ЕУРОПАНЫ БАҒЫНДЫРҒАН ЖАС ЧЕМПИОН – ТҰРАН ТӨРІНДЕ

Спорт
685 Views

Түркістан қаласында жалпы аумағы 2,5 мың шаршы метр болатын теннис орталығы пайдалануға берілді. Халықаралық талаптарға сай салынған спорт кешенінде әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Онда бір мезетте алпыстан аса бала жаттығуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, спорт нысанында қосымша жаттығу залдары мен оңалту орталығы да қарастырылған. Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, спортшыларды қуаныштарымен құттықтады. Ашылу рәсімінен кейін теннис алаңына алғаш болып Түркістан облысы мен Шымкент қаласы спортшылары шығып, жолдастық кездесу өткізді.

Түркістанның өз теннис орталығы бар. Әлемнің ең бекзада спорт түрлерінің бірімен шұғылданамын деушілер, енді Тұран төріндегі халықаралық теннис орталығында шеберліктерін шыңдай алады. Орталықтың техникалық ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады.

Шара барысында еліміздің жасөспірімдер арасындағы бірінші ракеткасы, Еуропа рейтингісінің чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқан Заңғар Нұрланұлы жерлестеріне өз шеберлігін көрсетті.

13 жастағы Заңғар Нұрланұлы – Қазақстанның болашағынан үлкен үміт күттіретін жас жұлдыздарының бірі. Ол 4 жасынан бастап теннис спортына қызыға бастапты. Аталған спорт түріне баулыған әкесі екен. Әкесінің еңбегі зая кетпеді. Бүгінде Заңғар Нұрланұлы ҚР спорт шеберлігіне үміткер, жасөспірімдер арасында 2022 жылы өтетін Әлем чемпионатына жолдама иегері, жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионатының 5 дүркін жеңімпазы, жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының жеңімпазы, халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы.

«Спортта ең бастысы жауапкершілік пен тынымсыз шыңдалу» деген Заңғар Нұрланұлына, Өмірзақ Естайұлы өзінің естелік сыйлығын тарту етті. Жас спортшы болса «әлемдік ареналарда көк байрағымызды әлі талай желбіретемін» деп уәдесін берді. Заңғар Қазақстанның көк байрағын бүкіл әлемге желбірететіне біз де сенімдіміз, осы үкілі үмітіміз ақталғай!

Әлия БОСТАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *