АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРГЕ 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ

Экономика Қоғам
53 Views

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі дала жұмыстарына қажетті несие және мемлекеттік қолдау шараларының шарттарын түсіндіру бойынша жиын өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев төрағалық етіп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалы директорының орынбасары Мүйтембаев Азат Мақсатұлы түсіндіру жұмысын жүргізді.
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы Аграрлық несие корпорациясы фермерлер мен корпорацияның қызметіне оң әсер еткен, сондай-ақ болашақта дамуға тың серпін берген бірқатар маңызды іс-шараларды жүзеге асырды.
Корпорацияның ауқымды жұмысы жеті бағыт бойынша жүргізілді: қаржыландыру көлемін ұлғайту, цифрландыру, жастарға микрокредит беру бағдарламасын іске асыру, қолайсыз ауа райы жағдайларына тап болған фермерлерді қолдау, сондай-ақ қаржыландыру шарттарын, ішкі процестер мен корпоративтік мәдениетті жетілдіру.
Азат Мақсатұлы 2024 жылы ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерге 1,5 млрд. теңгеге дейін несие берілетіндігін, шаруалардың кепілдікке қоятын жылжымайтын мүліктерін бағалау тәсілі өзгергендігін айтты.
Сұрақ-жауап форматындағы кездесу барысында шаруалар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
«Қаржыландыру шарттары аясында корпорация алғаш рет фермерлер үшін қолайлы бағаларды қалыптастыру мақсатында көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру көлемін екі есеге арттыра отырып, орта мерзімді негізге ауыстырды», — деді Азат Мақсатұлы.
Жиын барысында шаруаларға несие рәсімдеу жолдарын түсіндіріп, айтылған ұсыныстар назарға алынды.

КӘСІПКЕРЛІКПЕН АЙНАЛЫСУҒА НИЕТТІ ЖАСТАР ҮШІН ТАМАША МҮМКІНДІК
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Бәйдібек ауданында «Кәсіптік бағдар беру» жобасы аясында «Кәсібім менің жемісім» атты тақырыбында жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағыттау мақсатында семинар-тренинг өтті.
Семинар-тренинг, экскурсия мақсаты – жастарды ірі кәсіпорындармен таныстыру арқылы несие, грант алу және бизнес ашуға бағыттау. Түрлі кәсіптің қыр-сырын үйретіп, нарықтық қатынастардың тиімділігін түсіндіру. Жастарға беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау.
Өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастар үшін тамаша мүмкіндік. Себебі, мұнда:

  • «Жастарға арналған 2,5 % несие»
  • «Бизнестің жол картасы-2025»
  • «Бастау бизнес» жобасы жөнінде ақпараттармен бөлісті.
    Шараға қатысушылар алдымен жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат алып, семинар-тренингтен өтті. Атап айтқанда, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар өте көп. Түрлі жеңілдетілген несие сонымен қатар гранттар бойынша түрлі бағдарламалар бар. Осы бағдарламаларға жастар көптеп қатысып ел экономикасының дамуына үлес қосу керек.
    Семинар-тренинг бағдарламасында облысымыздағы маңызды кәсіпорындарға экскурсия жасалатын болады. Өңірімізге белгілі кәсіпкерлер өздерінің аудан, қалаларында кәсіптерімен таныстырып, жетістіктері жайында айтатын болады. Егер де сізде өз кәсібіңізді ашып миллионер атанғыңыз келсе, өз аудан, қалаңызда өтетін семинар-тренингке, экскурсияға қатыса аласыз.
    Шара соңында, жастарға арнайы сертификаттар табысталды.

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРУ КӨЗДЕЛУДЕ
Биыл Түркістан облысында жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Оған қоса, 2024 жылы 140,2 мың тұрғынды жұмыспен қамту шараларын іске асыру қолға алынуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бекітілген «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Ал, өңірлік карта аясында 74,1 мың адамға тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
Бүгінде Өңірлік карта бойынша 45 197 жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 15 289 орын тұрақты. Бұл ретте, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны бағдарламасы арқылы 4 345 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Ұлттық жобалар бойынша 3671 жұмыс орындарын ашу жоспарланып, нақты 87 жоба арқылы 610 жұмыс орны ашылды.
Жалпы облыс көлемінде 43,3 мың адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, бүгінде 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Ал, 43,2 мың адамды уақытша жұмыс орындарына жолдау көзделіп, нақты 20,5 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарына орналасты.
Айта кетейік, Түркістан облысында кәсіпкерлікке бірқатар қолдаулар көрсетіліп келеді. Оған дәлел 2024 жылы 7,2 мың адамға кәсіпкерлік бастамаларына грант және шағын несие беру жұмыстары қарастырылуда. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтар арасынан 1 793 адамға бизнес-идеясын дамытуға гранттар беру, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 4 803 жаңа жұмыс орындарын ашу, 621 жас кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен 5 млн. теңге жеңілдетілген шағын несие беру көзделуде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫН ДАМЫТЫП, ЗАУЫТ АШУҒА ДА НИЕТТІ
Шардара ауданы, Жаушықұм ауылына қарасты «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруа қожалығы 500 гектар егістік алқапты игеріп отыр. Биыл 370 гектарына күнбағыс егіп, онда тамшылатып суғару әдісін енгізген. Бұдан бөлек, жүгері және бау-бақша өнімдері өсірілуде.
Шаруа қожалығы тұрақты негізде 11 адамды жұмыспен қамтыса, жұмыс ауқымына байланысты 20-30 адамды жұмысқа тартады. Онда 23 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Егістік өнімдері Қытай, Түркия мемлекеттері мен ішкі нарыққа өткізіледі.
«Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауы аясында шаруа қожалығын дамытып, зауыт ашуға да ниеттіміз. Бұл тамшылатып суғару дүниежүзі бойынша су тапшылығының алдын алатын және өнімділікті көбейтетін әдіс деп білемін», — дейді шаруа қожалығының басшысы Оразалы Шыршықбаев.

ҚЫТАЙҒА БАРЫП КЕЛГЕН КӘСІПКЕР ЦЕХ АШТЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына арнайы барған сапарында бірқатар кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, оларды дамыту жолдарын қарастырды.
Абай ауылындағы «Домалақ ана» тігін цехында болған өңір басшысы цех жұмысымен танысты.
Биыл наурыз айында іске қосылған өндіріс орнында 14 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 120 мың теңге көлемінде. Кәсіпкер өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Қытай Халық Республикасына аудан әкімімен барып, 16 тігін машинасы мен 1 дана көрпе тігетін станок сатып алған.
Кәсіпкер өз қаржысы есебінен, сонымен қатар қосымша «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында қаражат алып кәсібін дөңгелетіп отыр. Негізінен қыз жасауы, ұлттық нақыштағы көрпе-төсек, құрақ, ұлттық киімдер шығарады.
Бизнесті дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Тігін цехына 50 тігін машинасын сатып алынатын болды. Сондай-ақ «Күміс жас» жобасымен тігіншілер жұмысқа алынады. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады.
Кәсіпорын негізінен Түркістан облысының нарығына өткізеді. Жобаның жалпы құны 408 млн. теңге.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН НАУБАЙХАНА АШҚАН
Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауыл округінің тұрғыны Айғаным Қабылбекова «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында кәсіп бастаған. Көпбалалы ана бағдарлама арқылы 7 млн. теңге несие алып, наубайхана ашқан.
Бұл қаражатқа кәсіпкер өндіріске қажетті заттар сатып алған. Бүгінде ол күніне 400 дана нан пісіріп, ауыл тұрғындарын қамтып отыр. Бір нанның бағасы 130 теңге көлемінде.
«Пилоттық жоба аясында несие алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Алған қаржыға екі газ плитасын, арнайы қондырғылар мен тоңазытқыш сатып алдық. Күнделікті өнімдеріміз ауыл-аймақ пен балабақшалардан артылмайды. Одан бөлек, арнайы тойға да тапсырыс аламыз. Кейде көршілес ауыл тұрғындарына да тапсырыс береді», — дейді кәсіпкер.

КҮНІНЕ 2 ТОННАДАН АСТАМ ӨНІМ АЛАДЫ
Сарыағаш ауданына қарасты Қанағат елді мекенінің тұрғыны Қошқарәлі Исақов 95 соттық жылыжайды жайқалтып отыр. Жылыжайға болгар бұрышын, қызанақ, қияр, құлпынай еккен. Шаруа отбасымен бірге күн сайын ерте тұрып, қияр мен болгар бұрышын жинап, сұрыптайды. Шаруа келер жылы оның көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
«Жылыжайдың 54 соттық жеріне болгар бұрышын ектік. Қаңтарда егілген «Ереван» сұрыпты өнімді наурыз айының соңында тере бастадық. Бұл жұмыс шілдеге дейін жалғасады. Биыл 30-35 тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жолдасым мен келіндерім жылыжайдың шаруасына көмектеседі. Бір күннің өзінде 2 тоннадан астам өнім тереміз. Бүгінде ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отырмыз», — дейді жылыжай иесі.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПТІҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ЖАҚСЫ
Аграрлы аудан саналатын Келес жерінде кәсіпкерлік жыл санап өркен жайып келеді. Мәселен осы жылдың үш айының қорытындысы негізде жұмыс істеп тұрған орта және шағын кәсіпкерліктің 11 мың 949 субъектісі тіркелген. Ауданда жеңіл өнеркәсіп, мал шаруашылығы, дүкендер желісі, қызмет көрсету салалары қанат жайған. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 16 мың 592 адамға жетті. Ал, өнім шығарылымы 69 млрд. 474 млн. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 117,2 % өскен. Сонымен қатар, өткен жылы ауданда 12 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын инвестиция тартылды. Нәтижесінде 161 адамға жаңа жұмыс орындары ашылды.
Ауданда былтырдан бері ауыл шаруашылығы бағытында жобалар көп қаржыландырылуда. Сондай-ақ, жұмыссыздарға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы басталған. Оның аясында жобаға Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе, Біртілек ауылдық округтері қатысты. Жалпы 337 жобаның өтінімі қабылданып, 1,4 млрд. теңгеге 252 жоба қаржыландырылды.

ТҮРКІСТАН ЖИҺАЗДАРЫ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛЫП ЖАТЫР
Түркістан қаласында өткен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында журналистер «Asia Brend» жиһаз өндіретін фабрикасына барып, жұмыс барысымен танысты. Жалпы 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын жылына 22 мың дана жиһаз өндіреді. Бүгінде түркістандық жиһаздар Түркістан, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларында сатылымда. Сондай-ақ, өнімдер Ресей мен Қырғызстан елдеріне экспортталып жатыр.
Өткен жылы өнеркәсіп саласын қала 25,8 млрд. теңгенің өнімін өндірумен қорытындылаған болатын. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда (22,3 млрд. теңгенің өнімі) 4,7 пайызға артқан.
Баспасөз туры барысында журналистер «Белсенді ұзақ өмір» сүру орталығында болды. Орталықта денсаулықты жақсартуға арналған массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы мен жаттығу жасауға арналған бөлмелер бар. Онда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі.
Пресс-тур аясында тілшілер қауымы Қ.А.Ясауи кесенесіне барып, зиярат жасады. Одан бөлек, БАҚ өкілдері кесене аумағындағы Этноауылдағы шеберлер көрмесіне барды. Тур соңында журналистер биыл 5 жылдығын атап өткелі жатқан Халықаралық туризм және меймандостық университетінің тыныс-тіршілігімен танысты. Биыл университет алғашқы 500-ге жуық түлектерін ұшырмақ.

«МАҚСАТЫМЫЗ – ХАЛЫҚҚА САПАЛЫ ӨНІМ ҰСЫНУ»
Мақтаарал ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылды. «Мырзашөл-құс» ЖШС-ң құс фабрикасы – ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған. Сондай-ақ, өндіріс орны – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен, жұмыртқамен қамтуға бағытталған.
Жобаның І кезеңі бойынша 10 мың бас етті «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде.
«Фабриканы барлық стандарттарға сай жасақтап жатырмыз. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Мақсатымыз – халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсыну. Бүгін жобаның І кезеңін іске қосып отырмыз. Фабрикамыздағы құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Алдағы уақытта фабрикамызды үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын да арттырмақшымыз. Қазіргі таңда 5 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы жобаның IV кезеңінде жұмысшылар саны 15-ке жететін болады» — деді фабриканың басшысы Қасымхан Муталиев.
Айта кетейік, кәсіпорынның І, ІІ кезеңдері бойынша жылына 20 миллион жұмыртқа, 5 мың тонна құс етін өндіру және ІІІ, IV кезеңдері бойынша тәулігіне 48 тонна өнімді құрайтын жем цехын іске қосу көзделген.

БАЛЫҚ ӨСІРУДІ ЖОЛҒА ҚОЙҒАН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ САНЫ АРТТЫ
Созақ ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын жолға қойған азаматтардың саны артып келеді. Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған кәсіпкерлердің шаруашылығымен танысып, кәсіп иелерімен пікір алмасты.
Бүгінде Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды. Өткен жылдың қараша айында 850 келі толстолоб балығын салып, қазіргі уақытта өнімін сатуға дайындауда. Шабақ күйінде жіберілген балықтар 2-3 келіге дейін ет жинаған.
Сонымен қатар шаруашылықты жолға қойған кәсіпкердің қатарында Амангелді Әділжан да бар. 8,3 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, 10 000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберді. Тоғанның аумағы 15 сотық, тереңдігі 2 метрге дейін барады. Бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер келешекте қосымша 3 тоған қазып, шаруашылығын арттыруды жоспарлауда.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы балық шаруашылығын дамыту мақсатында 7 азамат 56,6 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, кәсібін ашуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығын дамытушы кәсіп иелері 25 000 форель, 30 000 сазан, 4 000 толстолоб, барлығы 59 000 балық өсіруде.
Бұған қоса, 3 азамат ауыл шаруашылығы жайылым жерлерінің мақсатын балық шаруашылығына өзгерту жөнінде өтініш қалдырған. Бұл азаматтар алдағы уақытта өз қаражаты есебінен кәсібін ашуды жоспарлауда.

ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЦЕХЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округінде «ND PLAST TURAN» тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу цехы іске қосылды. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қатысып, тың жобаға сәттілік тіледі.
Кешен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жылына 300 тоннадан асатын өнім өндіреді. 1 гектар аумақта орналасқан нысанда 10 адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылған.
«ND PLAST TURAN» кәсіпорын басшысы Нұрислам Ебергенов алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, осы шикізаттан пластикалық құбыр шығаруды жоспарлап отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *