«HR-PROCESS» ЖҮЙЕСІ АРҚЫЛЫ 300-ДЕН АСА АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Экономика Қоғам
1 018 Views

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «HR-Process» білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі арқылы жұмысқа орналасқан педагогтармен кездесті. Кездесуге қалалық білім басқармасы басшысы Жанат Тәжиева, білім беру ұйымдары басшыларын тағайындау сатысында басшылық ететін комиссия құрамы, бірқатар мектеп директорлары мен аталған жүйе арқылы жұмысқа орналасқан ұстаздар қатысты.

Онда қала әкімінің бірінші орынбасары білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындауда да мейлінше ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам алдында бұл процесс үлкен сенімге ие болу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесін одан әрі дамыту мен орын алған кемшіліктер жөнінде сөз қозғады.

«Кадрларды іріктеудің ашық және объективті жүйесі – білім саласына үздік мамандарды тартудың кепілі болады. Міне, 2 айға жуық уақыттағы қалыптасқан оң пікір осы жұмысымыздың жемісті болғанын көрсетіп отыр. Қала әкімінің тапсырмасына орай ендігі кезекте колледждер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерін жүйеге қосу және келер жылдан бастап педагогтарды аттестаттау жүйесін автоматтандыру қажет» – деді Шыңғыс Мұқан.

Бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқандардың бірі – Гүлнұр Сүлеймен. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар университетінің қызыл диплом иегері. Қытайдың Шанхай қаласындағы IS-China университетінің түлегі. Магистратураны үздік дипломмен бітірген. Гүлнұр Мырзабайқызы «HR-Process» жүйесі арқылы бос орындарға өтінім беріп, конкурс нәтижесінде №132 жалпы орта мектебінің ағылшын пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.

Айта кетейік, тамыздан бастап іске қосылған жүйеде жарияланған бос жұмыс орындарға үміткерлер тарапынан 2470 өтінім келіп түскен. Бүгінгі күні 460 бос жұмыс орнының барлығына комиссияның отырысы өткізілді. Комиссия отырысында 665 үміткердің 2328 өтініші қаралды (бір үміткер әртүрлі мектептерге бірнеше өтінім бере алады). 665 үміткердің ішінен 313 үміткер конкурс нәтижелері бойынша жеңімпаз болды және тиісінше мектеп директорларына бос орынға ұсынылды. Жеңімпаздардың жас ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, 25 жасқа дейінгі – 145, 25-45 жас аралығы – 137, 45 жастан жоғары – 31 үміткер болған.

«INTELLECTUALDY ULT» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева және «Еркін ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаевтың қатысуымен «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Жанар Әлібекқызы, ең алдымен, «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасының мақсаты жайында жан-жақты жеткізді.

– Бұл жобаның мақсаты жастарды зияткерлік спорт түріне баулуға бағытталған. Яғни, шахмат, тоғызқұмалақ және дойбы ойындары арқылы жастардың ойлау қабілетін арттырып, саналы ұрпақ қалыптастыру. Ғылымда: «Адам ойлау жүйесінің 30-ақ пайызын қолданады. Ал қалғаны жұмыс істету арқылы дамиды» деген қағида бар. Сол себепті жас буынның дұрыс ойлауын дамытуымыз керек. Мәселен, бүгінде жасөспірім жеңіл ойындарға, жеңіске жетуге құмар. Ал шахмат ойынының басты қағидасы – жеңіс емес, сол жеңіске қалай жету. Яғни, әр түрлі әдіс қолданып, стратегиялық қабілетін шыңдайды. Жастардың бойына жетпей жатқан осы бір қасиетті жетілдіру мақсатында бұл жобаны қолға алдық, – деді басқарма басшысы.

Брифинг барысында аталған жобаның жанашыры әрі жүзеге асырушысы Балтабек Түйетаев байқау жайында сөз қозғады.

– Бұл жоба аясында «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауы өтеді. Ол 15 қазан күні басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры – 2,5 млн теңге. Сайыс жас ерекшеліктерге бөлінген. Олар – оқушылар, ересектер және ардагерлер. Бұл интеллектуалды ойындар ақыл-ой тәрбиесіне, жеке адамды қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Атап айтсам, қазақ топырағындағы ұлы тұлғалар А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатұлы, Ш.Қалдаяқов және Ғ.Мүсірепов зияткерлік өнерімен дараланған, – деді Балтабек Исақұлы.

Айта кетейік, байқауда кәсіби мамандар төрешілік етеді.

ӘКІМ 189 ОРАМДАҒЫ ГАЗ МӘСЕЛЕСІН БІР АЙДА ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ

Мұндай тапсырманы қала әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелерімен қашықтықтан қабылдау барысында энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына берді.

Онлайн қабылдау барысында Қаратау ауданының тұрғыны А.Айдаров 189 орамдағы газ мәселесін көтеріп, жарық пен ауыз судың жиі өшетіні туралы шағымын жеткізді.

Осы ретте, қала басшысы тұрғындар қызметтерге үздіксіз ақы төлейтінін айтып, салалық жетекшілерге электр жарығы мен ауыз суда тұрақты берілуі тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар, табиғи газдың ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін берілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Анықтама:

Шымкент қаласының табиғи газ көздерінің қуаттылығы АГРС-1, АГРС-4 «Шымкент» 180 000 м3/сағ құрайды. Ал бүгінгі таңдағы қаланың қажеттілігі – 250 000 м3/сағ құрап отыр. Жылыту маусымы басталған кезде қолданыстағы автоматтандырылған газ таратушы стансалары 100% жұмыс атқаруда.

Аталған мәселені шешу мақсатында, 250 000 м3/сағ құрайтын автоматтандырылған газ тарату стансасының (әрі қарай-АГРС-3) құрылыс жұмыстары «StroyGazCompany» ЖШС тарапынан жүргізілуде.

АГРС-3 нысанының құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айында аяқталса, Шымкент қаласында тұтынушыларды сапалы және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етуге болады.

Бұдан бөлек, қабылдауда тұрғындар жер, жол, қоғамдық көлік пен жұмыспен қамту туралы сауалдарын жолдады. Барлық сауалдарды мұқият тыңдаған әкім көтерілген әрбір мәселе бойынша қалада тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, рет-ретімен шешілетінін жеткізді.

ХҚКО-ҒА КЕЛУ УАҚЫТЫН ОНЛАЙН РЕЖИМІНДЕ БРОНДАУҒА БОЛАДЫ

Халыққа қызмет көрсету орталығы – еліміздегі саяси интеграцияның нышаны. Мемлекеттің даму сатысы жоғарылаған сайын халықтың сұранысы да арта түспек. Демек, халықтың құжат мәселесін реттеуде орталықтардың дамып отыруы – заңды құбылыс.

Бүгінде халықпен тікелей жұмыс жасап, құжаттарды дер кезінде дайын етіп, сапалы қызмет көрсетіп отырған осындай орталықтардың бірі – Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты Халыққа қызмет көрсету орталығы. Орталықта бір күннің ішінде 200-300-ге жуық қызмет түрі көрсетіледі. Халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсетіп отырған орталықтың жаңалықтары мен жетістіктері жайлы Бөлім басшысы Өмірзақ Оразбекұлы Борановтың өзі әңгімеледі:

– Еңбекші ауданында жалпы саны 300 халық бар. Ал Еңбекші ауданына қарасты Халыққа қызмет көрсету орталығында 50 қызметкер жұмыс жасайды. Тұрғындардың ең көп сұрататын қызмет түрі – қайта тіркеу. Оның себебі Шымкент қаласы жаңа статус алғаннан соң, ендігәрі жаңа госактқа жаңа кадастр берілу керек. Сондықтан тұрғындар құжаттарды қайтадан өз аттарына тіркеп жатыр. Осылайша көбінің сұрататын қызметі, үй құжатын рәсімдеу, госактті ауыстыру сынды қызмет түрлері.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бүгінгі жетістігі деп брондау жүйесін айта аламыз. Себебі қазір орталықтан қағаз жүзінде қызмет түрін алу үшін кезек уақытын алдын ала брондау керек. Бұл азаматтардың көптеп жиналуын болдырмау мен вирусты жұқтыру қаупін азайтуға бағытталған шаралар. Сондай-ақ, қызметке жүгінушілердің уақытын үнемдеп, ұзақ кезектің алдын алады.

Еске сала кетейік, қажетті анықтамаларды eGovMobile мобильді қосымшасы және телеграмдағы egovkzbot2.0 боты арқылы алуға болады. ХҚО-ның ең тәжірибелі деген және арнайы оқудан өткен 1800-ден астам қызметкері 1414 байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсетеді.

ҚОРҒАСЫН ЗАУЫТЫНЫҢ ҚАЛДЫҚТАРЫН ӨҢДЕЙТІН КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының қалдықтарын жою мәселесі шешімін тапты. Жетпіс жылдан астам уақыттан бері жиналған өндіріс қалдықтары қоршаған орта мен экологияға зиянын тигізіп келді. Жылдар бойы қордаланған түйткілді мәселенің оңтайлы шешімі табылды.

Енді өндіріс қалдықтарын өңдеп, түсті металл концентратын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Кәсіпорынның зиянды қалдықтарды залалсыздандыруда экологиялық маңызы зор.

Қаламыздағы бірегей жобаның жұмысымен бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов танысты.

Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілетін жобаны «Standard Steel KZ» ЖШС-гі жүзеге асырды. Мұнда жылына 400 мың тонна өндіріс қалдықтары қайта өңделеді.

Бүгінгі таңда жобаның жылына 250 мың тонна қалдықтарды өңдейтін бірінші желісі жұмысын бастады. Зауыт биыл қараша-желтоқсан айларында толығымен іске қосылғанда 400 адам жұмыспен қамтылады.

Бүгінде қоршаған ортаны қорғау, түсті метал өндірісін дамытуда қалдықтарды қайта өңдеудің маңызы өте зор. Жоба толығымен іске қосылса, экологияны зиянды қалдықтардан тазартуға зор үлес қоспақ.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан Бейбіт Атамқұлов аталған өндіріс орнының экологиялық тиімділігімен қатар, әлеуметтік-экономикалық ролі де зор екенін атап өтті.

Өндіріс ошағы толық қуаттылығында жұмыс істегенде, аумақ зиянды қалдықтардан 3-4 жылда тазартылатын болады.

ДОСТАСТЫҚ ЕЛДЕРІ АРАСЫНДА ӨТКЕН ӨНЕРЛІ БАЛАЛАРДЫҢ ФЕСТИВАЛІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Шымкентте «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» жылы аясында «Шымкент – қайырымды қала» балалар шығармашылығына арналған онлайн-фестиваль өз мәресіне жетті. Достастық елдері арасында өткен шараға 6 жастан 15 жасқа дейінгі жалпы саны 500-ге жуық бала қатысты. Оның ішінде ТМД елдерінен 20 бала, Қазақстан Республикасынан – 479 қатысушы үш номинация бойынша өз шығармаларын жолдады. Фестивалдің бағдарламасы «Вокалдық шығармашылық», «Аспапта орындау», «Бейнелеу өнері» номинациялары бойынша жүргізілді.

Балалар шығармашылығына арналған онлайн-фестивальдің барлық қатысушыларына қала әкімінің атынан арнайы дипломдар табысталды.

Фестиваль аясында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің өнерлі балалары ерекше белсенділік танытты. Солардың қатарында, вокал бойынша Сочи қаласынан қатысқан «Voc time» квартеті және Насибуллина Дамира, Қырғызстаннан Жанибекова Сауле өз ұлтының халық әндерін жоғары дәрежеде орындады. Өзбекстандық – Султанова Шахзода, Абдурахманова Диёра, Мирпулатов Мирза-Шухрат, Миржалилова Мадина есімді суретші жастар «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Достастық елдері тақырыбында жаңа туындыларымен фестивальдің жандануына атсалысты.

Қазақстандық қатысушы жас өнерпаздар да үш номинация бойынша тақырыпты кеңінен аша білді. Атап айтқанда: «Бейнелеу өнері» номинациясында Қызылорда облысынан Зұлқарнай Нұрай, Қостанай облысынан Бейсембаева Риза, Ковалева Ирина, Трефилова Мария достастық елдері тақырыбы мен Шымкент қаласының көрікті жерлерін қылқаламмен әсем түрде бейнелеген. Жас өнер иелерінің ішінде ерекше көзге түскен Исабекова Гульназ достастық тақырыбын қабырғаға салған арнайы граффити өнерімен тәнті етті.

«Вокалдық шығармашылық» номинациясында Қостанай облысынан Перевозкина Дарья «Қазағымсың» әнін жанды дауыста жоғары дәрежеде шырқаса, Павлодар облысы Ақсу қаласының жас әншісі Арынова Дария, Сапаргалиева Азалия және Шымкент қаласынан Абуталип Алижан шетелдік классикалық шығарманы кәсіби деңгейде орындады.

«Аспаптық орындау» номинациясы бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласынан «Домбыра думан», «Қыздар ай» ансамбльдері қазақша күй өнерінен ерекше сыр шертті. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданынан қатысушылар Әлібаева Ақторғын мен Нұртілек Жайнар да орындау шеберліктері жоғары екенін көрсете білді. Дарынды жастар қазақтың көне шығармаларын домбыра, баян, қобыз, скрипка, пианино, саксафон және гитара аспаптарында еркін ойнай алатындықтарын көрсете білді.

Онлайн оқуға қатысушы өнерлі балалардың сапалы бейнежазбалары әлеуметтік желіде арнайы хэштегтер арқылы жарияланып көрерменнің ыстық ықыласы мен лебізіне бөленді.

Бетті дайындаған Шуақ НҰР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *