АТЫ АЛТЫН ӘРІПТЕРМЕН ЖАЗЫЛАТЫН МАРҚАСҚА ТҰЛҒАЛАР

Тұлға
2 329 Views

Ұ.Арғынбеков, Ж.Адырбеков, Қ.Төлеметов қандай азаматтар болған?

Қазақ әруағын ешқашан қорламаған ел. Біздің халықтың ұғымында әруақ өте қастерлі, «киесі атады!» деп тіл де тигізбеген, сөз де қозғамаған. Алайда, таяуда ғана исі қазаққа еңбегі сіңген, әсіресе оңтүстік өңіріне өле-өлгенше қызмет етіп өткен, жүрегі қазақ деп соққан тұлғаларға қатысты алып-қашпа сөздер желдей есті.

Сәуірдің 8-інде Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтіп, миллионды мегаполистің жаңадан етек алып, ауқымы кеңейіп келе жатқан орталық көшелерінің атын өзгерту жөнінде депутаттардың бірі Нұрғазы Бұхарбаевтан сауал түсті. Мәселен, орталық даңғыл көшелердің бірі Ұ.Арғынбековтің орнына Абылай хан немесе Домалақ Ана, Қожа Ахмет Ясауи атын беру жөнінде бүкпесіз ойын ортаға салды.

Сондай-ақ, депутаттың «көздеу нысанасына» Ж.Адырбеков, Қ.Төлеметов көшелері де іліккен секілді. Әлдеқашан бақилық болған бұл арда азаматтардың да өкінішке қарай аты аталып қалды.

Расында, бұл ұсыныс пікір дейміз бе, депутаттық сауал дейік пе, қоғам арасын екіге жарып жіберді. Қыруар еңбегі түгілі беделді тұлғалардың есімін білмейтін ұрпақтар өсіп келеді, солар айтса таң қалмас едік. Ал аға буынның арасынан да бұл көше атауын өзгертуге келісе кетердей ыңғай танытқандарға неге жориық?!

Шымкент қаласы мен оңтүстік өңірінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан, шын мәнінде өлкенің Құрметті азаматы атанған, кезінде Шымкент қалалық мәслихаты бас болып, осынау тау тұлғаларға көше атауын беруге шешім шығарғанын қайда қоямыз? Демек, кезінде мәслихат теріс шешім шығарғаны ма, сонда? Әлде, халық қалаулыларының мұнан өзге айналысатын шаруасы қалмады ма? Мәселе көтеремін деген халық қалаулысына үшінші қаланың қордаланып жатқан проблемасы шаш етектен…

Қаланың орталық көшелеріне Абылай, Есім хан, Керей хан атаулары берілмесін деп отырған ешкім жоқ. Қазақтың қарқарадай хан аттарына лайықты қалада көше жетіп жатыр. Күн санап ірі-ірі қабат үйлер бой түзеп, көркі көз тартар «Шым-Сити» қалашығы мен жаңа шағын аудандарда кең даңғылдар да жетерлік. Дәл бүгіндері қаланың шеті болғанмен, ертеңгі күні әп-сәтте-ақ орталық көшелерге айналатыны сөзсіз. Неге осы даңғыл көшелердің атын қазақтың хан, билері, батырлары, шешендеріне бермейміз?!

Біз неге осыдан 15 жыл бұрын беріліп кеткен көше атауларын қазбалаймыз?

Сонымен депутат шүйліккен «Бұл үш азамат кім болған, қандай қызметтер атқарған, қайраткерлігі мен азаматтығымен халық жадында қалай есте қалды?» деген сауалды қоя отырып, әрқайсысының есімдеріне жеке тоқталсақ!

Ұ.АРҒЫНБЕКОВ – АСАНБАЙ АСҚАРОВТЫ ЖАҚТАҒАН ЖАЛҒЫЗ ЖАН

Ұланбек Арғынбековтің үзеңгілес замандасы, халқының қалаулы азаматы, Оңтүстік Қазақстан облысын абыройлы басқарған Қалық Абдуллаев ағамыз Ұлекең жайлы көп естелік айтып кеткен. Ол кісінің айтуынша, Ұланбек Алдиярұлы қазақтың біртуар азаматы Асанбай Асқаровты жақтаған жалғыз жан.

1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастарының алаңға шығу себебінің бірі Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынып, билікке Колбиннің келуі екені белгілі. Бұл қантөгіс оқиға орын алмас бұрын Мәскеу Д.Қонаевтан ілік іздеп, қыспаққа алу үшін алдымен Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы, қазақтың арыстай азаматы Асанбай Асқаровты тұзаққа түсіреді. Асанбай Асқаров ұсталғанда Ұ.Арғынбеков Қызылқұм ауданын (қазіргі Отырар) басқарып отырады. Барлық аудандық атқару комитетінің хатшылары Асқаровтың кемшін тұстарын түзіп, қара күйе жаққанда жалғыз қасқайып қарсы тұра білген, Асекеңді қолдаған, басына іс түскенде қасында болған осы Ұланбек Арғынбеков ағамыз еді. Арғынбеков те көп ұзамай «қамауға» алынып, төрт жыл абақты қабырғасына арқасын төсеп, төтеп беріп шығады. Кейін кінәсі жоқтығы мойындалып, ақталып шыққан. «Желтоқсан» оқиғасына қатысты бір топ мойылдай жастар ұсталып кету қаупі төнгенде, осы Ұланбек ағамыз көпке араша түскен, «жастар біздің болашағымыз, олардың сағын сындырып, құзға құлатқаннан ештеңе ұтпаймыз, қазір бұл жастарды қаматып жіберсек, ертең кадр тапшылығы сезіледі, агроном мен инженер таппай қиналамыз, бұл еліміздің даму баспалдағына тұсау болады» деп көрегенділік танытқан тұлға екенін бүгінгі ұрпағы естен шығармау керек.

Ұланбек Арғынбековтің көзін көрген, еңбегін қолмен қойғандай жіпке тізіп айтып бере алатын азаматтар көп. Солардың бірі еңбек ардагері Дархан Қаюпов.

Дархан ҚАЮПОВ, Еңбек ардагері, Жолаушылар тасымалдау саласы қауымдастығының төрағасы:

ТЫҢНАН ТҮРЕН САЛҒАН

— Ұланбек Арғынбеков – Қазақстанның жолаушылар тасымалы саласына ұшан-теңіз еңбек сіңірген, тың жерден түрен салған тұлға. Жолаушылау тасымалдау саласының атасы кім десе, Арғынбеков деп мақтанышпен айта аламыз.

1963-64 жылы жүк таситын мекемелердің барлығы бірге болды, Сол шақтары Ұ.Арғынбеков алғаш рет облыстық Жолаушылар тасымалдау басқармасын құрған азамат. Ұлекең түктен түк жоқ жерден мекеме құрды, ғимарат пен кеңсе тұрғызды, шеберхана, оған маман жинау керек, автобустар мен такси көліктерін құрау керек, міне, осының бәрін орын-орнына қойып, білдей мекемені аяқтан тұрғызды. Ол кезде министрліктен ақша бөлдірту үшін әр цифрді дәлелдеу керексің. Арғынбеков Ұлекең соның бәрін дәлелдеп, әр ауданда филиалын ашты. Сөйтіп барлық ауданға, қаладан ауданға, одан Алматыға, Қазақстанның ірі қалаларына, Өзбекстан. Тәжікстанға тасымал жүргізді. Шымкент қаласындағы 1 автопарк, 2 автопарк, таксопарк дегендердің барлығын сол кезде Ұлекең салған. Сондай-ақ, ол бүгінгі күнмен ойламаған, ендігі 20 жылдан кейін халық саны мыңға жүз мыңнан асатынын, барған сайын қөбейетінін, алдын-ала есептеп, соған сай механизмдерді түзетін.

Кентауда, Түркістанда, Сарыағашта салдырған автопарктер әлі күнге істеп жатыр.

Бүгінгі күні Арғынбеков атына берілген көше атауын өзгерту керек деген жігіттер бұл ұсыныстары үшін ұялуы керек. Арғынбековтың мамандығы инженер-механик. Автомобиль жолдары саласын оқып бітіру екінің бірінің қолынан келмейді. Қазірігдей дипломды ол кезде сатып алмайды, ол заманда Жәке-сәке деген жоқ, Арғынбеков барлығына өзінің білім білігінің, қабілеті мен шынайылығы, еңбегінің арқасында жетті.

Жолаушылар тасымалдау саласының іргетасын қалаған азаматтың еңбегін жоққа шығарып жатқанына шын ренжідім. Ірі жобаларды іске асырған, күрделі түйіндерді шешкен, шоқтығы биік азамат. Ол кісінің жолы мен тыныс-тіршілігі, Оңтүстік Қазақстанға сіңірген еңбегі ұшан теңіз.

Ұлекеңе артынан жел сөз, қоқ-соқ әңгіме ермейтін, сөзі саптасы, байламы ерекше. Тек өмірден ерте кетіп қалды. Әлі де үйренерміз көп еді. Қазір ол істеп кеткен шаруалардың игілігін халық болып көріп жатырмыз.

Қабыл ДҮЙСЕНБІ, тіл жанашыры:

ЧИМКЕНТТІ ШЫМКЕНТКЕ АЙНАЛДЫРДЫ

— Шымкенттің атауын қалпына келтіруге атсалысқан тұлғалардың бірі Қуаныш Төлеметов. Тіл жанашырлары қала атын өзгертуді 1990 жылдың басында ұсынды. Алайда, Чимкенттің Шымкентке айналуы оңай болған жоқ. Бұл жерде ұлтжанды азаматтардың белсенділігі мен табандылығы арқасында іске асты.

Кеңес дәуірінде де ономастикалық отаршылдық тоқтаған жоқ. Қаладағы атаулар үлкен бұрмалауларға ұшырады. Шаһардағы көшелер мен даңғылдарға Қазақстанға қатысы жоқ адамдар есімдерінің жаппай берілуі ұлтжанды азаматтарды қамықтырған еді. Содан 1990 жылы олар қалаға жер-су атауларын қайтаруға білек сыбана кіріскенін айта кетейік. Зиялы қауым мен «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері аудан, көше, даңғылдардың атауын қазақшалауға аянбай күш салып, нақты нәтижеге қол жеткізді. «Қазақ тілі» қоғамының ұсыныстарын қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы, ақын Қуаныш Төлеметов қолдады.

Сонымен 1991 жылы 22 қарашада қалалық халық депутаттары Кеңесінің сессиясы өтетін болды. Бұдан екі күн бұрын Қ.Төлеметов атқару комитетінің кіші мәжіліс залына тіл жанашырларын жинады. Содан ол «сессияда облыс орталығының атауын өзгерту туралы мәселе көтеремін. Бірақ бұған қарсылық көп болады (ол кезде қаладағы 100 депутаттың 80-і өзге ұлттың өкілдері тұғын). Сондықтан сессияда босқа шулап, даурықпаңдар!» деп ескертті. Сессияда Чимкентті Шымкент деп өзгерту туралы ұсынысты талқылау 2 сағатқа созылды. Этнос өкілдері «Шымкент деп қазақшаға өзгертсек, орыс тілінің орфографиялық ережесі бұзылады» деді. Бірақ төраға Қ.Төлеметов алған бетінен қайтпады. «Мысалы, біз Москваны қазақшалап, – Мәскеу, Омскіні – Омбы, Саратовты – Сарытау, Оренбургты – Орынбор демейміз ғой. Өйткені, олар Россияның қалалары. Сондықтан Шымкент те қазақша айтылып, қазақша жазылуы тиіс!» деді.

Осы сөзден кейін зал сілтідей тынып, шыбынның ызыңы ғана естілетін үнсіздік орнады. Содан кейін қарсылық танытқандар төрағаның уәжімен келісті. Осылайша, Қ.Төлеметов бұл мәселені қамырдан қыл суырғандай шешкен еді. Десек те, қала атауының екі әрпін өзгерту екі жылға созылды. Ақыр соңында, тынымсыз жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде, ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының (Президиуымының) 1992 жылғы 8 қыркүйектегі Қаулысымен Чимкент атауының транскрипциясы Шымкент болып нақтыланды,

Қуаныш – құстың қос қанаты секілді, экономиканы да, руханиятты да қатар алып жүрген абзал азамат! Шымқаланың әлеуметтік экономикасына сіңірген еңбегі өлшеусіз болса, мәдениетке, өнерге, спортқа сіңірген қызметі де таудай. Республиканың кез-келген өңірінен атағы дардай талант иелері Қалекеңді өздері іздеп келетін. Өзі де өнер адамы десе жанын беруге бар еді…

Қуаныш Төлеметов өзі де ресми тілдегі көшелердің атауы қазақшалануға бірден-бір атсалысқан өр тұлға.

Жұмабек БІЛІСБЕКОВ, Шымкент қаласы «Альянс» заңды тұлғалар қауымдастығының төрағасы:

БАҒАЛАҒАНҒА БАҚ ҚОНАДЫ!

— Мен өзім бұл үш азаматтың да елге арнаған қызметін жақсы білемін, үшеуін де көзім көрді, бізге емес, бүкіл елге үлгі өнеге бола білген нар тұлғалар. Қала мен облыстың экономикасына, әлеуетін көтеруге атсалысқан, тарихта ізі қалған лайықты ағаларымыздың сүйегіне таңба ғып сөз қозғауымыздың өзі білместік.

Жолдияр Адырбековті өте жақсы білемін, балалар үйінде тәрбиеленіп, бала шағынан ащы өмірдің дәмін татса да, өзінің білімінің, еңбегінің арқасында биікке көтерілген, халықтың сүйіктісіне айнала білді. Ж.Адырбеков десе әлі күнге дейін Төлеби халқы тік тұрады,

Шымкентте 800-ден аса көше атауы бар. Өзгертемін десе, өзгертуге тұрарлық, кең даңғыл көшелер де жеткілікті.

Бағалағанға бақ қонады дейді, халқымыз өткен тарихын, батырын бағалаған. Біз де осы үрдістен аттамауымыз керек! Мен бұл көшелердің өзгеруіне түбегейлі қарсымын!

ҰЛАНБЕК АРҒЫНБЕКОВ

1935 жылы 15 қыркүйек күні Қызылорда облысының Ақ құм станциясында дүниеге келген. 1951 жылы 10 сыныпты аяқтап, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институына оқуға түскен. 1956 жылы оқуды аяқтап, инженер –механик мамандығының иегері атанған.

1956-1957 жылдар аралығында I-Жетысай МТС кәсіпорнында жұмыс атқарған. 1957- 1960 жылдарда сол кәсіпорында бас инженер – механик қызметін атқарған. Жұмыс барысында өзін білікті маман ретінде көрсете білген.

1961 жылы Түлкібас ауданындағы Түлкібас РТС кәсіпорнында директор қызметіне ауысқан. 1963 жылдың шілдесінен Шымкент облыстық ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және сатып алу басқармасы механикаландыру және электрлендіру бөлімінің басшысы болған.

1968 жылы «Казсельхозтехника» Шымкент аймақтық қауымдастығының төрағасының орынбасары болған. 1969 жылы Шымкент қалалық халық депутаттары кеңесінде депутат болды.

1971 жылдан Қазақстан Компартиясының Шымкент облыстық комитетінің мүшесі. 1973 жылы Қазақстан Компартиясының Шымкент қалалық комитетіне мүше болған.

1978 жылдан бастап Шымкент қаласындағы жолаушылар автомобиль көлігін өндіру бөлімінің басшысы. 1987 жылы Қазақстан Компартиясының Қызылқұм аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар достығының орденімен марапатталған.

Мінекей, аз болса да сіздерге ақпарат бере алдық деп ойлаймыз.

ЖОЛДИЯР АДЫРБЕКОВ

1944 жылдың 12 маусымында Ленин ауданына қарасты Георгиевка ауылында дүниеге келген. Балалар үйінің тәрбиеленушісі болған. 1951 жылы Первомаевка ауылындағы Горький атындағы мектептің бірінші сыныбына барған. 1959 жылы осы мектептің жеті сыныбын тәмамдап, Манкенттегі №14-ші арнайы кәсіптік мектебіне оқуға түскен. Аталмыш оқу орнын 1963 жылы аяқтаған. 1961 жылдан комсомол мүшесі. 1963 жылдың шілдесінен бастап 1963 жылдың қарашасына дейін Шымкент қаласындағы гидрогеологиялық экспедиция құрамында болған. 1963 жылдың қарашасында Кеңес әскерінің құрамына шақырылған. 1965 жылдың қаңтарынан коммунистік партия кандидаты болып тіркелген.

1966 жылдың қарашасында Кеңес Армиясы қатарынан демобилизацияланып, әскери бөлім бағыты бойынша Рубцовск қаласына Алтай трактор зауытына барып, онда конвейерде слесарь-құрастырушы болып жұмыс істеді.

1967 жылдың қыркүйегінде Кентау қаласына келіп, онда ол Западный кенішінде бұрғышы болып жұмысқа орналасты.

1968 жылы шілдеде Кентау қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды.

1968 жылдың қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін Орталық комсомол комитетінің жанындағы орталық комсомол мектебінде оқыған.

1969 жылы Кентау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

1978 жылдан бастап Қазақстан коммунистік партиясы қалалық комитетінің хатшысы. 1985 жылы жұмыс орнын ауыстыруына байланысты партия құрамынан шыққан.

Ұлы Жеңіске 20 жыл медалімен марапатталған.

Жеке іс – қағаздарында Адырбеков Жолдиярдың жауапты маман, жақсы ұйымдастырушы екені аталған. Партия құрамында құрметке ие азаматтың бірі болған.

ҚУАНЫШ ТӨЛЕМЕТОВ

1942 жылы 4 қарашада табиғаты таңғажайып Төлебидің төріндегі Майбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. 1959 жылы мектепті бітіріп, Қазақ химия-технология институтын 1964 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шағады. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда целлюлоз-картон комбинатында мастер болып бастайды. Іскерлігімен ерте көзге түскен, талапшыл Төлеметов 1965 жылы Шымкент қаласындағы асбест-цемент конструкциясы комбинатында мастер, ауысым бастығы, шифер цехы бастығының орынбасары және бастығы болып қызмет атқарады. Біліктілігі мен іс-тәжірибесінің молаюымен 1981-1988 жылдары Шымкент қаласы Еңбекші аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1989-1991 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет істейді. 1991-1993 жылдары еңбекшілер депутаттары Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 1993 жылы «Шымкент мұнай өнімдері» ашық акционерлік қоғамының президенті болып тағайындалады.

Ел үшін еңбек етуді қаршадайынан мақсат еткен Төлеметов 1995 жылы Лондон қаласында Абай үйін ашуға, сонымен қатар, Бәйдібек Ата, Домалақ Ана кесенелерін салуға, тіпті, ауданда өткен түрлі бағыттағы акцияларға қатысып, өз үлесін қосқан айтулы азамат.

Осындай еңбекқор жанның бойына жаратушы ақындық өнерін де қоса сыйлаған екен. Көкейіне түйген көп ойларын, қолына қалам ұстаған шабытты шақтарында қағаз бетіне төгіп те тастайтын болған. Сол өлеңдер топтамаларынан «Аппақ гүлдер», «Сағыныш» т.б. кітаптары жарыққа шығады. Көптеген ойлы өлеңдері халық арасына таралып кеткен. «Аппақ гүлдер» әні әлі күнге дейін жұртшылық арасында шырқалып келеді.

Төлеметов Қуаныш «Құрмет», «Барыс», ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Қазіргі кезде Шымкент қаласындағы хайуанаттар бағы мен өсімдіктер бағының ортасында Төлеметов атында үлкен көше бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *