ҚИЫН КЕЗДЕ ЕЛ БАСҚАРЫП, ЖОҚТАН БАР ЖАСАҒАН МАЙМАҚ БАСТЫҚ

Таным Тұлға
15 Views

Бір ай бұрын ақын Айболат інім хабарласып, «Маймақовтар әулетінің атынан маусым айында ауылда атам Сәрсенбай Райымұлына Ас береміз, соған шақырамын» деп, асқа шақыру қағазын жіберді. «Сізден бір өтініш, атам туралы газетке мақала шығаруыңызды сұранамын» деді. Шақыруға қарасам, «Райымұлы Сәрсенбай (лақап аты Маймақ)» деп жазылыпты.

Осы орайда ертеректе әке-шешемнің бастық Маймақ туралы айтқандары және ауылдың клубына кіреберістегі кең фойенің төрінде ілулі тұратын Маймақ атам мен бірнеше адамның тау баурайында киіз үй алдында қымыз ішіп отырған керемет картинасы көз алдыма келе қалды. «Бұл тамаша туындыны 1950 жылдары талантты қылқалам шебері Тоқболат Тоғысбаев салған екен» дейді кейбір білетіндер.

Оқушы кезімде ата-анам мен ауылдың адамдары еңбекқор, адал әрі әділ бастық болған Маймақ туралы және оның елге сіңірген еңбегі мен атқарған жұмысы жөнінде көп айтатын. Ол кезде оған онша мән бермеген едім. Ата-апаларымның сол айтқандарын енді еске түсіріп отырмын.

1930-50 жылдары Маймақ атам басқарған Молотов, қазіргі Қаратөбе ауылының адамдары Сәрсенбай атамызды (бастық Маймақ) деп атап кеткені туралы мен 1970 жылдары естігенмін. Үлкен кісілер және көршім Мырзақұл ағайдың: «Маймақ алпыстан асқан, ұзын бойлы, ашаңдау адам болатын. Қажет кезінде қатал, мейірімі түссе көңілі көлдей еді» дегендері есімде қалыпты.

 Осы ретте менің ойыма ұстазым, ақын Мырзақұл Тұрғынбаевтың 2010 жылы жарық көрген «Кәрі баба хикаясы» атты кітабы есіме түсе қалғаны. Бұл кітапта Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл адамдарының ауыр өмірі туралы және сол кездегі бастық Маймақ жайлы жан-жақты айтылғанын оқығам. Дегенмен, 15 жыл бұрын оқығандарымның кейбірі ғана есімде сақталыпты. Дереу «Кәрі баба хикаясы» кітабын алып, қайта қарап, оқып шықтым.

Кітаптың бір жерінде автор: «Біздің колхоз бастық Маймақ ақсақал азамат. Білімі жоқ болса да білімдінің талайына татиды. Ескіні де, жаңаны да біледі. Кемпір-шалдың сөзін естіп, олардың кейбір сөзінің мәнісіне түсінбейтінмін. Ауыл бойынша Маймақ ақсақалды кәдірлі кісі деп білетінмін. Таңғы сағат 6-да әр колхозшыны үйіне барып сен огородқа бар, сен суға бар деп бригададан бұрын кеп хабарлаушы еді.

«Анау қырғыз кемпірге көмек көрсеткін, жалғыз баласы ерлікпен қаза тауыпты, бізге келген қара хат осыны баяндайды. Соғыс басылсын, ер азамат елге оралсын деп әзірше, сыр шешпей жасырып тұрмыз. Огородын жинасыңдар, жоңышқасын орып беріңдер, қолғабыс еткін», – деп жазыпты.

Сонымен қатар автордың «ЕРТЕ ЕСЕЙГЕН БАЛАЛАР (немесе соғыс жылғы балғын жастың ой-толғамдары)» повесінде Маймақ ақсақал туралы нақты жазғандары да бар. Екі кітаптың авторы ақын, тілші, ұстаз М.Тұрғынбаев ауыл мен ауданның ғасырлық тарихы туралы жылнама жазып кеткен қарымды қаламгер! Ұлағатты ұстаз әрі талантты ақын Мырзақұл ағайымыз өзінің байсалды болмысымен және ілтипатымен, сөзге шешендігімен, табиғи дарынымен аудан-аймаққа, қала берді бүкіл оңтүстік өңіріне журналист ретінде танылған атпал азамат. Ендеше, Маймақ ақсақалдың қандай адам және басшы болғанын ел-жұртқа жеткізу үшін Мырзақұл ағайдың кітабынан үзінді келтіргенді жөн көрдім.

 Айтпақшы, БӨГЕЖІЛ – Мырзақұл Тұрғынбаев, ал ТІЛЕУ – колхоз бастығы Раймов Маймақтың ұлы Тілеубай.

 

СҮТ СОҢЫНДА

Апақ-сапақта үйдің сыртына біреу келіп анамның атын атап айқайлайды. Бұл ауылдың ақсақалы-председатель Маймақ кәрие екенін төсек астында жатып даусынан танып тұрмын. Маймақ ақсақалдың үйге келген мәнісі анамды мектептен шығартып – сауыншылыққа орналастыру еді. Себебі сауыншы болуға ауылда ыңғайлы жан жоқ, оның үстіне ауылдың атқа мінер ер азаматы қару асынып алыс арпалыс майданға аттанғалы көп уақыт болмады ма? Соғыстың зардабы мынау. Ел еңсесін көтеріп кездескен қиыншылықты белінен басып дегендей, ер орнын жоқтатпаған ауылдың – кәрі-жасы еді. Бар ауыртпалық осында қалды. Жаз жайлауда жүрген жастар қолынан келгенін істеп өмірдің міндетті түрде берген үлесін мойнына артып соны орындау жолында. Ал кәрі-құртаң кемпір-шалдар қол қусырып құнтиып отырмай, өзіміздің жейтін нанымыз болған соң деп, бригадир айтпай-ақ жұмыс басына ертемен шығуға дағдыланған.

Председатель келген жұмысының мән-жайын қысқаша айта келіп сөз салмағын директордың көзінше анама тастаған еді.

«Құрғақ сөз – қоңылтақ етік» – деді директор Егембердиев мақалдай сөйлеп, рас, соғыстың ғаламаты қай жұмысқа кесірін тигізбеді дейсің, түсініп тұрмын пікіріңді. Фермаға барсын апай, оны жүрегінің қалауы білсін. Бірақ мынау Бөгежіл мектептен қашықтап кеткен соң білім ала алмай қалады, оны да ескеру керек, биыл бесінші сыныпты бітіретін жыл.

– Бесінші класс қай мезгілде оқиды? – деді Маймақ ақсақал.

– Түс қайта.

– Ал, олай болса, Бөгежелді де пайдаланамыз, сүт заводқа түске дейін сүт апарып төксе, түстен кейін сабағына қатынассын, адам да жетпей жатыр, көріп тұрсың ғой өзің, сыйла, кәриенің сөзін, – деп доғарды бастық.

«Ел ағадан, тон жағадан» дегендей, еліміз келген жаумен арпалысып кеткенде, ел ішіндегі жұмысқа бас-көз боп басшылық етіп отырған осы Маймақ ақсақал. Ел ұнатқанды аудан ұнатады, аудан ұнатқанды ел ұнатады емес пе. Жақындаса келіп ел ішіне жайласып та кетті.

Қысқасы анам фермаға баруға, ал мен болсам, әрі сүт тасып, әрі оқуға тура келді. Анау Әліштің Өсмаханы ғана үйінде жүр, ал басқа балалар екеуара бірігіп арба тасиды, қырман бастырады немесе ересектеу келгендері лобогрейкада жұмыс істеп жүр. Қысқасы – бір күнді де бос өткізбей анау Несіп, Тонаш, Тәшкүлдердің күні-түні ауылдан алыстағы қырман басында қона жатып жұмыс қарқынын арттыруда (86-87 бетте).

 

МЕН ЖАҢА ЖОЛДАС ТАПТЫМ

Құрметті оқушыларым, гәп мынада ғой. Өзіміз тырбаңдап еккен егініміз биыл бітік боп шығыпты, несібеміз бар да, деп шал-кемпірдің қуанышы қойнына сыймайды. Алдағы мақсат осыны төкпей шашпай – жинап алу. Осыны ұйымдастыра білетін ел басы керек емес пе, ол да табылды. Жиналыс болады деп бригадиріміз үй-үйге басын сұғып хабарлап шыққан. Ескі кеңсенің алдында тұрмыз. Кеңсе дегеніміз – қазақшалап домлап соққан үй. Осы жерде правления. Ең алдымен сөз Маймақ кәриеге берілді. Шал-кемпірлер бүкшиіп томсарысып бұрышқа жиналған.

– Ау, халайық, қолдан еккен алтын дәніміз төгілгелі тұр. Соғыс болса анау, томсарысып отырғанымыз дұрыс па? – деп жиналған жұртқа тесіле қарап еді.

Нұрыш кемпір жылап қоя берді.

– Шырағым-ау, жалғыз баламды қашан көрем, өз қолымен көмсін дә. И-и-шырағым…

Әрине мұның өзі іштегі дерт қой, талып құлаған сыңсу, әр бұрыштан мұрын тарту көбейе түсті. Шұбатылған орамалдың ұшын ұстап көз жасын сүрткен кемпірлер. Жұрт не себептен жылайды, неге көңілі босайды, мұндай гәппен Қыранның ісі жоқ. Қамшысын оңды солды иіріп иттерді азан-қазан шулатқан бойда жиналыс болып жатқан жерге бірақ келіп тоқтады.

– Уа, қойыңдар, – деді Сейдалы қарт кемпірлерге, ақсақалын тұтамдап ұстап. – Ой, Нұрыш сен де көңіл шерін қозғама. Ал не керек, құры тұрыс – мынау бітік егінді желге ұрындырмай жинап алайық, қайсың қандай ақыл қосасыңдар, кәне.

Достай ақсақал алдымен сөз алып, шалғымен бидай оратынын айтты. Ал басқа кемпірлер де өз үлестерін қоспақ болды. «Көппен бірге көрген ұлы той» деген тұжырымға тоқтады.

Ал біз сияқты борбайларға да жұмыс табылды. Бала жанына қыз қосып, екеуара бір мажар арбадан берді. Мұндайда Қыран осы хабарды естісімен безектеп соңына қара төбетін ертіп зытып қашып отырды. Бірақ ол көптен қашып құтыла алмады. Қасына ересектеу келген Несіп деген қызға тағайындады. Бір арбаны қабылдатқызды… Сонымен менің тапқан жолдасым егін орағы кезінде Тілеу деген еді. Қырманда тоқылдақпен астық бастырамыз. Оның ішкі және сыртқы көрінісін осы жерде сипаттап жатудың қажеті жоқ қой деймін (94-95 бетте).

 

АНАМ ЕРТЕГІ АЙТАДЫ

… Әне, қара, менің сүйікті анам үсті-басын қағынып қыл-қыбырды тазалап үйге енген кезде колхоз бастығы Раймов Маймақ ақсақал қасына Тілеуді ерте келіпті. Амандық саулықтан соң әңгімеге көшті.

– Ал Зияда, – деп бастады сөзін. – Өмір деген өтіп жатыр. Соғыс-қырқыстың зауқы мынау, сырттан тон пішіп болмайды. Өкіметіміздің жасынан бастап өткен саналуан оқиғаларға назар аударсақ былай бопты. Өткен кезді еске алсақ, көретініміз 1904 жылғы орыс – жапон соғысы. 1905 жылғы революция, оның күйреуі және реакция жылдарының басталуы. 1911 жылғы бірінші дүние жүзілік соғыс, буржуазиялық революция. 1917 жылғы Октябрь революциясын айтқанда азамат соғысы бүлікшілікке ұшырап, туралап қалған елді қалпына келтіру, ол онан соң 1941 жылғы соғыстың басталуы, – деп барып тоқталды.

Колхоз бастығы Раймовтың жүзінен өз тағдырынан гөрі халық тағдыры қалыңдап, «осы арпалыс дүниеден ауыр жұмыс жоқ болар – одан басқаны ойлаған жан құрметке жетпей жерге кірсін» деген сияқты. Ол кісінің өмірін қағаз бетіне түсіру үшін жазушылардан тұрақты ма, авторучкаларын жазбас едім, жазғанда да жүрегімнің ақ шелі қағаз, қаным сия, кірпігім қалам болмақ. Егер де қаным қоюланып бара жатса көз жасым менен сұйылтпақпын. Тілегім сол-ақ, жарық дүниеде (116-117 бетте).

 

ЕКПІН

Өте бір сирек кездесетін жолдастай Тілеу екеуміз қатарласа отырыппыз. Шағын үйдің төр жағында сеператор бар еді, соның төменгі жағын ала, қолдан тоқылған алаша үстінде Маймақ ақсақал отыр. Әңгімені былай бастады.

– Отыз тістен түзілген сөз отыз рулы елге кетеді деген. Ел ішінде өсең-аяң болады. Жау кеп қапты деген сөзді естисің. Осы халық тұрғанда күндізгіміз күндіз, түнгі жарық жарық. Бірақ уақытша қиыншылық. Осы халыққа қуат-күш беруші де құдірет. Біз өркені өскен халықпыз. «Өсіп тұрған ағаштың тамырың шаппа» деген ел мақалы бар. Кімде-кім ұрыс тілесе «Жартасқа жұдырығыңды түйме» дейміз. Жақсы болу да, жаман болу да қолдағы іс. «Жазда бір күн демалсаң, қыста он күн ашығарсың» деген.

Ақсақалдың айтқан сөзін ләм-мим демей Тілеу екеуміз тыңдап отырмыз. Жүрекке жылылық берген күндей сәуле секілді.

Анау күнгі комсомол жиналысында өмірін айтты да, «енді сендерге балалық жоқ, ауылшаруашылық жұмысына араласасыңдар» демеді ме.

Оған кемпір мен шал да, жас та, әйелдер де бәрі бірдей еді. Соғыстың зардабы бәрін бірдей етіп жіберді. Ол жұмыс үстінде қайғыра да, қуана білетін.

– Қайғы да, қуаныш та ортақ болуы керек, – деді. Сонда бізге көрсетпей қайғырғандар, жылағандар, кейде үміт үзгендер уақытша торығады. Соғыс бітеді, шүкір деп отыратын мезгіл болады. Сонда өткенге тәуба етеді де, «сені де оқытам, өзімде оқимын» деген дәрежеге жетеді. Бұл күнгідей қалаға баратын май арбаға қол көтермейсің (117-118 бетте).

 

ЕРТЕ ЕСЕЙГЕН БАЛАЛАР

Июль. Қырғызарықтың бойында жайқалған жасыл шөптің үстінде, бірі қисайып бірі жантайып колхозшылар отырды. Біздің қарсы алдымызда ұзын бойлы, сидаң келген колхоз бастық. Оның жанында бригадир. Бастық Маймақ кәрие былай деп колхозшыларға сөйлеп тұр.

– Құрметті колхозшылар! Жем-шөпті, мал азығын дайындау туралы мына көршілес колхоз «Қызыл жалаумен» социалистік жарыстамыз. Өз ішімізде екі бригадирдің де жарысы бар. Бәйгеге бір қой, 100 кг бидай белгіледік. Бидай орағына дейін шөп науқанын бітіру керек. Жылдан-жылға жаңалық деген шығып жатыр. Бұл жердің қысы қатты болатынын білесіңдер. Сабан деген далада қалушы еді, оны орға жинап, қысқа қор етеміз және шөптен сүрлем жасаймыз.

Отырғандардың арасын күбір басты.

– Кәйтіп?

– Міне, мына жаңа шабылған шөпті. Орға апарып тастайды да, оны жақсылап таптайды.

«Біреу түсінде көріп айтып жүрген болар» дейді Шынайым жеңгей.

– Оны қойыңдар менің шығарып отырған жаңалығым емес.

– Білмесек қайтеміз.

– Білдік, ұзыны 8 метр, тереңдігі 4 метр, ені 3 метр апан – ор қазылды, шөпті қырқып салу керек. Таптап нығыздау керек, ішіне жел – ызғар кірмес үшін сылап қоямыз (147-бетте).

Ел басына күн туған шақ. Қыбырлаған жан, жылжыған көліктің бәрі есепте. Ауылда қалғаны қарттар мен балалар ғана. Оларды да өмір ерте есейтті. Бәрінен де күндіз күлкі, түнде ұйқы қашқан.

Колхоз бастығы Маймақ апама келіп:

– Міне, қолқанат деген осы. Жұмыс күші жетпей жатыр, сен сауыншы бол, Бөгежіл сүт тасысын, – деді. – Қам жеме, қолдан келгенді аянып қалмаспыз, бәрімізге бірдей келген нәубет қой, қол қусырып отырғанда біреу келіп істеп береді деймісің, – деді қатуланып.

Анамды аяп кеттім. Онсыз да бір тыным көрмей жүрген анам бастықтың сөзін тастамай келісім берді.

– Шүкір, шүкір, көкесі, – деді апам, – оқуын кейін-ақ жалғастырар (153 бетте).

 

МОНША САЛУ ТУРАЛЫ

Доғалақ ата насыбайын алақанына салып, ерніне апарды да жерге түкірді.

– Әк көп араласып кетіпті, ашытуын қара!

– Бүгін қолың бос па, – деді Маймақ.

– Не болды?

– Бос болса Сейітбектің бауынан 20 терек кесіп, алып келейік.

– Үй-жай саласың ба?

– Жоқ – монша!

– Монша!

– Иванның моншасындай бір монша салмасақ болмас, – деді Маймақ, – бала-шаға, кемпір-шалдың бәріне қажет боп тұр. Алдымен тазалық керек. Тазалық – денсаулықтың кепілі. Ауру шығыпты, Биттен, биттен.

– Е, қойшы, Құдай берген көл суы бар. Бізге осы да жетпей ме? – деді Достай шал.

Хат тасушы Жақай келіп қалды. Оның келуі Достай шалдың сөзіне май тамызғандай болды. «Жерден тілегені көктен түсе қалғандай» қуанды.

– Кел, кел, Жақан! – Маймақ жанынан орын босатып.

– Қо-ош! Ата-бабамыз көрмеген неменені салам дейді, – деп қабағын түйген Достай сөзге араласты.

– Ал, ол немене екен? – деді Жақай.

– Бастық ауылға монша салғызбақшы. Соған шалдарды жинап, ағаш кесуге апарады, – деді Достай.

– Салса салсын, оның не зияны бар, – деді Жақай.

Бұл сөзді ауыл шалдары ұста Қожамжар, Сейдалы, Данай және қазақ болып кеткен Иван қостады. Ауыл шалдары монша салуға уағдаласты (169-бетте).

Қырман – біздің постымыз. Осында түней саламыз. Әр үйге кіріп бригадир бас сұқпайды. Атқа мініп сүйретпе тартатындар да осында. Айдың жарығымен де жұмыс істейтін мезгіл. Ақ сүйек те ойнаймыз.

– Таң атпай жатып қайда барасыңдар? – деп апам таңқала сұрады.

– Сейітбек байдың бауына, ағаштары кесіліп, түбіртектері қалды емес пе, соны қазамыз, – деді ата.

Дел-сал болып сүйретіліп мен де ілестім. Таңғы түнгі ұйқыны қимағандық қой. Көп ұзамай Қожамжар ұста бастаған шалдар тобы іске кірісіп кетті. Моншаның қабырғасы қалана бастады.

Көмекке мектеп оқушылары да келді. Науқанның қызу кезі болса да іс оңға баса берді. Аз күнде монша қабырғалары қалқайып, төбесі сабанмен жабылып бітті.

– Халықтың игілігіне жарасын, – десті шалдар.

Соңғы күндері Тілеке көмекке келмей жүр. Үйіне іздеп барсам, ауырып қалыпты. Барысымен сұрағаны:

– Монша бітті ме? Өзі өрен бөкжірейіп тұр.

– Тілеке, саған не болды? – дедім. – Аяғың да ауыра ма?

– Екі тақымым қол тигізбейді.

– Не? Жара бар ма?

– Жоқ!

Маған қарап қызарып кетті.

– Ұялмай айтшы, не болды? Айтсам ба екен, айтпасам ба екен? – деп ойланып тұрғанын сездім де балағын жоғары көтердім. Байқасам екі тақымының арасы қотыр. Қолының саусақтарының арасынан да бір нәрсе түртіп шығып тұр.

– Қатты қышиды, – деді әлден соң.

Екеуміз Доғалақ атаға келдік. Қуанып қарсы алды.

– Су тасуға жарайсыңдар? – деді.

«Мейліңіз» дегендей бас изедік. Атай, Тілеке үшеуміз су тасыдық. Ересек балалар тамыр, түбіртек жарды. Отын да, су да мол даярланды (172-бет).

Түс мезгілінде бастықтың ауылынан арба келді. Он бала. Ішінде Атабек, Қойбағар, Қыранбек те бар екен. Олар арбадан әрең түсті. Оларды күні бұрын дайындап қойған сабанның үстіне отырғызды Доғалақ ата.

– Моншаға кіргенше осы жерде отырыңдар, – деді ақ халаты бар көзілдірікті кісі.

Бастық әкелген дәрігер осы болса керек деп шамаладым. Бір кезде Доғалақ ата моншаның ішіне кіріп шықты да.

– Бригадир қайда! Ауыл түгел моншаға келсін деп айтып шықсын. Қотыр бәріне жұғады, – деді де бетіндегі терін сүртті.

Моншаның іші. Тілеке екеуміз сөренің үстіне шықтық. Бізге Қыран қосылды.

– Ой-пай ыстығын-ай!

Екі алақаныммен бетімді бастым. Ана екеуі де әрең шыдап отыр.

– Киімімізді жыртып тастаса қайтеміз? – деді Қыран.

– Оны өртесе жалаңаш қаламыз ғой, – ауыстыратын киім жоқ, – дедім мен.

– Киімдерімізді алып темір пешке салып жіберді, – деді Тілеке.

– Оның битін өлтіретін шығар, – дейді Атабек. – Майда сірке бәрібір кетпейді, – деді Тілеке.

– Сірке бір аптадан соң бит болады деп ағай айтпады ма, – дедім мен де жай тұрмай.

Осы кезде Доғалақ ата ішке кірді де тасқа бір шөміш су шашты. Бу қаптады. Тағы да су себеледі. Қолындағы сыпырғыны маған берді де:

– Қышыған жерлеріңді әбден қызарғанша шабақтаңдар, – деді де түсі бұзылған суы бар шылапшынды қолымызға ұстатты.

– Ата, балаларды қарашы, жаңағы берген суыңыз ыстық болып, етін күйдіріп жүрмесін, – деді көзілдірікті дәрігер.

Шылапшындағы суға қолын салып, араластырып:

– Жоқ, бұдан салқын болса болмайды, – деді де жанында тұрған Тілекенің екі қолтығынан тік көтеріп бөшкеге салды. Мұнда да салқын, түсі бұзылған қан су бар. Бәрімізді де бөшкеге отырғызды. Ертесіне денедегі шыққан қотыр жаралар өзінен-өзі, құрғап түсе бастады.

Монша… Моншаның қасиетін бірінші рет сонда біліппіз. Өмірімізде ұмытпаспыз оны. Қайран біздің аталар-ай сол ауыртпалық кезең-дүрмелек шақта ел қажетін өтеді емес пе? (170-173-бетте).

 

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

журналист-жазушы