ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ – ҚОҒАМДЫҚ ӨМІРДІҢ ТЕҢДІГІ

Қоғам Құқық
1 219 Views

Қазіргі уақыттағы өзекті мәселелердің бірі – гендерлік саясат болып тұр. Гендерлік саясат дегеніміз қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Танымалағылшын социологы Энтони Гидденс өзінің «Социология» атты еңбегінде: «Гендердегеніміз – еркек пен әйел арасындағы дене бітімінің айырмасы емес, ер азаматқа тән қасиеттер мен әйелдік болмыстың әлеуметтік тұрғыдан қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері» деп анықтама берген.

Соңғы жылдары ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп талқыға түсіп келеді. Қазақстанда бұл мәселеге байланысты Үкiметтің 2003 жылғы 27 қарашада N 1190 қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы гендерлiк саясат тұжырымдамасы» бекітілген.Тұжырымдама Қазақстандағы гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттарын, басымдықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi. Гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн қамтамасыз етеді.

Ал осыған дейін қазақ тарихында гендерлік мәселе ауқымды болған ба?

Әйелдерді еркектермен теңестіру туралы заң талабы ұлы далада ежелден қалыптасқан дәстүрмен сай келді.

Ақселеу СЕЙДІМБЕК.

Ерте кезден бастап біздің халқымызда әйел мен еркек құқығына талас мәселелері болмаған. Ұлы дала халқында әйелдер де, ерлер де бірге ат шауып, ел басына күн туа қалса соғысқа да аттанған. Қызын қонақ деп, болашақ ана деп сыйлап, төрден орын берген, қатты сөз айтпаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген де бар. Бірақ, бұл қызды кемісітіп, оны шектеу үшін айтымағаны анық. Ардақты аруын бөтен ойлылардан, кесір жандардан қорғап, ұясына қондырғанға дейін оған пана болған.

Әйел мен ер теңдігі мәселесі Батыстан бастау алса да, Ұлы дала өркениетінде мұндай мәселе болмаған. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен» деген сөз қазақтың қазіргі заманауи әйелдің шамасы мен қайрат-қабілетіне әуелде баға бергенінің дәлелі. Ал, патша өкіметі кезінде Ұлт зиялылары, Алаш арыстары көтерген әйелдер теңсіздігі қараңғылық себебінен бертін келе пайда болған дүние. Қазір оның барлығын еңсердік, егемендік алдық. Енді жаңа заманда әйел құқықтарына таластың жаңа толқыны жүріп жатыр. Бірақ мәселе соншалықты ауқымды ма?

Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбек етіп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуда.

Халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Еліміздің де тең жартысы әйел қауымынан тұрады. Бүгінгі таңда әйелдер ошақ басындағы қазанның құлағында емес, денсаулық сақтау, ағартушылық жүйенің, мемлекеттік қызметтің, сондай-ақ, бизнестің де құлағын ұстағанына қарамастан отбасының жарасымдылығына көп үлес қосып отырғаны айқын дүние.

Дегенмен, жасалып жатқан шараларға қарамастан елімізде гендерлік түйткілдердің шешілмеген тұстары да баршылық. Мұндай жағдайлар әсіресе әлеуметтік желілерде феминистердің өткір пікір білдіруімен көрініс табуда.

Мемлекетіміздегі гендерлік саясаттың бекітілген негізгі бағыттары – билік құрылымдарында ерлер мен әйелдердің үйлесімді қатысуына қол жеткізу экономикалық тәуелсіз әйел үшін теңдей мүмкіндікті қамтамасыз ету, қызметте өсу мен өз бизнесінің дамуы, отбасындағы теңдей құқық болуына жағдай жасау, жынысына қарамастан зорлықтан азат болуды анықтап берді. Экономика саласындағы жұмысшылардың жартысына жуығы – әйелдер. Олардың ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер, шағын бизнес, қызмет көрсету, мәдениет, спорт саласының өкілдері бар. Бүгінгі таңда менеджерлер арасында, соның ішінде мемлекеттік қызмет басшылары арасында әйелдер көп. Бұдан басқа қазақстандықтардың қоғамдық санасында ерлермен қатар бизнесті бағындырған іскер әйелдің бейнесі қалыптасып келеді. Осыдан 10 жыл бұрын өткен Дүниежүзілік экономикалық форумның өзінде Қазақстан гендерлік теңдік рейтингісінде 134 мемлекет арасында 11-орынды иеленген еді. 2020 жылғы БҰҰ рейтингісі бойынша 189 мемлекеттің ішінде Қазақстан 43-орында тұр.

Қорыта келе:

– Қай жерде әлде қай елде

Өмірдің мәні – әйелде, – демекші, дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден – құқық берілуінен, үшіншіден қорғалуынан танылады.

Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдары болды. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке лайық болды және құрметтелді де.

Ғасырлар сынынан сүрінбей өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтардың ешбірі өзге ұлт пен ұлыс дәстүрлерімен, ұстанымдарымен қайшы келмейді. Өйткені шынайы адамгершілік пен иманға негізделген құндылықтар ғана құнын жоймайды әрі өміршең келеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесіне қатысты да біз дәл осылай пайымдай аламыз.

Серік Қойшыбайұлы НИЯЗБЕК,

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *