«АСТАНА» – АЛТЫ ДҮРКІН ЧЕМПИОН!

Спорт
954 Views

Футболдан Қазақстан Премьер-лига командалары арасындағы кезекті 28-чемпионаты аяқталуға бір тур қалғанда Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» клубыалтыншы рет чемпиондық атақты жеңіп алды. Қостанайда жергілікті «Тобылмен»тоқайласқан олар 1:0 есебімен басым түсті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды 37минутта Юрий Логвиненко соқты. 33 кездесудің 22-сінде жеңіске жетіп, үш рет теңтүсіп, сегіз рет ұтылған олар 69 ұпай жинады. Сонымен, 2014 жылдан берічемпиондық тәжді ешкімге бермей келетін елордалық клуб өзіндік рекорд жасады.Үздік ойыншы атанған Марин Томасов 19 доп соғып, сұрмергендер көшінде екіншіорынды еншіледі. Дмитрий Шомко үздік қорғаушы атанды.

«Астана» клубының бюджеті соңғы үш-төрт жылда 32-35 миллион АҚШ долларынан өзгермей келеді. Мықты деген ойыншылар жылына алты-тоғыз миллион АҚШ доллары аралығында табыс табуда. Бұған олардың ел чемпионаттарымен қоса-қабат кәрі құрлық клубтары арасындағы бәсекелерде сәтті өнер көрсетіп, Еуропа Футбол Қауымдастығы (УЕФА) тарапынан алып жүрген сыйақылары сеп болып отырғаны баршаға белгілі. Клуб футболшыларды трансферге қою арқылы да толағай табыс тауып отыр. Атап айтқанда, Патрик Твумасиді испаниялық «Алавес» клубына үш миллион еуроға сатқан. Ал Жуниор Кабананганы саударабиялық «Аль-Наср» клубына екі миллион еуроға саудалаған. Есесіне Бельгияның «Брюгге» клубында доп тепкен Румыния ұлттық құрама командасының ойыншысы Дарин Ротариуді біржарым миллион еуроға сатып алған.

Қазақ футболының шежіресіне көз тастайтын болсақ, «Аңсат», «Ертіс-Бастау», «Ертіс» деген атаулармен өнер көрсеткен павлодарлық клуб бес рет (1993, 1997, 1999, 2002, 2003) топ жарғанын аңғарамыз. «Ақтөбенің» есебінде де соншама мәрте чемпиондық атақ (2005, 2007, 2008, 2009, 2003) бар. Семейдің «Елім-айы» үш мәрте (1994, 1995, 1998) үздік деп танылған. Астананың «Жеңісі» де соншама рет (2000, 2001, 2006) чемпиондық атақты иеленген. Алматының «Қайратында» қос алтын медаль (1992, 2004) бар. Олар екінші мәрте «Алматы ҚТЖ» атауымен топ жарған болатын. Қарағандының «Шахтері» де екі рет (2011, 2012) алтыннан алқа таққан. «Тараз» (1996) бен Қостанайдың «Тобылы» (2010) бір-бір реттен жеңістің ең биік тұғырына көтерілген.

Алматының «Қайраты» 68 ұпаймен екінші орынды еншілеп, бесінші жыл қатарынан күміс медальді қанағат тұтты. Бауыржан Исламхан үздік ойыншы атанса, 20 доп соққан Адеринсола Хабиб Эсеола чемпионаттың сұрмергендер көшін бастады. Мартон Эппель 16 доп соғуымен ерекшеленді. (Үздік шабуылшы атанған «Ақтөбелік» Абат Айымбетов те соншама голдың авторы атанған).

Жылдық бюджеті 26-31 миллион АҚШ долларына теңесетін бұл клубтың ел чемпионаты мен Еурокубок бәсекелерінде жоғары нәтиже көрсетуге әбден қауқарлы екені түсінікті жайт. Алматылықтар еркін агент ретінде черногориялық Небойша Косовичті ең қымбат деген қаржыға – небәрі жарты миллионға жуық еуроға сатып алған.

Жүлделі үшінші орынның тағдыры соңғы 33-турда шешілді. Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында «Таразды» 3:0 есебімен жеңіп, 65 ұпаймен қола медальді иеленді. Жоао Пауло 15 доп соғып, сұрмергендер сапының үздік бестігіне енді.

Үшінші мегаполистің намысын қорғайтын клубтың бюджеті демеушілердің көмегін қосқанда 18 миллион АҚШ долларынан асатын көрінеді. Мұндай қаржымен олардың ел чемпионатында ғана емес, Еурокубок бәсекелерінде де сәтті өнер көрсетуге толық мүмкіндіктері бар. Футбол маусымында Нұр-Сұлтан қаласының «Астанасынан» – Марат Быстров, Сергей Малый, Алексей Щеткин, Болгариядағы Разградтың «Лудогорецінен» бразилиялық легионер – Жоао Пауло, Оңтүстік Африка Республикасынан келген легионер Сифиве Май Махлангу, Чехиядағы Фаставтың «Злин ФК-нан» Босния және Герцеговиналық легионер Мирзад Механовичті жалға алды. Қостанайдың «Тобылынан» – Дмитро Непогодов, Тоқтар Жанғылышбай, Қызылорданың «Қайсарынан» Валерий Коробкин, «Оңтүстік академиясынан» Әділхан Добай, Әзірбайжанның Габала қаласындағы осы аттас клубтан Лука Муженюк, Түркиядағы Стамбулдың «Истанбулспорынан» Неманья Коич еркін агент ретінде өнер көрсетті. Бельгиялық легионер Зиги Бадибанга секілді легионерді сатып алуға да аз қаржы жұмсалмаған сыңайлы.

Енді бір сәт шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы ойыншыларының бағасына назар аударып көріңіздер (бәрі де еуро есебімен):

Алексей Щеткин – 1 800 000; бразилиялық легионер Жоао Пауло – 1 500 000; үздік қақпашы атанған Дмитро Непогодов – 1 400 000; сенегалдық легионер Абдулай Диакате – 1 300 000; Сергей Малый – 1 200 000; Оңтүстік Африка Республикасынан келген легионер Май Сифиве Махлангу – 1 100 000; бельгиялық легионер Зиги Бадибанга –1 000 000; италиялық легионер Пабло Фонтанельо – 900 000; Темірлан Ерланов – 850 000; Тимур Досмағамбетов – 750 000; Мардан Төлебек – 700 000; Марат Быстров пен Тоқтар Жанғылышбайдың әрбірі – 600 000; Босния және Герцеговиналық легионер Мирзад Механович пен украиналық легионер Кирило Ковальчуктың әрбірі – 400 000; Дамир Даутов – 250 000; Ұлар Жақсыбаев пен Самат Шәмші, Виталий Лидің әрбірі – 200 000; Валерий Коробкин – 150 000; Бекхан Шайзада – 125 000; Талғат Адырбеков пен Мұхит Жақсылықтың әрбірі – 100 000; Әділхан Добай – 75 000; Максим Ваганов, Эльхан Астановтың әрбірі – 50 000; Мәдижан Айтбаев – 25 000.

Бейресми мәліметтерге қарағанда, келесі жылы Шымкент қаласының басшылығы клуб бюджетін 50-60 пайызға қысқартпақшы көрінеді. Сол себепті бірқатар көшбасшы ойыншылар командамен қош айтыспақ. Егер дәл солай болған жағдайда олардың кәрі құрлық стадиондарында атой салуы былай тұрсын, ел чемпионатының өзінде орта деңгейлі командаға айналып қалуы ғажап емес.

Ал биыл жыл бойына чемпиондық атаққа таласып, ақыр соңында медаль бұйырмай қалған қостанайлық «Тобыл» клубының бюджеті 8 миллион АҚШ долларының айналасында. Бұл қаржының біраз бөлігі жаңа инфрақұрылымдық нысандарға бағытталған екен. «Тобыл» Михаил Гордейчук, Руслан Валиуллин, Андрей Пасаченко, Александр Клещенко, Эмиль Балаев, Сенин Себаиді еркін агент ретінде сатып алған. Тіпті соңғысына – Кот-д,ивуарлық ойыншыға бар болғаны 50 мың АҚШ долларын жұмсаған көрінеді.

Ел кубогын жеңіп алған Қызылорданың «Қайсарындағы» Тигран Барсегян үздік ойыншы, Стойчо Младенов үздік бапкер атанды.

Көш соңындағы «Атырау» (26 ұпай) мен «Ақтөбе» (15 ұпай, Халықарылық Футбол Қауымдастығы – ФИФА-ның шешімімен аталмыш футбол клубынан 12 ұпай алып тасталған) күштілер тобымен қош айтысты. Келесі жылы бұл командалардың орнын бірінші топтың үздіктері – Петропавлдың «Қызылжар СК» (26 кездесуде 58 ұпай жинаған) және Ақтаудың «Каспий» (56 ұпай) клубтары басады. 15 және 18 қарашаға белгіленген бұл өтпелі кездесулерде Оралдың «Ақжайығы» (55 ұпай) «Таразбен» (29 ұпай) тоқайласып, кім мықтыны анықтайтын болады.

Ақтаудың «Каспий» клубындағы Айдос Таттыбаев 19 доп соғып, бірінші топтағы сұрмергендер көшін бастады. Петропавловскінің «Қызылжар СК» командасындағы Максим Драченко 13, Алматының «Қайрат-Жастарындағы» Артур Шушеначев 12 доп соғуымен ерекшеленді. Шымкенттік «Қыран» клубындағы Алибобо Рахматуллаев 10, Жансерік Қалдыбай алты доп соғуға жетісті.

Көш соңындағы «Астана-М» (22 ұпай) және «Ақтөбе-Жас» (3 ұпай) бірінші топпен қоштасты. Олардың орнын екінші топтың үздіктері – Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің олимпиада ізбасарларын әзірлейтін №8 арнайы спорт мектебінің (СДЮСШОР, 32 кездесуде 75 ұпай жинаған) және «Арыс» (67 ұпай) командалары басатын болады. Екінші топта ойнаған «Ордабасы-М» клубы 52 ұпаймен бесінші, «Қыран-М» 50 ұпаймен жетінші, «Оңтүстік академиясы» 38 ұпаймен 11-орындарға орнықты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің олимпиада ізбасарларын әзірлейтін №8 арнайы спорт мектебінің (СДЮСШОР) намысын қорғаған Арсен Елемесов (17 доп соққан) пен Қарағандының «Шахтер-М» клубындағы Матвей Герасимов (17 доп, соның екеуін пенальтиден соққан) екінші топтағы сұрмергендер көшін бастады. «Арыстық» Ерқасым Ешанқұлдың есебінде 14 доп бар. Тағы бір «арыстық» Бекжан Әлібеков, «Қыран-М» клубындағы Жасқанат Тұрғанбек, «Ордабасы-М» клубындағы Аслудин Хаджиев 11 доп соғуға жетіскен.

Міне, футболдан биылғы Қазақстан чемпионаты осындай нәтижелермен қорытындыланып отыр. Ал оны толыққанды сараптауды тиісті сала мамандардың үлесіне қалдыра тұралық.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық

шығармашылық конкурстың лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *