БАУЫРЖАН ОМАРОВ –ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ

Билік
1 694 Views

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филологияғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

 Ол 1962 жылы 1 мамырда Қызылорда облысының Арал ауданындағы Қаратерең ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1998 жылы Мәскеу Халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін, 2006 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.

1986-1994 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1994-1996 жылдары Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігінің бас редакторы болып қызмет атқарды. 1996-1997 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, 1997-1998 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары – Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істеді. 1998-2000 жылдары Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасында ғылыми жұмыспен айналысты. 2000-2003 жылдары Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, қазақ әдебиетінің тарихы, ежелгі әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. 2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің директоры, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тіл комитетінің төрағасы болды. 2006-2009 жылдары «Литер Меdіа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Астана хабары» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры болып қызмет атқарды. 2009 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, ал осы жылдың мамыр айынан Комитет төрағасы болып қызмет істеді.

1993 жылы кандидаттық, 2001 жылы докторлық диссертация қорғаған. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымын, ежелгі әдебиет мәселелерін зерттеді. Әдебиеттануға арналған бірқатар ғылыми мақалалары шетелдерде жарық көрген. «Мұрат Мөңкеұлы» (1993), «Бұғауға салынған жырлар», «Қазақ-қырғыз қасіретнамасы» (1998) әдеби зерттеу, «Жұмыр жермен жүздесу», «Аруана бауыр дүние» (1998) деректі әңгімелер, «Зар заман поэзиясы» (2000) монографиясының, «Зар заман әдебиеті» (2005) ғылыми-публицистикалық кітабының, 70-ке жуық ғылыми мақаланың авторы.

Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент Грантының иегері.

Әріптес бауырымызды жаңа лауазымдық қызметімен шынайы құттықтап, оның қызметіне сәттілік тілейміз!

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *