ЕЛ ҚАДІРЛЕГЕН ҚҰРМАНБЕК

Тұлға
558 Views

Болмыс-бітімі бөлек, алқалы топтың арасына салса, сонадайдан суырылып алға шығып, көсемдей көзге түсетін арда азаматтар болады. Сондай ерен жандардың бірі Түркістан облысы, Түлкібастың түлеп ұшқан тұяғы Байсейіттің ұлы Құрманбек. Құрманбек Тайбергенов.

«Түлкібас тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер». Бәлкім, жерінің шұрайлы, түгін тартса май шығатын тұмса табиғатының шырайлығынан болар, Алатау мен Қаратау тоғысқан бұл маңда ел бастаған хан да, қол бастаған баһадүр де, әулие-әмбие, небір дүлділ, шайырлар өткен. Құрекең солардың ұрпағы. Құрекеңе бабаларынан қандай қасиет қонды? Біздің кейіпкеріміз Құрманбек Бексейітұлы кім? Қандай қызметтер атқарған, елге тигізген пайдасын айт десеңіз, автор ретінде әңгімені осыдан бастар едім.

Құрманбек Тайбергенов – нағыз істің адамы, қазақтың өндіріс саласына аты алтын әріптермен жазылып қалатын нар тұлға. Қазақстандағы алғашқы өндіріс саласын дамытуға күш салған. Қазақ даласына ірі зауыт-фабрикалар салына бастаған кеңес одағы дәуірінде Құрманбек жалындаған жас инженер жігіт болатын. Ол Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты, алюминий зауыты, картон-қағаз зауыты, Шымкент пен Тараздағы фосфор зауытын қайта құруға атсалысқан. Бертінде Шымкенттегі мұнай өңдеу, шина зауыттарын іске қосу жұмыстарының басында жүрген. Қазақ инженериясында қолтаңбасы бар Құрекең кейін лауазымды қызметтерді атқарып, ел ішіндегі мәселелерді шешу мақсатында еселі еңбек етті.

Құрманбектің жан-жағындағы жора-жолдас, замандас, қызметтестерінің берген бағасы – оның бойындағы еңбекқорлығы, табандылығы, көшбасшылығы. Бұл қабілеттері оны өрге сүйреді. Адам еңбегімен шыңдалады. Расында Құрекең бала кезгі ауыртпалықтары мен тағдырдың сын-салмағына әуелден мойымаған жан.

— Мен Түлкібастың Абайл деген стансасында 1958 жылы дүниеге келдім. 1959 жылы «Қара алма» стансасына көшіп бардық, сол жылы әкем Бексейіт дүние салды. Түс көргендей қара жамылып қалған шешемнің денсаулығы күрт нашарлап кетті, — дейді Құрманбек аға есіндегі еміс-еміс естеліктерді ақтарғысы келіп… Өзіне де оңай соқпады. Анасының омырауына жармасқан құйттай сәби… Әлі күнге көз алдында асқар таудай әке бейнесін елестету тіпті қиын.

— Әкем Байсейіт бақуатты кісі болған екен, біздің шаңырақты ағайын-жұрт «үлкен үй» атап кетіпті. Ауылдың адамдары алысқа жекжатшылап кетсе, оралған бойда алдымен үлкен үйге бас сұғып сәлем береді, амандық-саулық сұрасып шығады да, содан соң өз үйлеріне тарайды деседі. Әкеміз Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданнан аман келген адам. Бірақ ерте қайтыс болғанына қарағанда, алған жарақаты ауыр болған шығар деп ойлаймын.

Ал анам жайлы айтсам, аласа бойлы қара торы ибалы келіншек болған, әкем сұлу өңді екен де, қатарластары: «мына қара қыздан басқасын таппадың ба?» деп қалжыңдап қағытатын көрінеді. Асыл анам әкемнен кейін араға он жыл салып, 1969 жылы сырқат меңдеп өмірден өтті.

Әкем дүние салғаннан кейінгі өмірді ойлай берсеңізші… Бар ауыртпалық шешеме қарап қалды. Мал азығын дайындау, қыста шөп түсіріп, оны малға беру, қызы-жазы су тасу… шаруа шаш-етектен. Ағайындар шешеме қол ұшын беріп отырды. Тұрын ағамыздан бастап, Тұрта, Сартай, Тұрлыбай, Қыстау аға мен Қысырау, Жамалбай, Айдар, Исабек жезделер бас болып, үйдің іші-сыртын, сарайдың төбесін сылап беретін, тезек басатын. Әкем соғысқа кеткенде ұл-қыздарға әжеміз көзайым болған, қарап отырмай даланың да жұмыстарын бір кісідей алып жүрген. Келіні Әсел, яғни менің шешем қолөнерге бейім болады. Үйдегі кісі біткеннің бастан-аяқ қыстық, жаздық киім-кешегі, шапан, сырмақтарды тіккен. Киім пішіп отырған сәті көз алдымда, бес уақыт намазын қаза жібермейтін. Шешемнің айналып-толғанған кезін әлі күнге дейін ұмыта алмайды екенсің. Ананың аялы алақанына зар болдым.

«Қара алмада» төртінші класқа дейін оқыдым. Ауылдағы бала біткен төртіншіден соң жаппай Высокий селосындағы (қазіргі Шақпақ баба) мектепке ауысады. Кеңес одағының батыры С.Бреусов атындағы 10 жылдық мектеп. Бүгіндері де Бреусов атында. Ауылмен арақашықтық үш шақырым. Қысы-жазы қатынап оқуды айтыңыз… Бесінші класты ауылдағы Жұман, Уәлихан үшеуміз бірге қатынап оқыдық. Есімде қалғаны бірінші қыркүйек күні екі сабақтан бестік баға алдым. Орыс тілі сабағы Архабай ағайдан, математика Күзенбай ағайдан. Сол күні Өсербаймен шекісіп қалдық, енді бөтен ауылдың баласымыз ғой.

Оныншы сыныпты осы мектепте 1976 жылы тәмамдадым. Бір қызығы сабақты, үй тапсырмасына үйдегі малды жайғарып жүріп дайындаламын. Алдымен берілген тапсырмаларды параққа көшіріп алып, мұқият орындауға кірісемін. Ойын баласы емес едім, ерте ержеттім. Дегенмен, сыныптастарымның орны бөлек ғой. Сәбит, Тұрғынбай, Рәтбек, Өсербай, Бақтыбай, Ерғали, Жұман, Уәлихан, Қалдыбек деген жігіттер бұл уақытты алпыстың асуынан асқан ақсақал жасындағылар. Сабақ берген ағайларым Төлепберген, Күзенбай, Архабай, Бектас, Сәрсенбай, Тасқұл, Елемес, Сембай, Жүсіп, Тұрдықұл ағайлар.

1976 жылы мектеп бітіріп, Алматыдағы Қазақ химия-технология институтына түстім. Оқып жүргенде әр өңірге тәжірибе алмасуға жіберетін. Мәскеу, Тольятти, Самара, Ульяновск қалаларында практикадан өттім. Ауыл баласымыз ғой, институттағы сабақтарымыз ауыр болатын. Сонда да қалыспай оқыдық. Жоғары оқу орнында тәлім берген ұстаздарым Жұмабеков, Пиков, Кирпишов, Ямщиков, Алтаев, міне осы кісілерге мың алғыс айтамын. Студенттік шақта бірге жүрген достарыммен әлі күнге арқа-жарқа араласамыз. Тәлжан, Құлыбек, Момбек, Асылхан, Оразбек, Қадірәлі, Мұхтар, Шардарбек, Сейілбек, Бержан, Сабыр, Ибрагим деген жігіттермен Алматыны талай шарладық.

1981 жылы институт бітірген соң жолдамамен Павлодар қаласындағы «Қазпромтехмонтаж» қондырғылар басқармасына жіберді. Мұнда он жылдан бері жас мамандар аяқ баспаған екен. Мені ұжым қуанып қарсы алды. Оңтүстіктің жігіті оларға қызық көрінсе керек, бара сала бауырларына тартты. Бастапқыда мастер, инженер, прораб, кейіннен участок бастығы болдым. Солай жұмыстың ыстық-суығына төселдік. Жаңадан ашылғалы тұрған зауыт-фабрикаларға қондырғы орнаттық.

1984 жылы Павлодардан Шымкент қаласындағы «Қазхиммонтаж» қондырғылар басқармасына участок бастығы болып ауысып келдім. Сол жылдары Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын Одақ көлемінде тапсырысқа бердік. Мұнан соң итальяндық шеберлермен бірге Шина зауытын іске қостық. Ол жерде де күн-түн демей қызмет жасадық. Еңбектің жемісі, тиянақтылықтың арқасында үлкен кісілердің көзіне түсіп, облыстық атқару комитетіне бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктер бөлімінің аға референті қызметіне шақырылдым.

1986 жылдың қаңтар айы еді. Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы С.О.Жандосов үлкен залда мені ұжымға таныстырды. Қазір ойласам, қорқу-үркуді білмейтін жанып тұрған жиырма сегіз жасым екен…

* * *

Иә бұл шақ Құрманбек ағаның өміріндегі оң бұрылыстары десек қателеспейміз. Бойындағы қажыр-қайратын елге жұмсады. Ол кісі бір кеңседе қағаз мүжіп отырып қалған жоқ, ілгері қадамын қарыштай түсті. 1988-1991 жылдары Шымкент атқару комитетінде экономикалық кеңесші, төраға бірінші орынбасарының көмекшісі бола жүріп, қоғамдық қызметтерден қалыс қалмады. Облыстық халықтық депутаттар сессиясының шешімі бойынша бақылау комиссиясының хатшысы, кәсіподақ төрағасы болып та сайланды. 1991 жылдары облыстық халық депутаттары кеңесінде бас маман болды. 1993 жылдары Шымкент қалалық әкімшілігінде халық шаруашылығы басқармасының басшысы, Қаржы экономикалық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Бұл жылдардың өзіндік мектебі, сара жолы бар. Ел алдында айтулы таудай тұлғалармен дәмдес, қызметтес болды. Атап айтсақ, олар Санжар Жандосов, Сергей Терещенко, Мұхамеджан Қарбаев, Марс Үркінбаев, Халық Абдуллаев, Бердібек Сапарбаев, Болат Жылқышиев, Амалбек Тшанов, Сеит Белгібаев, Анарбек Орманов.

«Халықпен тығыз етене жұмыс істеу асқан жауапкершілік. Ел жүгін арқалап жүрген жылдарда жаман болған жоқпын, — дейді Құрманбек Байсейітұлы. – Біз шыңдалдық. Өмір ұстаздың сан тараулы жолдарынан сүрінбей өттік. Біздің алдымызда биік мақсаттар тұрды. Соның бірегейі – елге қызмет ету еді».

1993-97 жылдары мемлекеттік қызметтен қол үзіп, жеке кәсіппен айналысқан кездер де болды. 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі шаруашылық басқармасының басшысы Жеңісбек Мәуленқұловтың шақыртуымен «Ақсу» демалыс орнына директор болып келді. Сол кездері елде электр энергиясының тапшылығы орнады, соған қарамастан Құрманбек қараусыз қалған демалыс орнын жаңарту, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Бау-бақшаны көркейтуден бастап, ем қабылдайтын кабинеттерге дейін жайнатып жіберді. Осы еңбегін елеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ОҚО әкімінің Астана қаласындағы өкілдігінің орынбасары етіп сайлады. Ол жерден де көзге түскен Құрекең 2002 жылы ҚР Парламентінің қаржы-экономикалық басқармасы директорының орынбасарлығына қызметке шақырылды. Бұл қызметінде спорт саласын жолға қоюға көп ықпал етті. Халық қалаулылары ішінде С.Қонақбаев, С.Әбдрахманов, Қ.Тұрысов, С.Тезекбаев, Қ.Хамзин секілді сенат, мәжіліс депутаттарымен біріге жұмыс істеді.

Дегенмен, ел орданың ауа-райы қолайлы болмады, дәрігерлер жер ауыстыру керек деген соң, Шымкентке оралуға тура келді. 2002-2008 жылдары Шымкент қаласындағы «Қазтрансгаз» мекемесінде директордың техникалық мәселелер, аймақтағы жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Бұл күндері Құрманбек Тайбергенов ағамыз ардақты Пайғамбар жасына жетті. Елге сіңірген еңбегі өтеліп, енді құрметті демалысы күтіп тұр. Бұл күндері жұбайы Гүлнармен бірге ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, тәтті немелер сүйіп отыр.

Адам армандарымен алға жүреді ғой.

Балалық шағынан әдебиетке жаны құмар Құрекең батыр бабасы, Абылай ханның оң қолы болған Бердіқожа жайлы тың деректер жинап жүр. Қазақ-жоңғар шапқыншылығында ерен ерлік көрсеткен хас батырдың бүгінгі бел ұрпағы ретінде деректі фильм түсіріп, роман жазып шығару ойда бар. Лайым, осы мақсат-мұратыңызға жетіңіз, Құрманбек аға! Бұған дейін елдік тұрғыда талай жұмыстарды тындырымды атқарған азамат ендігі қолға алған жобаларды да сәтті жарыққа шығарады деген сенімдеміз. Солай болғай!

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *