АДАМНЫҢ АДАМШЫЛЫҒЫ ІСТІ БАСТАҒАНЫНАН БІЛІНЕДІ, ҚАЛАЙША БІТІРГЕНІНЕН ЕМЕС…

Мәселе Спорт
2 503 Views

Редакциямызға Шымкент қаласының спорт және дене шынықтыру басқарамасының «Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жаттықтырушылары атынан директор орынбасары С. С. Қожеков және Б.Қ. Сатыбалдиев, Б.Т. Жамишовтердің атынан арыз келіп түсті. Арыз Шымкент қаласының спорт және дене шынықтыру басқармасының таяуда тағайындалған басшысы О.В. Почиваловтың заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты екен.

Көтерілген мәселені талдамас бұрын, Шымкент қаласының спорт саласының бүгінгі жағдайы қандай, осыған дейінгі басқарма басшылары неге жұмыстан кетті, қала басшысы Әйтенов мырза осы салада кадрды дұрыс таңдады ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Себебі спорт өте маңызды салалардың бірі екені белгілі. Тәуелсіз еліміздің көк туы әлем төрінде екі ақ жағдайда жоғары көтеріледі. Біріншісі Президенттің ресми сапарында болса, екіншісі спортшыларымыздың маңдай терімен келген лайықты жеңісінің құрметіне. Соңғы уақытта Шымкенттен шыққан олимпиада чемпиондары, бүкіләлемдік спорт ойындарының жеңімпаздары, алтын медаль иегерлері сиреп кеткендей күй кешуде. Қазақ намысын бермеген, жауырыны жерге тимеген «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қағидамен өскен қасиетті халық. Әсіресе қазақи қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірі талай чемпиондарды өмірге әкелді. Бекзат Саттарханов, Мұқтархан Ділдәбеков, Біржан Жақып, Еркебұлан Шыналиев, Әлия Юсупова және тағы да осы сынды талай спорт саласының саңлақтары оңтүстіктен жарқ етіп шыққан жарқын жұлдыздар. Сол тұстағы спорт басқармасы мен қазіргі спорт басқармасының материалдық базасы жер мен көктей болғанын айтсақ қателеспесек керек. Бүгінде бұл салаға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп жатыр. Заманауи талаптарға сай ғимараттар салынуда, сапалы құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Аллаға шүкір, жағдай жаман емес, бірақ арды емес, қалтаны ойлайтындар тоқтар емес. Ал, бүгінгі күнге қайта оралсақ, спорт басқармасы біраз уақыт басшысыз тұрғанын білеміз. Бұрынғы басшысы Әлібек Нұртаев бізге белгісіз себептермен жұмыстан кетті. Содан бері бос тұрған орындыққа қала әкімі Әйтенов нағыз спорттың жанашары, спортқа ғұмырын арнаған азаматты таңдаса екен деген үмітіміз бар еді. Ол да ұзақ ойланды, біз оған демек іздеп жатыр, талдап салыстырып жатыр деп сүйсіндік. Өкінішке қарай, үмітіміз су сепкендей басылды. Таңдау Почиваловқа түсіпті. Бірақ, әкімнің кадрды белінен басып басқа салаға тағайындағандай, бұл жолы да шет аймақтан әкелмегеніне қуандық, әрине. Рас Почиваловта осы Оңтүстіктің спорт саласында жүрген азамат. Чемпион болмаса да үлкенді-кішілі чемпиондар дайындайтын клубты басқарған. Нақты айтқанда, «Ату түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК»-ның директоры болған. Әсіресе Кипр республикасында атқарған «қызметтері» бөлек әңгіме.

Енді су жаңа басқарма басшысының келе салысымен кімге, неге ұрынғанына назар аударсақ. Жоғарыда аталған арыз негізінде 21.07.2020 жылы басқарма басшысы лауазымының сол кездегі міндетін атқарушы болған Почивалов Президентіміздің елде коронавирус пандемиясына байланысты қатаң карантинді 02.08.2020 жыл мерзіміне дейін созғанына қарамастан, қарамағындағы 6 спорт мектебінің басшыларын шақырып қабылдау жүргізген. Алдына директорларды жеке-жеке кіргізу барысында бөлмеде Почивалов, сол кездегі басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ш. Әбдіқалықов және бұрын соңды спорт саласында қызмет жасамаған екі азамат болған. Ол азаматтар туралы алдағы уақытта толығырақ тоқталамыз. Әзірге даудың басы болған Дайрабайдың көк сиырынан бастайық. Осы қызметтік қабылдау барысында елдегі вирустық ахуалдың мүшкілдігіне қарамастан Почивалов өз қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіріп, карантин талаптарын сақтамаған. Бөлмедегілердің бетпердесіз болуына мүмкіндік берген. Мұны бір деңіз. Осыдан соң бүгінгі мәселенің ең өзектісі басталады, сол залым пневмониядан жақында ғана анасы қайтыс болған №3 спорт мектебінің директоры А.А. Сугралиевке басшы ретінде моральдық демеу беріп, көңіл айтудың орнына, қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, өзінің орыс тілінде қойған сұрағына Сугралиев мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жауап бергені үшін, қызметтік қудалау жүргізеді. Осы жерден қызметкерлер арасындағы мемлекеттік тілімізге байланысты кикілжің туындайды. Мұны екі деңіз. Осы орайда мемлекеттік тіліміздің мәртебесіне байланысты Тұңғыш Президент тұсында заңдар мен ережелер енгізіле бастағаны белгілі. Кез келген мемлекеттік қызметке үміткер ұлтынан, жынысынан тыс мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырады. Демек, қазақ тілін жетік білу әрбір мемлекеттік қызметкерге міндеттеледі. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкер ұғымы анахронизмге айналуы керек, яғни, ескіліктің көзі ретінде қабылдануы қажет екенін атап өткен болатын. Ол өз сөзінде: « Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс, – деп нақты айтқан болатын. Бұл дегеніміз қазіргі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде мемлекеттік қызметкерге зор жауапкершілік артылады. Ал Шымкенттің спорт саласының басшысы, лауазымды тұлғаның мемлекеттік тілді меңгермеуі Президент саясатымен қоса, жергілікті халықтың тіліне деген құрметсіздіктің кейіпі емес пе екен?! Басшы мырза қазақ халқымен бірге өсті, қызметінде түрлі мәртебелерге жетті. «Сонда мемлекеттік қызмет жақсы да, мемлекеттік тіл жаман ба?» деген еріксіз ойға ораламыз. Халық мұны қалай қабылдар екен. «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес» деген екен Хәкім Абай. Көріп тұрғандарыңыздай Почиваловтың келе сала осындай сынға ұшырап отырғаны істің жақсы басталғанының нышаны емес сияқты.

Редакциямызға келіп түскен арызға байланысты Олег Владимировичқа өзімізді қызықтырған сауалдарды жолдадық. Сұрақтар мемлекеттік тілде қойылды. Әзірге жауап жоқ.

Жоғарыда айтылған мәселелер арызда көрсетілген айыптардың бір ұшы ғана. Мақаламыз обьективті болуы үшін қордаланған түйткілдер туралы басқарма басшысының жауабын алған соң алдағы уақытта толыққанды жазатын боламыз. Әзірге бізге түсініксіз болып отырған тағы бір жайт бар. Қала әкімі Әйтенов Почиваловты осы лауазымға тағайындар алдында өткізген қабылдауында қай тілде сөйлесті екен?! Бір ойымыз Әйтенов қазақша сөйлеп, Почивалов орысша жауап қайтарды ма екен, енді бір ойымыз екеуі де шүлдірлеп орысша сөйлескен ау. Әйтпесе қала әкімі мемлекеттік қызметкерге қазақ тілін білу керек екенін ескертуі міндеті ғой…

Жалғасын келесі санда оқисыздар.

Қ. БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *