ТЕРЕҢІНЕН ТАРИХТЫҢ СЫР ТӨГІЛТКЕН

Таным
626 Views

«АЛАШ КӨСЕМСӨЗІ: ШАРУАШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ» ЖИНАҒЫН ОҚЫҒАНДА ТҮЙГЕН ОЙ

Үлкен мақсатқа жету үшін идеяның айқын болуы қажет. Жақсы идеяның дүниеге келіп, жүзеге асуы тамыры терең тарихтың бір кірпіші болып қаланары анық. Кешегі даналардың асыл сөздерінің арқасында жылдардың қаһарлы ызғарынан сүрінбей өттік. Егемендік алдық. Қазақ азаттыққа қол жеткізді. Елі үшін жанын беріп, қыздарының ары үшін арпалысқан батырлардың жетістігі — бүгінгі бейбітшілік. Бұл жылдар бойы халқына өткір тілден тұнған ақыл төккен даналардың, батырлардың ұрпаққа артқан сенімі мен аманатының ақталуы болды. Тәуелсіздіктің көк туы көгімізде желбіреп, кемел мемлекет болуымыз үшін, жастардың санасына сапалы дәнді егу үшін дүниеге келген «Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі» атты жинақ дерек көздеріне бай екенімен елең еткізді. Оны құрастырып шығаруға тікелей еңбегін сіңірген әрі басшылық еткен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы, белгілі алаштанушы Қайрат Сақ екеніне арнайы тоқталудың артықшылығы жоқ. Осы тақілеттес Алаш қайраткерлерінің публицистикасы бойынша осыған дейін де бірнеше томдар шыққан еді. Олардың кез келгенінің оқырманға берері көп.

Атап көрсетерлік жайт, бұл жинақтан қазақ елінің болашағы қайтсе жақсы болады деген сұраққа жауап аламыз. Тәуелсіз мемлекет болумен қатар елдігімізді анықтайтын қасиетті салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыпымыз сақталу қажет екенін жақсы білеміз. Тек бұл ғана емес, қазақ дейтін халық үшін шаруашылық мәселесі де маңызды. Аталмыш кітапты оқи отырып сонау «Түркістан уәлаятының газетінен» бастап «Жас Түркістан» журналына дейінгі қазақ жерінде болған, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелерді байқаймыз. Қараңғылықтан арылып, тәуелсіздіктің дәмін енді сезініп жатқан қазақ үшін ең маңыздысы, ең құндысы – жер. Себебі баласын көзінің нұрына теңеп, жәннатты ананың табанының астынан іздеп, әкенің қас-қабағынан айтқызбай ұққан қазаққа бабалардан қалған аманат қашанда қымбат. Бұл кітаптың ең ұлы, ең ыстық жер мен елге деген махаббатты оятып, жастардың санасында өшпес із қалдырары сөзсіз. Біз кейде нағыз құндылық саналатын қасиетті жерге осы салт-дәстүрдің, адам бойындағы ең ерекше асыл қасиеттердің иісі сіңгенін кейде түсінбей жатамыз.

Бүгінгі жастарымыздың ертеңгі тарихты жазары, тәңірдің тәуелсіздік деген тартуын ұрпаққа аманат етіп қалдыратындығы анық. Осы жолда ұзақ мерзімді мақсатқа жету үшін қысқа мерзімді жоспарды орындауымыз қажет. «Жер, жер және жер. Өйткені жерсіз Отан жоқ, жерсіз адам жоқ, жерсіз мемлекет болмайды. Құнанбайша айтқанда: «Адам өседі, жер өспейді». Бұл ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының бүгінгі ұрпақтың ұранына айналсын деген даналық сөзі сынды. Адам баласы қысқа ғана ғұмырын шынайы махаббат пен мейірімнің құшағында өткізгісі келетіні жасырын емес. Бірақ сол махаббат пен мейірім біз қадіріне жете алмай жүрген Жер — Анада екенін түсінбей жатамыз. «Қазақ» газетіне №1-44, 1913 жылы Қыр баласының «Қазақ жүрген жерді кім болса сол алып, сұрап алып, мирастап алып өзінікі етпек, жалғыз-ақ бұл жол – қазаққа жоқ. Бұл жасалып жатқан жаңа закон арқылы қазақ байлары мен де оброчная статьяны арендаға аламын, содан соң сатып алып, балама мирас етемін десе, бұл закон қарсы болады» деп аяқталатын «Төртінші дума һәм қазақ» жердің маңыздылығын барынша айқын көрсетеді.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіндегі нақты мәселелердің бар екеніне назар аударуымыз қажет. Шаруашылық мәселелерін шешу және оны дамыту үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдындағы бірқатар міндеті екені анық. Атап айтқанда, әлемде тұрақты әрі жоғары сұранысқа ие тиімділігі жоғары дақылдарды (жасымық, зығыр, соя) өсіріп, жер мәселесін игере аламыз. Қазіргі жастардың болашаққа қойған мақсаттарының бірі органикалық ауыл шаруашылық өндірісін дамытып, заманауи агротехнология мен инновацияны енгізу болса ертеңгі күніміздің сәулелі болары анық. Әлемдік тәжірибені ескерсек, минералдау негізінде топырақтың құнарлылығын жақсарту – маңызды міндет.

Ол да жердің жақсы өнім беруіне үлкен әсер етеді. Сонымен қатар еліміз үшін мал шаруалығы да өте маңызды. Қой етін, құс етін, қозы етін өндірудің, сүтті мал шаруашылығын дамытудың және мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілетудің келешегі бар екені белгілі. Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталықтарындағы еңбеккерлердің тек 20 пайызының ғылыми дәрежесі бар екенін білеміз. Сондықтан аграрлық салада болашағы бар жас ғалымдарды оқытуға жағдай жасауымыз қажет. Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, кәсіпкерлікті дамыту, шаруашылық ісін жүргізу, ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау еді. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысы да шаруашылық мәселесін қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екенін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың руханиятында қазақ тілі мәселесі мен қатар кәсіпкерлік мәселесі де ерекше орынға ие болды. Ұлт-азаттық күрес заманын қалыптастырған зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – олардың ұлт тағдырындағы тілдің төтенше маңызын әрі терең, әрі жан-жақты түсінгенін аңғартады. Соған орай Алаштың тілдік мұрасын сан тарапты құбылыс деп бағалай келе оны бірнеше аспектіде сипаттаудың бірқатар мүмкіндіктерін аңғартпақпыз.

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттері жазылған кешегі күндердің күнделігіндей «Түркістан уалаятының газетінен» бастап «Жас Түркістан» журналына дейінгі болған оқиғалар тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрды. Өйткені ол Қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгенін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатынына әлеуметті сендіре алған мақалалар жазылған еді.

Қарқындылықпен жазылған мақалалар қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде кәсіпкерлік пен шаруашылық ісін дамытуға, дербес мемлекет құруға бел шешіп кірісуге жігер берген. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы мақалалар – тарихтың алтын бөлшегі. Олар сол тұста кездескен мәселелердің шешімін көре білді, түпкі мақсатқа жету үшін қандай да болмасын, қиындықтармен күресе білді . Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, жерін, елін сүюді сезіндірері сөзсіз. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру, жердің қадірін білу идеясымен сабақтасып жатқанында еді. XX ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі — тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек.

Рухани байлық табиғатқа деген сыйластықпен жасалмақ. Жас ұрпақтың бойына оны сіңіру, олардың қоршаған ортаға қарым-қатынасын, сол арқылы өмірге деген көзқарасын ояту, соған сай мінез-құлқын қалыптастыру – аға ұрпақтың міндеті. Қазақ халқының атадан балаға қалдырған даналығы – «көкті жұлма», «шөпті таптама» – табиғат көріністеріне үлкен жауапкершілікпен қарауы, туған жер табиғатының бұрынғыдан да жайнап, гүлденуіне ықпал жасауды мақсат еткені. Бұл кітаптың табиғатты аялап сақтаудың да үлкен адамгершілік екенін көрсететін, шаруашылық ісін дамытуға жастарға жігер беретін баба өсиетіне айналары анық. Көшпелі өмір осылайша қазақты табиғатпен етене байланыстырған. Өмір озған сайын адам табиғаттың тылсым күшіне, заңдылықтарына тереңдеп бойлаған.

Жинақта Алаш қайраткерлерінің шаруашылық ісіне ерекше ұқыпты болғаны көрініс тауып отырады. Сондығымен де құнды. Сонымен қатар топтастырылған мақалалар терең мазмұндылығымен, логикалық тұрғыда селбесіп отыратынымен де риза етті.

«Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Қазақ», «Ақ жол» газеттері, «Айқап», «Шолпан», «Таң», «Жас Түркістан» журналдарынан теріп алынып жарияланған материалдың қай-қайсы да тарихи шындықтың шырақшысындай оқырманды, зерттеушілерді бірден баурары анық. Кітап ел экономикасының өсу жолдарын зерттеушілерге, алаштанушылар мен Алаш публицистикасына қызығушылық білдіретін жалпы оқырман қауымға арналады.

М. БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *