ҰЛТТЫҚ САНАМЫЗ ӘЛСІРЕП БАРАДЫ

Мәселе Руханият
23 Views

Өткенде екі қырғыз қыздың қазақтар және алаштың соңғы ханы Кенесары жайлы айтқан жойдақсыз сөздерінен ішіміз түйіліп, қанымыз басымызға шапшыды.

Ресей – империяшыл ел. Басқыншы. Қолында жалаң сүнгі мен қайқы қылыш, садағынан басқа қаруы жоқ қазаққа атқанда үйдей жерді қопарып тастайтын зеңбірегі мен алдындағы жасақты қиялай шапқан қияқтай сұлататын пулеметтері бар империя қазақ даласына бойлай кіріп, бекіністер сала бастады. Аяғында қамыс шәркей, үстінде боз көйлек, дамбалынан басқа түгі жоқ орыс мұжықтарын әкеліп, қазақтың шұрайлы жерлерін тартып ала бастады.

Атадан ер болып туған Кенесары не істеуі керек еді?! Орыс патшасының атасы Абылай ханымен арада жасалған келісім-шартын алға тартып, Патшаға арзу хат жазды. Антында тұратын орыс па?!

Империяға қарсы шығып, он жылға жуық қару көтерген Кенесары ханға қазақтың бай-шонжарларын айдап салды. Қазақтың өз ішінде де бұлғақ жетіп артылатын еді. Батыста Исатай – Махамбет Ресей басқыншыларына майдан салып жатты. Осындай ірілі-ұсақты ұлт азаттық көтерілістерінің ұзын саны төрт жүзге жетердей екен.

Осындай қысталаң шақта «өзағаң» өзбек пен «қырғыз-қазақ бір туған» айырқалпақты ағайының бір бүйірден тиіп, қазақты бөрідей талады.

Ұлы жазушы, кемеңгер Мұхтар Мағауиннің жазғаны бар. «Егер Кенесары болмағанда Түркістан — өзбектікі, Алматы — қырғыздікі болар еді». Деп. Тағы да айтқаны бар. Кенесарыны қазақтың сұлтаны мен би, батыры сатып кетпегенде Ыстықкөл қазақтікі болар еді. Деп.

Әрине, біреудің жері қазаққа керегі жоқ. Өз жері жетеді. Бірақ, ақиқат осы.

Кенесары — бізге хан, батыр, ардақты болғанымен қырғыз үшін жау.

«Орысқа қарсы бірге қылыш көтерейік, бізге төнген қауіп сендерге де келеді» дегеніне көнбеген соң Орман манапқа қарасты айылдарды шапты, малдарын айдап алды.

Ана екі боқмұрын қызды қайтесіз, аталары Кенені жауыз десе, тарихында солай оқытты. Ел Президенттері Атамбаев пен Жапаров «қылышпен келген қылыштан өледі» деп отырса.

Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ екендігін түсінетін уақыт жетті.

Осы екі көршің, ағайының Абылайхан заманында да осылай жаулық істеген. Қазақ жоңғар, қалмақпен соғысып қан құсып жатқанда осы екі туысың қос бүйірден тиісіп, қазақ жерлерін басып алған. Мына айыр қалпақты ағайының сонау Құлан, Кеген, Нарынқолға дейін шауып алған. Ұлы жүз ақсақалдары екі етегі жасқа толып, Абылай ханның алдына келген. Жерімізді алып қойды деп. «Түбі бір туысқанымыз еді, бірақ, біз қиналғанда аш бүйірден пышақ ұрды» деп қиналған Абылай, қиналса да қазақ жасақтарын сапқа тұрғызды. Аз қырғызды түгел шауып жер бетінен жоқ қылып жіберер ме еді, манаптары қанды жасы сорғалап, кешірім сұрап аяққа жығылмағанда. «Қалмақпен соғысып көп қырылдыңдар. Мынау аманат. Қазақ қылып алыңдар» деп топ тобымен қырғыздарды кепілге бермегенде. Абылай хан үш жүзге таратқан сол қырғыз ізсіз емес. Қырғыз аталығымен қазаққа сіңді. Арасынан мемлекет қайраткері, айтулы ақын, жазушы, спортшылар шығып жатыр.

Сондықтан, бұ шіркіндердің кісімсінетіндей жөндері жоқ еді.

«Іштен шыққан жау жаман». Қазақты жамандайтын, қасиетін жерге ұратын нәсілсіздер, шірік жұмыртқалар өз ішімізде де көп.

Кезінде ұстазымыз, ұлттың шын жанашыры Мұхтар Мағауин ағамыз талайын су бетіне шығарып еді. Бұ шіркіндер азаймайды екен.

Бір қыз бар. Жұрт тәп-тәуір ақын дейді. Аталарының түбі шата ма, қазаққа кегі кеткен бе, атын шығару үшін жазды ма, білмеймін.

Мағауин атам «Еуропаға атқа ер тоқым салуды, үзеңгіге аяқ салып сайысуды, жарғақ шалбар киюді, темір балқытып, темірден түйін түюді үйреткен біздің бабаларымыз» деген қазақты, бүгінде әлемде бәсі бөлек, ғылым-білімнен да өркендеп келетін қазақты бір жазбасымен жерге ұрады. Оқысаң төбе шашың тік тұрады. Құдай ұрған халық екенбіз. Ең жаман, соры арылмаған халық екенбіз. Қазақтай нашар ұлт жоқ екен әлемде. Өз басыма ең өтіп кеткені «Қазақ — егемендігін сақтап тұра алмайды».

Жау айтатын сөзден асырып жібергені, қазақ төбесіне көтерген қаршадай қыз айтып отыр. Өкініштісі сол, қияметі сол, пікір жазғандардың дені «қазақ жаман» дегенді қолдап шыққаны. Ұлы Абай айтқандай, «ұстарасыз аузына түскен мұртың» көп қазақ мұны қайрау деп түсінеді екен. Түк те қайрау емес бұл. Намысты қазақтар баршылық қой. Сотқа берді. Сүйтіп еді, «Қазақ — тәуелсіздігін сақтап қала алмайды» деп аспанға сиіп отырған бұ шіркін жылап қоя берді. «Сотталып кетемін, адвокат жалдауға ақша керек» деп. Сорлы қазақ осыған ақша жинап берді. Есін жиған соң кеш өткізіп, кітабын сатты. Кітабы ұлы Абайдың, ұлы Мұхтардың кітабынан қымбат.

Бір күні Жаңаарқа халқына тиісті. Жамандады.

Шығыстан әйелінің төркініне кеп жайласқан әкесінің жылқылары жоғалыпты. Ұры алған. Бес, оншақты болуы мүмкін. Бірақ, тұтас Жаңаарқа халқы емес қой.

Сол кезде бұ шіркінді түсінгендей болдық. Өзі, туысқаны жақсы, бірақ қазақ жаман.

Менің ата-бабаларым батыстан келген. Жаугершілік заманда. Қазақ пен қалмақтың соғысында. Әуелі батырлары. Ерлік көрсетіпті. Ел, жер қорғауда қасық қанын аямапты. Кейін Абылай хан арқадағы арғын мен найманның ортасынан сонау Шуға дейін жер кесіп берген. Жаңаарқаның Шәбден Ералиев ауылында өстім, жетілдім. Алматыға ұшырды. Ұлттың қаймақтарымен араласып жүрмін. Аядай Жаңаарқаның атын айдай әлемге шығарған даңқты бапкер Диханбай Биткөзов «өзіміздің Бақтияр» деп арқамнан қағады. Қазақтың көрнекті ақыны, жаңаарқалық Ғалым Жайлыбай «бауырым» деп құшағына тартады. Шеттен келдің, кірмесің деген бірі жоқ. Яғни, халық жақсы. Қазақ та, Жаңаарқа да жақсы.

Осы қарындасым, «жаздым, жаңылдым, айтқаным қате екен» десе, кеңпейіл қазақпыз бәріміз кешірген болар едік. Бірақ ол айтпады. Әлі күтіп жүрміз.

Осы жолдарды да жазбаған болар едік. Ниетінен қайтпаса, енді жазыла береді. Неге айттық?! Қазақ ішінде нәсілсіздер көбейіп барады. Қазақты жатып кеп жамандай берген соң жастардың бойы үйренеді. Сәл қиындық көрсе «қазақ осындай» деп асырып жамандайды.

Ең қиыны, деструктивті ағым өкілдері болып тұр. Оларға салсаң, қазақта тіл де жоқ, діл да жоқ. Салт-дәстүр де жоқ, жабайы халық. Ислам келмесе, тезек теріп, қойын құрттап, айранын ұрттап, биттеп жүрген халық екен.

Ол туралы кейінірек жазармыз.

Тоқ етері, қазаққа қазақтан басқаның жаны ашымайды. Түркі халқының бәрі жақсы. Ол үшін үлкен саясат керек. Өткен өтті. Мынау қысталау кезде түрік дүниесі түгел болмаса қай-қайсысы да қиындықтан жалғыз өзі шыға алмайды.

Қазір кешегі оқиғаға байланысты туысқан халықтар өзара қырқысып, ауыр сөздер айтылып жатыр. Осыдан ешкім ұтысқа шықпайды. Алдымен ішкі бірлігімізді бекемдеп алайық. Келешек жастарда. Қазақ жастары оқу-білім, спорттан әлемдік биіктерді бағындырып жатыр. Илон Маск сияқты әлемдік мәселелерді шешіп жүрген азаматтың қасында қазақ жастары бары қазақтың мықты болашағын көрсетеді. Ендігі кезекте «қазақ жаман» деген сөзді ешкімге айтқызбауымыз керек. Күштік құрылымдар жазаға тарту керек. Әйтпесе, ұлттық санамызды әлсіретіп аламыз.

Айтпағымыз, кешегі Алаш орда ардақтыларынан қалған «Түркі тілдес түгел бол». Өткені өтті. Ескі дауды қуа бермей басы Түркиямен дос болып бірігіп, үлкен держава болайық. «Жау жоқ деме, жар астында». Қазақтың шаңырағы ортасына түссін деп мысық тілеу болып отырған дұшпандар бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түрік дүниесіне үлкен үміт артып отыр. Әлемдік саясатта бәсі үлкен. Араздықты күшейте берсек, ұйықтамайтын дұшпаның жалғыздап шауып жоқ қылады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

журналист