ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ҚАШЫҚТЫҚТАН БІЛІМ АЛУДА

Білім
983 Views

Елімізде 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай жариялануына байланысты, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза барлық оқу орындары (университеттер, колледждер және мектептер) қашықтықтан оқыту технологиясына көшуді талап еткені белгілі. Мектеп оқушылары 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында көктемгі демалысқа шықты. Осы уақыт аралығында барлық білім беру ұйымдары қашықтықтан жұмыс жасауға көшті.

Қазіргі таңда теміржолшы мамандарын даярлайтын Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Шымкент көлік колледжі болашақта теміржолшы студенттеріне «Smart Nation College» электронды платформасы арқылы қашықтықтан білім беруді ұйымдастырып отыр. Оқу процесі жоспарға сай жүргізілуде. Барлық оқытушылар электронды платформа арқылы студенттермен тікелей жұмыс жасауда. Колледж басшысы, ф.ғ.к., доцент, PhD докторы Абдужалил Абуталипұлы Аккузов елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты отбасылық жағдайы төмен студенттерге оқу төлемақысынан жеңілдіктер қарастырған.

Колледж оқытушылары Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының әдістемелік орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасап, жоспарға сай жас мамандармен өткізілетін онлайн байқауларға да қатысуда. Олар ҚР Білім және ғылым министрлігінің №123 бұйрығын басшылыққа ала отырып оқу процесінде электронды түрдегі оқу-әдістемелік материалдарын және электронды оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеуде. Қашықтықтан білім беру технологиясын қолдануда колледж оқытушылары – А.К.Ибраева, М.Ж.Баратова, И.А.Намуратова, Н.С.Олжабек, Б.Азимбаева, А.Р.Шадыхожа, Б.Г.Султанов, Қ.Т.Керимбаев, А.Ж.Раман, А.Даниярова әлеуметтік желіге жүктеу арқылы бейнедәрістерін, аудиодәрістерін және түрлі бағыттағы сабақтарын жүргізуде.

Колледж студенттерімен ата-аналары да елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқытып жатқан колледж әкімшілігі мен колледж ұстаздарына өздерінің алғысын білдіруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Үндеуінде айтқанындай, «Бүгінгі жағдай – уақытша дүрбелең. Бұл қиындықты бәріміз бірігіп, ауызбіршілік танытып, еңсеріп шығамыз». Бұл сынақтан да абыроймен өтейік, ағайын!

Сандуғаш АБДУАЛИЕВА,

Мұхамеджан Тынышбаев атындағы

Қазақ көлік коммуникация академиясы

Шымкент көлік колледжі

оқу бөлімінің меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *