АҚЫН ҚЫЗДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Өмір-өзен
788 Views

Ордабасылық ақын Гүлзәкира Әбілдаеваның туғанына 65 жыл

АҚЫН ҚЫЗДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Ордабасы ауданындағы тарихи-өлкетану музейінде 29 наурыз күні ордабасылық ақын қыз Гүлзәкира Әбілдаеваның туғанына 65 жыл толуына орай іс-шара өткізілді. Оған Гүлзәкираның қызы Динара, күйеу баласы Ринат және ұлы Ілияс Алматыдан, туған бауырлары Дүйсенкүл, Төленді қажы, Гүлсара мен Гүлжан Шымкенттен, Түркістаннан арнайы келіп, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Кезінде талай тырнақалды туындыларын жариялаған аудандық «Ордабасы оттары» газетінің директор-бас редакторы Ғ.Зиябек, директордың орынбасары-редактор Н.Шәмшіұлы Гүлзәкираның шығармашылығы туралы айтып өтті. Ақынның көзін көрген журналист Базаркүл Қалбырова «Facebook» парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, өзінің оқырмандарына осы жиын барысын көрсетіп отырды.

Еске алу кешінде жергілікті ақын Үрліхан Сапарбек өз өлеңдерін оқыса, «Темірлан» жалпы орта мектебінің 8 «А» сынып оқушылары Гүлзәкираның өлеңдерін мәнерлеп оқып, жыр шумақтарынан шашу шашты. Күмбірлетіп күй шертіп, ән салған, мың бұралып билеген өнерлі оқушылар Дарын Төленді, Өмірзақ Әмір, Мұхамеджан Уәлихан, Парасат Пантаева, Аида Нұржанқызы, Бақыт Едіге, Элнара Махан, Балнұр Бақтыбай есімді ұл-қызға және осы іс-шараны ұйымдастырып отырған Ордабасы аудандық өлкетану музейінің қызметкерлеріне ақынның туыстары алғыс айтты.

Б.Қалбырованың парақшасы арқылы бұл іс-шараның өткізіліп жатқанынан хабардар болған көзіқарақты оқырманның біршамасы Гүлзәкира туралы өз ойларымен бөлісіп жатты. Осы ретте біздің жүрегімізді ерекше тебіренткен Назым Байоралованың мына естелік әңгімесін өзінің рұқсатынсыз газетімізге жариялап отырмыз. Оған тілекші дос ренжімейтін шығар деген ойдамыз. Өйткені бұл ақын қыз туралы, оның өлеңдері жайлы айтылар әңгіменің басы ғана болар деген үміттеміз…

Кәусар ЖҰМАТАЕВА,

Ордабасы ауданындағы тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы

Гүлзакира – жырды пір тұтқан, сирек туатын ғажайып ақын жүректің иесі. Керемет ақын қыз еді. Екеуміз басында түсінісе алмай, кейін өте жақын дос болдық. Жаны жайсаң. Өмір оны талай сынаққа салды. Тұралатқан кезі де болды. Бір ғажабы, ол тағдырдан әрдайым биік тұратын. Тіпті, маңайда болып жатқан күнделікті күйбеңді елемей, өзі жырлағандай, дүниенің дидарында бір жамандық бар дегенге сенбей өтті. Шиеттей балапандарын жалғыз сүйрей жүріп, жыр бұрымын үмітпен атқан әр таңының шапағына қоса өріп, өмірін өлеңнен бөліп көрмеді. Оның өмірде, өлеңде шеккен жапа-жалғыздығына тоңмойын тоқыраудың безбүйрек жылдары қосылып, қанатын жаздырмай, тынысын тарылтып, қос бүйірден қысса да, ең соңғы деміне дейін қолынан қаламы түспеді. Жұмыссыз. Ешқандай табыс көзі жоқ. Шиеттей бала-шаға. Басына төрт бөлмелік шаңырақ бітіп, енді өмірімді жырға бағыштаймын деп, белді бекем буғанда заманның беті өзгеріп, халық сең соққандай болған шақта таланттан басқа ештеңесі жоқ қайран Гүлзәкираның жүрегі сыр берді. Сол тұста талай таланттың топшысы қиылды. Қарға адым ұзатпай қойған қолдың қысқалығы мен жығылғанға жұдырық – өлең-жыр, әдебиеттің бұлдыр болашағы, балаларын қатарға қоса алмай қалам ба деген қауіп оны іштен үңги-үңги, ақыры құлатты. Жырдың бір жас шынары ерте солды. Жыр аспанынан солқ етіп бір жұлдыз ағып түсті. Жұлдызым биік болады деп сеніп еді. Қаншама тауқымет тартса да, баладай таза, мөлдір сенімін жоғалтпады. Артында ұрпағы бар. Әйгерімі Түркияда, Динара мен Илияс Алматыда. Екі немересі бар. Мен көрмегелі тағы қосылған шығар. Гүлзәкира туралы бәрін айтып бітіре алмаспын. Оның сол жалғыз жинағының өзі онға татиды. Оны талдау жеке әңгіме. Жаның жанната болсын, жырдың ерте ағып түскен құйрықты жұмбақ жұлдызы. Сенің тағдырың мен талантыңды екінің бірі көтере алмайды. Бала-шағаңа ұзақ ғұмыр, бақыт тілеймін.

Досың әрі тілекшің

Назым БАЙОРАЛОВА.

ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, ОРДАБАСЫЛЫҚ АҚЫН ҚЫЗ, ПУБЛИЦИСТ ГҮЛЗӘКИРА ЕЛІБАЙҚЫЗЫ ӘБІЛДАЕВА ТУРАЛЫ

1956 жылы 29 наурызда қазіргі Түркістан (бұрынғы Шымкент) облысы, Ордабасы (бұрынғы Бөген) ауданының Темірлан елдімекенінде дүниеге келген. Аманкелді атындағы орта мектепті 1973 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Мектеп қабырғасында жүріп қолына қалам ұстаған оның тырнақалды туындылары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда үздіксіз жарияланып тұратын. Студент кезінде «Балауса», «Қарлығаш», «Тоғыз перне» атты жас ақындардың жинағынан орын алған-ды. 1992 жылы «Таңғы дауыс» атты жеке жыр жинағы «Балауса» баспасынан жарық көрді.

«Ақын қыздың тұңғыш кітабы махаббат мұңы мен қуанышын сезім шырқауына көтере жырлаған жүрек толғаныстарынан тұрады» делінген екен бұл кітаптың алғысөзінде.

Мектептен кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1982 жылы бітірген болатын. Гүлзәкира республикалық «Пионер» журналында, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде, Қазақ радиосында бірнеше жылдар журналистік қызметтер атқарды.

Екі қыз, бір ұлдың анасы 2004 жылы 5-шілдеде дүниеден озды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *