Мен үшін елуге енді иек артқанда мына жалған дүниеден озған талантты жазушы Мұса Рахманбердиевтің орны бөлек. Екеуміз жас кезімізде Жамбыл облыстық «Еңбек туында» бірге қызмет атқарып, арман қуып, Алматыға келіп едік. Қаламы қарымды досым «Қазақстан» баспасында, «Қазақ әдебиетінде» еңбек етіп, үлкен шығармашылық жолдан өтті. 1990 жылдардың басында «Қазақтелефильмнің» Бас директоры болды. Үш жинағы жарық көріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Алар асулары әлі алда болатын, бірақ бір өкініштісі, ғұмыры қысқа болды. Досым небәрі 51 жыл өмір сүрді.
Студент кезінде елді елең еткізген повесть жазып, туындысы «Жалын» журналына жарияланғанда, жас жазушы Серік Байхоновтың есімі жұлдыз болып жарқырап шыға келді. Мені Сәкентаймен таныстырған Мұса досым болатын. Қарым-қатынасымыз шынайы достыққа айналып, арамыздан қыл өткен емес, тату болдық, арманымыз, мақсатымыз бір еді. Мен Қазақ теледидарында Бас директордың бірінші орынбасары болып, Серік әдеби-драма шығармашылық бірлестігінде жетекшілік етіп, бірге қызмет атқардық. Мұса мен Серікке қарағанда екі-үш жас үлкендігім бар. Екеуін Мұсатай, Сәкентай деп еркелетуші едім.
Талантты қаламгер ретінде бүкіл қазақ танып, ардақтаған Серік те осыдан екі жыл бұрын мәңгі оралмайтын сапарға кете барды. Екі дос туралы бұрын да әзілге толы шағындау дүниелер жазған едім. Сағыныштан туған сол туындыларды толықтырып, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.
ЖИЫРМА БЕСІНШІ ЩЕТКА
Қазақ теледидарында бірге қызмет атқаратын Серік атты досым қыз қызығарлықтай жігіт: бойы екі метрге жуық ұзын, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, бүркіт тұмсық, нағыз қыран көздің өзі. Сырт қараған көзге сұсты болып көрінгенмен, жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, үлкен шығармашылық бірлестіктің Бас редакторы болса да, кейбіреулер құсап шіренуді білмейді, кішіпейіл, үлкен-кіші демей, қалбалақтап жаны қалмайды. Жұмыс десе, ішкен асын жерге тастап жүре береді, опырып тастайды. Әріптесіміздің осы қасиеттері үшін бәріміз де жақсы көреміз, бастықтардың да оған деген көзі түзу.
Жұмысына ұқыпты болып келетін әріптесімнің бір қызығы: үсті-басына онша мән бере бермейді. Серік үшін шалбарын бір апта бойы үтіктемей жүре беру түк те емес. Ал, оған біреу-міреу ұнап қалса, екі күнде бір костюм ауыстырып, үстіне ақ көйлек киіп, галстук тағып, шашын сәндеп қидырып, жұтынып шыға келеді. Дәл осылай жүрісі мен тұрысы көп болса бір аптаға созылып, сонан соң қайтадан баяғы қаз-қалпына түседі. Осыған қарағанда лап етіп жанған махаббаты сәтсіз аяқталатын болу керек, ал, ол жайында сұрасаң, тіс жармайды.
Күндегі әдетіміз бойынша екеуміз ұзынды-қысқалы болып, түскі тамаққа бірге барамыз. Бүгін досымның кабинетіне кірсем, қыз айттыратындай сылқиып киініп, қол сағатына қайта-қайта қарағыштап отыр екен.
– Дөкентай, – деді Серік орнынан тұрып жатып, – түскі тамаққа өзің бара бер. Менің бір шұғыл шаруам болып тұрғаны.
Екеуміз бөлмеден бірге шыққанмен, екі жаққа бет алдық. Ертесіне де, дәл түскі тамақтың алдында Серіктің алдынан аяқ асты тағы бір шұғыл жұмыс шыға келді. Бұтына джинсы шалбарын, үстіне футболка киген досым жоқ, шырт болып киініп алған. Сәкең менен осылайша бақандай бір айға жуық «қашып» жүрді. Жиырма төртінші күні түскі тамаққа он бес минут қалғанда досым менің кабинетіме бас сұқты.
– Басеке, өзің жақсы білесің, сомадай жігіт болсам да, апам мені осы күнге дейін аузының сүті кетпеген жас баладай көреді. Алматыда аштан өліп қалады деп ойлайтын болу керек, тағы да біраз ет, май, күріш беріп жіберіпті. Әрбір бағанаға тоқтай беретін Қызылорданың пойызы бүгін сағат екіде келеді. Теміржол вокзалына өзім барайын десем, шұғыл бір жұмыстың шығып тұрғаны. Сен маған қарағанда дүрдей бастықсың, астыңда көлігің бар, апамның жолсеріктен беріп жіберген сәлемдемесін ала салшы.
Серік менің жауабымды күтпестен жатақханадағы бөлмесінің кілтін алдыма тастай салды.
– Күрішті балконға қой, ет пен майды тоңазытқышқа саларсың, айтпақшы, ұмытып барады екенмін, 6-шы вагон. Жолсеріктің аты да Серік. Пойыз сағат екіде келеді, кешігіп қалма!
Қазақ теледидары Бас директорының бірінші орынбасары болсам да, досым осылайша маған тапсырма беріп, үлкен кабинеттен шығып кетті. Сәкентайдың келіншегі төркініне кеткен, тапсырмасын орындамасаң «сөгіс» алуың мүмкін. Сөйтіп теміржол бекетіне жинала бастадым.
Серіктің апасы беріп жіберген заттарды орын-орнына қойып, қолымды жумақшы болып ваннаның ішіне кірдім. Сабынның жанында қатар-қатар самсап тұрған тіс тазалайтын щеткаларға көзім еріксіз түсті, бәрі де судай жап-жаңа, ашылмаған күйі тұр. Жалықпай санап шықтым, тұп-тура 24 дана.
– Бұл досым бұрын сирек кездесетін кітап жинауға әуес еді, енді тіс щеткасын жинауға көшкен бе?! – дедім таңырқап.
Әлгі жұмбақ 24 тіс тазалағыш щеткаға қарап тұрып, Серік Байхоновтың маған осыншама күн әртүрлі сылтау айтып қашып жүргені есіме түсе кетті.
«Мұнда бір үлкен гәп бар, – дедім кәнігі тергеуші сияқты өз-өзіммен сөйлесіп. – Ертең міндетті түрде тексерген жөн».
Ертесіне түскі үзіліс жақындағанда Сәкең тағы бір сылтау айтып, көшеге бет алды. Мен де оның соңынан байқатпай еріп отырдым. Біздің мекемеге қарама-қарсы шолақ көшеде майда-шүйде зат сататын дүкен бар, Серік сонда бұрылды. Мен де дүкеннің ішіне кірдім. Ұзын-тұра досым екі езуі екі құлағына жетіп, әлденеге мәз болып, сатушы қыздармен бас изесіп амандасты. Сонан соң дүкеннің бір бұрышында тұрған, қан сонарда бұлаңдаған түлкідей сұлу бикешке бет алып, «Сәлеметсіз бе, қарындас!» деп сәлем берді.
– Сәлеметсіз бе, аға? Тағы да тіс щеткасын алуға келдіңіз бе? – деді сатушы қыз құрбыларына көзін қысып.
Досым екі көзі жыпылықтап, ыржиып күліп, басын шұлғи берді.
Ромео досым менің дүкенге қалай кіріп, қалай шығып кеткенімді аңғарған жоқ. Ғашықтық дерт тұла бойын өртеп, басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген әріптесімді дәл шыға берісте қарсы алдым.
– Ой, Доқа, сенбісің, мұнда қайдан жүрсің? – деді Серік екі көзі алақтап.
– Бүгінгі сатып алған жиырма бесінші тіс щеткаңмен құттықтайын деп арнайы келдім, – дедім досыма.
– Рахмет, рахмет!
Үлкен ұрлығының дәл үстінен түскендей, Сәкентай қолындағы тіс щеткасын қайда тығарын білмей, қатты сасқалақтады.
Сәкең ертесіне қайтадан бұрынғы таз қалпына түсіп, менімен бірге көшкен көштей шұбатылған түскі астың кезегінде тұрып жатты…
«НӨМІР КЕРЕК ПЕ, ӨМІР КЕРЕК ПЕ?»
Сексенінші жылдардың ортасында Мұса «Қазақ әдебиеті» газетіне очерк және публицистика бөлімінің меңгерушісі, ал, Серік Қазақ теледидары қоғамдық-саяси Бас редакциясының бөлім бастығы болып дүркіреп тұрды.
Бірде Серік «Сал үстіндегі маусым» атты бірнеше сериялы телехабар жасап, Қызылорда өңірінің әлеуметтік және экономикалық өзекті жайларын жан-жақты көтереді. Кезекті бір шығармашылық лездемеде оған лайықты баға беріліп, мақтаудан кенде болмады. Жақсы сөз қай жүректі болмасын жайма шуаққа бөлеп жібереді емес пе? Серіктің сақасы алшысынан тұрып, Сырдың суы тізесіне келмей Алматының көшесімен алшаңдай басып келе жатқанда, дәл қарсы алдынан досы Мұса Рахманбердиев ұшыраса кетті. Аман-саулықтан соң Мұса да Серіктің хабарын жата кеп мақтай жөнелді.
– Сен нағыз қазақтың Песковысың, – деді ол қыза-қыза. Осындай мақтаудан соң Серік Байхонов қалай шыдасын, әлгі хабарын шұғыл түрде «жуып» жібереді.
Екі дос біраз шырқап, қоштасарда Серік керемет бір идея айтады:
– Давай, Мұса, біздің елге барып қайтайық. Мен саған тұнып тұрған нағыз табиғатты көрсетемін. Өзің де сексеуіл жайында проблемалық мақала жазамын деп құлшынып жүрсің ғой. Ал, сексеуілдің көкесі біздің жақта біле білсең. Ішінде ептеп қызуы бар Мұса досының ойын қолдай кетіп, жолсапарға бірге баратын болып келіседі.
Серік пен Мұса арада бір апта өтпей жатып, Сыр өңірі қайдасың деп тартып кетеді. Серік Мұса досын өзінің туған ауылы «Авангардта» біраз аунатып-қунатып алған соң, Шиелі аудандық партия комитетіне бас сұғып, келген шаруаларын айтады. Райкомдағылар аты белгілі екі жазушы-журналистке арнайы жолбасшы және құммен еркін жүре алатын «КамАЗ» автомашинасын бөледі.
Еркін жүріп-тұрып қалған Серік райкомның жауапты қызметкерін өздерімен ерткісі келмей, сан түрлі сылтау іздейді.
– Серік, абайла, – дейді Мұса – құмның ішінде адасып кетіп, өліп қалып жүрмейік. Сондықтан да, жолбасшыны алғанымыз жөн болар.
– Қорқатын ештеңесі жоқ. Бұл өңірді талай-талай жаяу кезгенмін, бес саусағымдай жақсы білемін десем, артық айтқандық болмас. Тіпті, адасып кеткеннің өзінде менің жұлдызға қарап, жол табатын қасиетім бар, – деп желпінеді Серік.
Айтқанынан қайтпайтын Сәкең әлгі райкомның жауапты қызметкерін бір амалын тауып тастап кетеді де, арнайы бөлінген «КамАЗбен» жолға шығады.
Мұса досы ауылына күнде келіп жатқан жоқ. Қоржынын мықтап толтырып алған Серік Байхонов әрбір шақырым сайын тоқтап, алыстан арнайы келген жан досы үшін, топырағында аунап өскен туған жері үшін, аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл жандар үшін, тұнып тұрған табиғаты үшін үсті-үстіне тост көтереді. Қызыл сөзге Мұса батыр да дес берген бе? Оның да көңілі асып-тасып, сөзді түйдек-түйдегімен ағытады.
Мұндай кезде уақыт дегенің де тым жүйрік қой. Лезде ымырт үйіріліп, үшеуі құмның ішінде кәдімгідей адасып кетеді. Серіктің бұл өңірді бес саусағындай жақсы білетіндігі, жұлдыз санап жол табатындығы жайына қалады. Түннің бір уағында үлкен шамдарын жарқыратқан бірнеше машина адасқан жолаушыларды жан-жақты қоршап алады. Кәдімгідей қызу болса да, Серік әлгілердің рұқсатсыз киік аулап жүрген браконьерлер екенін біле қояды.
Иә, шаш ал десе, нағыз бас алатын осылар. Олар кездейсоқ кездесе кеткен көлденең көк аттыларды онша жарата бермейді. Мұны да өте жақсы білетін Серік «О, құдіретті Құдай, өзің сақтау гөр!» деп мылтықтарын кезеніп, өктем-өктем сөйлеп тұрған ниеті бұзық жандарға қарсы жүреді. Біреуін көке деп, енді біреуін жезде деп, сендер жақсы, біздер жақсы деп, қалған төрт бөтелке арағын беріп, алдап-сулап бас кесерлерден әрең құтылады.
– Мыналарың кімдер? – дейді әлі мастығы айыға қоймаған Мұса. – Саған даусын көтеріп сөйлеуге кім право берді оларға? Давай, Серік, машиналарының нөмірлерін жазып ал. Алматыға барған соң, әкелерінің кім екендігін танытамыз.
– Тсс, – дейді сонда Серік – саған нөмір керек пе, өмір керек пе?..
«ЖАН ЖАРЫН КҮТІП ӘЛІ ОТЫР»
Сәтсіз аяқталған сексеуіл сапарынан соң Мұса мен Серік Қармақшы ауданына бармақшы болып, жұбын жазбай пойызға бірге отырады. Бұл екі достың да Қожанасырдан артық жері шамалы, бір-бірінен көз жазып қалып, Серік Тереңөзек теміржол бекетінде түсіп қалады да, Мұса мұртын тікірейтіп, қақиғаннан қақиып, Жусалыдан бір-ақ шығады. Көп жолаушымен бірге пойыздан түсіп, жан-жағына қарайды. Жанынан бір елі қалмайтын ұзынтұра досы Серік жер жұтып жібергендей, ұшты-күйлі жоқ. Осылайша алаңдағаннан-алаңдап, Мұса ет пісірім уақыт тұрып қалады. Бірақ, Серік көрінетін емес. Не де болса баратын жеріме өзім-ақ тарта берейін деген оймен Мұса жанынан өтіп бара жатқан жас келіншектен жөн сұрайды.
– Біздің ауданда сіз айтқандай совхоз жоқ, – дейді әлгі келіншек таң қалып.
– Сонда қалай болғаны! – дейді Мұса сасқалақтап ֪– бұл қай жер өзі, айналып кетейін?
– Сіз Жусалыда тұрсыз, ағай.
– Ә, солай ма еді? Қап, енді не істесем екен? – деп қара санын бір-ақ соғады Мұса.
Журналистік өмірде талайды көрген Мұсакең бұл жолы да онша сасқалақтай қоймайды. Болары болды. Битке өкпелеп, тоныңды отқа тастай алмайсың. «Әй, Серік, саған не дейін? Бір әдемі келіншек бетіңе күліп қарап еді, есің шығып, жаныңдағы жалғыз досыңды ұмытып кеттің. Енді менің сүмірейіп тұрысым мынау. Әлгі мен жазатын сексеуілдің жағдайы анау болды. Он күн бойы босқа салпақтап, газетке жариялайтын бір дүние алмай келгенімді құдайым да, редакторым да, сірә кешіре қоймас. Айтпақшы «Ұлы жеңістің 45 жылдығы жақындап қалды емес пе? Соғыстан күйеулері қайтпаған жесірлер туралы очерк жазу көптен бері ойымда бар еді. Меніңше, ондай кейіпкерлер кез-келген ауылда табылып қалады» деп ой түйген Мұса, аудан орталығына жақындау бір ауылға жаяу-жалпы тартып кетеді. Үлкен ауылға кіре берісте бір қариямен жүздесіп, жөнін айтады.
– Ондай кемпірлер біздің ауылда толып жатыр. Мысалы, Қалимаш жайында жазуыңа әбден болады. Үйі анау тұрған тоқал там, – дейді ақсақал жөн сілтеп.
Құдай оңдағанда Қалимаш әжей үйінде екен. Біреу газетке жазайын деп құлшынып тұрса аянсын ба, көзінің жасын төгіп-төгіп алып, соғыстан оралмаған күйеуі туралы сызылтып тұрып айтып береді.
– Әже, осы ауылда өзіңіз сияқты жесір қалған кімдер бар? – дейді Мұса қоштасарда.
– Күлпаш пен Әлиманы жазуыңа болады, шырағым. Екеуі де онша алыс тұрмайды. Кез келген баладан сұрасаң үйін тауып береді, айналайын, – дейді кемпір.
Мұса бірінші болып Күлпаш апаның үйіне бас сұғады.
– Солай де, шырағым. Сонау ит өлген жерден арнайы келген екенсің, – дейді шүйкедей қара кемпір. – Келгенің өте жөн. Бірақ, Қалимашты газетке жазбағаның жөн болар. Оған бәрібір, өзің үлкен ұятқа қалып жүрерсің.
– Неге, апа?! – дейді Мұса таң қалып.
– Балам, Қалимаштың күйеуінің соғыстан оралмағаны рас. Ол жайлы бүкіл ауыл біледі. Бірақ, ол албасты күйеуінен қара қағаз алған соң бір емес, екі бірдей байға тиді емес пе? Соңғы байы жақында ғана өлді, өзі жақсы адам еді, жаны жаннатты болғыр. Жазатын болсаң, мені жаз газетке, балам. Қайта-қайта байға шыққан кемпірді қайтесің әлдеқандай қылып.
Қара кемпірдің айтқандарын қойын кітапшасына түртіп алған Мұса көп ойланбастан Әлима әжейдің үйіне келеді.
– Қырықтың бірі – Қыдыр деген. Өзің жүзі жылы бала екенсің, жоғары шық, қонақ бол, – дейді кейуана ақ пейіл танытып.
Шай үстінде Мұса келген шаруасын айтады.
– Шырағым, кәрі қойдың жасындай өмірім қалғанда біреуді жамандап қайтейін. Дегенмен, жасырып-жабатыны жоқ. Қалимаштың жағдайы сондай болған, ол жағын өзің де естіпсің. Анау Құдай атып кеткір Күлпаштың да оңған қылығы шамалы. Ол көлденең көк атты біреуден бір емес, екі бірдей бала туып алды. Отырмын ғой мен Құдай алмай-ақ. Не күйеуге тиген жоқпын, не бала туған жоқпын. Қыздай тиген Рысбегімнен қалған жалғызым аман болсын. Соның тілеуін тілеймін, қарағым!
Құдайға шүкір, он немерем бар. Ешкімнен кем емеспін, не ішем, не кием демеймін. Әй, дегенмен, Рысбегімнің орны бөлек қой, жігіттің нағыз төресі еді ол. Рысбекті өлді дегенге әлі де сенбеймін. Бір күні есікті айқара ашып, кіріп келетін ұқсайды да тұрады, – деп Әлима әжей ағыл-тегіл болып жылап алады…
…Осыдан көп ұзамай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұса Рахманбердиевтің «Жан жарын күтіп әлі отыр» деген очеркі жарық көреді.
ШІЛДЕХАНА
Миллиард пұт астық береміз деп басымыздағы қалпағымызды аспанға лақтырып, қырылып қала жаздайтынымызды әлі ұмыта қойған жоқ шығарсыздар, ағайын. Тың өлкелерінде астық ору басталысымен, «Қазақстанның астығы – Отанға» деп газет біткен жатып кеп шулайтын, орылған астық бастыруға үлгірмей, қар астында қалғанша теледидар мен радионың қақсаған жағы бір сәтке тынбаушы еді.
Қазақ теледидары қоғамдық-саяси Бас редакциясының ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Серік Байхонов бастаған шығармашылық топ «Ақ бидай» бағдарламасының арнайы тапсырмасымен бір ай мерзімге Солтүстік Қазақстан облысына жолсапарға аттанады. Шаруа қамымен анда-мұнда шапқылап, арада он шақты күн өте шығады. Серік бастаған жігіттердің жолсапарға деп алған қаржылары таусыла бастап, журналист ағайындар қара су ішіп, қатқан қара нан жеуге жақындап қалады. Елдің арқасында анда-санда бір тойып тамақ ішіп алуға мүмкіндік жоқ, кез-келген ауылда орыс ағайындар басым, арпаның ішінде өскен бидай сияқты қазақтың өзі орыс болып кеткен.
Өзінің де, жігіттердің де онша жағдайы болмай жүрген. Серік Байхонов бір күні ары ойлап, бері ойлап, бір амал тапқандай болады.
– Жігіттер, саспаңдар, амандық болса, ертең қарындарыңды бір тойғызамын. Тіпті, жүз грамм ішіп қалуымыз мүмкін, – дейді Сәкең жігіттерге.
Жігіттердің жауабын күтпеген Серік Сергеев аудандық партия комитетіне телефон шалады.
– Алла, алло! Аудандық партия комитеті ме? Маған идеология жөніндегі хатшы керек еді. Менің аты-жөнімді сұрап тұрсыз ба? Республикалық теледидардың бөлім бастығы Серік Байхоновпын.
Хатшы қыз секретарды телефонға тез қоса қояды. Қысқа амандықтан соң, Серік тікелей шаруасына көшеді.
– Бүгін ғана Қазақ теледидарынан арнайы тапсырма алдық. Егін орағы кезінде перзентті болған механизатор туралы сюжет түсіруіміз өте қажет болып тұр. Сіздерде ондай адам табылып қала ма?
– Неге табылмасын, – дейді көктен іздегені жерден табылып, қуанып кеткен хатшы. – Жамбыл атындағы совхоздың, Ленин орденді механизаторының әйелі осыдан бес күн бұрын қошқардай-қошқардай егіз ұл тапты. Соны түсіріп алыңыздар телебізірге.
– Сәбилерді перзентханадан қашан шығармақ екен? – дейді Серік Байхонов қуанып.
– Жаңылмасам, ертең болуы керек.
– Олай болса, ертең біз сонда боламыз. Сағат онда сізге соға кетейік, бірге барғанымыз жөн болар, – дейді Серік асығыс сөйлеп.
– Келістік, мен совхоз басшыларына ескертіп қоямын.
Ертесіне айтқан уақытта Серік бастаған шығармашылық топ аудандық партия комитетіне соғып, хатшымен бірге әйелі егіз бала туған совхозға тартып кетеді. Райкомның хатшысы арнайы телефон соққан соң жаны қала ма, шаруашылықтың бүкіл бетке шығар қаймағы күтіп отыр екен. Бүкіл саймандарын сақадай сайлап келе жатқан жігіттер іске шұғыл кірісіп кетеді. Орақ басынан арнайы келген механизатор бір құшақ гүл ұсынып, әйелі мен егіз ұлын перзентханадан шығарып алады. Совхоз директоры қос сәбиге ақ тілек тілейді. Құшағы гүлге толған ана мәз-майрам. Серіктің бір аңғарғаны: бар шаруа осымен аяқталатын түрі бар. Мыналардың шілдехана жасау тұрмақ, жәй шайға шақыратын түрлері жоқ. Бар шаруамды бітірдім дегендей, егіз ұлдың әкесі тап дәл қазір егін басына жүріп кетпекші.
– Стоп, стоп, – дейді Серік – сценарий бойынша бүгінгі кездесу бұлай аяқталуға тиіс емес, механизатор әке егіз ұлын көтеріп, жұбайымен үйге бірге кіруі керек, сонан соң арнайы қой сойылып, дастархан жайылып, біз шілдехананы түсіруіміз керек еді.
Түсінемін, орақ кезінде уақыт алтыннан да қымбат. Бірақ, бізге берілген тапсырма бар, шілдехананы түсірмесек болмайды. Оны бүкіл республика телекөрермендері күтіп отыр. Серік Байхоновтың бұл сөзіне ешкім қарсы дау айта алмаса керек. Бір жағынан шаруақор, бір жағынан аңқау ауыл адамдары шұғыл түрде шілдехананың қамына кірісіп кетеді…
Серік командасын тез жинап алып, сыбырлай үн қатады:
– Жігіттер, бәрі де ойдағыдай. Бірақ, алдын-ала ескертіп қояйын, арақты көргенде қойды көрген аш қасқырша бас салып жүрмеңдер, алдымен жақсылап тұрып тамаққа тойып алыңдар. Біреу-міреу мас болып жүрсе, айтпады демеңдер, аямаймын!
Түннің бір уағында Серік және оның командасы облыс орталығындағы қонақ үйге аман-есен, әндетіп көңілді оралады…
БАЙБОТАНЫҢ ӘЛЕГІ
Ақын Байбота Серікбаев бірде біраз сілтеңкіреп қойып, Алматының бір айықтырғышына түсіп қалады. Ертесіне таң атпай жатып, онсыз да мазасы болмай отырған Байботаны қызыл жағалы ағайындар қарсы алдына отырғызып қойып, тиісті құжаттарды толтыра бастайды.
– Аты-жөніңіз кім, қай жерде қызмет жасайсыз? – дейді лейтенант қаламын ыңғайлап.
– Фамилиям – Байхонов, атым – Серік. Республикалық «Жаңа фильм» журналында жауапты хатшымын.
– Әжептеуір қызмет атқарады екенсіз. Өлгенше ішіп, айықтырғышқа түсіп, сізге не болды соншама? Бірақ амал жоқ, жұмыс орныңызға хабарлаймыз. Ал, қазір 50 сом айып төлеңіз, сонан соң боссыз.
– Менде ондай ақша жоқ, – дейді Байбота қипақтап.
– Олай болса, жұмыс орныңызға телефон соғамыз, ақшаны олар төлеп алып кетсін.
Лейтенант айықтырғышқа түсіп қалған ақынның жауабын күтпестен телефон тізімдері жазылған анықтама кітапты ақтарып, тиісті нөмірді тауып алып, «Жаңа фильм» журналына телефон шалады. Трубканы журналдың бөлім меңгерушісі Лесбай Оспанов алады. Айықтырғыштағы кезекші бар мән-жайды түсіндіріп айтқанда, ол шалқасынан түсіп, құлап қала жаздайды.
– Мүмкін емес, айналайын! – дейді Лесбай шыр-шыр етіп. – Серік Байхонов өзінде отыр. Қазір ғана кіріп шықтым. Қас пен көздің арасында онда түсуі мүмкін емес. Ол трубканы тастай салып, Серік Байхоновтың кабинетіне біреу қуғандай кіріп келеді. Жауапты хатшы темекісін сорып қойып, журналдың кезекті нөмірінің макетін қарап отыр.
Мән-жаймен танысқан ол, Бас редактор Алтыншаш Жағанованың қызмет көлігін сұрап алып, айықтырғышқа тартып кетеді. Серік сүмірейіп отырған Байботаны көргенде, не күлерін білмейді, не жыларын білмейді. Иә, өз қолыңды өзің кесе алмайсың деген осы.. Байбота қанша ит болса да, жолдастығы, жерлестігі бар. Оның үстіне екеуі бес жыл бойы КазГУ-де бірге оқыды. Серік Байхонов тиісті айыбын төлеп, Байботаны үйіне дейін апарып тастайды.
– Байбота, – дейді ол қоштасарда – менің де оңып тұрған мұрным жоқ, періште емеспін, анда-санда ұрттап қоямын. Алматыда екі бірдей айықтырғыш бар екендігін бүкіл жұрт біледі. Бірде ішіп жүріп, екеуміздің бір күнде айықтырғышқа түсіп қалуымыз ғажап емес. Ал, Алматыда журналист-жазушылардың арасында мүлдем ішпейтін екі-ақ адам бар. Темірхан Момбекұлы мен Алпысбай Шымырбаевты өзің де жақсы білесің. Бұдан былай айықтырғышқа түсіп қалсаң, солардың бірінің атын айтарсың. Ал, қазірге хош-сау болып тұр.
Арада біраз уақыт өтіп, бір күні Байбота құдай атып, тағы айықтырғышқа түсіп қалады. Құдай аузына салды ма екен, жоқ Серік Байхоновтың өткен жолы айтқан әзіл-шыны аралас сөзі есіне түсіп кетті ме екен, бұл жолы қызыл жағалы ағайындарға өзін Алпысбай Шымырбаевпын деп таныстырады.
Дәл осы кезде белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Білім және еңбек» журналына Бас редактор болып қызметке ауысып, ыстық-суығы басылмаған кезі. Ол ай-шай жоқ, «маскүнемдікке» салынып, айықтырғышқа түскені үшін Алпысбайды жұмыстан шығарып жібереді.
Нақақтан-нақақ күйіп, өмірінде лимонадтан басқаны татып көрмеген Алпысбайға бүкіл ұжым араша түсіп, сол кездегі Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетіне арыз айтып барады. Ондағылар да ай қарап, жұлдыз санап отырған жоқ, барлық мән-жайды түбіне дейін тексеріп, қойдан жуас Алпысбай Шымырбаевты қайтадан жұмысына алдырады. Ал, осы оқиғадан соң Байбота Серікбаев ішкенін мүлдем доғарып, бұдан былай айықтырғыш орнына түспейтін болыпты…
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері