«ТЕРГЕУ ТЕГЕУРІНДІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ»

Сұхбат Құқық
1 066 Views

Серік ЕРГЕШОВ, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі: «ТЕРГЕУ ТЕГЕУРІНДІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ»

Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда олардың еңбегі зор. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан биік ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшысының бойында адалдық пен кәсібилік болғаны жөн. Қазақстан полициясы ел азаматтарының құқығы мен бостандығын, қылмыстық озбырлықтан қорғай білетін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете алатын, жаңа заманауи техникамен жабдықталған кәсіби күштік құрылым болып қаланғаны белгілі.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінулері тиіс»,– деген сөзі халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі қашанда басты назарда. Осы орайда Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Серік Ергешовке көкейіміздегі сұрақтарды қойған едік.

– Серік Жүрсінбайұлы, 2019 жыл да аяқталып келеді. Шымкент Республикалық маңызы бар қалаға айналды, яғни еліміздің үшінші мегаполисі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та Шымкент қаласын дамытуға айрықша назар аударып келеді. Екінші қыркүйекте Президент Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын өзінің алғашқы Жолдауын жариялады. Онда «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағытына арнайы тоқталған болатын. Осыған байланысты Шымкент қаласының Полиция департаменті қандай жұмыстар атқаруда? Нақтырақ айта кетсеңіз?

– Иә, дұрыс айтасыз, «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, біріншіден біздегі ең басты мақсат – халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау. Біздің тергеу саласының басты мақсаты – халықтың Конституциялық құқығын және оның бостандығын қорғау. Полиция қызметкерлері қылмыскерді анықтау барысында демалыссыз, үздіксіз қызмет атқарады. Президент халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, тұрғындардың өтініштерін заң аясында жедел әрі әділ шешуді тапсырған болатын. Осыған орай Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Мұсаәліұлы Жұмаханбетов елдімекен тұрғындарымен кездесіп, халықтың қойған сұрақтарына толыққанды жауап беріп, бірқатар түйінді мәселелердің шешімі табылды. Біздің ендігі мақсатымыз – Жолдауға сәйкес ауыр қылмыстардың санын азайтып, азаматтардың мүддесін қорғайтын жаңа жүйе қалыптастыру. Бұл салада білімді болумен қатар, білекті де болу шарт. Жұмыс барысында полиция қызметкерлері күтпеген түрлі жайттарға тап болады. Қылмыскерлердің біреуі күш көрсетсе, екіншісі оқ жаудырудан да тайынбайды. Қызметкерлеріміз ісіне адал, нағыз кәсіби мамандар. Полиция қызметкері әрдайым жіті байқағыш әрі психолог болғаны абзал. Көпшілік ортасынан күдіктіні іс-қимылынан танып, сөз саптауынан анық аңғаруы керек. Қылмыс болған жерде жәбірленушіге алғаш психологиялық көмек көрсететін де полиция қызметкерлері. Оларға психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіп, қорқынышын сейілтеді. Біздің қызметкерлер халықтың қауіпсіздігі мен құқықтарын сақтау барысында нақты әрі анық жұмыс жүргізіп келеді.

– Қала тұрғындарының тыныш өмір сүруі – аса маңызды мәселе. Осыған орай, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен салыстырғанда біздің рейтингіміз қандай?

– Шымкент қаласы қазіргі таңда егемен еліміздегі миллион тұрғыны бар үшінші мегаполис. Соның жартысына жуығы жастар. Полиция қызметкерлерінің басты міндеті – адам мүддесін заң шеңберінде қорғау. Еліміздегі өзге қалалармен салыстырғанда қаламызда адам өлтіру, зорлық-зомбылық, құқықбұзушылық сынды ауыр қылмыстар азайып, 2019 жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы бойынша, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қылмыс деңгейі біршама төмендеген. Қаламызда орын алатын ұсақ қылмыс түрлері, яғни ұрлық жасау жиі тіркеледі. Ұялы телефон ұрлау қылмысы азаймай тұр. Десек те мұның да шешімін тауып, қызметкерлеріміз қарқынды жұмыс жүргізуде.

– Полиция департаменті азаматтардың арыз-шағымдарын қатаң бақылауда ұстайтынын жақсы білеміз. Бүгінде арыз-шағымдар, қылмыс ашу, қылмыскерлерге тиісті жаза қолдануда негізгі жұмысты Сіздер атқарасыздар. Осыған сәйкес бүгінде халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімі қандай? Арыз-шағым көп пе, әлде аз ба?

– «Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі. Тұрғындар полицейлердің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе жол ережелерін сақтамайды. Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандарды сақтап қалудың кешенді шараларын қарастыру қажет. Сондай-ақ, жас кәсіби мамандарды іріктеу барысында олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетіне баса назар аудару керек», – деп Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев полиция қызметкерлеріне маңызды міндеттер жүктеген болатын. Тәртіп сақшылары заң шеңберімен жүретін, талап пен тәртіпті берік ұстанатын нағыз істің маманы болуы керек. Халықтың оларға деген көзқарасына келетін болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына қарағанда қазіргі таңда жұртшылықтың заң қызметкерлеріне деген сенімі өте жоғары. Сол үшін полиция қызметкерлері өз жұмыстарын адал атқарып, ел мүддесі үшін жұмыс істеуі қажет. Оларға Отан алдында ел қауіпсіздігін, халық тыныштығын, тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, құқықбұзушылық пен қылмысты ашу сынды қара нардың жүгіндей ауыр міндеттер жүктелінген. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады», – деген болатын. Қазіргі таңда Полиция департаменті халықпен тығыз байланыс жасауда. Әр аптаның жұма күндері тұрғындарды қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне құлақ асуда. Қала тұрғындары біздің мекемемізге өздерінің жеке мәселелерімен келетіні болмаса, Полиция департаментінің жұмысына деген арыз-шағымдары өте сирек кездесетін жәйт. Біздегі басты жұмыс халықпен, қала тұрғындарымен тікелей байланыста болғандықтан, қалың жұртшылықты заң және тәртіп арқылы тыныш, бейбіт өмір сүруге үндеу.

– Мекеме қызметкерлерінің жетістіктері мен кемшіліктері төңірегінде де ашып айта кетсеңіз?

– Мақтай берсе, бұл салада айтатын жетістік те, жағымды жаңалық та аз емес. Бірақ, кез келген жұмыс кемшіліксіз болмайтыны белгілі. Жеңіске де, жетістікке де күнделікті тәжірибенің арқасында қол жеткізіледі. Бұл салаға шын көңіл бөліп, тетігін тапса, кез келген мәселені шешудің жолы бар. Айрықша ерлік жасап, батырлық танытып, полиция мәртебесін асырып жүрген қызметкерлеріміз де баршылық. Әр полиция қызметкері өз жұмысын заңды әрі адал орындаса жетер жетістіктер аз болмасы анық. «Бұрын студенттер бізден қашатын еді, қазір бір-бірімізге үйреніп, жұмыс істеп отырмыз. Осы бастаманың аясында қаладағы университеттердің шамамен 60 пайызына үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Енді жастарды кешкі рейд кезінде пайдаланудамыз. Бұл жақсы үрдіс деп ойлаймын»,– деген болатын Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Мұсаәліұлы Жұмаханбетов мырза өз сөзінде. Осындай мақсатта кадр құрамы бойынша біздің мекемеде ЖОО-н бітірген білікті мамандар таңдау немесе конкурс арқылы жұмысқа қабылданады. Оларға тәлімгер тағайындап, әрбір жұмысын бақылауда ұстау арқылы білікті мамандар даярлаудамыз.

– Сындарлы сұхбатыңызға рахмет! Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз. Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны болып, халық игілігі жолында қызмет ете беріңіздер!

Сұхбаттасқан Балшекер ЕЛЕУХАНОВА.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *