САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН САҚТАЙЫҚ!

Денсаулық
2 729 Views

Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің маңызды міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақтыңсалауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру. Қоршаған ортаны таза ұстайтынденсаулығына жауапкершілікпен қарайтын жастарды тәрбиелеуіміз керек. Күнделіктіәдет пен денсаулық арасындағы өзара байланыс салауатты өмір салты ұғымынқалыптастырады. Тиімді өмір салтын дәріптеуде денсаулықты күту мәдениетінқалыптастыру бағытындағы басымдылықтарды айқындайтын ғылым, тәрбиелеу формаларымен жаңа әдістерді ұстанатын ілім қажет. Оқушылардың салауатты өмір салтынқалыптастыру туралы алған білімі болашақ азаматтардың денсаулығын сақтап қалуғаберік тірек болады. Мектеп қабырғасынан бастап салауатты өмір сүру мәдениетінқалыптастыру, жеке тұлғаның өзін қоршаған табиғи ортамен жан-жақтыүйлесімділікте болуына, өмірін барынша пайдалы өткізу дағдысын қалыптастыруғаәкеледі. Сонымен қатар салауатты өмір салты – денсаулықтың үйлесімді дамып,сақталуы мен орнығуын қамтамасыз ету мақсатында денсаулықты нығайтуғабағытталған іс-шараларды жүргізу.

Салауатты өмір салтына деген саналы көзқарас қалыптастыру темекі шегу, спирттік ішімдікке салыну, есірткі қолдану секілді зиянды әрекеттердің алдын алатын құндылық. Спирттік ішімдіктердің, есірткі мен темекінің адам өміріне зиянды екені белгілі. Сондықтан, оларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу, осы дәстүрді баршаға дәріптеуші болып қалыптасуына бағыт беру қажеттігі білім беру мекемелерінен бастау алуы шарт. Әсіресе, орта мектептің алдындағы жауапкершілік. Өтпелі кезеңде, өмірден өзіне не керек екенін білмейтін, саналары әлсіз жасөспірімдер үшін тым қауіпті. Осы жаста зиянды әдеттерге бой алдырып, оған тез бейімделеді. Еліміздің болашағы – жас ұрпақ екенін ескерсек, сол жас ұрпақтың денсаулығы мықты, интеллектуалды, дүниетанымы терең, білімі сапалы, адамгершілігі мол, бойын зиянды әдеттерден аулақ ұстайтын, саналы ұрпақтарды тәрбиелеу қажет. «Дені саудың – жаны сау» дейді халық даналығы. Ұлтымыздың кемелді келешегі біз үшін аса маңызды. Қоғам мүшелерінің сайдың тасындай бірігіп зиянкес қоғамның ауыр дертімен күресуі шарт.

Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болатын жастардың бойына салауатты өмір салтын сіңіру керек. Дені сау ұрпақ қана салауатты қоғамды қалыптастыра алады. Аурудың не екенін білмейтін жастар ғана биік шыңдарға қол жеткізіп, халқына адал қызмет етері даусыз. Жастар арасында салауатты өмір салтының қалыптасуының маңызы өте зор. Сол себептен ең алдымен салауатты өмір салтын қалыптастыруды жастардан, мектеп оқушыларынан бастау керек. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар қыруар. Ауруға алып келетін факторлардың әсерін азайтуға, ішімдік пен темекінің, есірткінің зияндығына қарсы жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарына негіз салады. Спорттық шараларды көбейтіп, дұрыс тамақтануға бейімдеу – басты бағдар.

Оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейде біршама жобалар іске асқан. Дұрыс тамақтануға баулу, СПИД-тің, диабеттің, коронавирустың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттың пайдасын жіті ұғындыру және гигиенаны дұрыс сақтау тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді. Денсаулықты дұрыс күтуді дағдыға айналдыру мақсатында сынып жетекшілері тыңғылықты түрде ашық сабақтар өткізіп, оқушылар санасында сақталуы үшін эссе, диктант жазғызып отырады. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақты зиянды әдеттерден арылтып, дені сау, рухы таза ұрпақ тәрбиелеу. Сондай-ақ, оқушылардың арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тәрбиелеу арқылы спортқа баулу керек. Дене шынықтыру сабағында жаңа инновациялық технологияларды қолдану тиімді болары анық. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім сапасын көтеруге сыныптан тыс өткізілетін спорттық шаралар да оң әсерін тигізбек. Мұндай шараларды өткізу нәтижесінде оқушылардың қимыл-қозғалысы, белсенділігі артып, спортқа деген бейімділігі қалыптасады. Танымдық қабілеттерін арттырсақ, салауатты өмір сүрудің тиімділігін, деніңнің сау, тәніңнің көркем болуы – спортқа байланысты екенін терең түсінеді.

«Есірткіге жол жоқ», «Біз денсаулықты таңдаймыз» атты акцияларды ұйымдастырып, дәрежелі деңгейде өткізілді. Тұмау, гепатит, СПИД, коронавирус тақырыптарына да диктанттар жазылды. Мектеп көлемінде денсаулық фестивалін, бастауыш және орта сыныптың оқушылары арасында көңілді эстафеталық ойындар, шахмат турнирі, бастауыш сынып жоғары сыныптар арасында СПИД тақырыбына арналған және нашақорлық туралы «дөңгелек үстел» мәжілістері өткізіліп, баяндамалар оқылды.

Травматолог, гинеколог дәрігерлерімен , СПИД орталығының мамандарымен мектепте оқушылармен кездесулер тұрақты түрде өтіп отырады. Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің өкілдерімен кезекті бірлескен «Біз снюсқа қарсымыз» атты акциясы ұйымдастырылып өткізілген болатын. Салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында балалар мен жасөспірімдер арасында «Жас мемлекетте – дені сау ұрпақ!», «Нашақорлыққа жоқ дейік!», «Салауатты өмір салтын сақта!», «Алкоголь ішімдігі немесе денсаулық – өзің таңда!» тағы басқа да сол сияқты тақырыптарда әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылды.

Мектепте спортпен айналысу үшін бар мүмкіндік жасалған. «Уақыттың бос өткені, өмірдің бос кеткені», – дегендей, өмірдің әр минутын тиімді өткізу керек. Дана Абай атамыз айтқандай, «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын». Жастардың жаман жолға түсуіне, зиянды әдеттерге бой алдыруына сеп болатын жағдай да осы. Үйірмеге қатысқан бала өзін өзі тәрбиелей білуді үйренеді, оның күндік жоспары қалыптасады. Үйірме жұмыстары білім мен қатар іскерлік дағдысының қалыптасуы, оқушының спортқа деген қызығушылығын қалыптастырады. Мұғалімдер ата-анамен тікелей қарым қатынаста болады. Сабақ оқу, тәрбие жұмысына баулу кезінде балалар әр ісіне тиянақты болуды әдетке айналдырады. Мектепте спорттық бағыттағы каратэ, волейбол, тоғызқұмалақ үйірмелері, сонымен қатар адам денсаулығының нығаюына едәуір үлес қосатын хореография үйірмесі белсенді жұмыс жасап келеді. Түрлі ән-би сайыстары мен флешмобтар өтеді. Спорттық үйірмеге қатысатын шәкірттер мектептің намысын қорғап, қалалық мектептер арасындағы жарыстарда көзге түсіп жүреді. Жетістікке жетуі баланы одан әрі қанаттандырып, спортқа деген қызығушылығын арттырады. Спорттық үйірмелер жас ерекшеліктеріне қарай оқушыларды жинақтап жаттықтырады. Олардың әрбірінде педагогикалық ұжым жұмыс жасайды. Кез келген спорттық үйірме өзінің жұмыс істейтін бағыттарында оқушыларды жетілдіру, тәрбиелеу жұмыстарын тиімді ұйымдастырады. Үйірме жетекшісі мен педагогтар құрамы бірігіп, бағдарламалар, ережелер бойынша балаларды жаттықтыру жұмыстарын жүргізуі аса маңызды. Дені сау, санасы түзу азаматтар кемелденген еліміздің болашағын көркейтеді. Денсаулықтың қадірін білу өте маңызды. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті орнықтыру – заман талабы. Әдемілік – азат жанның және мықты денсаулықтың жемісі.

Абай АХМЕТЧЕЕВ,

Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *