«FESTLIFE İSTANBUL» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ

мәдениет Өнер
14 Views

Түркияның Ыстанбұл қаласында FestLife İstanbul Awards халықаралық көпжанрлы байқау-фестивалі өтті. Фестивальге Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Молдова елдерінен келген шығармашылық ұжымдар мен жеке жас орындаушылар, жалпы саны 500-ден астам өнерпаз қатысты.

Ыстанбұл қаласының Бағжылар ауданындағы Мәдениет үйінде өткен іс-шара FestLife İstanbul байқауының ұйымдастырушылары, Бағжылар ауданының әкімдігі және Қазақкенттегі Алтай қазақтары қоғамының ұйымдастыруымен өткізілді.

Фестивальдің ашылу салтанатында Түркиядағы Әділет және даму партиясы (Ыстанбұл) бөлімшесі басшысының орынбасары Мехмет Шахин, Бағжылар ауданы әкімдігінің Сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы Мұстафа Араш, Ыстанбұлдағы бірінші Қазақ Бас консулы, ТҮРКСОЙ-дың Бас кеңесшісі – осы жолдардың авторы құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға және жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Қатысушылар вокал, хореография, аспаптық өнер және бейнелеу өнері номинациялары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, түркі халықтарының дәстүрлі өнері жоғары деңгейде таныстырылды.

Жексенбі күні Мармара теңізінде яхта кеме бортында фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ал 13 шілде күні негізгі байқау ұйымдастырылып, ол екі кезең бойынша өткізілді. Сахнада көптеген дарынды әрі кәсіби деңгейі жоғары шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, өздерінің шығармашылық шеберлігі мен жоғары дайындықтарын паш етті.

Фестивальдің басты мақсаты – жас таланттарды қолдау, халықаралық мәдени байланыстарды нығайту, түрлі елдердің шығармашылық ұжымдары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, сондай-ақ өнер арқылы халықтар арасындағы достық пен мәдени ынтымақтастықты дамыту.

Байқауда қазылар алқасының құрамында өнер мен мәдениет саласының беделді мамандары қызмет атқарды. Қазылар алқасының құрамында: Украинадан актриса, әрі әнші Елена Головина, Ыстанбұлдан мәдениет саласының үздігі, домбырашы Седат Солакоғлу, Мехмет Әлім,Түркиядағы «Томирис Хатун» халықаралық мәдени-шығармашылық қауымдастығының төрайымы, «Қыпшақ» театрлық-эпостық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Анар Байжан, Ташкент қаласындағы Фаррух Закиров атындағы өнер мектебінің директоры Дилноза Сапарова, Қырғызстаннан мәдениет саласының үздігі Шерзат Имамов, Ыстанбұлдағы алғашқы Қазақ консулы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, хореограф-қоюшы Амангүл Ермекқызы, Әзербайжандағы «Асиман» балалар ансамблінің және «Хазар Фолк» халықаралық фестивалінің директоры Вахид Октай оғлы Салимов, Дағыстан Республикасы мен Ингушетия Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Дағыстан мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі, Дағыстан мемлекеттік педагогикалық университетінің хореография факультетінің оқытушысы Жамилия Гасанқызы Ахмедова және осы жолдардың авторы болды.

Тәжірибелі мәдениет және өнер майталмандары әрбір жас өнерпаздың шеберлігін жоғары бағалады.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Әзербайжанның Баку қаласынан келген «Асиман» шығармашылық ұжымы, Ресей Федерациясының Дағыстан Республикасының Махачкала қаласынан келген «Дар» шығармашылық ұжымы және Түркияның Анталия қаласынан келген «До Ми Солька» шығармашылық ұжымы иеленді.

Ал 500 АҚШ доллары көлеміндегі Супер Гран-при жүлдесі Қазақстанның Орал қаласынан келген «Рондо» шығармашылық ұжымына табысталды. «Fest Life» байқау жобасының ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Ақтөбе қаласының өкілдері Тынышбаев Олжас Нақыпұлы, Мұқанбетғазина Толқын Арыстанғалиқызы және Мамутова Нұржамалға Бағжылар ауданының әкімдігі алғыс білдірді.

Кездесу барысында мұндай халықаралық мәдени шараларды Түркі мемлекеттерінің басқа да қалаларында жиі өткізіп тұру мәселесі сөз болды. Өйткені түркі дүниесінің бай мәдениеті мен өнерін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау – барша түркі халықтарының ортақ мақсаты.

Жасасын Түркі дүниесі!

 

Ержан УӘЙІС,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Әділеттің» Түркиядағы арнаулы тілшісі

Ыстанбұл