«БІЗ ӘРБІР ЖОБА БОЙЫНША ТУЫНДАЙТЫН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ ЖӘРДЕМДЕСЕМІЗ»

Саясат Экономика
429 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылуға ұсынылған бірнеше инвестициялық жоба талқыланды.

Атап айтсақ, инвестштаб отырысында «UNITED GOLD» ЖШС-нің директоры М.Қасқабаев Бәйдібек ауданында мырыш өндіру және байыту жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, жобаны бірлесіп іске асыру үшін Түркияның «Tekşan Madencilik» компаниясымен келісімге қол жеткізілді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жоба бастамашысы арасында «Бесағаш-1» кен орнын барлауға келісімшарт бар. Кен қорларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд. теңге. Жүзеге асса, 200 адам жұмыспен қамтылады. Инвестор 4 шақырым жерге электр желісін тарту қажеттігі жөнінде айтты.

«Корпорация «ERNUR» ЖШС-нің басшысы Е.Нұрмаханов жұмыртқа, тауарлық құс еті және шұжық өнімдерін өндіретін құс фабрикасын салу жобасы бойынша айтып берді. Жобаны жүзеге асыру үшін Бәйдібек ауданында жер учаскелері қарастырылып жатыр. 2023-2026 жылдары аралығында жүзеге асатын жобаның құны – 15 млрд. теңге. 50 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асыру үшін 40 гектар жер мен электр қуаты қажет.

Облыс әкімі әрбір инвестордың ұсынысы мен жоспарын мұқият тыңдап, жобаны сапалы атқару қажет екенін атап өтті.

– Облыс және аудан, қала әкімдіктері, басқармалар тарапынан инвесторларға қолдау көрсетіледі. Бірақ сіздер де әр істі келісімшартқа және жоспарға сай уақтылы әрі сапалы атқаруларыңыз керек. Жерді құр алып қойып, оны пайдаланбай отырсаңыздар қайтадан қайтарылады. Біз әрбір жобаның іске асырылу барысын мұқият қадағалап, туындайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесеміз. Сондай-ақ жақын арада сіздердің жобаларыңыз іске асып, облысымыздың экономикасының дамуына драйвер болады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Инвестициялық штаб отырысында «SIPtechnology» ЖШС Түркістан қаласындағы Арнайы экономикалық аймақта коттедж қалашығын салуға ниетті екенін білдірсе, Түркістан қаласында «Chery» автокөлік маркасының дилерлік орталығын салу мәселесі де көтерілді. «Саяхат Моторс – Түркістан» ЖШС өкілінің айтуынша, құны 1 млрд. теңге болатын жоба жүзеге асса, автомобиль орталығында 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен бірге 25 адамды жұмыспен қамтитын «Газпромнефть» автомобиль жанар-жанармайын құю бекетінің құрылысы мен Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеп, биоэтанол шығару жобасын жүзеге асыру жолдары да талқыланды. «Otyrar Bio Tech» ЖШС атқаратын жүгеріні терең өңдеу жобасының құны – 72 млрд. теңге. 2025 жылға қарай ашылатын зауытта 154 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.

Сайрам ауданында «CAPABLE GROUP» Мүгедектер Қоғамы» жылына 100 млн. дана жөргектер шығаратын цехын іске қосқан. Қазіргі уақытта, жобаның бастамашысы қосымша 3 өндіріс желісін (2 жөргектер желісі, 1 тұрмыстық химия желісі) іске қосумен өндірістік қуаттылықты кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте, жобаның бастамашысы 3 млрд. теңгеге жабдық сатып алу мәселесі бойынша «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыруға қатысты келіссөздер бастаған. Жалпы құны – 8 млрд. теңге. Жобаның жылдық қуаты – 350 млн. дана. Аталған жобаны жүзеге асыру барысындағы инфрақұрылымға қатысты мәселелер де ашық айтылып, ұсыныстар берілді.

Жиында Жетісай және Шардара аудандары әкімдерінің инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. Жобалары таныстырылды. Өңір басшысы аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Ауданға келген инвесторларға мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдауларды түсіндіріңіздер. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тапсырмалар сапалы атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫМЕН МЕМОРАНДУМДАР ЖАСАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық республикасына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды келісімшарттарға қол қойды. Атап айтқанда, Үрімші қаласында қазақстандық «Tulpar Textile» ЖШС мен қытайлық «Xinjiang Zhongfu Textile Co.Ltd» компаниясы арасында тоқыма жабдықтарын шығару бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі 22 миллион АҚШ долларын құрайды.

Түркістан облысы делегациясының Қытай сапарына ҚР-ның Қытайдағы елшілігі, Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы Қазақстанның Бас Консулдығы қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.

Қытай сапары аясында электромобильдерді көтерме сату (тарату) бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім жасалды. Қазақстанның «From My Garden» ЖШС мен қытайлық «FAW Hongqi Automobile Sales Co. Ltd» және «Xinjiang Silu Linghang Automobile Import and Export Co. Ltd» компаниялары бірлесіп, пилоттық жобаны қолға алады. Осылайша «Hongqi Automobile» (Қазақстан) брендімен «Automobile Import and Export Co.Ltd.» компаниясы құрылды. Жарғылық капиталы 10 миллион АҚШ долларын құрайды.

ҚХР-дың Чжэцзян провинциясы, Ханжоу қаласында Қазақстанның «MEGA-AGAT» ЖШС және қытайлық «Zhejiang Navas Industry and trade Co.LTD» арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат аясында 10 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция арқылы радиаторлар, газ қазандықтары, жылы еденге арналған коллекторлар өндірісі жүзеге асырылады.

Чжэцзян провинциясы, Иу қаласында өткен келіссөздер негізінде Қазақстанның «From My Garden» ЖШС мен «Yiwu Yilinnuo Sanitary Ware Co.Ltd.» арасында инженерлік сантехника өндірісі бойынша келісім жасалды. «Yiwu Yilingnuo Sanitary Ware Co.Ltd» – сантехника саласындағы жетекші кәсіпорын. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы бойынша нарықты одан әрі кеңейту және сауда-саттықты дамыту жолдары сараланды.

Сонымен бірге «From My Garden Co.Ltd» және «Zhejiang Shangrong Cultural and Creative Co., LTD» арасында келісімге қол жеткізілді. Бұл – Иу қаласындағы ойыншықтар индустриясындағы жетекші кәсіпорын. Келісімшарт «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асып, Түркістан өңірінде балаларға арналған ойыншықтар өндірісі қолға алынады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация ыдыс-аяқ шығаратын ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіп, қазақстандық компания мен «Yiwu Chuangyi Kitchenware Co.LTD» арасында сауда ынтымақтастығы туралы келісім түзілді.

Сонымен қатар Иу қаласындағы «Yiwu Discovery Import & Export Co., LTD» компаниясымен құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығару бойынша келісім жасалды.

Жалпы, Түркістан облысы делегациясының жұмыс сапарында қытайлық компаниялармен байланыс нығайтылып, келісімдер жасалды. Өңірде инвестиция көлемін арттыру, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

ОРДАБАСЫ БИЗНЕСКЕ ҚОЛАЙЛЫ АУДАН

Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов ауданның инвестициясы мен экономикасын ілгерілету бағытында, сондай-ақ мәселелерін тыңдау мақсатында бірнеше инвесторлармен кездесті. Олардың барлығы отандық бизнес өкілдері.

Мысалы, RZN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен Бадам ауылдық округінде автоклавты газ блоктарын шығаратын зауыт салып жатыр.

Жобаның құны 1,6 млрд. теңге Аталған өндіріс орны ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде жергілікті 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.

Сонымен қатар кездесуге Gold Aluminium ЖШС-ның өкілі де қатысып, алюминий бұйымдарын өндіретін зауыттың тамыз айында іске қосылатынын айтты. Бұл жобаның құны 3 млрд.тг.құрайды. Нәтижесінде 100-ге тарта адам жұмыспен қамтылады.

Жалпы, аудан басшысының төрағалығымен өткен жиынға ағымдағы және 2024 жылы іске қосылатын “Arlan stroy” ЖШС (қыш зауыты), “Батсу Водоканал” ЖШС (қыш зауытын модернизациялау), “Fattah International company” ЖШС (стерильденіп оралып жеуге арналған дайын тағам), “ADS agro” ЖШС (ірі қара мал мен қой бордақылау алаңы), “Русагро” ӨК (қызанақ пастасын өндіру) және т.б. инвесторлар келді.

Өз кезегінде аудан әкімі өз қаражаттарына өндіріс орнын және басқа да ірі жобаларды ауданда жүзеге асыруға ниет білдірген инвесторларға жан-жақты қолдаулардың көрсетілетіндігін айтып, бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтуды, ауданның салықтық түсімін көтеруге бет алған бизнес өкілдері тарапынан көтерілген мәселелерді заң аясында шешуге тапсырма берді.

ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА 1,9 МЛРД. ТЕҢГЕ БАҒЫТТАЛҒАН

Жетісай ауданында биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 16,1 млрд. теңгені құраса, ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 4,1 млрд. теңгені құраған. Бұл туралы бүгін Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков мәлімдеді.

«Ауданның егістік жерінің біршама жеріне мақта дақылы егілетінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бұл бойынша ауданға жан-жақты инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта өткен жолы көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвесторлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екі жақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалуда. Биыл азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 млн. теңгеге 10 мың тонналық «Тұран Мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жаңаауыл ауылдық округіндегі құны 350 млн. теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақталы ауылдық округінен құны 790 млн. теңге болатын «Мақталы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 млн. теңгеге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехы, Жетісай қаласындағы құны 200 млн. теңгеге аяқкиім өндірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда», – дейді Серік Қонысбекұлы.

Сонымен қатар, бүгінде ауданда егіс науқаны аяқталып, 76,2 мың гектар егіс егілген. Оның ішінде 45 мың га мақта, 19 мың га бақша, 2,1 мың га көкөніс, 4,6 мың га дәндік жүгері дақылдары. Бүгінгі күнге 32,5 мың тонна өнім жинақталған. Оның ішінде қырыққабат дақылының басым бөлігі Ресей, Белоруссия елдерімен қатар еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және басқа да облыстарға жөнелтіліп жатыр.

Айта кетсек, ауданда 105 елді мекеннің 104-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, 112 елді мекеннің 105-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Бұдан бөлек, 2023 жылға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен 1,9 млрд. теңге бағытталған. Сондай-ақ, жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5056 азамат тұрақты және уақытша жұмысқа қатыстырылған.

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ИНДУСТРИЯЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛДЫ

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Келес ауданында индустриалды аймақты құру мақсатында Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 300 гектар жер учаскесі бөлініп, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданды.

Құрылған индустриалды аймақ өндірісті өркендетуге айрықша серпін бермек. Жергілікті атқарушы орган жаңадан құрылған индустриалды орталыққа қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп, инвесторлардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететін болады.

Келес ауданында құрылған индустриалды аймақ Республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының бойында орналасуы, алдағы уақытта жоспарланған айналма жолға жақындығы, «Б.Қонысбаев» кеден бекетіне, көршілес аудандарға (Шардара, Мақтаарал және Жетісай) және жұмыс күшін тарту үшін елді мекендерге жақындығымен инвесторларға тиімді болмақ.

Бүгінде индустриалды аймақ инвестициялық жобаларды іске асыруға, отандық және шетелдік инвесторларды орта және шағын бизнесті дамытуға барынша ықпал ететіні мәлім. Бұл жобаның мақсаты – өнеркәсіп саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыру болып табылады.

ЖЕКЕ КӘСІПКЕР 5 МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛУДА

Түркістан облысының Келес ауданында 2022-2025 жылдары жалпы құны 44,3 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырып, 1 175 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Солардың бірі – «Нұрболат» өндірістік кооперативі. Мұнда жалпы жоба құны 3,0 млрд. теңгені құрайтын «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы жүргізілуде. Аталған медициналық орталықтар Абай ауылының екі аумағында, Біртілек, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтерінде бой көтермек.

Бүгінде Абай ауылы Қонаев көшесінің бойындағы «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Сонымен қатар аудан орталығында 5 блоктан тұратын орталық аурухананың құрылысы қарқын алған. Жоба толық іске асырылған соң 200 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Келес ауданында өнеркәсіпті дамыту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда «Эмир-Дэмир» ЖШС Біртілек ауылдық округі аумағынан жалпы құны 300,0 млн. теңгені құрайтын 30 гектар инновациялық жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Аталған жоба шеңберінде 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның іске асу мерзімі 2024-2025 жылдарға енгізіліп отыр.

«Үмітай» шаруа қожалығы Қошқарата ауылдық округінде жалпы құны 450,0 млн.теңгені құрайтын 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы және ет өнімдерін өндіру цехының құрылысын бастамақ. Тағы бір кәсіпкерлер Абай ауылы аумағынан жалпы құны 200,0 млн.теңгені құрайтын қонақ үй кешенін салу бастамасын көтерді. Жобаны 2024 жылы іске қосып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *