«ӨНДІРІСТІ, ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА ДА САПАЛЫ ЖОЛДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР»

Экономика Қоғам
214 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы маңызы бар жолдардың құрылысын бақылап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді.

Аймақ басшысы, алдымен, облыстық маңызы бар КХ-59«Түркістан-Қарнақ» автожолында болып, 21 шақырымды құрайтын жолға жүргізіліпжатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Жол жөндеу жұмыстары Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен 2022 жылдың мамыр айында басталған. Екі жолақты жолдың құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда 17,2 шақырым жолға ресайклерлеу, 15,5 шақырым жолға ірі түйіршікті және 13 шақырым жолға майдатүйіршікті асфальт-бетонмен тегістеу қабатын салу жұмыстары жүргізіліп,жоспарланған 12 шақырым аяқжолдың 6,4 шақырымы салынды.

– Жыл өткен сайын Түркістанда халық саны көбейеді. Сондықтан жолдарды осы мәселені ескеріп, арнайы жоспармен, стратегиямен салу керек. Қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуына оң әсер ететін, көлік кептелісінің алдын алатын, көліктік-логистикалық әлеуетін арттыратын бастамаларды жүзеге асырған жөн. Өндірісті, туризмді дамытуда да сапалы жолдың маңызы зор, – деді Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Түркістандағы Ә.Жангелдин көшесін реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Ә.Жангелдин көшесі – төрт жолақты. Жалпықалалық магистралды жолдың ұзындығы 3,8 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Атқарылып жатқан жұмыстарды тексерген облыс басшысы мердігер мекеме басшыларына жұмысты белгіленген стандарттарға сай, сапалы атқаруды тапсырды.

БЫЛТЫР 1247,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА ҚҰРЫЛЫС-ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

2022 жылы облыс аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 2 094,9 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылып, жыл қорытындысымен 645 нысан немесе 1 247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілген. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 87%-дан 92%-ға өсті.

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен өткен жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуде негізгі басымдық облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристік нысандарға баратын 18 шақырым жолдар толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Отырар ауданындағы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енген Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтті. Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын 52,6 шақырым облыстық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба және Састөбе бағытындағы 37,6 шақырымды құрайтын жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын 56,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді.

Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды. Бәйдібек ауданы аумағындағы Шаян-Жамбыл, Мыңбұлақ-Нұра, Шалдар-Сарқырама-Бірлік бағыттарындағы 71,4 шақырым жол жөнделіп, халық игілігіне тапсырылды. Жетісай ауданының Сұлубұлақ, Үтіртөбе, Көктөбе елді мекендерін қосатын 11,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді. Келес ауданындағы Жаңадәуір, Ынтымақ, 28 гвардияшылар, Диқан, Қазақстан ауылдарын қосатын 15 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді. Сайрам ауданының Көлкент, Ақсуабад, Әйтекеби және Сайрам, Абдуллабад елді мекендерін жалғайтын 38,2 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 1 көпірге күрделі жөндеу және 4 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.

2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жолдар мен көшелер қамтылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1238,3 шақырымды құрайтын 604 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды.

ӨЗБЕКСТАНМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН КҮРЕ ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

Түркістан облысында республикалық маңызы бар А-15 «Жызақ – Гагарин – Жетісай – Қызыләскер – Сарыағаш – Жібек жолы» күре жолы жөнделіп жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, трассаның жалпы ұзындығы 146 шақырымды құрайды. Күре жол бойында 30-ға жуық елдімекен орналасқан. Облыс бойынша көлік қарқыны жоғары жолдардың қатарына жатады. Тәулігіне 15 мыңға жуық көлік жүреді.

«Биылғы жол құрылысы маусымы аясында жолшылар ұзындығы шамамен 50 шақырымды құрайтын нашар күйдегі үш учаскені жөндеп жатыр. Жөндеу жұмыстары Өзбекстан шекарасынан Жетісай қаласына дейінгі, Енкес елдімекенінен Жібек жолы елдімекеніне дейінгі және Қызыләскер ауылынан Жүзімдік ауылына дейінгі жол аралықтарында жүргізіліп жатыр», – деп жазды ведомстводан.

Жөндеу жұмысы тәулік бойы екі ауысымда жалғасып жатыр. 70 маман мен 45 арнайы техника жұмылдырылды.

ШЕКАРАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫС КҮШЕЙТІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Қазығұрт» кеден бекетінде болып, құрылыс барысымен танысты.

Бүгінде мұнда ескі бекет жұмыс істеп тұр. Көлік кептелісі, өзекті мәселелер туындап отыр. Осыған байланысты 4,8 гектар жерге шекара бекетінің жаңа ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Әкімшілік ғимараты, өткізу бекеті салынуда. Құрылысы 2024 жылы аяқталмақ.

Жобаның басты мақсаты – бекеттің қызметін жақсарту. Қайта құрудан кейін кеден бекеттің аумағы ұлғайып, өткізу қабілеті артады. Сонымен қатар кедендік рәсімдеу процедураларының уақыты қысқарады. Орнатылған заманауи кедендік бақылаудың техникалық құралдары арқылы елімізге кіретін тауарлардың мөлшері мен сапасына терең талдау жүргізуге мүмкіндік туады.

Облыс әкімі нысандарды аралап, шекарадағы өткізу пункттері еліміздің аса маңызды нысандар қатарында екенін атап өтті.

«Қапланбек» өткізу бекетін жаңарту жұмыстарымен де танысқан облыс әкімі шекарашылармен, мердігерлермен кездесті. Қауіпсіздіктің қатаң сақталып, құрылыстың мерзімінде аяқталуын тапсырды. Кедендегі мәселелерді талқылады. Аудан әкіміне, басқарма басшыларына тапсырмалар берілді.

Шекаралық аймақтарды дамыту бағытында жұмыс күшейтіледі.

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Қапланбек» кеден бекетін кайта құру және толық техникалық қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталды.

600 ЖҮК КӨЛІГІНЕ АРНАЛҒАН АВТОТҰРАҚ САЛЫНАДЫ

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан аумағында орналасқан «Атамекен» кедендік бекетінің құрылысымен танысты.

Жылдың басында құрылысы басталған нысанның бас мердігері – «NUCTECH COMPANY LTD» компаниясы, құрылысты жүргізіп жатқан – «Bazis Construction» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «Алатау сала құрылыс» ЖШС болса, құрылыс нысанын «Аркхон» ЖШС жобалаған. 2024 жылы құрылысы аяқталатын нысанның сметалық құны – 15,5 миллиард теңге.

Аудан басшысы нысанның жобалық сметалық құжаттамасына сәйкес салынуын қадағалап, мердігер мекеменің басшылығымен кейбір мәселелер бойынша жиын өткізді. Кедендік бекет – көрші елден отанымызға кіретін алып қақпа болғандықтан, Бақыт Насырханұлы құрылысы жүріп жатқан нысанның абаттандырылуына да үлкен мән беру керектігін атап өтті.

Атакент кентіне жақын орналасқан кедендік бекеттің маңында бұған дейін жүк көліктерінің кептелістері жиі орын алып, кентке кіріп-шығатын жеңіл көліктер үшін қиындықтар тудырған болатын. Жаңа нысанның жобасы бойынша 600 жүк көлігіне арналған автотұрақ салынып, жүк көліктерінің кептелісі мәселеcі оң шешімін таппақ.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен «Атамекен» кедендік бекетінің маңына «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру да жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Мақтаарал-Дарбаза» темір жолы да салынғалы тұр.

Аталған жобалар іске асса өңірде өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге жол ашылмақ. Мақталы өңірге инвесторлардың да үлкен қызығушылығы артатыны анық.

АУЫЛҒА КІРЕБЕРІС ЖОЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының облыс тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелер шешімін тауып келеді.

Бәйдібек ауданы тұрғындарымен кездесуде тұрғындар тарапынан облыстық маңызы бар КХ-122 Таңатар елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын жөндеуден өткізу мәселесі көтеріліп, жауапты басқармаға тиісті тапсырмалар берілген болатын. Осы орайда, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Шаян-Таңатар елді мекендерін жалғайтын жолға орташа жөндеу жұмыстары биылғы мамыр айында басталып, маусым айында толығымен аяқталды. Жолдың ұзындығы – 3,4 шақырым. Мердігер мекеме – «Корпорация Береке А» ЖШС.

Жөндеу жұмыстары кезінде 3,4 шақырым жолдың ескі асфальт жабындысы толығымен жаңартылды. Сонымен қатар жол бойындағы Шаян, Таңатар елді мекендерінің ішіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салынып, жарықтандыру шамдары орнатылды.

ОТЫРАРДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Отырар ауданында жалпы 39 көшеге ағымдағы және орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған игі істер «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және жергілікті бюджет есебінен атқарылуда.

Бұған дейін Шәуілдір ауылындағы А.Маханбетұлы, С.Өтебеков көшелеріне асфальт төселген. Қазіргі таңда елді мекендердегі ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Атап айтқанда Арыс ауылындағы П.Қалыбеков, Б.Қабылов, Ә.Смайлов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Мұнан бөлек Темір ауылындағы Н.Құлымбетов, Қарғалы елді мекеніндегі Қарғалы-2, Талапты елді мекеніндегі Ж.Смайлов көшелерін асфальттау жұмыстары жүргізілуде.

Жол жөндеу жұмыстары аудан әкімдігі тарапынан бақылауға алынған. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың тапсырмасына сәйкес жауапты мекемелер және аудандық мәслихаттың жанынан арнайы құрылған комиссия мүшелері бірлесе отырып жол сапасына қадағалау жүргізіп келеді.

Айта кету керек, 2023 жылға республикалық бюджет есебінен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 19,6 шақырым ішкі көшелерге және жергілікті бюджет қаржысы есебінен ұзындығы – 24,3 шақырым көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

ЕКІ АУДАНДЫ ЖАЛҒАЙТЫН ЖОЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Түлкібас және Сайрам аудандарын жалғайтын облыстық маңызы бар КХ-63 «Бадам-Шұбар-Аққойлы-Құтарыс-Қарабұлақ-Түлкібас» автомобиль жолының 67-83 шақырым аралығы орташа жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.

Жөндеу жұмыстары барысында Састөбе-Ынтымақ-Машат-Қарабұлақ елді мекендері аралығындағы 16 шақырым жолдың ескі асфальт жабындысы толығымен жаңартылып, жол бойындағы 4 дана су өткізгіш құбыры ауыстырылды. Сондай-ақ, Машат, Ынтымақ елді мекендерінде 2,5 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салынды.

Одан бөлек, қауіпсіз жол жүрісін қамтамасыз ету мақсатында «Оңтүстік жолдары» МКК тарапынан күтіп ұстау жұмыстары есебінен Машат, Ынтымақ елді мекендеріне жасанды жол кедергісі орнатылып, жол таңбасы сызылды.

Жүргізілген жұмыстардың сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты бақылауда болды.

ШАРДАРАДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Шардара ауданындағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында ағымдағы жылы жол жөндеу жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілуде.

Тарқатып айтсақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы -165,0 шақырым, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы -50,23 шақырым және елді мекен көшелері мен ішкі шаруашылық жолдары – 504,3 шақырымды құрайды.

Ауданда 2023 жылы аудандық маңызы бар және ішкі жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен жалпы ұзындығы 35,53 шақырымды құрайтын 57 көшеге тиісті қаржы бөлініп, тас төсеу және орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын.

Қазіргі таңда асфальт жабынын төсеу жұмыстары Шардара қаласында және Көксу, Алатау батыр ауылдық округтерінде жүргізілуде.

Сонымен қатар Шардара қаласы мен ауылдық округтердегі 25 көшеге, тас төсеу мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Қоссейіт елді мекеніне кіреберіс 1,6 шақырымдық аудандық маңыздағы жолға орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталу сатысында.

Сонымен қатар, «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаушықұм, Қ.Тұрысбеков және Достық ауылдық округтеріндегі 17 көшеге асфальт жабыны төсеу жоспарланып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Бөлім тарапынан Шардара ауданындағы жөндеуден өткен жолдардың сапасын бақылау мақсатында, ҚР Инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК-ның Түркістан облыстық филиалымен келісім-шарт түзу жұмыстары атқарылуда. Осы келісім-шарт түзілгеннен соң аудандағы орта жөндеу және тас төсеу жұмыстары жүргізілетін 57 жолдың керіні алынып, сәйкестігі жөнінде лабораториялық қорытындысы алынып сапасы бақыланатын болады.

2023 жылға жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына аудандық бюджет есебінен тиісті қаржы қаралып, Шардара қаласындағы 75 көшенің бұзылған жерлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Бөлім тарапынан жүргізген мемлекеттік сатып алу нәтижесімен «Строимонтаж» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Бүгінгі таңда Шардара қаласындағы негізгі көшелер толық ағымдағы жөндеуден өткізілді.

ЖОЛ, АУЫЗ СУ, ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан көлемінде қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатында лездемелік жиын өткізді. Онда ауданда жүріп жатқан жол, ауыз су, көше жарықтандыру, құрылыс нысандары, қысқы маусымға дайындық шаралары мен санитарлық тазалық сақтау жұмыстарына жеке дара тоқталып өтті.

– Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Істеліп жатқан жұмыстарға тиянақтылық пен қарап, қадағалауда ұстау керек. Әлі де болса шешімін қажет ететін өзекті мәселелер көп. Қысқы жылу маусымына дайындық шараларын күшейту керек. Бұдан бөлек, ауылдарды аралау барысында бірқатар ауылдық округтерде ауыз су уақытпен ғана берілетінін айтып, жетіспеушілік мәселелері жиі көтерілуде. Тұрғындарға жаздың аптап ыстығында суды тұрақты түрде беру керек. Бұл мәселені шешу үшін аса көп қаржыны немесе күштік құрылымды талап етпейді. Тек жұмысты үйлестіре білу қажет, – деген аудан басшысы жауапты сала мамандарының жұмыстарын сынға алды. Сондай-ақ аталған мәселені хаттамалық тапсырмаға енгізіп, бұған дейінгі жүктелген тапсырмалармен қоса белгіленген мерзімінен кешіктірмей орындауды қатаң ескертті.

Сонымен қатар, тұрғындар қажеттілігіне орай туындаған басқада өзекті мәселелерге тоқталып, сала орынбасары мен жауапты мамандарға қосымша тапсырмалар жүктеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *