БЕКЕТ АҒАНЫҢ БЕС ҚЫРЫ

Тұлға
60 Views

Соншалықты қыруар тірлік атқарған азамат туралы салмақты сөз айтудың өзі де қиын. Бірін айтсаң, бірі қалып кететіндей көрініп тұрады. Қызмет ете жүріп, елін ардақтаған, соған лайық өзіде лайықты құрметке ие болған. Ағайынның емес, арда қазақты аспандатқан, руының емес ұлтының рухын көтерген, әр істі бастағанынан қалай аяқтайтыны мәлім боп тұратын іскерлігімен тәнті еткен азамат. Шынын айтқанда, оны мақтаудың қажеті жоқ, ол арқылы мақтануға тұрарлық адам. Бұл – Бекет Тұрғараев ағамыз.

Жастайымыздан Бекеңнің атақ – даңқын, сот саласында атқарған игі істері жайлы естіп өстік. Сот процесінде ол қараған істен ши шықпайтынынан, небір тығырыққа тірелген жазықсыз жандарды заң баптарының тігісін жатқызып босата алғанынан хабардар болдық. Жүрек қалауымен тұрмысқа шыққан бойжеткеннің туыстары құдалардың берген киітін олқысынып,«Он екіде бір гүлі ашылмаған қызымызды зорлап алып қашып, абыройын төкті» деп, шағым түсіріп, аудандық сот жігітті бес жылға соттап жібереді. Бірақ, аяғы ауырлап қалған келін «Қанша жылда келсе де түскен босағамда күтем» күйеуінің үйінен кетпей отырады. Облыстық соттың алқа мәжілісінде жігіттің жазықсыздығын дәлелдегенмен, әріптестерін көндіре алмайды Бекет аға. Содан болған жайды «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Сарбас Ақтаевқа баяндап, тілші Нұри Муфтах мән-жайды зерттеп, «Келін үйде, күйеу не күйде?» деген тақырыппен мақала жариялайды. Республиканың бас газеті араласқан соң іс қайта қаралып, кінәсіз жігіт ақталғанына өз бауыры бостандыққа шыққандай қуанған Бекет аға газет редакциясына алғыс білдіре телефон шалады.

Бұл Бекет ағаның заң тармақтарын ұстанып сіресіп қалмай, әр айыпкердің ісіне байыппен, әділеттілік үшін жүрегімен ара түсуінің бір ғана айғағы. Жиі болмаса да мұндай қиюы қашқан, жазаланушының кінәсін жеңілдетіп, отбасындағы ауыр жағдайдан құтқарып қалатын сәттер кездесіп тұрады екен. Бәрінен бұрын сол адамның ғана емес, отбасының, әйелі мен қарт ата-анасының қуанышын көру Бекет ағаға ерекше қуат беретіні анық. «Тірлігіңде тек жақсылық жаса, адамнан болмаса да Алладан қайтады» деген бұрынғылардың сөзін ол кісі өміріне бағдаршам етіп алған. Хакім Абай айтқандай атаның емес адамның ұлы атануға, адамзаттың бәрін бауырындай сүюге талпынады.

БҰЛ БЕКЕТ АҒАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ӘРІ ЕҢ БАСТЫ ҚЫРЫ

Екі жыл өндірісте істеп, тәжірибе жинақтап, 1974 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітіреді. Жолдамамен Шымкент облыстық сотына тәлімгер болып барып, сот саласының сан қырлы жұмысын жанын сала үйренеді. Алғырлығымен, іскерлік қабілетімен көзге түсіп, арада бір жыл өткенде облыстық соттың мүшелігіне сайланады. Бүкпесіз ойларын айтып, іске белсене қатыса жүріп, 12 жыл облыстық соттың судьясы ретінде өз қызметін тап-тұйнақтай орындайды.

Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық сотында төраға, кейін Шымкент облыстық, Солтүстік Қазақстан облыстық соттарында төраға болған тұстарында қабілет-қарымын жарқырата көрсетеді. Төраға болуды тек төрде отыру еместігін еңбегімен дәлелдеген, Дзержинский аудандық соты ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, уақыт талабына лайық техникалық құралдармен жабдықтап,кабинеттерін түгел компьютерлендірді. Облыстық, республикалық деңгейде семинар-кеңестер өткізіп, нәтижесінде аудандық сот республиканың үлгілі базалық соты деп танылып, тәжірибесі насихатталды.

Тәжірибесіне сүйене отырып Шымкент, Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының ғимараттарын жөндеп, компьютерлік жүйені батыл енгізіп, әдістемелік кабинеттер ашады. Сонымен қоса облыстағы барлық соттардың материалдық-техникалық ахуалын заман талабына сай жақсартады. Сот жұмысын жеңілдетіп, халықпен жақындастыра түсетіндей ғылыми–техникалық базасын жетілдіреді. Бұл бастамалары да республика Жоғарғы соты тарапынан кең қолдауға ие болып, үлкен жетістік ретінде бағаланды.

БҰЛ БЕКЕТ АҒАНЫҢ ЕКІНШІ ІСКЕРЛІК ҚЫРЫ

Өз кәсібін шебер меңгеріп, білгір атанған Бекет ағамыз қазақ тілінің, әдебиеті мен мәдениетінің жанашыры бола білді. Дзержинский аудандық сотында жазбалардың, іс қағаздарының қазақша жүргізілуіне ықпал жасады. Азаматтармен қарым-қатынастың ашықтығын жеткізу мақсатында«Заң және заман» атты газет шығарып, мейлінше жариялылыққа жетуге құлшынды. Жұртшылықтың ой-пікір, ұсыныстарына құлақ асып, мүмкіндігінше өз қызмет саласын елмен жақындастыруға күш салды. Республикалық прокуратураға қызметке ауысқанда да осы үн қағазды журналға айналдырып, басылымын 15 мың данаға дейін өсірді.

Еркін ел бола тұрып, көбінше орыс тілінде сөйлеп, үкімет пен министрліктер, тіпті парламент мүшелерінің де орыс тілінде сөйлейтіндігіне көңілі толмай, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Санаға сілкініс керек» деген тақырыпта әр қазаққа ой салатындай, өз ана тілін құрметтеуге бағыт беретіндей проблемалық мақала жазды. Бұл республика тұрғындары тарапынан кең қолдауға ие болып, көптеген құнды ой-пікірлер қозғауға түрткі болды. Мәдениетімізді мәуелетіп, ұлттық үрдістерімізді жүзеге асырудағы тілдің рөлі орасан екендігін Бекет аға әлі де талмай, шаршамай көтеріп келеді. Мұның оң нәтижелері де байқалып отырғаны аңғарылады.

БҰЛ БЕКЕТ АҒАНЫҢ ҰЛТТЫҚ НАМЫСҚА СУАРЫЛҒАН ҮШІНШІ ҚЫРЫ

Бекет ағаның ой-өрісі мұхиттай терең, білімі теңіздей телегей. Ол кіммен, қай министрмен, қай саланың маман, ғалымымен де терезесі тең жағдайда әңгіме-дүкен өрбітіп, елдің келешегі жайында озық ой қозғай алады. Ол батыс пен шығысқа, күллі қазаққа бірдей. Сонау Солтүстік Қазақстанда Қожаберген жырауды тарихи тұлға, батыр, қолбасшы, «Елім – ай» өлеңі мен әнінің авторы ретінде дәлелдеп қана қоймай, оған ескерткіш тұрғызып, есімін ел есінде қалдыру мақсатында еңбектерін жинақтап, кітап етіп шығарды. «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорын құрып, оған өзі басшылық етіп келеді. Бұдан өзге үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаевтардың еңбектерін жинақтап, кітап етіп шығарып, республика көлеміндегі мектептер мен жоғары оқу орындарына, мәдени ошақтарға, жалпы халыққа жетіп, сусындауына басшылық жасады. Қожаберген жырау мен Шал ақынның, академик Евней Букетовтің ескерткіш бюстерін жасатып, туған жерлеріне қойдырып, халқымен қауышуын қамтамасыз етті. Атақты Тоқсан бидің жерленген қабірін тауып, басына кесене орнатып, бір ауылға, Петропавл қаласындағы бір көшеге атын қоюға қол жеткізді.

Бекет аға тарихтың шежіредей кезеңдеріне де сергек көңіл бөледі. 1681 – 1684 жылдары сонау батыстан қол жиып келіп, жоңғар-қалмақтарымен Сайрам үшін соғысып, қазақ жерін қорғап, ерлікпен қаза тапқан Тілеу Айтұлы мен ұлы Жолдаяқ батырға Шымкент қаласындағы Қажымұқан стадионы маңынан ескерткіштің орнатылуына күш салды. 2021 жылы қазан айында «Созақ қасіреті» мемориалы Созақ ауданының Созақ ауылында Бекет ағаның бастамасымен Созақ көтерілісінің 90 жылдығына қарай ашылды. Сондағы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековтің «құны сұраусыз, өлімі жылаусыз кеткен» ардақтылар жайлы сөзі жұртты қатты толғандырды. Бекет ағаның табандылығымен Созақ өңірінен шыққан қазақтың атақты күйшісі Сүгір Әлиевке домбыра күні қарсаңында Шымкент қаласында ескерткіші орнатылды.

Алматы облысындағы Панфилов ауданындағы Қосқолаң тауының етегіндегі Сарыбелде ескерусіз қалған ұлы қолбасшы Салқам Жәңгір ханмен оның 56 батыр сарбаздары жатқан Орбұлақ шайқасы өткен жерді қоршатып,ханға лайық ескерткіш – белгі қойғызды. Ал, кейін Қазығұрт етегінің Сарапхана ауылындағы «Бабалар рухына тағзым» кесене-ескерткіштер кешеніне көрік қосып тұрған Салхам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге ескерткіші орнатылды.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылының маңында орын тепкен ірі тарихи ескерткіштер кешені – саялы саябақ туралы ел жақсы біледі. Осы кешенді де Бекең тұрғызды, бұл аймақтан бір-бірінен архитектуралық сәулеті кем емес Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер сұхбат құрып отырғанынан көрініс беретін «Үш би», атақты палуан Қажымұқан, «Анаға тағзым», «Алаш арыстары» ескерткіштері де келушілердің назарын аударады. «Ерлер есімі – ел есінде» айдарымен Ұлы Отан соғысына барған және соғыстан қайтпай қалған410 азаматтың есімі мрамор тақтаға ойып жазылған. Түгейболат бабаға арналған биіктігі 21 метрлік мрамордан тұрғызылған алып ескерткішпен Түгейболат бабамен мен Қырбас ана кесенесі де мен мұндалайды. Киелілер кесенесінің, пір Бекет ата кесенесінің, қонақ қабылдайтын төрт шаңырақтың «Мәңгілік ел» саябағы мен ондағы 2500 түптей жасыл желек жамылған түрлі ағаштардың, жастар саябағының қай-қайсысы да жоғары талғаммен орналастырылған. Бекет Тұрғараұлы тұрғызған тұғырлар қатары жыл сайын көбейіп келеді.

БҰЛ БЕКЕТ АҒАНЫҢ ТАҒЫ БІР ҚЫРЫ

Бекет аға бойынан ізгілік есіп, айналасына нұр-шапағатын шашып жүретін жомарт жанды, озық ойлы, абзал азамат ретінде танылған. Ақыл, қайрат, білімді тең ұстайтын, кісілігіне кішілігі, ісіне ізгілігі сай Атымтай жомарттай алдына ісі түсіп келгендерге қолда барын аямайтын ел ағасы. Ол белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өз қалауымен он томдығын шығарып берді. Сонда жазушы «Танымайтын адамға неге осынша қаржы шығындадың?» дегенде:

— Ұлы Жеңістің 60 жылдығына сізге тосын сый жасап, қуантқым келді, — деп жауап қайырған.

Меценат бұдан өзге Евней Букетовтің, Қадыр Мырза Әлидің, Серік Қирабаевтың, өзге де қаламгерлердің кітаптарын өз қаржысымен бастырған. Өзі өскен Сарапхана кентінің «Талдыбұлақ» бастауыш мектебін орталау мектепке айналдыруға, оның ғимаратын салдырып, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге көмектескен. Қазығұрт ауданында 2002 жылы шыққан «Қазығұрт» энциклопедиясын, Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясын шығаруға демеушілік жасаған.

Міне, осыншалық игіліктерді жүзеге асырған Бекет ағамызға жақында 75 жасқа толған мерейтойына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы құттықтауларын жолдаған. Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Еңбек Ері Илья Жақанов, мемлекет қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Қуаныш Айтаханов сияқты өзге де зиялы қауым өкілдері арнайы келіп, жылы лебіздерін білдірді.

Бекеңнің ерен еңбегі лайықты бағаланған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымының докторы, профессор. Түркістан облысының Қазығұрт, Панфилов аудандарының Құрметті азаматы атағына ие. «Парасат», «Құрмет» ордендері мен Түркістан облысының«Жомарт жүрек», «Жыл тұлғасы» сыйлықтарын алған. Беке, қазақтың маңдайына біткен тұлпарлардың асыл тұяғысыз, кешегі күннен жеткен текті атаның ұлысыз, бүгінгі ұрпағыңызбен мың жасай беріңіз!

Н. ШЕТЕНОВ,

Түркістан облысы,

Сарыағаш аудандық

сотының төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *