АЗИЯНЫҢ АЗУЛЫСЫ АҚПАНДА АНЫҚТАЛАДЫ

Спорт
887 Views

ТОПТЫҚ БӘСЕКЕЛЕР НЕ КӨРСЕТТІ?

Биылғы сары құрлық чемпионатына қатысқан 24 ұлттық құрама команда алты топқа бөлініп, өзара кұш сынасты. А тобында бес ұпай жинаған алаң иелері – Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) көш бастады. Төрт ұпайдан топтаған Тайланд (доп айырмасы:3-5) пен Бахрейн (2-2) 1/8 финалға шықты. Үш ұпайы бар үндістандықтар (4-4) үйлеріне ертерек қайтуға мәжбүр болды.

В тобында Иордания жеті, Аустралия алты ұпаймен плей-офф бәсекелеріне жолдама алды. Палестина екі, Сирия бір ұпайды ғана қанағат тұтып, доп додасымен қоштасты.

С тобында ұпайдан шашау шығармаған Корея Республикасы көш бастады. Қытай құрамасы алты, қырғыздар үш ұпаймен (4-4) жарыстың келесі кезеңіне шығып отыр. Филиппиндік футболшылардың жолы болмады.

D тобында Иран (7-0) мен Ирак (6-2) жеті ұпайдан жинады. Вьетнам үш ұпаймен (4-5) 1/8 финалға жолдама алды. Йемендіктер үйлеріне құралақан қайтты.

Е тобында ұпайдан шашау шығармаған катарлықтар озып шықты. Сауд Арабиясында алты ұпай бар. Ливан үш ұпаймен (4-5) жолдамадан қағылды. Корей Халық Демократиялық Республикасы бірде-бір ұпай жинай алмады.

F тобында Жапония, Өзбекстан, Оман, Түркіменстан өнер көрсетті. Алғашқы турда Өзбекстан – Оманды 2:1 есебімен ұтты. Одил Ахмедов (34) пен Эльдор Шомуродов (85) соққан доптарға аль-Гисани (72) жалғыз голмен қарымта қайтарған. Бұл кездесу өзбектерге оңай соқпаған. Ойын ережесін өрескел бұзған Жавохир Сидиқов (29), Игнатий Нестерев (58), Жалолиддин Машарипов (72) бас төреші тарапынан ескерту алып, Егор Кримец (90+2) алаңнан қуылған. Аса тартысты өткен Жапония – Түркіменстан арасындағы ойын 3:2 есебімен аяқталған. Екінші турда өзбектер түркімендердің қақпасына бірінші таймның өзінде-ақ жауапсыз төрт доп тоғытқан. Жавохир Сидиқов (17), Эльдор Шомуродов (24; 42), Жалолиддин Машарипов (40) мергендігімен көзге түскен. Анзур Исмаилов (71) бас төреші тарапынан ескерту алған. Өз кезегінде жапондар тағы да қарсыластарын, бұл жолы Оманды бір доп артықшылығымен (1:0) жеңген. Үшінші турда жапондар өзбектерден 2:1 есебімен басым түсті. 40 минутта Эльдор Шомуродов есеп ашқанымен, араға үш минут салып Йосунори Муто таразы басын теңестіріп кетті. 58 минутта Цукаса Сиотани доп соғып, жапондарды алға шығарды. Өзбектер қанша әрекеттенгенімен, таблодағы есеп өзгермей қалды. Кездесу барысында өзбекстандықтардан Фарух Сайфиев (69) пен Егор Кримец (72) бас төреші тарапынан ескерту алды. Өз кезегінде Оман – Түркіменстанды 3:1 есебімен тізерлетті. Бұл топта ұпайдан шашау шығармаған Жапония көш бастады. Өзбекстан алты ұпаймен екінші орынды еншіледі. Оман үш ұпаймен (4-4) үздік үшінші орынды иеленді. Түркімендік туыстарымыздың қоржыны бос қайтты.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ:

10 қаңтар.

Бахрейн – Тайланд 0:1

Эль-Айн, Аль-Мактум стэдиум

Иордания – Сирия 2:0

Эль-Айн, Шейх Халифа атындағы Халықаралық стадион

Үндістан – БАӘ 0:2

Абу-Даби, Шейх Зайед стадионы

11 қаңтар.

Палестина – Аустралия 0:3

Дубай, Мактум ибн Рашид Аль-Мактум стадионы

Филиппины – Қытай 0:3

Абу-Даби, Мохаммед бин Зайед стадионы

Қырғызстан – Корея Республикасы 0:1

Эль-Айн, Хазза бин Зайед стадионы

12 қаңтар.

Вьетнам – Иран 0:2

Абу-Даби, Аль-Нахайян стадионы

Йемен – Ирак 0:3

Шарджа, Шарджа стадионы

Ливан – Сауд Арабиясы 0:2

Эль-Айн, Аль-Мактум стэдиум

13 қаңтар.

КХДР – Катар 0:6

Эль-Айн, Шейх Халифа атындағы Халықаралық стадион

Оман – Жапония 0:1

Абу-Даби, Шейх Зайед стадионы

Түркіменстан – Өзбекстан 0:4

Эль-Айн, Аль-Мактум стэдиум

14 қаңтар.

Үндістан – Бахрейн 0:1

Шарджа, Шарджа стадионы

БАӘ – Тайланд 1:1

Эль-Айн, Хазза бин Зайед стадионы

15 қаңтар.

Аустралия – Сирия 3:2

Эль-Айн, Шейх Халифа атындағы Халықаралық стадион

Палестина – Иордания 0:0

Абу-Даби, Мохаммед бин Зайед стадионы

16 қаңтар.

Қырғызстан – Филиппин 3: 1

Дубай, Мактум ибн Рашид Аль-Мактум стадионы

Корея Республикасы – Қытай 2:0

Абу-Даби, Аль-Нахайян стадионы

Вьетнам – Йемен 2:0

Эль-Айн, Хазза бин Зайед стадионы

Иран – Ирак 0:0

Эль-Айн, Аль-Мактум стэдиум

17 қаңтар.

Оман – Түркіменстан 3:1

Абу-Даби, Мохаммед бин Зайед стадионы

Жапония – Өзбекстан 2:1

Эль-Айн, Шейх Халифа атындағы Халықаралық стадион

Ливан – КХДР 4:1

Шарджа, Шарджа стадионы

Сауд Арабиясы – Катар 0:2

Абу-Даби, Шейх Зайед стадионы

1/8 ФИНАЛДА КІМДЕРДІҢ ЖОЛЫ БОЛДЫ?

Азия чемпионатының плей-офф бәсекелері аса тартысты өтуде. Иордания – Вьетнам кездесуінің негізгі және қосымша бөлімдері 1:1 есебімен тең аяқталды. Жанкүйер қауым «футбол лотереясы» деп атап кеткен пенальтилер сериясында вьетнамдықтардың жолы болды (4:2). Қытай құрамасы Тайландтан 2:1 есебімен басым түсті. Иран – Оманды 2:0 етіп жеңді. Жапония – Сауд Арабиясынан 1:0 есебімен басым түсті. Аустралия – Өзбекстан кездесуінің негізгі және қосымша бөлімдерінде есеп ашылған жоқ. Ислам Тухтаходжаев (2), Даврон Хашимов (46) бас төреші тарапынан ескерту алды. Пенальтилер сериясында жасыл құрлық өкілдерінің жолы болды (4:2). Өзбектерден Отабек Шукуров пен Икрам Алибаев гол соғып, Ислам Тухтаходжаев пен Марат Бикмаев мүлт кетті. БАӘ – Қырғызстанды 3:2 етіп әрең ұтты. Осылайша түркімендер мен өзбектерге қосылған қырғыздар да елдеріне қайтуға мәжбүр болды.

Енді 24 қаңтарда өтетін ширек финалда Қытай – Иранмен, Вьетнам – Жапониямен, ал ертеңіне БАӘ – Аустралиямен кездеседі. Корея Республикасы – Бахрейн кездесуінің жеңімпазы Катар – Ирак кездесуінің жеңімпазымен жолығатын болады.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *