ЖАДЫМЫЗДА ЖАРҚЫРАЙДЫ ЖАРҚЫН БЕЙНЕҢ

Өмір-өзен
1 252 Views

Өзің жайлы айта алмаймыз тауысып,

Ел айтады, жұрт айтады жарысып.

Көпшіліктен алған алғыс, сауабың

Жатқан шығар рухыңменен қауышып.

Иә, Алланың нұры – көктемгі ақ жауындай көпке пайдасы тиген ел ағасы еді. О, бастан өлмек айқын. Бұл фәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмесадам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ, төрге шықса төбедей, төбегешықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, отбасының жігері, шаңырақтыңтірегі бола білген Жаңабай Өсербайұлын өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны.

Бұрынғылар «Талайлар өтті-ау жалғаннан, Көрген адам таң қалған», – деп тамсанғанда, азаматтықтың айнасындай Жәкең тәрізді тұлғаларды еске алған болар.

Қадыр Мырза Әлі ақынның бір өлеңінде:

Адам күліп тумайды,

Адам жылап туады.

Жылайтыны туғанда – жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын, –

дейді. Онысы рас енді. Міне, ел арасында Төле бидей болмаса да, төбе бидей баянды беделі бар, өнегесі өзгеше, шапағаты мол, ортамызда жүргенде «хансың» деп, «ханға лайық жансың» деп бағалайтын азамат еді.

«Кешегі күннен жүйрік жоқ» деген осы да. Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шорт сынары әмбеге аян. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті…

«Тумақ бар жерде, өлмек те бар» дейді шариғат сөзі. Кеше ғана арамызда күліп-ойнап жарқылдап жүрген алтындай ата, ардақты әке, асыл жар, қамқор туыс, адал дос бола білген Жаңабай Өсербайұлынан қапыда айырылдық. Бір қанатымыз қайырылды.

Өлім түгілі өкпеге қимайтын ардақты ағамыз жайлы ендігі жерде естелік айтамыз деп кім ойлаған?! Оның ғұмырдариясы – мәңгілік ағысқа ауысты…

Алаш баласының алтындай ғұмыры, Қара Жердің үстінде 73 жылдай жүрген фәнибаяны мынадай:

Жаңабай Өсербайұлы 1947 жылдың 16-желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы Көксәйек елді мекенінде дүниеге келген. Сол туған жеріндегі №9 С.Киров атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған. Өз ана тілімен қатар орыс тілін жетік білген арманшыл жас 1966 жылы Алматы қаласындағы ауылшаруашылығы институтына оқуға түседі. 1970 жылы экономика мамандығы біліктілігін алып шығады.

Алғашқы еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Төле би, Бәйдібек би аудандарында ауыл шаруашылығы саласында экономист болып бастаған. Соңғы 31 жыл көлемінде қазіргі Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында бас экономист, бас бухгалтер сынды абыройлы жауапкершілікке толы қызметіне барынша қабілеті мен күш-жігерін жұмсады.

Бұл айтылған жайттар, тізілген мәліметтер Жәкеңнің түйіндемесінен алынды. Көрінбей қалғаны қаншама десеңізші… Міне, осыншама еңбекқорлық, ізденгіштік оның 73 жылдық ғұмырында жасалыпты.

«Өлшеулі өмір» дейтін халық сөзі бар. Маңдайға басылған мөрмен жазылған жазуды ешкім өзгерте алмасы анық.

Тағдыр қосқан зайыбы Жамал апаймен бірге көпке үлгі отбасы болды. Аяулы жары – Асқар, Аңсар, Лаура сынды екі ұл, бір қызды өмірге әкелген. Қазіргі таңда құрметті зейнеткерлікке шыққан немерелерінің сүйікті әжесі.

Осы тұрғыда балаларына уақытын аямайтын Жаңабай Өсербайұлының тәлім-тәрбие беруде үлесі зор екендігін баса айтқан жөн секілді. Сондықтан да бүгінде Алла маңдайға нәсіп еткен ұлдары ұясына, қызы құтты орнына қонған беделді кәсіп иесі, мейірімді әке,өнегелі келін болып жүр. Яғни, асыл әке, аяулы ана тәрбиесін ақтап, сенімдеріне селкеу ұялатқан емес.

Жаңабай Өсербайұлы өмірден озды. Жарық Жалғаннан Мәңгілік бақиға аттанды. Артына өшпестей із тастады. Бұл өмірде айналасына аса сыйлы да сүйікті болған, «нұр төгіп өткен» Жаңабай Өсербайұлының жақындары сағынышпен еске алып, аза тұтып отырған жайы бар. Отбасындағылар оның «бөлекше перзент» болғанын айтса, қалың ел-жұрты «жүрген жері құт еді» деп еске алады.

Әріптестері білікті де жаңашыл маман, «уақыттан озық» жүретін жан ретінде бағалап, үлгі тұтса, ғұмырының куәсі болғандар оның асылдан жаратылған қимас жан болғанын айтады. Ең бастысы еске алушылардың дені Жәкеңнің осынау асыл қасиеттерінен бөлек, Қазақстанның білікті де қажетті маман-қызметкері, қадірлі азаматы, асыл жар ғана емес, «табан тірер тұғыры, арқа сүйер Алатауы…» болғанын айтады.

… Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,

Қайтейін қанатым жоқ, қалып барам.

Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,

Жылатып жалғыз қалай алып қалам?

Дариға-дәурен!…

Осы бір мұңлы, әуезді әуенді естігенде жүрегім «шым» ете қалды. Көзге еріксіз жас үйірілді.

Бұл жалғаннан бір пенде мұңсыз болып өтті ме екен?! Әй, қайдам, мүмкін Жәкеңнің де орындалмаған арманы, жүдеп-жадаған кездері болған шығар. «Азамат ердің баласы, Жабыққанын білдірмес, Жамандар мазақ етер деп» (Қазтуған) дегендей, өмірге қандай өкпесі болса да, ішінде кетті. Сыртқа сыр білдірген жоқ, әлсіздік танытпады.

Адам – бұл дүниенің қонағы. Мұндайда сабырға қайрат қосатын, қайнаған күйікті басатын жұбату айту қиын. Өкіндік, қайғырдық. Еске аламыз, қамығамыз, ой түйеміз. «Жақсының аты өлмейтініне көз жеткізіп, жадымызда қайта жаңғыртамыз… «Аллаға Мұхаммед пайғамбардан жақын кім бар. Оны да 63 жасында Алла қасына алған. Біз одан артықпыз ба? Бұл фәнидің жалғандығын осыдан-ақ білуге болады. Шүкірлік етейік, сабыр сақтайық.

Айта берсек, Жаңабай Өсербайұлы туралы естелік көп. Адал болу, кісі ақысын жемеу, қиянат жасамау тәрізді асыл қасиеттерді бойынан көрдік. Көрдік те көңілге түйдік.

Қойнына алды қара жер арда ұлын,

Асыл бейнең, көңілде қалды-ау бүгін.

Топырағың торқа боп, тыныш ұйықта

Жадымыздан өшпейді жарқын үнің!

Жаныңыз мәңгілік жәннаттың төрінде болсын…мейірімді ата, асыл жар, ардақты әке, адал дос Жаңабай Өсербайұлы!

«Әділет. Рухани жаңғыру»газетінің ұжымы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *