«БАЛАЛАРДЫҢ САПАЛЫ БІЛІМ АЛУ ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУЫ ТИІС»

Білім Қоғам
398 Views


Биыл Түркістан облысында 51 621 оқушы 1-сыныпқа барады. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы 1-4 сыныпта оқитын 188 мыңға жуық бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Облыста салынып жатқан 33 мектептің бесеуі 1 қыркүйекте тапсырылса, жыл соңына дейін 14-і және 2024 жылы 14 мектеп пайдалануға беріледі.

Жаңа оқу жылына дайындық барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды. Білім саласына қатысты мәселелер облыс әкімінің жігі бақылауында. Өңір басшысы облыстағы жалпы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен жылу маусымына дайындығын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын жіті қадағалауды жүктеді. Білім беру ошақтарының жаңа оқу жылына толық дайын болуын, барлық балабақша, мектепке автобус тасымалдауы жайында тапсырмалар берді.

Облыстағы мемлекеттік 1 мың білім беру мекемелері 100% дабыл батырмаларымен қамтылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс білім беру ұйымдары күзет фирмаларымен келісім-шартқа тұруда. Қажеттікке байланысты беру ұйымдарының қоршауы жаңартылуда. Ішкі әжетханасын ретке келтіруі тиіс 89 мектепте кәріз жүйесін ретке келтіруі жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Балаларымыздың сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Білімді ұрпақ – біздің басты құндылығымыз. Сондықтан оқудың барлық кезеңінде балаларға қолайлы жағдай жасау – біздің негізгі міндетіміз. Жаңа оқу жылына дайындық, мектепке тасымалдау, білім ұяларының жылыту маусымына дайындығы қатаң бақылауда, — деді облыс әкімі.

28 мектептің жылу жүйесі газға өтті. Бұл жұмыстарға 70 мектепке бюджеттен 1 млрд. 665 млн. теңге қаржы қаралған. Білім беру мекемелерінің жылыту жүйелеріне гидравликалық сығымдаудан өткізіліп жатыр. Осы және тағы басқа атқарылып жатқан жұмыстар бойынша облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев баяндама жасады.

– Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы 1-4 сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған облыстық бюджеттен 6 млрд. 197 млн. теңге қаржы қаралған. Облыста жалпы 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1 қыркүйекте 5 мектеп тапсырылса, жыл соңына дейін 14-і және 2024 жылы 14 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар облыста 21 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мерзімінде аяқтамаған мердігер компанияларға заңнама талаптарына сәйкес шара көріледі. Соның бірі Сарыағаш ауданындағы, №16 Панфилов атындағы жалпы орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер «Шаңырақ-21» ЖШС-іне 200 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыс бойынша 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке тасымалданады. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 101 жаңа заманауи автобустар алынды. Олар 101 мектепке жеткізілді. Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобуспен ұйымдастырылады.

Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары үшін мектеп формасы және оқу құралдарын алуға облыстық бюджеттен 1 млрд. 316 млн. теңге қаржы бөлінді. Осы санаттағы 32 455 балаға 40 567 теңгеден қаралып, ата-аналарының шоттарына қаржылай аударым жасалды. Республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам оқушы қамтылады.

Отырыста Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Ғалымжан Алматов жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысын баяндады. Мониторинг барысында білім беру ұйымдарындағы интернет, күрделі және ағымдағы жөндеу, қауіпсіздік, жылы санитарлық тораптар (әжетханалар), спорт залдары, асханалар, пәндік кабинеттер, робототехника кабинеттері сияқты мәселелер қамтылды.

МЕКТЕПТЕРДІҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округі, Шайхана елді мекеніне арнайы барып, Т.Бокин атындағы бастауыш мектепте жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты.

Қазіргі таңда, білім беру нысанында сарқынды суларға арналған септик қазылып, жылыту жүйесі жаңартылып, ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезелері ауыстырылған. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіледі.

Жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, кейбір олқылықтарды көзі шалған аудан басшысы жауапты бөлім басшысына жаңа оқу жылына дейін жөндей жұмыстарын аяқтау бойынша талап қойды.

Содан соң, аудан басшысы Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарының өтініші сәйкес, Жылға елді мекенінде орналасқан №56 бастауыш білім беретін мектебінің жай-күйімен облыстық мәслихаттың депутаты Уәлихан Рахиевпен бірге барып, танысты. Аралау нәтижесінде аудан басшысы тұрғындарға аталған мәселелер бойынша облыстық құрылыс басқармасына ұсыныс хат жолданатынын жеткізді.

САПАЛЫ ЖОЛДАР САЛЫНЫП, ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

Құрылыс саласы – ұлттық экономикамыздың маңызды салаларының бірі. Ал, жасампаздықтан тұратын құрылысшы мамандығы қай кезде де қоғамда ерекше құрметке ие. Олардың ерен еңбектерінің арқасында тәуелсіздік жылдары еліміздің сәулеттік келбеті көркейіп, қалалар мен ауылдар абаттандырылуда. Сапалы жолдар салынып, инфрақұрылым жақсарып келеді.

Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Киелі Мақтаарал ауданында да құрылысшы мамандығының маңызы зор. Халқы тығыз орналасқандықтан, әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелерінің ғимаратын салу – мұнда үлкен өзекке ие.

Ел экономикасының маңызды саласының өкілі – құрылысшылардың орасан еңбегінің арқасында жаңадан құрылған Мақтаарал ауданында зәулім ғимараттар мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде.

Атап айтқанда, биылдың өзінде ауданда 200 орындық 4 мектептің құрылысы және «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 5 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Мырзакент кентіндегі Мадиходжаев көшесінің бойынан әкімшілік ғимаратының құрылысы, Мырзакент кенті аумағынан спорт сарайының құрылысы, Мырзакент кенті аумағынан №2 әкімшілік ғимарат құрылысы, Мақтаарал ауылдық округі Игілік ауылынан бір мезгілде 50 адам қабылдайтын амбулатория, Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев ауылы және Жамбыл ауылдық округі Жалын ауылдарынан салынып жатқан мәдениет үйі мен кітапхананың құрылыстары да кестеге сәйкес жүріп жатыр. Сонымен қатар, Мырзакент кентінде орталық саябақтың құрылысы да басталды.

Жалпы ауданның ажарын ашатын, айбарын асқақтататын келісті келбетінің көркеюіне қосып жатқан үлестеріңіз де көз сүйсінтерлік.

Аудан орталығы болғанына 5 жыл толған Мырзакент кенті күн сайын құлпырып келеді. Кентте ескірген нысандардың барлығы да қайта жаңарып, үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Көшелерінің барлығы дерлік асфальттенді. Ағаштар егіліп, жарқырата жарықшамдар орнатылды. Субұрқақтар атқылап, гүлдер жайқалды. Мырзалардың мекені деп атала бастаған Мырзакент қай жағынан алса да дамып, көркі көз тоймайтын деңгейге жетті. Әрине, ауданымыздың сәулеттік келбетінің қалыптасуында құрылысшылардың ерен еңбегі жатыр.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ТАРТЫЛУЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов қызметіне тағайындалғалы ауылдарды аралап, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысуда. Онда бірқатар мәселелерді талқылап, ауыл әкімдерінің істеген жұмыстары пысықталды. Аудан басшысының кезекті жұмыс сапары Қарамұрт ауылдық округінде жалғасты.

Алдымен аудан басшысы Низамабад елді мекенінде орналасқан «Жаңақұрылыс» аумағында болды. Жалпы 2006-2014 жылдары аралығында жер телімдері тұрғындарға берілген болатын. Салдарынан инфрақұрылым желілері тартылмаған 248 га жерге 287 үй соғылған. Ал ондағы жер учаскелерінің саны — 1550 құрайды. Бұл орайда А.Сәбитов ең алдымен заңға сәйкес жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауды тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі Қарамұрт ауылы Г.Гулам көшесінің жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған құрылыс жұмыстары бойынша 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген болатын. Бүгінде Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналық шаруашылық бөлімі тарапынан көшені жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы өткізіліп, жөндеу жұмыстары жүруде. Мердігер мекеме «Стандарт строй» жөндеу жұмыстарын қыркүйек айында аяқталатынын жеткізді.

Жалпы жоғарыда аталған нысандардың жұмыс сапасы аудан әкімінің жіті бақылауында болады. Ауыл аймақтарға инфрақұрылым желілерінің тартылуы – басты назарда!

ҚҰРЫЛЫСҚА ЖҰМСАЛҒАН БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылдық округіне іс-сапары барысында ауылдағы құрылысы жүріп жатқан және жаңа басталған бірқатар нысандарды аралап, мердігер мекеме басшыларымен кездесу өткізді.

Әуелі аудан басшысы тамыз айында қазығы қағылған Бадам ауылдық дене шынықтыру – сауықтыру кешені құрылысының қауіпсіздік шаралары мен жұмыс кестесін, Орда мөлтек ауданындағы инфрақұрылым жұмысын тексерді. Әрі мердігер мен салаға жауапты бөлім басшыларына жұмыс жүргізу барысындағы кемшіліктерді тез арада ретке келтіру жөнінде нақты тапсырма берді.

Онан соң Дербес ауылындағы жаңадан бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратына барған аудан әкімі медициналық мекеменің ішкі әрлеу, сыртқы қоршау, көгалдандыру жұмыстары бойынша бірқатар ескертулер айтты.

Құрылыс жұмыстарымен танысу кезінде Азат Әбдіғалиұлы мердігерлерге құрылысы жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандар мен инженерлік-инрақұрылым жұмыстарын кестеге сай уақытылы әрі сапалы етіп аяқтауды тапсырды.

ТОҒЫЗ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛДІ

Биыл Ордабасы ауданында өткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының есепті кездесуінде тұрғындар көтерген мәселелер шешімін тапты. Атап айтқанда, осыған дейін әкіммен кездескен тұрғындардың өтінішімен Темірлан ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды. Көлтоған елді мекеніндегі орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Темірлан ауылына ауыз су жүйесі жүргізілді. Жолдар жөнделді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен есептік кездесуі бүгін Ордабасы ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, іске асқан жұмыстардың мән-жайын тұрғындарға баяндады. Алға қойылған мақсат-міндеттер мен қолға алынатын маңызды жобаларды халыққа жеткізді.

Облыс әкімі баяндағандай, Төрткүл ауылының тұрғындары көтерген табиғи газбен қамту мәселесін шешу үшін бюджеттен 829 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін осы мәселені шешу үшін 75 жедел-жәрдем автокөлігін сатып алу жоспарлануда. Ұялыжар ауылынан талапқа сай 9 гектар жерге жеке кәсіпкер есебінен полигон салынуда. Бұдан бөлек, ауданда заңсыз жер қойнауын пайдалану мәселесі бойынша тексеру барысында, қыш зауыттың аумағынан топырақ қазу фактісі анықталды. Жер қойнауына келтірілген залал көлемі зерделеніп, құжаттар құзырлы органдарға жолданды.

Облыс әкімінің халықпен кездесуіне келген ордабасылық шаруалар 9 жылға созылған жер дауының шешілгенін қуанышпен жеткізді. Осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде мәселе көтерген өндірістік кооператив мүшелері 24 рет соттасып, енді ғана мәмілеге келген. Мәселе шешілді. Қос тарап келісіп, шығындар өтелген.

Кездесуде облыс әкіміне Ордабасы ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өтініштерін жеткізді. Сонымен бірге жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір сұраққа жауап беріліп, хаттамаға енгізілді. Облыс әкімінің халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

Спорт алаңын салып беруді сұраған тұрғынға облыс әкімі бұл шараларға аудан басшылығына жергілікті кәсіпкерлерді тартуды тапсырды. Туған жерді түлетуге қол ұшын созып жүрген азаматтардың артқанын айтты. Сондай-ақ кездесуде өндірістік қоқыс мәселесі көтерілді. Бұл жағдай құзырлы органдардың бақылауында.

Ауданның негізгі капиталына жыл басынан бері ауданға 14 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында биыл 6 айда 14,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі биыл 6 айда 19 млрд. теңгені құрады. 71,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Өңірлік өнім көлемі 6 айда 48,3 млрд. теңгені құрады. Биыл 6 айда құрылыс көлемі 6 млрд. теңгеден асты. Шағын және орта бизнес нысандары 13 мыңнан асты. Ордабасы ауданында осы жылы 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Бюджеттің өзіндік кірістері былтыр 4,5 млрд. теңгені құрады. Биыл 6 айда 2 млрд. теңге түсіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе өсті.

– Бюджеттің өзіндік кірістері әлі де жеткіліксіз. Бұл түсімдер ауданның әрі қарай дамуына өз септігін тигізеді. Өзіндік кірістерді арттыру үшін әкімдер жұмыс істеу керек. Ол үшін 5 жылдық жоспар құру керек. Әр әкімге қойылар басты талап – халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерін шешу.

Тәуелділіктен арылуы үшін біздің өңір, әр аудан өзін өзі қамту деңгейін нығайтып, арттыра түсу қажет. Сондықтан бюджет кірісін арттыру – біздің басымдықты міндеттеріміздің бірі. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай, назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, қалған 16 аймақты да көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Жергілікті әкім, өз кезегінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсау керек. Барлықтарыңызды, ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Аудандағы су нысандарының су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 7,2 млрд. теңге бөлініп, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қараспан су торабымен (құны – 1,2 млрд. теңге), Қараспан магистралді каналына (құны – 3,5 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Биыл 2 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталатын болады. Қалған каналдарды келесі жылы пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Биыл 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылдың соңына дейін ауданда инвестициялық құны 10,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жобаны іске асырып, 328 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биыл 6 айда 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 72 жұмыс орны ашылды. Екінші жартыжылдықта құны 9,6 млрд. теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.

Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Ағымдағы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер беріледі.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға беріледі.

Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылады. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде турникет жүйесімен, бейнебақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін 293 млн. теңге бөлінді. Ыстық тамақпен 1-4 сыныптарының оқушыларын қамтамасыз ету үшін 425 млн. теңге бөлінді. Яғни, биыл бірінші рет осы мақсатта 718 млн. теңге бөлініп, оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр.

Биыл екі елді мекенде медициналық пункттер ашылды. Төрт ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту»ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар Ордабасы ауданында 3 медициналық нысан салу жоспарланып отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *