ЕЛБАСЫ СЕНІМ АРТЫП, ХАЛЫҚ ҚАЛАҒАН ӘКІМ

Билік
822 Views

Осы аптаның басында күншуақты Оңтүстік өңірінде кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Елбасының Жарлығымен Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Түркістан облысының әкімі қызметінен босатылып, оның орнына Өмірзақ Естайұлы Шөкеев тағайындалды. Қарапайым халық арасында «Тойшыл әкім кетіп, ойшыл әкім келді» деген сөз желдей есуде. Бұлай деп айтуға негіз де бар сыңайлы. Өйткені, жаңадан құрылған Түркістан облысы мен оның орталығы, рухани астанамыз, көне де мәңгі жас Түркістан қаласын түлетіп, түрлендіру – Елбасының күндіз ойынан, түнде түсінен кетпейтін шаруа. Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қалада салынатын құрылыс нысандарының өскелең заман талабынан кеш қалып, тым сылбыр жүргізіліп отырғаны жайында өңір басшысына айтқан сын-ескертпелері халық жадында.

Бұған қоса Жансейіт Қансейітұлы Шымкентте жүргенінде қолға алған «Шатқал» деп аталатын өңірлік бағдарламасы да шатқаяқтағаны белгілі. Жалпақ жұртшылық мұны әлі ұмыта қойған жоқ. Тойшыл, сауықшыл әкім ай сайын әр ауданда іс-шара өткізіп, елді елең еткізгені тағы бар. Ал, мұның сыртында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы күннен-күнге әлсіреп, халықтың күнкөріс деңгейі тым төмендеп кеткені жасырын емес. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы жүргізіп отырған жұмыстары да асыра сілтеушілікті көрсетеді. Әйтпесе, жаңа облыстағы медицина мекемелерінің компьютермен жабдықталуы жүз пайызға орындалып отыр деп даурығар ма еді?! Елбасы оның басшылық қызметіне көңілі толмағандықтан не болмаса біз біле бермейтін басқа да себептерге байланысты қызметінен босатқан шығар.

Елудің бел ортасына шыққан қазақстандық саяси қайраткер, ғалым, экономика ғылымының кандидаты Өмірзақ Естайұлы – Оңтүстіктің өз перзенті. Түркістан қаласының тумасы. Мәскеу экономикалық-статистикалық институты мен осы жоғары оқу орны аспирантурасының түлегі. Мамандығы бойынша экономист-математик. Қазақтың қарапайым сөзімен айтқанда, нарық заманында таптырмас есеп-қисап пен үнемдеудің маманы. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің кеңесшісі, Президент әкімшілігі мен Министрлер Кабинетінің қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Экономика министрі, Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрі, Қазақстан Республикасының вице-министрі қызметтерін атқарған.

2006 жылдың қыркүйегі мен 2007 жылдың тамыз айларының аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып қызмет істеген. Бұл күнгейлік кішкентайлар ВИЧ дертіне шалдығып, ел іші енді не болар екен деп дүрлігіп тұрған күрделі кезең болатын. Соған қарамастан, айналасы 11 айдың ішінде Оңтүстік өңірі адам танымастай күйге енді. Шымкент шаһары шырайлана түскен. «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік!» атты акция аясында күншуақты өңірімізге қарымды қаламгерлер мен өрелі өнердің өкілдері ағылған. Халықтың рухани шөлін басқан. Опера және балет театрының негізін қалаған. Осыған орай Абай саябағында өткен салтанатты кеште талғампаз тыңдармандар алдында саксафонда ойнағаны да жадымызда. Қостанай облысы мен Астана қаласында басшылық қызметте жүргенде жинақтаған мол іскерлік тәжірибе өзінің игі жемісін берген. Инвестиция науадай болып құйылған. Соның арқасында елдің еңсесі көтеріліп, әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсара түскен. Қызметі көтеріліп, Астанаға ауысқанда халық қимай қоштасқан. «Тым болмаса тағы бір жыл істей тұрғанда болар еді» дескен.

Жалпы алғанда, Өмірзақ Естайұлы талай лауазымдық қызметті абыроймен атқарған атпал азамат. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы Ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы, кейіннен тағы да Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі сынды аса жауапты қызметті мінсіз атқарғанымен ерекшеленген. Бірнеше орден-медальмен марапатталған. Қысқасы, қай лауазымда жүрсе де оның артынан жаман сөз ерген емес.

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Өмірзақ Естайұлының атына ізгі тілекке толы пікірлер көптеп жазылуда. Түркістанды түлетуге, Түркі әлемінің орталығы етуге өз баласы, бел баласы келді деп отыр. Халық соған қуануда. Біз де қуанып отырмыз. Оның Елбасы сенімін толыққанды ақтайтынына, сөйтіп, күншуақты облысымызды егемен еліміздегі дамыған өңірлердің бірі емес, бірегейіне айналдыратынына ел бек сенімді. Мәскеуде тәлім-тәрбие алған, Қостанайды айтпағанда, Астанада талай жауапты лауазымдық қызметті абыроймен атқарған іскер де білікті басшының Елбасы мен ел сенімін ақтайтынына біз де ешқандай шүбә келтірмейміз. Енді оған біраз уақыт беріп, ойындағысын толық жүзеге асыруға мүмкіндік жасалса екен дейміз.

«Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, ескі әкімнің де тындырымды тірліктерін еске алып жүрейік. Өңірдің жаңа басшысына «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп ізгі тілегімізді арнай отырып, оның қауырт та қарбалас жұмыстарының жемісті болуына шынайы тілектестігімізді білдіргіміз келеді. Ендеше, іске сәт, Өмірзақ Естайұлы!

«Әділет-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *