ҚЫЗЫЛОРДА ҚЫЗЫ ҚЫЗЫЛОРДАДА

Білім
1 040 Views

Мемлекет басшысының Жарлығымен Гүлшара Наушақызы ӘБДІХАЛЫҚОВА Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Сөйтіп, облыс басшылығы лауазымын иеленген тұңғыш нәзікжанды болып отыр. Ол 1965 жылы 15 мамырда Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

Гүлшара Наушақызы сан түрлі қызмет баспалдақтарынан сүрінбей өтіп, ел мен халық сенімін ақтай білген іскер жан. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде басқарма бастығының орынбасары қызметінен 2009 жылы аталмыш ведомствоның басшысы – министр лауазымына дейін көтерілген.

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы лауазымына қайта-қайта тағайындалған. Енді бірге бұл қызметті басқа лауазыммен қоса-қабат атқарған.

2013 жылдың қараша айынан 2014 жылдың қараша айына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, 2014 жылдың қарашасынан 2019 жылдың ақпанына дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, 2019 жылдың ақпан-тамыз айларында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, 2019 жылдың тамызынан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы лауазымын атқарған.

Ел алдында сіңірген ерен еңбегі үшін «Парасат» орденімен, «Астана», сонымен қатар бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған. Гүлшара Наушақызының еңбек жолына, атқарған қызметіне қарап, Тәуелсіз де егемен елімізде қолға алынған гендерлік саясаттың жарқын жеміс беріп отырғанын айқын аңғаруға болады.

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы танымал тұлғаны жаңа лауазымдық қызметімен шынайы құттықтап, алдағы кездегі қызметіне де сәттілік тілейді!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *