ЕГЕМЕН ЕЛІМ, ОТЫЗ ЖАСҚА КЕЛДІҢ!

Тұлға Әдебиет
1 180 Views

ҚР «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық қеңесінің төрағасы, мемлекетжәне қоғам қайраткері Бақтықожа Салахитдинұлы Ізмұхамбетовтің шығармалары республикалық басылымдарда жарияланып келеді. Біз бүгін «Әділет. Руханижаңғыру» газетінде «Жыр-жауҺар» айдарымен Бақтықожа Салахитдинұлының бір шоғырөлеңдерінің ішінен үздік туындыларын оқырман назарына ұсынбақпыз.

ТҮРКІСТАН

Түркістан — тұнған тарих, аты аңыз,

Қалған мұнда, талайдан, шарлаған із,

Екінші Мекке болған, шығыстағы

Халыққа, түркі тілді, пір қыламыз.

Мың жарым жыл бұрыннан бастау алған,

Шабғар, Яссы, Түркістан аты қалған,

Бұл мекен, аңыз болған сан ғасырлар,

Талай жұмбақ сыры бар, ашылмаған.

Сұфылықтың негізін, бастамасын,

Он екінші ғасырда жазған ақын,

Алыпты Қожа Ахмет Яссауи де,

Ежелгі, ескі қала Яссы атын.

Береді сол кездегі деректерді,

Досай-ғалым Кенжетай еңбектері,

Мұрасын Қожа Ахмет Яссауидың,

Түсінсін деп, қазаққа ежіктеді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі,

Түркістанның ерекше мәртебесі,

Әлемдегі түбі бір түріктердің,

Тағзым етіп, жүретін шың төбесі.

Тағы бір кереметі — Керуен-Сарай,

Таң қалып, аралайды келген талай,

Шабғар, Яссы, баяғы Түркістанның,

Өткенін, іздеп, тауып, жинағандай.

Ғажайып ғимараттар, тізбектелген,

Көреді, Түркістанды іздеп келген,

Саябақ, су бұрқақтар сән беріп тұр,

Гүлзарлар, көз тартатын, өрнектелген.

Төріне түркілердің қайтарды деп,

Түркістанды көрінген қайта түлеп,

Риза Елбасына түркі халқы,

Көбейер, әлі талай, айтар тілек.

ЕГЕМЕН ЕЛІМ, ОТЫЗ ЖАСҚА КЕЛДІҢ!

Тарихтың беттері парақталып,

Ғасырлар, жылдар талай артта қалып,

Тағдырдың жазуымен бастан кешкен,

Қызықты, қиындықты барша халық.

Біз де соның біріміз, қазақ деген,

Көп емеспіз, халықпыз аз-ақ келген,

Жеріне сіңіп, төккен қан мен тері,

Көбеймей, өткен жолдан азаппенен.

Қазақпыз, ұлан байтақ жер қорғаған,

Жан беріп, жан алысқан кездер болған,

Қаншама сұрапылды бастан кешіп,

Алысып, ажалменен, ел боп қалған.

Жүріппіз, отты жылдар жан сақтамай,

Қатерге бас тігіппіз, жалтақтамай,

Аштан өліп, атылып, итжеккенде,

Қырылған соң, көбейсін, қазақ қалай?

Сақтадық дінімізді, тілімізді,

Талай қыспақ олар да күн өткізді,

Тағдырға бастан өткен тәуба дейміз,

Жібермеген біреуге қосып бізді.

Халықпыз, тағдыр талай сынап алған,

Қасірет, қайғысына жыламаған,

Сыйынып, аруағына бабалардың,

Тілеген, болашағын бір Алладан.

Сумыз біз, шыққан өніп шыңыраудан,

Асаумыз, босап шыққан қыл бұраудан,

Бөлтірікпіз, өрбіген көкбөріден,

Шынармыз, құзда өсіп, құламаған.

Құланбыз, құла түзде жосып жүрген,

Қыранбыз, самғап ұшқан, озып желден,

Бейнелендік мәңгілік күн астында,

Көк Туда төбемізде желбіреген.

Ұрпақпыз, біз, мың өліп, мың шыдаған,

Тұлпардың тұяғымыз тыншымаған,

Төрімізде, бетінде — Елтаңбаның,

Бейнесі ұшқыр аттың тұр салынған.

Дұға жазған киелі тұмармыз біз,

Әйгілі Самұрық құс қонар құзбыз,

Күнбіз біз, шуақ шашып, Туда тұрған,

Жүрекпіз, шырқалғанда ұранымыз.

Теңізбіз, қарт Каспийдей, тыныш жатқан,

Айдынбыз, Ақ Жайықтай, жылжып аққан,

Алманың ағашында гүлміз аппақ,

Алатауда көктемде бүршік атқан.

Қызғалдақпыз, құлпырған қызыл, сары,

Көк аспанбыз, жайнаған жұлдыздары,

Таумыз біз, Алматының төріндегі,

Тұратын бұлтқа кіріп, шың, құздары.

Балқаш, Зайсан, Алакөл, Шалқар көлміз,

Көкшенің, сексен көлді, төріненбіз,

Ата жұрты түркінің жеріненбіз,

Жаралғанбыз ескінің көзінен біз.

Тереземіз теңесті өзгелермен,

Кезіміз жоқ біреумен сөзге келген,

Осы күнге жетсін деп, армандаумен,

Талай бабам, бас тігіп, ер боп өлген.

Қазақпыз, адам өмір сүрген әр кез,

Біреуге айтқан жоқпыз сөздер шәлкес,

Сыйласамыз, сыйласа білгендермен,

Қырық күн сәлем, болғанға бір күн дәмдес.

Тартсақ та тауқыметін тағдырдың көп,

Сүйетін, етіп еңбек, халқын бөлек,

Келіпті дүниеге азаматтар,

Санайтын, әр қазақты жалғызым деп.

Тәуелсіз елін талмай бастап алға,

Көшірді, бізді жаңа астанаға,

Нұр аға, өзі салып, Ел Ордасын,

Ту тіктік, Нұр-Сұлтандай бас қалада.

Бірі боп, әлемдегі асқақ елдің,

Егемен елім, отыз жасқа келдің!

Көк туы желбіреген Отаныма,

Болашақ, жаңа, жарқын бастау бергін!

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *