АҚ БАТАНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Таным Тарих
1 333 Views

Қазақ елінің тарихында ел басына қара бұлт үйіріліп, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен суішкен қиын-қыстау замандарда өмір сүріп, елі мен жерін жаудан қорғаған, қолбастаған батырлар мен сөз бастаған би-шешендер аз болмаған. Солардың бірі әрібірегейі Ұлы жүз Сіргелі Ақ тулы Жабай батыр. Ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетіп,ел жадында жатталып қалған әңгімелер мен қағаз бетіне түсіп, іргелі елдіңмұрағаттарында сақталған тарихи деректер жоңғар шапқыншылығы кезінде тұлпармініп, Абылай ханның қолынан ту алған Жабай батырдың қаһармандығы мен көзсізерліктері жайлы сыр шертеді. Тарихта Жабай батырдың есімі кезінде Төле би,Абылай хан есімдерімен қатар аталғанын білеміз. Біз бүгінгі зерттеуімізде осытұлғалармен қатар Қарасай батыр мен Жабай батырдың рухани үйлесімін талдапкөрмекпіз. Әрине Қарасай батыр Жабай батырдан бірнеше жыл алдын өмір сүргенболса да ірі тарихи кезеңдерде аты шыққан қос тұлға.

Бүкіл саналы ғұмырын елінің елдігі мен бірлігіне арнаған Қарасай мен Жабай батырлардың тарих сахнасына шыққан кезі – ел ылаң, дүние топалаң болған, қылыш – қынабынан, қанжар қынынан суырылған, бес қаруын асынған, ат үстінде күн көрген, аптада белін шешпеген іргеден Жоңғар хандығы бой көтеріп, айбынды күшке айналып үлгерген беймаза шақ болатын. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халық ретінде тарихта қала ма, жоқ па деген сұрақ көзі ашық, көкірегі ояу дала данышпандарын дөңбекшітумен болды.

Алатауда Қарасай батырдың, Қаратауда Жабай батырдың есімі исі қазақ арасында аса құрметпен аталды, алты Алашқа ерліктері мәлім болды. Бұл – олардың бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың бел ортасында жүргенінің айғағы.

Өмірі аттың үстінде, соғыс ортасында өткен Қарасай батырдың қазақ даласында қадам баспаған жері жоқ. Өмірін елі мен жерін қорғауға арнаған Қарасай батырдың қарт Қаратау жеріне бірнеше рет келгендігі жайлы тарихи деректер жетерлік. Десек те біз бұл жолы Қарасай батырдың Қаратауға келуінің тарихи хронологиясына емес, рухани құндылығына тоқталмақпыз.

Мен осыған дейінгі зерттеулерімде, ғылыми мақалаларымда Қарасай батырдың әкесі Алтынай абыздың Есім ханмен болған оқиғасын, хан ордасын үлкен жұттан аман сақтап қалғандығын жазған болатынмын. Сол жолы хан ордасына үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, келе-келе түйе алып барған Қарасай батыр сый ретінде Есім ханның отырған үйін сұрап, батасын алғанда қызыл шұбар жолбарыс осы үйдің босағасында қалып, батыр бабамыз Қарасайды желеп-жебеп пірі-киесіне айналғанын тілге тиек еткен едік. Есім хан Қарасай батырға бата берген кезінде де сол қызыл жолбарысты тіліне тиек еткен екен:

Аллаға қылығың жақсын,

Таңда машһар күніңде

Алдыңнан бұлақ ақсын!

Періштелер маңдайыңнан иіскеп

Жауырыныңнан қақсын,

Көкірегің ақ болсын!

Қара босағаңнан қыдыр кетпесін,

Қара шаңырағыңнан ырыс кетпесін,

Атың алты алашқа танылсын

Дұшпаның табаныңда қырылсын!

Атың – ұран болсын,

Айтқаның құран болсын,

Жолбарыстың жүрегін берсін!

Бар әулие, әмби, аруақтар қолдай қоршап,

Бар жақсылық тілегіңді берсін!

Әумин!

Бұл қазақ халқының «алтын алма, алғыс ал» – деген қағидасына дөп түсетін оқиғаның бірі еді. Әңгімені әріден айналдырып бастауымызға себеп осы оқиғадағы қызыл жолбарыстың Ақ тулы Сіргелі Жабай батырдың өмір жолында да бірнеше рет тілге тиек етіліп келеді.

Аруақты, қасиетті жандардың өздеріне ғана көрінетін пірі, киесі болады. Жабай батырдың пірі – қос жолбарыс пен ақ түйе. Бұл киелер Жабай батырға қалай келді, қай кездері көрінеді? Бұлар жайлы көнекөз қариялар, шежірешілер, ұрпақтары күні бүгінге дейін аңыз етіп айтып отырады.

Жалпы, ұлы тұлғалардың ұлы­лық қасиетi көп болады. Қа­ра­сай тек iрi батыр ғана емес, айт­қаны дәл келетiн әулие көреген, бi­реуге қатты ренжiп, зiл тастаса, те­рiс бата берсе, қара жер қарс айырылғандай қара жамыл­татын арқалы, аруақты жан болған. Қар­тай­ған шағында шыбық мiнiп, ойнап жүрген бала Төленi өзi iз­деп барып, ақ батасын берген екен. Төле кейiн күллi Қазақ елi­нiң тiз­гiнiн ұстаған әз Төле би атан­ғаны белгiлi. Қарасай ба­­бамыздың жол­ға шығарда, ұрыс­қа аттанарда соңынан қызыл шұ­бар жол­ба­рысы бiрге ерiп жү­редi. Ол батыр­дың өзiне ғана көрiнiп, аян беретiн қасиеттi киесi, қыдырлы қызыры екен. Қарасай бабамыз бұл дүниеден өткен соң қызыл шұбар жолбарысы Төле биге, одан Сұ­раншы батырға, одан Сарыбай биге, кейiн Жамбыл атаға ерiптi, дейдi.

Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған бата – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста жүрген игі дәстүрдің бірі. Бата оқылған кезде үлкен-кіші әр сөзін ықыласпен тыңдайды. Өйткені, қазақ халқы батаға үлкен сеніммен қарайды. Сөз қасиеті мен қадірін жете түсінген ел бата беруге. бата алуға аса мән берген. Шынайы жүректен шыққан бата ғана қабыл болады.

Батаның адам санасына әсер ететін үлкен рухани күші бар. Халық бата жасалған жерде жақсылыққа сеніп, ынтымақ, береке болады деп ырымдайды.

Жалпы батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне қарай халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған.

Тәрбиенің бастауы болған аталардың қасиетті сөзін ғасырлар бойы мысқылдап жиналып, ақыл елегінен өткізіп, тексерілген өмір тәжірибесінің тарихи санасының даналық қорытындысы. Шынайы шеберлікпен тоқылған бата берудің рәсімі де әртүрлі.

Сонымен қатар бата сөздерде қазақтың тарихи салт-дәстүрі, танымдық ерекшеліктері, этикалық-адамгершілік келбеті, жанұя жарастығын сақтауы, ұрпағын тәрбиелеуге негізделген арман-аңсары көрініс тапқан. Ондағы ғибратты сөздер ұрпақты әділетті, салиқалы, көркем мінезді болуға тәрбиелейді.

1991 жылы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев та алғаш Президенттікке сайланып, таққа отыру рәсімінде үлкен ақсақалдың ақ батасын алып барып, ел басқару ісіне кіріскен. Батаны бүкіл қазақтың данышпан ақыны болған, аты әлемге жайылған ұлы Абайдың ұрпағы Шәкір ақсақал берді. Шәкір Әбенов – қазақтың халық ақыны, сазгер, сөз білетін, жөн білетін дана ақсақал болған.

Қазақ баталарында этика, мораль, ар-ождан, ынтымақ, бірлік, молшылық, бақыт, қонақжайлылық, амандық-саулық мәселелер қозғалады.

Қазақ халқы ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Оны кез келген адам айта бермейді және қарапайым тілектен айтарлықтай өзгешеленеді. Кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады.

Ресей патшалығы қазақ даласында талай зерттеулерді жүзеге асырды. Сондай бір зерттеу жұмысымен Ұлы Даламызға табан тіреген этнограф-фольклоршы ғалым Александр Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шыққан «Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий – бата сөз» атты мақаласында «Кімде-кім қазақ даласында болса, ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі. Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас-пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады» – деп жазған.

Батаны көпті көрген қариялар ғана береді. Ер адам отырған жерде әйел бата жасамайды. Халық қарасында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан баталар бар. Мысалы, Төле бидің Қойгелді биге берген батасы, атасының Райымбек батырға берген батасы, Шәукеннің Бөлтірік шешенге берген батасы, Соқыр Абыздың Жәнібек батырға, Қарасай батырдың балаларына, Кененнің келіндеріне, Б.Момышұлының берген баталарын халық жаттап алған. Сондықтан бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан.

Сонау Алатауда қоныстанған шағында елінің ертеңгі тізгінін ұстайтын жанды іздеп келіп, Әлібек бидің ауылына бірнеше күн қонақ болып, бала Төлені сынынан өткізген Қарасай батыр еліне аттанар шағында, таң қылаң берген уақытта шын пейілімен, ырзалығымен бата берген деседі. Сонда Қарасай батырдың Төле биге берген батасы:

Қарағым Төле, айтқаның әділ болсын,

Тілегің қабыл болсын.

Дұшпаныңның қарғысы жетпесін,

Атқан оғы өтпесін.

Басыңнан бақыт кетпесін.

Бабам Бәйдібектің батасы,

Жауыңнан қорғап, септесін.

Қасыңдағы жолдасыңа берекең артып жүрсін,

Дұшпаның өзіңе қорғалап,

Досың болып, басын тартып жүрсін.

Көзіңді жақынға салма, алысқа сал,

Ниетіңді қалысқа сал.

Сыйынғанға кие бол,

Халқыңа ие бол!

Әумин!

Бата беру – алда жасалар сапарға, әлдебір іске жол ашу мақсатында беріліп жатады. Бата беруші де, бата алушы да бұл арада жан дүниесі ізгі сипатта болатындығымен бұл рәсім құнды болып саналады. Бата беру – берушінің жан дүниесінің риясыздығын танытса, бата алушы да оның аурасын риясыз қабылдай отырып, сөз арқылы жағымды энергиямен қуаттанатындығына сенеді. Сондықтан да қазақ халқында бата беруді немесе бата алуды үлкен жауапкершілік санайды. Бата беруші адам – жайдан-жай, бейсауат жан емес. «Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» дейтін нашарлар бата бере алмайды. Бата беретін адам – отты-жігерлі «баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас»,– деп орайы келген жағдаяттарда адамдардың өздері лайық көрген жандардан ізгі бата алуды мәртебе ретінде қарастырғандығын байқаймыз. Шындығында, жоғарыда атап өткеніміздей, бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Бата алушы риясыз берілген ақ батадан рухани қуат алады, ол берілген бата ары қарайғы өмір жолында жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батырлардан, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған.

Жасынан алғыр, ақылды Жабай батырдың бала кезінде Төле бидің көзіне түсіп, ыстық ықыласына бөленіп, ынтасын арттырып батасын алған кезі. Сіргелі Жабайдың бойындағы ерекше қасиетті оның бала кезінде-ақ хандардың ханы аталған ұлы тұлға Төле би байқаған деген дерек бар. Төле бимен кездесуі Жабай бабаның он екі жас аралығына тура келеді екен. Бұл деректің шындығына ешкім күмәнданбаса керек. Өйткені, Ташкенттің жеке дара билеушісі болған қазақтың төбе биі өзінің құзыретін көне шаһарға ғана емес, Алатау мен Қаратаудың арасындағы қалың жұртқа жүргізетін. Хандар мен батырлар, рубасылары оның келісімінсіз ел басқару мәселелерін шеше алмайтын. Әрі әділ, әрі тереңнен толғайтын кемеңгер би қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз арасында биік бедел мен абыройға ие еді. Сондықтан да еларалық, ұлысаралық, руаралық маңызды мәселелер оның тікелей араласуымен шешімін тауып жататын. Сол кездері Жабайдың әкесі Қазыбек те Сіргелі жұртының мүддесін күйттеп ұлы бидің алдына талай рет барғандығы жөнінде ел аузында әңгімелер сақталған. Сондай сапарлардың бірінде бала Жабайды әкесі атқосшыларына қосып ерте кетеді. Көрегендік қасиеті бар Төле бидің назары жасөспірімге түсіп, оның болмыс-бітімінен, көз жанарынан киесі барын аңғарады.

Келесі бір дерек бойынша қазақтың төбе биінің Ұланбике деген қызы Сарығаш өңіріне келін болып түскен еді. Одан туылған жиені Ескелдіден кемеңгер би үлкен үміт күткендігі шежірелік аңыздарда жиі айтылады. Осындай жағдаятпен Төле би Сарыжылға мен Әлімтау өңіріне ат басын жиі бұратын болған. Қазыбек батырдың да ауылында қонақ болып, буыны бекіп келе жатқан Жабайға сын көзбен қарап жүреді.

Қызының ауылына жолаушылап келе жатқан Төле бидің Жабаймен кездесуі ел жадында сақталып, ауыздан-ауызға әңгіме болып біздің дәуірімізге дейін жеткен. Төле би өзінің жанындағы жігіттермен Қазыбек палуанның үйінің алдына келіп тоқтайды. Үйден жүгіріп шыққан жасөспірім жігіт Жабай олардың ортасындағы ақ сақалды, данышпан қария – Төле биді жазбай таныды.

– Ассалаумағалейкум,-деп оң қолын төсіне басып, иіліп тағзым етеді Жабай. Аттарыңызды алыстан естіп, өздеріңізді жақыннан көре алмай жүруші едік, Құдай оңдап құдайы қонақ болып келіп қалған екенсіздер, кәне, аттан түсіңіздер!

– Бізге берер қандай несібең бар? – деп Төле бидің жанындағы жігіттер Жабайды баласынып тілмен бір қағытып өтеді.

Сонда Жабай:

– Бала екен деп қомсынбаңыздар! Тапсам – біреуін, таппасам – екеуін соям! – деді.

Баланың астарлап әрі тапқырлықпен берген жауабына Төле бидің жанындағы жігіттер түсінбестен биге жүгінеді.

Сонда Төле би;

Жасөспірім жігіттің тапқырлығына, ақылдылығына разы болып, іштей терең толғанып:

«Батыр деген – барақ-ит,

Екі долы қатынның бірі табады.

Би деген – бірбұлақ,

Қатынның ілуде бірі табады, -деуші едім-ау мен.

Ал, мынау бала әрі бұлақ, әрі барақ болайын деп тұр-ау сонда. Асыл алмастай сөзі, шоқтай жайнаған көзі сыр ғып айтады-ау маған. Соның екеуін де екі иініне артып, сендей ұлды дүниеге әкелген асыл ата-анаңнан айналайын!» – деп атынан түсіп, үйге кіріп, қонақ болып, бала Жабайға ақ батасын берген екен.

Аузы дуалы батагөйлер кез келген адамға батасын бермеген.

Адам бойында батаға деген үлкен сенім қалыптасқан. Яғни, ақ бата алған адамның жолы ашық болса, теріс бата алған адам қарғысқа ұшырайды деген. Өйткені батаны естіген адамның көңілінде қалған ой, ұялаған сенім оның болашақтағы қадамдарын анықтап береді. Мысалы, батырлар жекпе-жекке шығар алдында міндетті түрде үлкендерден бата алған. Батаға деген сенім оларға ерекше күш-қуат берген.

Десек те аузы дуалы қариялар да кез келген адамға батасын бере бермеген. Мысалы, Жамбыл Сүйінбайдың батасын алу үшін біраз тер төккен. Ал Сүйінбай Қабан жыраудан әзер алған. Өйткені өнер жолындағы адамдар ізбасарлары көңілінен шыққан кезде ғана батасын берген. Яғни, бірі жүрек жұтқан жауынгер, бірі жолаушы, бірі танымал ақын болса да, батадан аттап кете алмаған. Ал халық оларды сол кезде ғана мойындаған. Демек бүкіл қазақ халқы ғана емес тұтас түркі жұртына танымал Төле бидің өзі Жабай батырға ақ батасын беріп, ұлттың ұйтқысы болатын тұлғаны жастайынан таныған.

Қазыбек балуан да баласы Жабайды жауға қатал, ағайын-туыс, бауыр-досқа жанашыр, қиындыққа қыңқ етпейтін қайсар етіп тәрбиелейді. Соған сай Жабай да жастайынан ширақ, самдағай, сөзге ұста, шешен болумен қатар жауырыны жерге тимеген, талай жекпе-жектерде жеңіске жеткен батыр болып өседі.

Қай дәуірде де, қай заманда да тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан, қазақтың басын қосқан, туын жықпаған ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Елдігімізді де, кеңдігімізді де біз солардың арқасында сақтап қалдық.

Сондай ұлы тұлғалардың бірі – Қарасай батыр өзінің батасын Төле биге, ал Төле би Жабай батырға берді. Бұл жерде мұраға байлық пен қазына емес, рухани күш берер бата қалды. Осылайша ұлан-байтақ даланың үндестігі, тұтастығы сақталды деп толық сеніммен айта аламыз.

Қазақтың халық ретінде сақталып қалуына аянбай қажыр-қайрат жұмсаған, табиғатынан дарынды туған, халқының ақындық, шешендік өнерінен құмарын қандырған, кеудесі алтын сандық, көкірегі ояу, терең жандар Қарасай батыр мен Төле биден кейінгі рухани желеп-жебеп жүруші қызыл жолбарыс Жабай батырға да дарыған болар.

Ислам дінінде тірі жануардың бейнесін заттың бетіне бейнелеуге тыйым салынған. Алайда суфизмдік ұғым бойынша жолбарыс бейнесін бейнелеу өзіндік ерекше ұғым болған. Сондай-ақ кеңінен таралған. Әсіресе, Орталық Азияда жолбарыс бейнесі кілемдер мен барқыт секілді қымбат маталарда тоқылып, бағасы да арттырылған. Қазіргі уақытта да Ирандық кілемдер мен маталарда көп кездеседі. Әсіресе, мешіттерге әдемі көрініс беретін. Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы медреседен, нақты айтқанда Регистон алаңындағы атақты медресе ғимаратының сыртында оюлап салынған жолбарыс бейнесі әлі де сақтаулы. Демек қызыл жолбарыс символы тегіннен тегін кеңінен етек жаймаған деген сөз. Тіпті, жолбарысты қазақ халқы ежелден күштіліктің айбыны санағаннан болуы керек ХІV-ХVғасырларда Тоқтамыс хан соқтырған тиында жолбарыс бейнесі салынған екен.

Көк бөрінің ұрпағымыз деген түркінің жұрыны, қазақ халқының өмір сүру дәстүрі мен түсінігі, тұрмыс-тіршілігі табиғатпен тығыз байланысты болды. Табиғаттың тылсым күштері адамдардың танымдық сана-сезімін кеңейтіп, түрлі аң, құс, жәндік кейпіндегі мифтердің пайда болуына септігін тигізді. Көшпенділердің дүниетанымында өсімдік, аң, жан-жануар және қолданыста жүрген бұйымдардың «рухани күші» бар деп түсінген. Австрияның зерттеушісі Зигмунд Фрейд: «Тотем бір тайпаның, бір жанұяның қорғаушысы болып белгіленген. Тотем балалардың болашағын болжаушы, оларды қорғайтын магиялық әсері бар тұмар, сондықтан тотем қасиетті саналып, оны өлтіруге, етін жеуге тыйым болған» – дейді.

Сіргелі Жабай батыр бабамызбен қатар өмір сүрген Райымбек батырға Хангелді атасының берген батасы ауыз әдебиетімен бізге дейін жетіп отыр. Осы бата жолдарында атасы Райымбек батырға жауға аттанар шағында:

Қалмақтан кекті алдырып,

Жазғайсың көңіл жарасын.

Сескенбей жүр, шырағым,

Атаңа жетіп барасың.

Жаратқан ие қолдасын,

Жолбарыс болсын жолдасың!

Аллаһу Ақпар!– деп батасын беріп, баласын жолға шығарып салыпты. Бұл бата жолдарында да біз жолбарыс тотемінің бейнесін көреміз.

Жабай батыр жаугершілік кезеңінде үлкен өмірге ерте араласып, қалың елдің қайғысын жұтып, қамын жеген, қаралы, жаралы жұртына тірек, пана бола білген батыр. Бата – қазақтың жақсылық үстінде, сондай-ақ, ауыр сәтте де, жаналқымға тақалған қиын жағдайда медет болар рухани қаруы екені анық. Төле бидің шын ықыласымен берген батасы арқылы Жабай батырға қызыл жолбарыс тотемі дарыған болуы бек мүмкін. Иә, жолбарыс туралы айта берсек деректер таусылмайды. Қаншалықты жыртқыш десек те оның да өзіне тән айбаты мен киесі бар. Қызыл жолбарыс Жабай батырды қорған болып жүрген, желеп-жебеп, тіпті демеп жүрген. Жолбарыс қазақ пір тұтқан, айбар берген аң. Жортып жүрген түз тағысын алыстан көргеннің өзінде бойыңда бір рух атойлап, дүр сілкініп қалады. Жолбарыс деген дала тағысы, аң төресі. Сондықтан да жауырыны жерге тимеген, жекпе-жекте сағы сынып, туы жығылмаған батырларды үнемі жолбарысқа теңеп, оларды жебеп жүруші төтемі деп білген. Сіргелі Жабай батырдың ел тарихында қалар үлкен шайқастарда жеңістің жалауын жықпай, үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың үзеңгілес қолбасшысы болып, сенім артып тапсырған ақ туын биік ұстауында да қос иығындағы қызыл жолбарыстың жебеп жүргені анық. Осылайша Сіргелі Жабай батыр есіміне Ақ тулы тіркесі қосылып айтылып келеді. Төле би дүниеден қайтқаннан кейін тек Сіргелі руы үшін ғана емес қарт Қаратауды қатар жайлаған күллі қазақ жұрты үшін де жауапты тұлға болып, іргедегі Қоқан хандығына тізе батыруға мүмкіндік берген жоқ. Тіпті мықты дипломатиялық қарым-қатынасты жолға қоя отырып бабаның абыройы асқақтап, батыр, әулие атағына тоқсаба тіркесі де қосылып айтылуы тегін емес. Айбарланып жауға шапқанда, халқына пана болғанда, абыздық дәрежеге жетіп дана болғанда да киесі болған қызыл жолбарысы бабамен бірге болды. Міне өмірдің барлық жауапты кезеңдерінде пірі болған қызыл жолбарысы бабаны әрдайым қолдап жүрді.Өзінің емес, өзге елдің ханының алдында именбей қасқайып қарсы тұруында да жолбарысының демегені, күш бергені ақиқат. Өмірі аттың үстінде өтіп, жердің азаттығын, елдің тұтастығын ғана ойлаған Жабай батыр бабаны әуелі Тәңірі, одан қала берді қызыл жолбарысы қорғаған деген сөз.

Осылайша Қарасай батыр бабадан жеткен бата-тілек кейінгі ұрпақ Төле би арқылы қалдырған өсиеті, Жабай баба арқылы жалғасқан өмір тәжірибесінің жемісі, рухани байлығы, жорытқанда жолбасшысы, қорғаны бола білген қызыл жолбарысы! Бұл бата батырлардың рухани жан дүниесінің төлқұжаты. Бата сөздердің батыр бабамыз Жабайдың рухани ғұмыр жолындағы орны қашанда ерекше болған, солай болып қала да берері сөзсіз.

Дүние алмасып, тарихи кезеңдермен өрілген, рухани құндылық арқылы берілген ақ батаның түбінде қазақтың елдігі мен бірлігі жатыр. Қазақтың дербестігін сақтау жолында қандай сынға болса да төтеп берген Қарасай батыр мен Төле би мен Жабай батыр секілді тарихи тұлғаларды қанша дәріптесек те аздық ететін сыңайлы. Ұлы істің басында өздері тұрып, ең керегі – халықтың қолдауына ие бола алды. Әйтпесе, өздерін жылы орындарынан қозғап, күнкөрістің қамымен кетпеді. Әріден айтқанда Керей мен Жәнібектің көтерген тәуелсіздік туын жығып алмау жолындағы жанталас деп бағалаған абзал. Тәуелсіздік жолына сеп болар қам-қаракетке күні бұрын көңіл аударып, ел тұтқасын ұстаған ерлерге бұйымтай салып, халықты бірлік пен ынтымақ жолында ұйытып, азаттық жолда күреске де бастай алды.

Бүгіндері осы асыл құндылықтарды жаңғырту, ұлттық санамыздың төрінде сөніп бара жатқан ерлік рухты қайта ояту басты парызымыз. Ұлы тарихымызды бұра тартпай, ұлттық мүдде жолында бірегей тұлғаларды дәріптей түскеніміз абзал.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қонаев атындағы академияның профессоры, жазушы,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *