СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҢҒЫ ҚУАНЫШҚА АЙНАЛМАСЫНА КІМ КЕПІЛ?!

Қоғам
1 055 Views

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының барлық мектебінде соңғы қоңыраудың сыңғыры естілетін болады. Соңғы қоңырау деген сөздің астарында қанша мән жатқанын бәріміз де білеміз. Бұл – өмірге қажетті алғашқы білім нәрімен сусындаған киелі мекеннен жырақтап, алдағы үлкен белестерге қадам жасайтын кезеңнің бастауы, армандарың мен алға қойған мақсаттарыңды жүзеге асыруға асқан жауапкершілікпен қарап, өз мамандығыңа таңдау жасап, өміріңдегі ең алғашқы маңызды шешімді қабылдайтын сәт. Толғаныс, болашаққа деген үміт. Енді осы үміт үзілуі әбден мүмкін. Мұның себебі — мақтаншақтық, иә мақтаншақтық. Соңғы 5-6 жыл ішінде мектеп бітірушілері арасында «кім мықты?» деген бәсекелестік басталғандай. Қай мектеп түлектері ең көп әрі бағалы автокөліктерге мініп шеруге шығады. Әдетте лимузин, джип, хаммер сынды автокөліктерді жалға алған жастар мақтану жарысына достарын, туыстарын шақыртып алады. Жол ережелерін өрескел бұзып, апаттық жағдайларды туындататынымен қатар, түлектер көлік ішіне сыймай, кеуделеріндегі қуаныштары кернеп автокөліктерден белшене шығып жан дауыспен айғайлап жатады. Шынымен де бір түрлі көрініс.

Соңғы қоңырау үнi. Бұл үн бiлiм кемесi – мектеп қабырғасынан шыққан әрбiр адамның құлағына таныс, жүрегiне жақын. Алғашқы қоңырау – балалық арманыңды жетелеп, бiлiм алып, мақсатыңды айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үнi – кәмелетке толып, оң-солын танып, қанаттанған бозбала мен бойжеткендердi арман биiктерiне ұшырып, ең үлкен өмiр мектебiне шығарып салады. Ал осындай мақтаншақтық істер жақсыға апармайтыны айдан анық. Бүгін не болары әлі белгісіз, бірнеше жылдан бері шеруге тосқауыл бола білген жол полиция қызметкерлері сақадай сай болып отырғандары анық. Осы орайда олардың жұмыстарына тек сәттілік тілейміз.

Айтпақшы, көрші Ресей Федерациясында 2017 жылы Калуга қаласында 25 мамыр күні мектеп бітірушілер шеру барысында жылдамдықты асырып жол жиегінде, аялдамаға тоқтап тұрған автобусқа келіп соғады. Салдарынан жеңіл көлікте болған алты түлек оқиға орнында көз жұмады, ал автобус ішіндегі 14 адам түрлі деңгейдегі жарақат алады.

Асылжан АРМАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *