БҰРЫНҒЫ БИЛЕР СОТЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ – БҮГІНГІ МЕДИАЦИЯ

Қоғам Құқық
1 312 Views

Қазақ тарихында билердің қазақ ұлтының дамуына және ел бірлігінің сақталуына қосқанүлесі орасан болғаны белгілі. Ұрпаққа мұра ретінде өшпес із қалдырған атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің айтқан сөздері осы кездері де баршамызға рухани азық болып келеді.

Қазақ билері жайлы академик Салық Зиманов «Би – өз бойына саяси-құқықтық өмірдің бірнеше ерекшеліктерін, қырын жиыстыра білген жан. Ол дала төсіндегі әділдіктің басты жаршысы, қара қылды қақ жарған төреші (сот), үлгілі жол-жоралғы түзе білген заң шығарушы, өрелі сөзді өрнектеген ақын, қызыл тілдің көркімен талайды Бәтуаға келтірген шешен, қысыл-таяң тұста қаруы мен найзасын қолына қатар ұстаған батыр, сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап тұлға», – деп жазса, ал заңгер ғалым Н. Өсерұлы «Билер – тек қана елінің тыныштығын реттеушілер емес, қоғам қайраткерлері болған. Сыртқы ата жауларына қарсы күресті ұйымдастырушы ғана емес, қиын-қыстау кезінде алдыңғы сапта болып, елге ұйытқы бассауғалап бет-бетімен кетуге айналған жұртқа жанқияр ісімен де, жалынды жырымен де дем берушілер», – деп көрсетеді.

Билер өзіне жүгінген тараптардың дауларын қараған кезде әрқашан тараптарды бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге әрекеттенген. Сондықтан да олардың қоғам өмірінде және ел алдында беделі ханнан да жоғары болған.

Қазіргі кезде дамыған Батыс Еуропа елдерінде тараптар арасындағы даулар көбінесе сот арқылы емес, татуластыру рәсімдері тәртібімен шешіліп келеді. Еліміз егемендік алғаннан соң даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде – 2011 жылы ҚР «Медиация туралы» заңның қабылдануы болды.

Аталған заңының ішіндегі нормаларды бұрынғы билер сотымен салыстыратын болсақ, олардың арасында ұқсастық өте көп. Бұл заңның атауын қазақша татуластыру, өзара келісу туралы Заң деп түсіну қажет. Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат – қоғамда азаматтар арасында дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.

Ұлы ағартушы, ғалым Шоқан Уәлиханов өзінің «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілгенін атап көрсеткен.

Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» заңының 9-бабында тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады деп көрсетілген. Былайша айтқанда, медиаторларды ешкім сайламайды және тағайындамайды.

Бүгінде дауласушы тараптар өздерінің алдында және ел арасында беделі жоғары, өздері адал және әділ деп санайтын кез келген тұлғаны дауды шешуші – медиатор ретінде таңдауға құқылы. Ол азаматтардың медиаторлар тізіліміне қосылуларына заң тарапынан ешқандай кедергі жоқ.

«Медиация туралы» заңның және дауды татуластыру тәртібімен шешудің дауды сотта шешуге қарағанда артықшылықтары орасан. Дауды сотпен шешкен кезде талап қою арыз автоматты түрде қызмет атқарып жүрген судьялардың біреуіне бөлінеді және тараптар судьяны өздері таңдауға құқығы жоқ. Сот дауды заңда көзделген нормаларға ғана сүйеніп шешсе, медиатор екі тараптардың шынайы мүдделерінің негізінде тараптарды бітістіре алады. Сот шығарған шешімде мін-детті түрде ұтқан жақ пен ұтылған жақ болады.

«Медиация» ұғымы «Медиация туралы» заңның 2-бабында – тараптардың еріктің келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі деп түсіндіріледі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жеті түйінінің ішіндегі «Оңтайлы орта» және «Медиация: сотқа дейін және сотта» деген бағыттар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Ауылдық округтарда дауласушы тараптар сотқа жүгінуден алдын ауыл билеріне медиацияның тиімділігін пайдаланып, бітістіру мүмкіндігін қарастыруға назар аударылуда.

Заңның қабылданғанына 9 жылға жуық уақыт өтсе де қазіргі кезде дауласушы тараптардың дауды бұл тәртіппен шешуге бел буған жағдайлар әлі де болса көп деп айтуға болмайды. Мұның себебі біріншіден, көпшіліктің бұл заңның басымдықтарын толық білмегенінен немесе тиісті деңгейде түсінбегенінен болуы мүмкін. Мемлекет тарапынан татуластыруды қолдануда азаматтарға өте тиімді жағдайлар жасалып отыр. Тараптар дауды сотсыз медиация немесе партисипативтік рәсімдермен шешкен жағдайда мемлекеттік баждың төлеу міндетінен босатылады және сотта дау қаралып жатқан кезде тараптар татуластыру рәсімінің кез келген түрін таңдап, келісімге келген жағдайда мемлекетке төленген мемлекеттік баж оны төлеген тұлғаға қайтарылады.

2016 жылы 1 қаңтарда қолданысқа енген жаңа Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінде татуластырудың үш түрі көзделген. Қазіргі кезде тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап, дауды өзара реттей алады. Заң актілерінде жаңадан пайда болған ұғым – партисипативтік рәсім бұл екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.

Азаматтық процестік кодекс 2016 жылы қабылданғанға дейін тараптардың дауды сотсыз, медиатордың көмегімен медиация тәртібімен реттеу келісімі жасалған жағдайда ол келісім тараптармен қалай орындалатыны көпшілікті толғандырды. Қазіргі кезде дауласушы тараптар дауды сот тәртібімен немесе сотсыз медиация, партисипативтік рәсім тәртібімен шешуді өздері таңдау құқықтарына ие болды. Себебі, тараптар дауды сот тәртібінсіз медиация немесе партисипативтік келісіммен шешкен жағдайда мұндай келісімдерді мәжбүрлеп орындату жөніндегі нормалар Азаматтық процестік кодексте қарастырылған.

Медиация тәртібімен дау қысқа мерзімде шешіледі, ал сотта басым көпшілік істер істі сотта қарауға әзірлік жасау мерзімі аяқталғаннан соң екі ай мерзім ішінде қаралып, шешім қабылданады. Сондай-ақ тараптар сот талқылауының кез келген сатысында сот шешімін күтпей, татуласу, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу келісімдерін жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар сот актісін орындау кезінде де тараптардың татуласу келісімін жасау мүмкіндіктері Кодексте нақты көрініс тапты.

Дау медиация тәртібімен шешілген жағдайда құпиялық сақталады, ал сотта қаралған дау (заңда көзделген істерді қоспағанда) тараптардың келісімінсіз бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін. Тараптар дауды медиация тәртібімен шешкен жағдайда олардың шынайы мүдделері қаралады, ал дау сотпен қаралғанда тараптардың құқықтары мен мүдделері заңның шеңберінде ғана қорғалады.

Қорыта айтқанда, бүгінге дейін адамзат дауды татуласу арқылы шешуден артық тәсілді ойлап таппаған. Сондықтан дауласушы тарап сотқа талап қою арызын тапсырардан алдын дауды медиатордың көмегін реттеу мүмкіндігін қарастырғаны бірінші кезекті оның өзіне тиімді екенін білуі тиіс.

Е.СЕРАЛИЕВ,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *