп жүрген жоқпыз.

Батыр деп түсіп жұрттың ықыласы,

Болып ем жас шағымнан ордабасы.

Кешегі қамал бұзған жиырма бесте,

Сыйлап еді мұсылманның кәрі-жасы.

Жерлерім-Ертіс, Есіл, Тобыл бойы,

Елімнің жайылушы еді ешкі-қойы.

Күн туып, ата жаудан кек алатын,

Қалмақтың іске аспасын харам ойы.

Белгілі мырзалықпен жұртқа жайлы,

Орта жүз Керейде елім Ашамайлы.

Есепсіз көп өсіп еді тайлақ-тайы,

Болған соң жер-суы оның тым жағдайлы.

Жағасында түйе қаптаған,

Суы тұзды көлім-ай.

Қалың жылқы жайылған,

Жап-жасыл жазық жерім-ай.

Желіге құлын байлаған,

Жомарт қолды ерім-ай.

Ит жүгіртіп, құс салған,

Бетегелі белім-ай.

Үйрек ұшып, қаз қонған,

Айдын шалқар көлім-ай.

Дағдарып тұрмын бүгін мен,

Бетпақтың қуаң шөлінде-ай.

Бір-бір ұштың көзімнен,

Теріскей Арқа жерім-ай.

Тірімісің, бармысың,

Қатар өскен теңім-ай.

Тұлпар мініп, ту ұстап,

Кернейлеткен бегім-ай.

Көкпар тартып, сайысқан,

Жасыл алқап дөңім-ай.

Күн туарма дұшпаннан,

Қайтатұғын кегім-ай.

Қайран Керей елім-ай,

Көк шалғын Сібір жерім-ай.

Кір жуып, кіндік кескен жер,

Кетем бе, сені көре алмай.

Білмедім жолда мұндай сор боларын,

Апаттың қазақ үшін зор боларын.

Орта жүз Керей-дағы аудыма екен,

Кім біледі істің алда не боларын?

Орнымда қалып еді жасақ бастап,

Ел басшысы сайлап ем, халқым қостап.

Жаудан жұртын жүрме екен қорғап аман,

Қуатым, сүйенішім інім Асқап?

Өтежан, Қарабас би, Тобыш ағам,

Үш ағам аман ба екен жау оғынан.

Көрем бе туған елді, көрмеймін бе,

Биылғы жаудың беті өте жаман.

Дариға-ай, туған жерден алыс қалдым,

Белгісіз не болары біздің халдың.

Тірі боп елмен бірге кездесерме,

Үйдегі он ұл, бір қыз балапаным?

Тарығып ұзақ жолда тарттым бейнет,

Туатын күн болар ма, бізге зейнет.

Қолында аға-інімнің аман-ба екен,

Ең кенжем – жалғыз қызым, құлыным Зейнеп.

Үш ағам кәрілік жеңген қария еді,

Ақылға, ерілікке де дария еді.

Бұл күнде жетіп, тақтан тайды,

Әйтпесе даңқы көпке жария еді.

Қызығын жаулар көрді жиған малдың,

Нақақтан қанын төгіп талай жанның.

Біз кеткенде, жорықта жүрген бес ұл,

Шіркін-ау, тірімісің, қайда бардың?

Зәресін алып еді сан дұшпанның,

Келтіріп тәубасына басынғанның.

Еділ жаққа қол бастап кетіп еді,

Тұңғышым, есен беекен Әди жаным?

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *