БАЙ КӨРШІ

Білім Жастар
1 432 Views

Өмірде не болмайды. Бәрі де болады.

Қалада бір азаматпен көрші болдым. Алғашқыда мән бермесем де қымбат көлік, келісті үйіне қарап бір мекемеде басшы қызметте екенін кейін білдім.

Тәжірибемнен тұрмысты кісінің жағдайы төмен адамның үйіне кіре бермейтінін білетінмін. Бұлай болар деп кім ойлаған. Түскі асқа макарон қайнатып шай ішіп отырғанбыз. Бірде көршім:

– Аға, шеге суырғышыңыз бар ма деп кіріп келсін. Келуін келсе де отыруға ықылассыз. Асығулы.

Сыр бермес үшін тездетіп іліккен газетпен дастархан бетін жаба қойдық та іздеп жүріп жексұрын шеге суырғышты тауып бердім. Ұялғаным-ай!

– Уһ! Бір масқаралықтан құтылдым-ау деп қара шайыма отыра беріп едім, сынағаны ма

– Жәке, қолараңызды да бере тұрыңыз. Келген соң оны да ала кетейін деп қайта кірсін. Сосын «Әкелмейді емес, әкелесің. Үйімізге құрал шақ келмейді» деп қосып қойды. Қулыққа кеңірдегіне дейін толған басшыға не деп болады. Жүзіне қарасам сұраушының түрі. Монтиып-ақ тұр.

– Ара дейсің бе? Мә, ара! Бірақ өтпес боп қалған.

– Өтпесе қайратып алармыз.

Тістерін бармағымен басып көрді де қуанған түр көрсетті. Кейін әкеп берді. Аңғарғаным, бір рейка да араламаған. Ара болса тот басқан. Шаң-тозаң сол қалпы! Сөйтсем бұларға да жетпейді деп ойласын. Әрі десе өзін-өзі рухани жұбатып көршілерімен араласып тұрады деп айтсын деп әдейіге істейді екен ғой. Мен қайдан білейін. Сосын желеу болған нәлеті ара, балға, күректерімді оңайға қойдым.

Неге дейсіздер ме? Көршім және сұрап келсе тез тауып беріп құтылу үшін. Осы жағдайдан кейін мен де қулыққа көше қойдым. «Дастарханымызда» не жоқ дейсіз. Жұмыртқаның қабығы, мүжілген сүйек, құдай-ау әлгі шұжық пен қаймақтың бос құтысына дейін үйіп қойдық.

Ойымыз, бұлардың да ішіп-жемі жақсы екен деп айтсын деп.

Бірақ көршімнің ақ сазандай әйелі әңгімесін ойланбастан айтып мұқтажсыз адамның қалпын көрсетіп қоя беретін. Бірде әлгі келіншек кіріп келді де:

– Диета ұстап шұжық пен қуырылған жұмыртқа жеп жүр едім, сіңбей қалыпты.

Сонда да болса қазы-қарта жегеннен бұл жеңілдеу екен, солай емес пе деп, – алтын тістерін жарқырата күлді.

Әйелім екеуміз:

– Дұрыс айтасыз. Бізге де ауырлық жасап жүр. Қалған тамақты не істерімізді білмей отырмыз деп дастархандағы әлгі үйіп қойған қалдықтарға қарап қойдық.

Мұңсыз адамға шара бар ма, ақ сазандай келіншек ойланбастан: «Отравится» ету оп-оңай. Мен ғой қалған асты итім Тузикке беремін. Сіздер де сөйтіңіздер деді.

Біз үнсіз бір-бірімізге қарадық.

Расында кешкі асқа пияз қуырып суға қайнатылған картоп жеп отырған болатынбыз. Баймен көрші болғаның құрысын. Сыр бермей қашанғы шыдар екенбіз.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *