ЕРГЕШБАЙ /Әңгіме/

Әдебиет
1 363 Views

2019 жылы құрамында 94 мемлекетте өкілдері мен мүшелері бар үш алпауыт ұйым – WNWU-Әлемхалықтары Жазушылары одағы, MS-Дүниежүзілік Жазушылар форумы және UHE-Дүнижүзілік испантілді Жазушылары Одағы бірлесіп «Temirqazyq» -әлемнің үздік ақыны/жазушысы 2019″ атты онлайн байқау жариялаған болатын.Онда «Алтын әліппе» атты прозалық шығарманың авторы, «2019 жылғыТүркістан аймағының ең үздік жазушысы» болып танылған шымкенттікжазушы-журналист Тұңғышбай Төрегелдиевтің «Ергешбай» әңгімесі басжүлдені жеңіп алып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Бұл әңгіме бәрінен бұрын тосын оқиғасымен тартымды. Қаламгер Ережепбай, Ергешбай есімді қос кейіпкер арқылы сонау ашаршылық жылдарындағы сындарлы кезеңнің КСРО елдеріне, соның ішінде Қазақстан мен Украина халқына, сонымен қатар көптеген диаспора өкілдерінің басына әкелген ауыр хәлін, азабын, қиын-қыстау сәттерін, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының Еуропа және ТМД мемлекеттеріне тигізген залалын, миллиондаған адам тағдырының тәлкекке түсуін, соғыс майданын шағын оқиғалар арқылы шебер баяндайды. Халқымыздың сондай нәубет жылдарда ұлттық салт-дәстүрімізге беріктігін, дарқан даладай кең пейілін сақтай білгенін, қарапайым отбасындағы қазақ әкесі мен қазақ анасының ата-анасынан қапыда айырылып қалған неміс баласына деген мейірімін, қамқорлығын, сол кезеңдердегі ауыл тұрмысын нанымды суреттейді. «Ергешбай» әңгімесі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына таптырмас тарту болып отыр. Қаламгер көркем туындысымен біз ұмытуға әрекет жасап жүрген баяғы КСРО заманының халқымыз үшін жан төзбес ауыр жағымен қатар жақсы, ұнамды сәттері де аз болмағанын әсерлі, тартымды етіп жаза білген. Мәселен, бұл шығарма дәл осы қалпымен осыдан 35-40 жыл бұрын жазылған болса да қазіргі мән-мағынасын жоғалтпаған болар еді. Сол секілді мұның алдағы 35-40 жылда да мәнісін жоғалтпайтыны анық. Қаламгердің шеберлігі, тапқырлығы, ізденімпаздығы осында болса керек.

Қайрат ДҮЙСЕН-ПАРМАН,

ақын, журналист,

Әлем халықтары Жазушылары одағының негізін қалаушы президенті,

IWA — Халықаралық Жазушылар ассоциациясының «Богдани» Халықаралық әдеби сыйлығының (2017 жыл, қараша, Бельгия), Motivational Strips — Дүниежүзілік Жазушылар форумының «Гәуһартасты тауыс алтын қауырсыны» әлем сыйлығының (2019 жыл, қаңтар, Оман),

UHE – Дүниежүзілік испантілді Жазушылар одағының «Әдебиет пен Мәдениеттегі орасан жетістіктері үшін» әлем сыйлығының (2019-2020жыл, Перу) лауреаты.

ЕРГЕШБАЙ /Әңгіме/

Ауыл клубында 1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырылып, 95 жастағы қарт жауынгермен кездесу өтіп жатыр. Халық залға лық толыпты. Арасында мектеп оқушыларының қарасы мол.

Соғыс ардагері жүзге жақындап қалса да әлі тың, ширақ. Жүрісі, қимыл-қозғалысы сәл саябырсығанымен, ойлау қабілетіне, сөз саптасына селкеу түспепті. Баяғы әскери тәртіптің қатаң қағидалары арада қанша жыл өтсе де ескіре қоймағандай. Қысқа сөйлеп, сұрақтарға нық жауап беріп отыр.

Бір уақытта көпшіліктің орта тұсынан бір қара торы қыз қол көтеріп, рұқсат берілгесін:

– Ата, айтыңызшы,осы соғыста қанша немісті өлтірдіңіз? – деп оқыстан қойып қалды.

Мұндай сауалды беруге болмайтын еді ғой дегендей, оң қапталда шоғырланып тұрған мұғалім апайлардың бірі дұрыс істемедің дегендей, бас шайқады.

Төрдегі қарт жауынгерге бұл сұрақ жайсыз тиді-ау, орнынан қозғалақтанып барып, оңтайланып қайта отырды. Сосын іле ақ басқан қабағын көтеріп, құр терісі мен сүйегі қалған сұқ саусағын шошайтып:

– Біреу, – деді. Оған зал ду күлді. Сосын сөзін нығырлап, – Сол бәтшағарлардың санын кім санапты – он ба, жиырма ма? Білетінім бір-ақ неміс, – деп алғашқы сөзіне қосып қойды.

Жұрт қол шапалақтап жіберді. Жан-жағына қарап, мәз боп жатқандары қаншама.

У-ду аяқтала бере қарт:

– Ол менің бауырым еді, – деп қалды тағы.

У-шу саппа тыйылды. Ел құлағына сенбей, сілтідей тынды. Қағыс естідік пе дегендей, бір-бірінен сұрап жатқандары да баршылық. Бұл кісіні бес саусақтай білетін ауылдастары аң-таң. Ақсақал алжиын деді ме? Осылай ой түйгендердің күбір-сыбыры үдеп кетті.

– Айналайындар, – деді осыны ұққандай қария түрегеліп:

– Не айтпақтарыңды түсініп тұрмын, оның да себебі болды, шырақтарым! Қазір аяқпен емес, ауызбен жүретін заман. Дәріптеудің орнына даттауға әуеспіз. Жала жабуға құмармыз. Бір жағы соның жаманатынан қаштым. Екінші – анамды ойладым. Білгенін қаламадым. Өмірбақи мойнына қасірет жүктегім келмеді. Талай рет айтқым келген, шемен боп қатқан шерімді талай рет тарқатқым келген. Әйтсе де айта алмағанмын. Талай рет айдалаға барып зар еңіреп жылағаным, айқайлап зарланғаным болмаса… Кәрі қойдың жасындай күнім қалған шығар. Бұл әңгімені енді өзіммен ала кеткім келмейді. Кинодан көріп, кітаптан оқып жүрген шығарсыңдар, шырақтарым. Соғыстың не екенін, адам баласына қандай зұлмат әкелетінін. Сол қырғын заманымыздың алға даму үрдісін кемінде жүз жылға шегертті. Миллиондар ұрпақсыз, түп-тұқиянсыз кетті. Миллиондар дүние есігін ашу құқығынан айырылды. Миллиондардың отбасы қара жамылды. Әке, ағасын, іні, бауырын жоғалтты. Миллиондардың тау-тау қарғысын арқалаған сол соғыс, бір күн есімнен шыққан емес. Бауырымның өлер алдындағы «Апа-ммм…апа-а!» деп маған түсінбей қараған қос жанары осы уақытқа дейін көз алдымда. Қиналғаныма, жанымды қоярға жер таппай жүргеніме, қарап отырсам, биыл бақандай 75 жыл толыпты.

Карт одан әрі сөйлей алмады. Кемсеңдеп, костюмінің ішкі қалтасынан бет орамалын алып көз жасын сүртті. Сөйтті де екі иығы селкілдеп, жылап жіберді.

(Жалғасы бар).

Тұңғышбай ТӨРЕГЕЛДИЕВ,

жазушы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *