ОЙ САЛАР

Әдебиет
483 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

123

Көрдім мен бай боп өмір сүргендерді,

Қыздармен ойнап-күліп жүргендерді.

Айырылып ақырында бар байлықтан,

Ит болып әркімдерге үргендерді.

124

Мен саған ақыл айтсам жақтырмайсың,

Іздесем керек кезде таптырмайсың.

Асырап тамағыңды көршілерден,

Үйіңнен бір ауыз дәм таттырмайсың.

125

Бұл өмір талайлармен тіресесің,

Біреулер қайтара алмай жүр есесін.

Зұлымдық саған біреу жасамаса,

Сен қалай зұлымдықпен күресесің.

126

Бостан босқа тұғырыңа қона алмайсың,

Шипасыз ауыр дерттен оңалмайсың.

Мықтымен алыспасаң, күреспесең,

Өмірде сен де мықты бола алмайсың.

127

Мен қалай жемқорларды ақтап алам,

Арыңды өле-өлгенше сақта балам.

Өсірген ел мерейін азаматпен,

Мен әркез шын жүректен мақтана алам.

128

Ақыннан ұмытылмас жыр қалады,

Ашылмас данышпаннан сыр қалады.

Шенеунік марапатты өздері алып,

Еңбекқор қара халық құр қалады.

129

Мән жатыр даналардың ойлауында,

Сол ойдың тереңіне бойлауында.

Қазақтың «қазақ» болып ел болғаны,

Тарихтың жатыр терең қойнауында.

130

Білмейміз өлі кімдер тірі кімдер,

Көрінер ұсақ кімдер ірі кімдер.

Бөлінбей ру, жүзге мұсылман боп,

Баласы «Алты алаштың» бірігіңдер.

131

Жүретін жаңалыққа елең етпей,

Жандар бар салмағы жоқ ебелектей.

Табам деп оңай олжа жатыр бүгін,

Қырылып отқа түскен көбелектей.

132

Жігіт бол тұлпар мініп шабатындай,

Талмай ұш қыран бүркіт қанатындай.

Ел қорға, жерді қорға, халқыңды сүй,

От болып керек кезде жанатындай.

133

Өтті өмір талай жаумен арпалысқан,

Бойынан «Тәуелсіздік» арман ұшқан.

Көк туын желбіретіп қазағымның,

Жаралсын тұла бойың ар намыстан.

134

Келін көп үлкендерден ығыспайтын,

Енемен келіспейтін, ұғыспайтын.

Мынау тыныш заманда ажырасып,

Жастарға не жетпейді шығыспайтын.

135

Деп ойла мақсатыма жетем бүгін,

Білінсін дүйім жұртқа мекемдігің.

Бабалар айтып кеткен әлдеқашан,

«Ақ жайлау» аға үйі екендігін.

136

Ұмытпа ең керегі «ар» екенін,

Қамқоршы ата-анаңның бар екенін.

Өмірден күнделікті көріп жүрміз,

Інінің үйі іннен тар екенін.

137

Ақылсыз жөн ісіңді былықтырар,

Жаман ит күндіз-түні ұлып тұрар.

Басқаның тамағын жеп күн көретін,

Сараңның есігінде «құлып» тұрар.

138

Аз қалып айтқан сөзде тұратындар,

Көбейді жанды жерден ұратындар.

Көргенде дүниені естен танып,

Байлықты тек өзіне бұратындар.

139

Ұтады жақсы жерге дән еккендер,

Өз әлін білмейтінді «Әлек» деңдер.

Көбейді масаттанып байлығыңа,

«Тағынан» Елбасының дәметкендер.

Ағман САБЫРХАНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *