«ӨЛМЕЙТІН ӘН ҚАЛДЫРҒЫМ КЕЛЕДІ»

Өнер
21 Views

Өтуде күн, түніміз,

Не білеміз, білмейміз.

Жанды тербеп сырымыз,

Бір арманды іздейміз.

(«Қуаныш пен өкініш» әнінен.)

Адамның ғұмыры да ән секілді. Бір сәті – қуаныш, бір сәті – өкініш, бір тұсы – сағыныш, енді бір кезеңі – орындалған арман. Уақыт алға жылжыған сайын кешегі күннің әуені алыстай береді. Бірақ сол өмірдің кейбір сәттері әнге айналса, адамның өзінен кейін де қалуы мүмкін. Өйткені әннің ғұмыры – оны шығарған адамның ғұмырынан бөлек. Оны біреу тыңдайды, біреу айтады, біреу өз басынан өткендей қабылдайды. Осылайша бір адамның жүрегінен шыққан әуен көптің көңіліне көшеді. Өзің жалғыз отырып шығарған әуеннің бір күні елдің ортақ әуеніне айналғанын сезіну бақыт емес пе? Әсіресе, оны өзің емес, ел сүйіп тыңдайтын үлкен өнер иесі орындаса, автор үшін оның бағасы тіпті бөлек.

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, халық әртісі Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Қуаныш пен өкініш» әні де осындай жолдан өтті. Әннің әуені мен сөзі тыңдарманға жетіп, талай жүрекке жол тапты. Бірақ көп жағдайда біз сахнадағы орындаушыны танимыз да, сол әннің ар жағында тұрған авторға үңіле бермейміз. Әнді жаттап аламыз, бірге айтамыз, көңілге жақын тұсын іздейміз. Ал оның қалай туғанын, қандай сезімнен шыққанын, автордың сол әуенге қандай ғұмырын сыйлағанын біле бермейміз.

Композитор Еркін Тоқсейітов… Жұртшылық бұл талант иесін білмейді деп айта алмаймыз. Біледі. Әсіресе, аға, орта буын өкілдері оның шығармашылығынан жақсы хабардар. Еркін Тоқсейітовтің әндерін алғашында авторымен бірге емес, әуенімен таныдым. Бір әнін естідім, бір әнін Мақпал Жүнісованың орындауынан тыңдадым. Кейін әннің артындағы есімге назар аударғанда, жүзден астам шығарма жазған композитордың тұтас бір шығармашылық әлемі бар екенін аңғардым. Оның әндерінде туған жердің топырағы да, достықтың қадірі де, отбасының жылуы да, адамның ішкі толғанысы да бар екен. Бұл мақаланы жазуға ең алғаш түрткі болған Еуразия ұлттық университетінің профессоры, өзімнің ұстазым Мұратбек Тоқтағазин еді. Осыдан төрт ай бұрын маған айтқан сәлемінде: “Асыл шәкіртім. Ұсыныс бар. Алматыда Тарбағатайдың табиғи таланты Еркін Тоқсейітов дейтін композитор ағаң бар, сол ағаңнан ақпар алып материал жазсаң” – деп жазыпты. Міне, ой, мәтін арқауы осы.

Еркін Тоқсейітовтің композиторлық жолы қалыпты қалыптан басталған жоқ. Музыка мамандығын арнайы оқып, нотаның тілін бала күнінен меңгерген кәсіби маман емес. Әуенді алдымен жүрегімен сезініп, кейін өзіне сенуді үйренген жан. Жеті-сегіз жасынан ән шығара бастағанымен, ұзақ жыл бойы өзін «композитормын» деп атауға именді. «Нота білмейсің, нота танымайсың… сен қайдағы композиторсың?» деген ішкі күдік оның шығармашылық жолына талай жыл көлеңке түсірді. Бұл күдіктің тамыры оның балалық шағына дейін барады. 1975 жылы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында дүниеге келген Еркін Тоқсейітов үшін туған жер – өмірбаяндағы бір жол ғана емес, шығармашылығының өзегіне айналған мекен. Балалық шағы, достары, алғашқы әуендері, азамат болып қалыптасқан кезеңі – бәрі сол ауылмен сабақтас. Өзі де балалық шақты адам өміріндегі ең жылы әрі ең есте қаларлық кезеңдердің бірі деп бағалайды. Бәлкім, содан болар, жылдар өткен сайын алыстаған ауыл оған сағыныш болып оралып, кейін әнге айналады.

«Ауылға келші» әнінің дүниеге келуі де осындай сезімнен туған. Адам туған жерден алыстаған сайын оның қадірін тереңірек сезінетіндей. Бала күнгі көшелер, бірге өскен достар, ауылдың таныс тіршілігі – бәрі уақыт өте келе естелікке айналады. Ал Еркін аға сол естелікті сөзбен емес, әуенмен жеткізуді таңдаған.

Оның бала күнгі достарының арасында кейін өнер жолына түскендер аз емес. Ақын Серікзат Дүйсенғазинмен де, Асхат Сүйіндіковпен де бала күннен бірге өсті. Бір сыныпта оқыған төрт ұлдың екеуі ақын, екеуі композитор болды. Олардың арасындағы достық уақыт өте келе шығармашылық серіктестікке де ұласты. Бүгінде Еркін Тоқсейітовтің көптеген әнінің мәтінін жазған ақындардың бірі – осы Асхат Сүйіндіков. Өнердегі алғашқы қадамдарына қарасақ, Еркін Тоқсейітов ән шығаруды арнайы жоспарлап бастаған адам емес. Әуен оның өмірінің әр кезеңінде көңіл күймен бірге туған. Өзі айтқандай, ән күн сайын міндетті түрде жазыла бермейді. Бірде адамның көңілі толқиды, бірде қуанады, бірде біреуді сағынады, енді бірде өмірдегі қандай да бір жағдай жүрекке із қалдырады. Сол сәттердің бірі кейін әуен болып оралады. Көп жағдайда әуеннен бұрын сөз іздейді. Өзіне жақын, сол кездегі көңіл күйіне сәйкес келетін өлеңді тапқанда ғана әуен туады. Сондықтан оның әндерінің тарихына үңілсеңіз, әрқайсысының артында жеке бір оқиға тұрғанын байқайсыз. Мәселен, «Жан жарым» әнінің тууына қарапайым ғана телефон қоңырауы себеп болған. Бірде ол алма бағында жүрген кезінде қызы телефон соғып, анасының жедел жәрдеммен алып кетіп бара жатқанын айтқан. Сол сәтте көз алдына жары елестеп, көңіліндегі толқыныс әуенге айналған. Кейін осы әуенге ақын Асхат Сүйіндіков сөз жазған. Демек, композитор үшін ән ойдан құрастырылатын дүние ғана емес, кейде өмірдің өзінен үзіліп түсетін сезім.

«Шаршадым» әнінің тарихы да соған ұқсас. Бірақ мұндағы шаршау өмірден түңілуден емес, адамның айналасындағы ортадан қажудан туған. Еркін Тоқсейітовтің өз түсінігінде, адам өмірден шаршамауы керек. Өмірдің қызығы көп. Кейде шаршататыны – қасыңдағы орта, адамдардың қарым-қатынасы, көңілге тиетін жағдайлар. Осы ой Саят Әбеновтің сөзіне жазылған ән арқылы көрініс тапты. Ал көңілдегі ауырлықты үмітпен теңестіру үшін қайырмасына Асхат Сүйіндіковтің сөзі қосылған. Еркін ағаның әндерінде осындай өмірлік деталь көп. Бірі – туған жерден, бірі – достықтан, бірі – отбасынан, бірі – махаббаттан бастау алады. Жүзден астам әнінің шамамен елуге жуығы түрлі орындаушылардың репертуарына еніп, жазылып, тыңдарманға жеткен. Қазақстан, Семей, Аягөз, Тарбағатай туралы да бірнеше әні бар. Жарына арнаған төрт-бес әні де шығармашылық қоржынында.

Алайда әні көп болғанымен, Еркін Тоқсейітов ұзақ уақыт бойы өзін композитор ретінде толық мойындай қойған жоқ. Осы сенімсіздігін өзгерткен ерекше бір оқиға болды. Әпкесінің өтінішімен есту қабілеті бұзылған балаларға арналған ән жазуға ниеттенеді. Ақын досы Асхат Сүйіндіков өлеңін жазып береді. Еркін аға сол мәтінге гитарамен әуен шығарады. Бірақ өзіне әлі де толық сенбегендіктен, бұл шығарманы басқа композиторға өңдеуге ұсынуды жөн көреді. Арада уақыт өтіп, Асхат оған әннің дайын нұсқасын жібереді. Әуенді тыңдап отырған Еркін Тоқсейітов бір сәтте өзінің гитарамен бұрын орындап берген әуенін таниды.

– Асхат, бұл менің әнім ғой. Мен саған осы әнді гитарамен айтып берген едім, – дейді ол таңданысын жасырмай.

Осы бір қарапайым ғана сәт Еркін ағаның өз шығармашылығына деген көзқарасын өзгертеді. Өзінің әуенін сырттан естігенде, оның қайдан туғанын бірден таныды. Осыдан кейін ол музыкаға деген қабілетіне бұрынғыдан сенімдірек қарай бастайды.

Осыдан кейін Еркін Тоқсейітов өзінің бойындағы қабілетке басқаша қарай бастайды. Өнерде білімнің орны бөлек болғанымен, кейде адамның табиғи түйсігі де өз сөзін айтады. Оның Лұқпан Жолдасовпен кездесуі де осы ойды бекіте түскендей.

Еркін Тоқсейітовтің шығармашылық жолында оны сырттай бақылап қана қоймай, еңбегіне кәсіби баға берген өнер адамдары да аз емес. Алғашқы кездері бірнеше әнін алып барған ол композитор Лұқпан Жолдасовқа шығармаларын көрсетеді. Әндерді тыңдаған Лұқпан Жолдасов: «Мынаны сен жаздың ба? Шыныңды айт», – деп таңданысын білдіреді. Әсіресе «Дос» әнін ұнатып, оны аранжировка жасап беруге келіседі. Осы кездесуден кейінгі шығармашылық байланыс уақыт өте келе достық қарым-қатынасқа ұласады. Еркін аға бұл кездесуді өзіне деген сенімділігін арттырған сәттердің бірі ретінде бағалайды. Ал өнердегі бала күнгі үлкен қызығушылығының бірі – Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылығы. Оның әндерін бала кезінен тыңдап өскен Еркін аға кейін Қоразбаевпен жүздесіп, шығармашылық тұрғыда жақын араласады. Қазір оны «Көке» деп құрметтесе, Алтынбек Қоразбаевтың өзі «Шәкіртім» деп атайды. Еркін Тоқсейітовтің 50 жылдық шығармашылық кешіне арнайы келіп, бірге ән орындауы да осы сыйластықтың бір көрінісі болды. Оның шығармашылығында кәсіби сахна өкілдерінің орны осылай біртіндеп кеңейе түсті. Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Қуаныш пен өкініш» пен «Өмір өтер осылай» әндері композитордың есімін кеңірек танытқан шығармалардың қатарында. Еркін Тоқсейітов әншінің орындаушылық табиғатын жоғары бағалайды. Әсіресе әнді жай орындап қана қоймай, оның мәнін түсініп, жүрекпен жеткізуін маңызды санайды.

Оның бұл ұстанымы қазіргі орындаушыларға қатысты пікірінен де байқалады. Еркін аға әр буынның өз әні, өз талғамы бар екенін айтады. Сондықтан бүгінгі эстрадаға сырттай баға беріп, бір ғана өлшеммен қарамайды. Оның ойынша, әнші үшін ең маңыздысы – дайын шығарманы жаттап айту емес, оның мазмұнын түсініп, өз болмысымен жеткізу. «Әнді орындаушы шығарманың не үшін туғанын білуі керек», – деген ұстанымы осыдан туындайды. Ол әншінің шығарманы қағазға қарап айтып тұрғанынан гөрі, оның сөзін жатқа біліп, әр жолының мағынасын сезініп орындағанын қалайды. Өйткені оның түсінігінде ән – белгілі бір көңіл күйдің, адамның немесе оқиғаның көрінісі. Махаббат туралы әнді айтқан адам оның сезімін, ел туралы әнді орындаған адам оның салмағын жүрегімен сезінуі керек. Сонда ғана шығарма тыңдарманға жетеді. Өміршең болады.

Қазір оның әндерін Серікбол Сайлаубек, «Жігіттер» тобы секілді орындаушылардың репертуарынан кездестіруге болады. Ал алдағы уақытта Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев сынды әншілердің орындауында шығармаларын естуді қалайды.

Еркін Тоқсейітовтің шығармашылық серіктестігі тек орындаушылармен шектелмейді. Оның әндерінің дүниеге келуінде ақындардың да орны бөлек. Асхат Сүйіндіковпен бала кезден келе жатқан достық кейін шығармашылық байланысқа айналды. Оның өлеңдеріне оннан астам ән жазған. Серікзат Дүйсенғазиннің де жырларына бірнеше шығарма шығарған. Ал Ержан Жұмабеков, Саят Әбенов сынды ақындармен бірлескен дүниелері де бар. Композитор ақын таңдағанда мәтіннің сыртқы ұйқасынан бұрын, оның ішкі сезіміне мән береді. Өзі айтқандай, кейде бір өлеңді оқып отырып, «осы сөзге ән керек» деген сезім пайда болады.

Оның шығармашылық ортасындағы ерекше байланыстардың бірі – бала күннен бірге өскен төрт достың тағдыры. Асхат Сүйіндіков, Серікзат Дүйсенғазин, Жұмабек Жұмахан және Еркін Тоқсейітов бір сыныпта оқыған. Сөз басында айтып өттік төртеудің екеуі ақын, екеуі композитор болып, кейін әрқайсысы өнердің өз жолына түсті. Бірақ уақыт олардың арасындағы байланысты үзген жоқ. Былтыр, яғни 2025 жылдың 25 қазанында, төртеуі Семейде қайта бас қосып, бірге шығармашылық кеш өткізді. Бір кездері ауылда қатар жүріп, ән айтып, арман қуған достардың жылдар өткен соң бір сахнада қайта тоғысуы – Еркін аға үшін ерекше әсерлі сәттердің бірі. Бұл кездесу оның шығармашылығындағы «Дос» әнінің тарихын да еске түсіреді. Бір кезде Жұмабек Алматыдан Семейге ұшып кеткенде, оны сағынған Еркін аға қолына аспап алып, «Дос, дос…» деген әуенді шығарады. Кейін Асхат Сүйіндіков осы әуенге сөз жазады. Ал әнді Жұмабекпен бірге орындауы олардың достығын шығармашылық дүниеге айналдырды. Демек, Еркін Тоқсейітов үшін достық – өзінің өмірінен бастау алатын алып сезім.

Оның шығармашылық жолындағы еңбегі түрлі марапаттармен де бағаланған. «Жұлдыз» телеарнасы ұйымдастырған «Үздік сазгер» номинациясына ие болса, Аягөз ауданы тарапынан 50 жасына орай «Мақтаныш» медалімен марапатталған. Сонымен қатар Астанадан «Өнер майталманы» медалін алған. Бұл марапаттардың әрқайсысы оның шығармашылық еңбегінің әр кезеңімен байланысты. Дегенмен Еркін Тоқсейітов үшін марапаттан гөрі әннің ел арасында айтылғаны маңыздырақ. Оның алдағы жоспары да осы оймен сабақтас. 55 жасқа келгенде үлкен концерт өткізіп, өз әндерін белгілі әншілерге орындатуды армандайды. Ол мұндай кешті жай ғана есеп беру концерті ретінде елестетпейді. Керісінше, жылдар бойы жазылған әндердің бір сахнада қайта тіріліп, әрқайсысын өзіне лайықты орындаушы жеткізсе дейді. Композитор үшін бұл – шығармаларының қандай жолдан өткенін көру мүмкіндігі. Бала күнінен тыңдаған әншілерінің жанында өз шығармаларының орындалуы оның композитор ретіндегі жолының бір белесі болмақ.

Бәлкім, оның ең үлкен арманы да осында шығар. Жүзден астам ән жазу емес, сол әндердің арасынан уақыт сүзгісінен өтетін, елдің есінде қалатын он-он бес шығарма қалдыру. Бала күнінде Алтынбек Қоразбаевтың әндерін тыңдап, үлкен сахнаға қызыққан Еркін Тоқсейітов енді өз әндерінің де бір күні басқа бір жастың жүрегіне сондай әсер қалдырғанын қалайды. Оның бұл арманы бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, композитор үшін мағынасы терең. Өйткені жүздеген әннің авторы болу мен халық жадында қалатын бірнеше әннің авторы болудың арасы бөлек. Жер мен көктей. Бір әннің жылдар өткен соң да айтылып, кейінгі буынның да көңілінен орын табуы оның еңбегінің жалғасқанын білдіреді.

Музыка – Еркін Тоқсейітов өмірінің маңызды бөлігі болғанымен, оның күнделікті тіршілігі тек әннен тұрмайды. Қазір Алматыда тұрып, алма өсірумен, шаруашылықпен айналысады. Бақ пен музыка бір-бірінен алшақ көрінгенімен, екеуіне де еңбек пен уақыт керек. Бір көшеттің жеміс беруін күткендей, әннің де халық жүрегіне жетуін күтесің. Алма бағы да оның өмірінде жай ғана кәсіп емес. Жылдар бойы осы іспен айналысып, жеміс ағашының күтімін, уақытын, еңбегін жақсы біледі. Бұрын шаруашылық саласында басшылық қызмет атқарып, үлкен бақта ондаған адаммен бірге еңбек еткен кездері де болған. Қазір де бұл істі толық тастап кеткен жоқ. Музыка мен шаруашылықты қатар алып жүруі оның табиғатындағы еңбекқорлықты аңғартады. Бірақ алдағы уақытта шығармашылыққа көбірек уақыт бөлгісі келеді. Шаруашылықтың тізгінін біртіндеп жақындарына тапсырып, жаңа әндер жазуға, бұрынғы шығармаларын қайта қарауға және орындаушыларға ұсынуға ниетті. Өйткені оның айтуынша, бала кезден көңілде жүрген музыкалық арманның енді кейінге шегере беретін уақыты азайып келеді.

Еркін Тоқсейітов үшін өмірдегі ең маңызды ұстаным – адалдық. Біреуді алдамау, біреудің көз жасын ағызбау, адаммен тура қарым-қатынаста болу – оның қарапайым қағидаларының бірі. Өткеніне көз жүгірткенде, жастық шағында музыкаға көбірек уақыт бөлмегеніне өкінеді. Жастық шағына қайта оралу мүмкіндігі болса, спортқа көбірек көңіл бөлер едім дейді. Өзі спортқа бейім болғанын, алайда сол қабілетті соңына дейін дамытпағанын еске алады. Музыкаға да ертерек ден қойып, гитараны тереңірек меңгеруге болатын еді деп ойлайды. Оның бұл өкініші бір нәрсені аңғартады: кейде адамның бойындағы қабілеттен бұрын, соған деген өз сенімі қажет.

Оның өміріндегі ең ұзақ күмән да осы өзіне сенуден басталған еді. Нота білмегені үшін өзін композитор санауға именген адам кейін өзінің әуенін басқа орындаудан естіп, оны бірден тани алды. Кәсіби мамандардың бағасын естіді, әндері сахнаға шықты, белгілі орындаушылардың репертуарына енді. Яғни жылдар бойы іште жүрген «менен композитор шыға ма?» деген сұраққа жауапты уақыттың өзі берді. Енді ол жоғалтқан уақытқа емес, алда қалатын шығармаларға көбірек мән береді. Ал негізгі мақсаты – жүздеген әнмен емес, уақыт өтсе де ел жадында қалатын он-он бес шығармамен есте қалу.

Осы орайда Еркін Тоқсейітов қазіргі музыкалық ортадағы өзгерістерге де өзіндік көзқараспен қарайды. Ол әр кезеңнің өз талғамы мен өз үні барын мойындайды. Бір буынның әні екінші буынға дәл сол қалпында жақын болмауы мүмкін. Сондықтан бүгінгі музыканы өткенмен өлшеп, біржақты бағалауға асықпайды. Оның ойынша, әр ән өз уақытының тынысын білдіреді.

Дегенмен ол жасанды интеллект арқылы дайын ән шығаруға қатысты алаңдайтынын да жасырмайды. Өз шығармаларының бірін жасанды интеллектке енгізіп көргенімен, нәтижесін табиғи қабылдай алмаған. Себебі оның түсінігінде әннің ішінде адамның басынан өткен сезім, толғаныс, қуаныш пен өкініш болуы керек. «Адамнан шықпаған нәрсе адамға жетпейді» деген ұстанымы осыдан туындайды. Оның ойынша, технология көмекші құрал болуы мүмкін, бірақ шығармашылықтағы адамның орнын толық алмастырмауы керек. Бұл пікір оның жалпы шығармашылық қағидасымен де үндеседі. Ол дайын дүниені иемденуден гөрі, адамның өз жүрегінен шыққан дүниені бағалайды. Біреудің әнін өзінікі етіп көрсетуге де, дайын дүниеге ғана сүйенуге де ішкі қарсылығы бар. Өйткені өзі үшін ән – ең алдымен автордың жауапкершілігі.

Сондықтан оның «Өлмейтін ән қалдырғым келеді» деген сөзі – жай ғана шығармашылық арман емес. Бұл – өзінен кейін де өмір сүретін әуен қалдыруға деген ниет. Адамның ғұмыры өтеді. Ал жүрекке жеткен әннің ғұмыры жалғаса бермек.

Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенті