АНАЛАР, АРУЛАР, АСЫЛДАР

Қоғам
1 635 Views

Қыс өтіп, гүлді, әнді, көркем көктем де шықты. Көктем –ең алғаш болып көңіл қуантар, жан дүниеңе нәзік сезімді сыйлайтын бәйшешектіңқар астынан шығып, айналаға әсемдік сыйлауынан басталады. Сол гүл сынды бұл мезгіл – қадірлі аруларымыз үшін де ерекше құлпыратын кез. Соны сезгендей тарихпа, тағдыр ма көктемнің алғашқы күндеріне ардақтыларға ерекше көңіл бөліп,қуаныш сыйлайтын мерекені жайғастырыпты. Дегенмен, асыл, асқақ аналар мен аяулыарулар тек бұл атаулы күні ғана емес, өмірінің әр сәтінде бақытты болуға лайық.

АНА – БАРЛЫҚ КӨРКЕМДІК ҮЛГІСІ

Бұл мейрамда ең алдымен әйелдер қауымының ең ардақтысы, пейіш кілтінің өзі табанының астында жататын ардақты аналарымыздың күні. Өмірде анасыз адам болмайды. Ақиық ақындар да, небір ғұлама ғалымдар да, дау-дамайды әділ шешетін шешен де, ел ісіне араласқан көсем де анадан туады. Ана сөзінің мағынасы – тұңғиық теңіздей терең. Асыл дінімізде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) «Кімді сыйлау керек?» деген сұраққа үш мәрте де «Ананы» деп жауап берген екен. Бұл үлгі-өнегеге толы жауап ананы қаншалықты биік ұстап, қастерлеуімізді санамызға құяды.

Қазақ халқы да осындай қасиетті, инабатты, тарихта атын қалдыруға қайраты жеткен, кешегі Абайдай ұлы ұрпаққа тәлім-тәрбие берген аналардан кенже қалмаған. Тарихта халық жадында сақталып елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүгінгі болашақ ұрпаққа мақтаныш ретінде жеткен кешегі ханша – Тұмар, қол бастаған – Бопай, ел билеген – Айғаным мен Зарина, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере сынды ардақтыларымыз бар. Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Соны білген қазақ қоғамында әйелдің орны әрқашан ерек болған. Ұлттың болашағы да қазақтың әйелінің қолында. Қазақ әйелі – отбасы, қоғамның ұйытқысы, тәрбиенің берік қорғаны. Осы және тарихтағы өзге де батыр аналарымыз ақыл-парасатымен, қайтпас қайсарлығымен жұрт билеп көсемдік көрсетіп, қол бастап, үлкен жаугершілікті бастан өткерген.

Бертін келе заман өзгеріп, қазақ қыздары аналықпен қатар өнерді, кәсіпті де алып жүрер күнге келді. Әр саланың тұңғышы болып тарихта қалған әйелдер қауымы да біршама. Қазақтың тұңғыш әскери ұшқыш қызы – Хиуаз Қайырқызы Доспанова, қазақтың тұңғыш әйел дәрігері – Аққағаз Досжанова, тұңғыш геолог әйел-ғалым – Патшайым Тәжібаева, тұңғыш шыққан әйел кинорежиссер – Дариға Байжұманқызы Тіналина, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш әйел күйші – Дина Кенжеқызы Нұрпейісова, қазақтан шыққан тұңғыш КСРО халық әртiсi — Кү­ләш Жасынқызы Бәйсейітова, қазақтың тұңғыш кәсiби бишi қызы – Шара Баймолдақызы Жиенқұлова, егемен еліміздегі тұңғыш әйел-генерал – Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева, Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел-елші – Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова. Аталған арулардың барлығы да өз заманының қиындықтарын артқа тастап, бұрын-соңды әйел адам аяқ баспаған салаға қорықпай, қайсарлық – ерлік, табандылықпен тұңғыш болып келген. Тарихтағы орны үшін күресіп, оған өз есімдерін алтын әріптермен қашап жазған. Бұл тарихи тұлғалар қазақ қазынасына енген аруларымыздың жартысына да жетпейді. Дана, дара саналған, ақылды ибалы, салиқалы аналарымыз көп бізде. Олар да егемен еліміздің, ұлы ұлтымыздың бір тірегі екені сөзсіз.

ҚЫЗ ӨССЕ – ЕЛДІҢ КӨРКІ

Осындай ұлы аналар дүниеге келуі үшін алдымен осы тектілікті бойына сіңірген қызды тәрбиелеу керек.

Қыз емес, қыздың аты қызыл алтын,

Көрінер туған айдай – жүзі жарқын.

Үлкеннің алдын кесіп сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білген ізгі салтын, –

Деп Қазақ атам ерте заманнан ұрпақ тәрбиесіне өте мұқият қараған. Оны қонақ деп санап, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген. Содан болар қазақ қыздарының жан сұлулығы мен тән сұлулығы бойына қатар үйлесім тапқан. Қыздың басты тәрбиешісі ана қызының киім киісіне, жүріс тұрысына, қай ортада болсын өзін-өзі қалай ұстау керек екеніне, үлкеннің алдын кесіп өтпеуді, кішіге ізет көрсетуді құлағына құйып отырған. Қазақы тәрбиеге сусындап өскен ару оны келесі ұрпаққа үйретеді. Осыдан ұрпақтар арасындағы сабақтастық қалыптасады. «Қыз – елдің көркі» дегендей, аяулы жандар отбасының ырыс-берекесін сақтап, ұрпаққа тәрбие берумен қатар қоғамның сан алуан саласына да белсенділік таныта біледі. Осы қасиеттің бәрі бір адамның бойынан табылу деген керемет емес пе?

АНАҒА ТАҒЗЫМ

Ақтөбеде ең алғаш ашылған «Анаға тағзым» рухани тәрбие беру орталығы бар екенін біреуі білсе, енді бірі біле бермейді . Орталықтың басты міндеті – әйелдің отбасындағы рөлін арттырып, болашақ аналарға қазақ халқының салт-дәстүріне негізделген тәрбие беру, жастарды аналарға бас июге үндеу. Мұндай орталық еліміздің басқа өңірлерінде әлі жоқ. Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен еліміздегі алғаш болып ашылған анаға тағзым етер орталық. Құны 350 миллион теңгені құраған үш қабатты, ғимараттың іші кең, ең соңғы үлгіде жабдықталған. Мұнда экспозициялық зал, қыз балаларға арналған үйірмелер бар. Бұл үйірмелерге қатысушылар мен қонақтар Бопай ханым, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанованың ерлігімен, Аққағаз Досжанова, Роза Жаманова, Нұрсұлу Тапалованың өмір жолымен танысады. Үйірмелер ақылы, бірнеше бағыт бойынша дайындалу айына 30 мың теңгені құрайды. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары үшін сабақтар тегін жүргізіледі. Орталықта психологиялық кеңес беру, қолданбалы өнер, тігін үйірмелері мен стилистика мен дизайн сабақтарын өткізетін арнайы кабинет жасақталған. Сонымен қатар орталық шәкірттеріне Қазақстанның ардақты, үлгі-өнеге берер аналарымен, тұлғаларымен пікір алмасу кездесуін өткізіліп тұрады. Бұл үйірмелерге жеті жастан бастап қыз балаларды қабылдауға дайын педагогтар бар. Осындай игі бастама еліміздің барлық өңірінде өз жалғасын тапса, бұл аяулы аруларымыздың көркем тәрбиеленіп, ұлт болашағының жарқын болуына да әкелер еді.

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҚҰСТАЙ ЕРКІН БОЛҒАН

Қазаққа 8 наурыз мейрам тарихының қаншалықты қатысы бар? Шын мәнінде ерте кезден бастап біздің халықта әйел мен еркек құқығына талас мәселелері болмаған. Ұлы дала халқында әйелдер де, ерлер де бірге ат шауып, ел басына күн түсе қалса соғысқа да аттанған. Қызын қонақ деп, болашақ ана деп сыйлап, төрден орын берген, қатты сөз айтпаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген де бар. Бірақ, бұл оны кемсітіп, оны төмендету үшін айтылмағаны анық. Ардақты аруын, бөтен ойлылардан, кесір жандардан қорғап, оны ұясына қондырғанға дейін пана болған. Демек, бұл мейрамның тарихы Батыс өркениетінен «Әйел мен ер теңдігі ретінде бастау алса да, қазақта мұндай мәселенің болмауына орай, ол біздің санамызда аруларымызды ардақтау, бақыт сыйлау, олардың қандай керемет жандар екенін еске алуымен сіңген. Патша өкіметі кезінде Ұлт зиялылары, Алаш арыстары көтерген әйелдер теңсіздігі бертін келе пайда болған дүние. Өйткені, сол уақытта қазақ жағдайы шынымен қиын болды, оның себебі қазақты қараңғы ету саясатының салдары еді. Қазақта текті ата-баба ұлылығынан айырылып, надандықтың тұтқынында қалу қаупі бар еді. Сол кездегі әйел құқықтарының тапталу кезеңі осы қараңғылықтан болса керек. Қазір оның барлығын еңсердік, егемендік алдық. Енді жаңа заманда әйел құқықтарына таластың жаңа толқыны жүріп жатыр. Жаһандану әсерінен қазақ қоғамына да ол мәселе келді. Қазір қазақ қыздарымызды, аналарымды өз деңгейлерінде сыйлай алмай отыруымыздың себебі, жастарымыздың осы руханиятты ұмытып, батыстық, тағы басқа да шетелдік мәдениетке көбірек еліктеп, қазақ әйелдерінің шынайы бағасын ұмытқаннан болып отыр. Ұлт болашағы негіздерінің бірі дана әйел мен оның қадірін білер азаматтарымыз көп болып, ұлтымыздың аруларды қалай қадірлегенін ұмытпас үшін оны болашақ ұрпақтың рухына сіңдіру керек. Осы орайда аянбай еңбек ету керек.

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *