ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДОП ДОДАСЫ

Спорт
986 Views

ШИРЕК ФИНАЛ

Бразилия мен Уругвай жарыстан шығып қалған соң, Әлем чемпионаты Еуропа чемпионатына айналып қалды

Франция – Уругвайды 2:0 есебімен қапы қалдырды. Рафаэль Варан (40) мен кездесудің үздік ойыншысы Антуан Гризманн (61) қарсыластар қақпасынан саңылау таба білді. «Үшжолақтылар» енді жартылай финалда Бельгиямен бәсекеге түседі.

Бельгия – Бразилия кездесуінде 2:1 есебі тіркелді. Фернандинью (13, автогол), кездесудің үздік ойыншысы Кевин де Брёйне (31) – Ренату Аугусту (76). «Қызыл сойқандар» «пентакампеондардан» басымдық танытты. Ширек финалда сүрінген Бразилия мен Уругвай жарыстан шеттетілді. Осылайша оңтүстікамерикалықтар Әлем кубогын оныншы рет иемдену құқығынан айырылып отыр. Сөйтіп Әлем чемпионаты Еуропа чемпионатына айналып қалды. Енді кәрі құрлықтың өкілдері Әлем кубогын 12-рет төбелеріне көтеретін болады.

Сөз орайы келгенде Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшин «селесаолық» Неймар ширек финалдық ойында үш голдың авторы атанатын болса, Татарстан астанасынан жер телімін сыйға тартатынын, тіпті оған демеушілік жасаймын деген жанашыр адамдардың да табылып отырғанын мәлімдеген. Өкінішке орай, Неймар хет-трик жасамақ түгілі бір доп соғуға да шамасы келмеді. Масқараның көкесі «Пентакампеоендар» туған жеріне барғанда болды. Жанкүйерлер бразилиялық футболшылар отырған автобусқа шіріген жұмыртқа мен тас лақтырып, өздерінің оларға деген ашу-ызасын білдіртті.

Ұлыбритания – Швециядан 2:0 есебімен басым түсті. Бұл ойында Харри Магуайр (30) мен Деле Алли (59) гол соғуымен ерекшеленді. Талай тамаша сейв жасаған ағылшын қақпашысы Джордан Пикфорд кездесудің үздік ойыншысы атанды. Осылайша жартылай финалда футбол Отанының өкілдері хорваттармен кездесетін болды.

Хорватия – Ресей ойынының негізгі бөлімі 1:1 есебімен тең аяқталды. Ресейлік Денис Черышев (31) соққан голға Андрей Крамарич (39) қарымта қайтарды. Қосымша бөлімде де тең есеп (2:2) тіркелді. Хорватиялық Домагой Виданың (101) голына Марио Фернандес (115) жауап доп соқты. Пенальтилер сериясында «шақпақжейделілердің» жолы болды (4:3). Лука Модрич кездесудің үздік ойыншысы атанды. Сонымен, жарыс қожайындары дүниежүзілік дүбірлі доп додасынан шығып қалды.

Өткізілген 60 ойынның қорытындысы бойынша мынадай статистикалық мәлімет шығарылып отыр:

ФИФА Ресей құрамасын ең үздік қорғанушы команда деп таныды. Олар 259 рет сейв жасаумен қоса-қабат допты қарсыласынан тартып ала білген.

Бельгия — ең көп доп соққан команда атанды. Олар 14 рет қарсыластар қақпасынан саңылау тапқан. Соның төртеуі Ромелу Лукакудың, екеуі Эден Азардың еншісінде.

Ұлыбританиялық Харри Кейн қарсыластар қақпасына алты доп соғып, чемпионаттың сұрмергендер көшін бастады.

Бразилия – ең үздік шабуылдаушы команда атанды. Олар 292 рет шабуылға шыққан. Неймар қақпаға 27 рет соққы жасаған. Өкінішке орай, соның тек екеуі ғана голға айналған.

Испания – ең үздік пас беруші команда деп танылған. Олар-бір біріне 3120 рет пас беріп үлгерген. Соның ішінде команда капитаны Серхио Рамос командаластарына 485 рет дәл пас берген.

Ресейлік Роман Зобнин – ең үздік желаяқ футболшы деп танылған, Ол бес ойында 62 шақырым қашықтыққа жүгірген.

Мексикалық Гильермо Очоа – үздік сейв жасаушы атанған. Ол өзінің қақпасын 25 рет қауіпті деген голдан құтқарып қалған.

 

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Франция мен Хорватия Алтын кубокты сарапқа салатын болды

Франция – Бельгиядан 1:0 есебімен басым түсті. Тағдыршешті голды 51 минутта кездесудің үздік ойыншысы Самюэль Умтити соқты. Осыдан 20 жыл бұрын «үшжолақтылар» өз елдерінде өткен дүниежүзілік доп додасында тұңғыш рет чемпион атанған. Енді биыл сол толағай табысын қайталауға бір табан жақын қалып тұр.

Хорватия – Ұлыбритания кездесуінде 2:1 есебі тіркелді. Алдымен ағылшындар есеп ашты. Киран Триппьер бар болғаны бесінші минутта-ақ қарсыластар қақпасынан саңылау тапқан. «Шақпақжейделілердің» арасынан кездесудің үздік ойыншысы Иван Перишич (68) таразы басын теңестіріп үлгерген. Ойынның қосымша бөлімінде Марио Манджукич (109) командасын есепте алға шығарды.

 

ҮШІНШІ ОРЫН ҮШІН БОЛҒАН ОЙЫН

Бельгия – қола жүлдегер!

Бельгия – Ұлыбритания кездесуінде үшінші орын иесі анықталды. Олардың биылғы G тобындағы өзара сайысы 1:0 есебімен «Қызыл сойқандардың» пайдасына шешілген еді. Бельгиялықтар бұл жолы да өздерінің ағылшындардан күшті екенін дәлелдеді. Тома Менье төртінші минутта-ақ есеп ашты. Кездесудің үздік ойыншысы атанған хорваттардың капитаны Эден Азар 82 минутта есепті 2:0 – ге жеткізді. Осылайша «Қызыл сойқандар» өздері қатысқан 13 Әлем чемпионатында екінші рет қола жүлдегер атанды. 1986 жылы Мексикада өткен дүниежүзілік доп додасында төртінші орынды иеленген оларға қола медаль тапсырылған болатын. (1966-1994 жылдар аралығында бірінші орынды жеңіп алған командаға алтын медаль, екінші орынға алтындатылған медаль, үшінші орынға күміс медаль, төртінші орынға қола медаль табыс етіліп келген). Сонымен испаниялық білікті бапкер Роберто Мартинестің жетекшілігіндегі Тибо Куртуа, Тоби Алдервейрелд, Томас Вермален, Ян Вертонген (108 ойынға қатысқан, бұл – ұлттық құраманың рекордтық көрсеткіші), Аксель Витсель, Кевин де Брёйне, Мауран Феллаини, Ромелу Лукаку (биылғы чемпионатта төрт доп, барлығы – 38 доп соққан), Эден Азар (капитан), Янник Фейрейра Карраско, Симон Минолье, Кун Кастельс, Дрис Мертенс, Тома Менье, Торган Азар, Юри Тилеманс, Аднан Янузай, Мусса Дембеле, Дедрик Боята, Миши Батшуайи, Насер Шадли, Леандер Дендонкер қола жүлдегер атанып отыр. Чемпионат барысында қарсыластар қақпасына алты доп соққан ұлыбританиялық Харри Кейн «Алтын бутсы» иесі атанды.

 

ШЕШУШІ АҚТЫҚ ФИНАЛДЫҚ САЙЫС

Хорватия – күміс жүлдегер,     Франция – Әлем чемпионы!

15 шілдеде Мәскеудегі «Лужники» стадионында футболдан ХХ Әлем чемпионатының жабылу салтанаты өтті. Театрландырылған қойылымда төрткүл әлемге танымал әншілер өнер көрсетті.

Кейіннен жасыл алаңға Франция – Хорватия командалары шықты. «Үшжолақтылар» осымен үшінші рет (1998, 2006, 2018) финалға жолдама алып отыр. Соның алғашқысында өз елінде ұйымдастырылған мундиальда Әлем чемпионы атанған. Екіншісінде Германияда өткен аламанда Италияға жол берген.

Сөз орайы келгенде бұл қос команданың осыдан 20 жыл бұрын Францияда өткен дүниежүзілік доп додасының жартылай финалында өзара тоқайласқанын тілге тиек ете кетейік. Сонда «Үшжолақтылар» 2:1 есебінен жеңіске жеткен болатын. Ақыр аяғында алаң иелері Әлем чемпионы атанып, «шақпақжейделілер» қола жүлдені місе тұтқан. Биыл Хорватия тұңғыш рет финалда өнер көрсетіп отыр.

Кездесудің 18 минутында француздардың айып соққысын баспен ұрып қайтарамын деген Марио Манджукич қапылыста өз қақпасына доп соғып алды. 28 минутта Иван Перишич таразы басын теңестірді. Араға он минут салып тағы да сол ойыншы өздерінің айып алаңында допты қолмен ойнады. Кездесудің үздік ойыншысы атанған Антуан Гризманн пенальтиді мүлтіксіз орындады. 59 минутта Поль Погба француздардың үшінші голын соқты. Осы дүниежүзілік доп додасының жас та болса хас шебері – Килиан Мбаппе – Холтен есепті 4:1-ге жеткізді. 69 минутта Марио Манджукич қарымта доп соққанымен, хорваттардың одан арыға шамасы жетпеді. Сөйтіп, 4:2 есебімен жеңіске жеткен «үшжолақтылар» Әлем чемпионы атанды.

Сонымен, бас бапкер Златко Даличтің жетекшілігіндегі Хорватия құрамасы күміс жүлдені қанағат тұтты. «Шақпақжейделілердің» намысын Доминик Ливакович, Шиме Враслько, Иван Стринич, Иван Перишич, Ведран Чорлука, Деян Ловрен, Иван Ракитич, Матео Ковачич, Андрей Крамарич, Лука Модрич (капитан), Марцело Брозович, Ловре Калинич, Тин Едвай, Филип Брадарич, Дуйе Чалета-Цар, Никола Калинич, Марио Манджукич, Анте Ребич, Милан Бадель, Марко Пьяца, Доматой Вида, Йосип Пиварич, Даниэль Субашич қорғады.

Франция ұлттық құрама командасы өз тарихында осымен екінші рет Әлем чемпионы атанды. «Үшжолақтылардың» сапында Юго Льорис (капитан), Бенжамен Павар, Преснель Кимпембе, Рафаэль Варан, Самюэль Умтити, Поль Погба, Антуан Гризманн, Тома Лемар, Оливье Жиру, Килиан Мбаппе – Холтен, Усман Дембеле, Корентен Толиссо, Нголо Канте, Блез Матюиди, Стивен Н.Зонзи, Стив Манданда, Адиль Рами, Набиль Фекир, Джибриль Сидибе, Флориан Товен, Люка Эрнандес, Бенжамен Менди, Альфонс Ареола өнер көрсетті.

Дидье Дешам – футболшы әрі бапкер ретінде (1998 және 2018) дүниежүзілік доп додаларының финалына шыққан төртінші тұлға. Бұған дейін бразилиялық Марио Загало (1962 және 1970) мен германиялық Франц Беккенбауэр (1974 және 1990) ойыншы әрі бапкер ретінде де Әлем чемпионы атанған. Енді атақты француз солардың жолын сенімді түрде жалғастырып отыр. Ал тағы бір германиялық чемпион футболшы Руди Феллер (1990 және 2002) күміс жүлделі бапкер атанған еді.

Жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттау рәсіміне ФИФА Президенті Джанни Инфантино, Ресей, Франция, Хорватия Президенттері – Владимир Владимирович Путин, Эмманюэль Жан-Мишель Фредерик Макрон, Колинда Грабар-Китарович қатысты. Сөз орайы келгенде соңғысы отандастарының 1/ 8 финалда Даниямен, ширек финалда Ресеймен, шешуші ақтық финалдық сайыста Франциямен болған ойындарын тамашалағанын тілге тиек ете кетейік. Финалдық бәсекеге қазылық жасаған төрешілер қауымы жарысты ұйымдастырушылардың қолынан арнайы сыйлық алды. «Үшжолақтылардың» сапында өнер көрсеткен жас пері Килиан Мбаппе – Холтен чемпионаттың ең үздік жас ойыншысы атанды. «Шақпақжейделілердің» капитаны Лука Модрич төрткүл әлемнің ең үздік ойыншысына берілетін «Алтын доп» жүлдесін иеленді. Хорватия құрамасының ойыншыларына күміс медаль тапсырылды. Француздарға алтын медальмен қоса-қабат Әлем кубогы салтанатты жағдайда табыс етілді.

Әлем чемпионатының символикалық құрамы мынадай: қақпашы Каспер Шмейхель (Дания), қорғаушылар – Марио Фернандес (Ресей), Йерри Мина (Колумбия), Андреас Гранквист (Швеция), Марсело (Бразилия), жартылай қорғаушылар – Киран Триппьер (Ұлыбритания), Кевин де Брёйне (Бельгия), Лука Модрич (Хорватия), Неймар (Бразилия), шабуылшылар – Харри Кейн (Ұлыбритания), Эден Азар (Бельгия).

 

*  *  *

Футболдан келесі ХХІІ Әлем чемпионаты 2022 жылы 21 қараша – 18 желтоқсан аралығында Катарда өтетінін бәріңіз жақсы білесіздер. Ал одан кейінгі ХХІІІ Әлем чемпионаты 2026 жылы Америка Құрама Штаттары, Мексика, Канадада ұйымдастырылатын болады. Бұған дейін Мексика 1968 және 1986 жылдары, АҚШ 1994 жылы дүниежүзілік доп додасын өткізген болатын. Ал хоккейдің Отаны саналатын Канада футбол жарысын тұңғыш рет ұйымдастырғалы отыр. Бұл Әлем чемпионатына тұңғыш рет 48 ұлттық құрама қатысады деп күтілуде. (Дүниежүзілік доп додасының финалдық турниріне қатысушылардың арасында Қазақстан құрамасы да болса ғой, шіркін!). Олар 16 топқа бөлініп, өзара күш сынасады. Әр топтан үздік деп танылған қос команда плей-офф бәсекелеріне шығатын болады. Алдын ала жүргізілген есеп бойынша бұл жауапты жарысты ұйымдастырушы елдер 11 миллиард доллар пайда табатын көрінеді.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық конкурстың лауреаты.

Шымкент қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *