«ЕЛІМ-АЙ» – НАМЫСТЫҢ ЖЫРЫ

Руханият Тарих
481 Views

«Ұрпаққа өзім өлсем атым қалсын,

Жырыма барша жұртым құлақ салсын.

«Бабамның Қожаберген дастаны» деп,

Ұмытпай кейінгі жас есіне алсын!»

Қожаберген жыраудың өсиетінен.

Қадірлі оқырман қауым, өздеріңізге белгілі «Елім-ай» дастаны қазақ елінің басынан өткен тар жол тайғақ кешу дәуірін баяндайтын бірегей туынды. Туынды авторы Қожаберген жырау Толыбайұлы XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIIІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген жырау, қолбасшы, әйгілі ғұлама болып табылады. Бұл орайда бай тарихымызды болашаққа мұра ретінде жеткізу миссиясын адал атқарып жүрген Қазақ елінің белгілі азаматы, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалап, басқарып жүрген төрағасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті заңгері Бекет Тұрғараұлы Тұрғараев екені баршаға мәлім. Жыраудың тарихын жаңғыртуда Бекеңнің үлкен де қажырлы еңбек атқарғанын ел мойындайды. Биыл Үкімет қаулысына сәйкес, Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» дастанына 300 жыл толып отыр. Осыған орай, Түркістан облысы әкімдігі мен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры бірлесе келе үлкен іс-шараны өткізбек. Бұл тарихи тағылымы мол іс-шара салтанатты жиын аясында ғылыми конференцияға жалғаспақ. Өтетін орны – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Бәйдібек ауылында, Қаратаудың қойнауында мамырдың 2-сі және 3-і күндеріне белгіленіп отыр.

Осы сәттерде республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті руханияттың жаршысы ретінде халықтың жадында «Елім-ай» дастанын жаңғырту мақсатында Бұқар жыраудың өзі ұстаз тұтқан Қожаберген жыраудың аталмыш дастанын толық жариялауды жөн санап отыр. Ендеше, қадірлі оқырман, назарларыңыз «Әділет. Рухани жаңғыру» басылымында болсын!

«ЕЛІМ-АЙ» – НАМЫСТЫҢ ЖЫРЫ

Қасиетті Қазақ даласы – ел үшін басын бәйгеге тіккен даңқты көсемдер мен шешендерді, сардарлар мен батырларды, аяулы перзенттерді дүниеге әкелген ұлы мекен. Елі үшін еңбек етіп, ұрпағының жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккен тұлғалардың бірі – Қожаберген Толыбайұлы.

Биыл, артында өшпес із қалдырған ел перзентінің дүниеге келгеніне 360 жыл, ал оның атақты «Елім-ай» дастан жырына 300 жыл толады. Осыған орай, елімізде маңызды іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтайда «Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн» деген болатын.

Еліміздің біртұтастығы мен бірлігі үшін еңбек еткен ұлы тұлғаның ерлікке толы өмірін насихаттау Ел Президенті ұсынған Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асыруға да серпін беретіні сөзсіз.

Бұл тарихи тұлға туралы тарихшылар мен зерттеушілердің еңбегінде құнды деректер айтылады. Сол деректерге сүйенсек, Қожаберген жырау ХVІІ ғасырдың соңғы ширегі мен XVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Қызылжардан түлеп ұшқан отаншыл тұлға қазақ халқы тағдырының қыл үстінде тұрған ауыр кезеңінде әскербасы, қазақ хандығының бізге жеткен тұңғыш мемлекеттік заңдар жинағы «Жеті жарғының» авторларының бірі, қиын уақытта көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынас жүргізген мемлекет қайраткері болған. Елін айрықша сүйген жанашыр азамат «ақтабан шұбырынды» жылдары «Елім-ай» жырын шығарып, ұлтымыздың бастан кешкен қиын кезеңін суреттеген. Сонымен бірге қазақ ұлтының, хандығының, қазақ тілінің қалыптасу тарихы жайлы жазып кеткен ғұлама болғаны да шындық. Көрнекті қайраткердің өмір жолы, еңбегі жаңа заманның мемлекеттік қызметшілері мен басшылары үшін де үлкен өнеге.

Тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыздың аяулы перзенттерін, батырлары мен көсемдерін, шешендері мен қайраткерлерін зерттеу, дәріптеу ісі жанданды. Қожаберген жыраудың да тарихи болмысы айшықтала түсті. ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі Бұқар жыраудың өзі ұстаз тұтқан, «Өсиет айт деп сұрасаң, Бұқар деген ағаңнан, Үлгі алыңдар, балалар, Қожаберген бабаңнан», деп жырына қосқаны атақты Қожаберген қолбасшының өмірі мен шығармашылығы соңғы жылдары терең зерттеліп, зерделенуде.

Атақты ғалым Манаш Қозыбаев: «Қожаберген бабамыз көп батырлардың бірі ғана емес. Ол 1688-1710 жылдары 22-23 жасында қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер! «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Қожаберген – ұлы жеңісті шыңдаған стратег» дейді. Тұлғаның ақындық қыры да бір төбе екенін білеміз.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, – деп басталатын «Елім-ай!» әні бұрын халықтың әні деп айтылып жүрді. Ол әннің сөзі мен әуенінен қазақтың мұңы мен зары сезілетін. Бертін келе ғалымдар оның авторы XVІІ-XVІІІ ғасырларда өмір сүрген Қожаберген жырау Толыбайұлы екенін анықтады. Жыраудың «Елім-ай!» әні ғана емес, осы аттас үлкен тарихи дастаны, өзге де әдеби шығармалары табылды. Қожаберген Толыбайұлы Тәуке хан (1680-1718) билік еткен кезеңде елшілік, қолбасшылық және мемлекеттік істер атқарған. 1688 жылы әз Тәуке бастаған ел жақсылары Қожабергенді бас қолбасшы етіп сайлап, ол 1710 жылға дейін қазақ, қарақалпақ, ноғай ұлыстарының жасақтарын басқарған. Жасы ұлғайған шағында өз орнына қанжығалы Бөгенбай батырды сайлатқан деген дерек бар.

Қожаберген Толыбайұлы сондай-ақ «Жеті жарғыны» жазуға атсалысқан. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Қожаберген жырауды ұрпаққа таныту, артында қалған әдеби мұраларын қайта жарыққа шығару, есімін ұлықтау бағытында бірқатар іс-шара атқарылды. Олардың бір шоғыры туған жері Қызылжарда ұйымдастырылуы да заңдылық.

2000 жылы Петропавл қаласында елімізде алғаш рет «Қожаберген жырау Толыбайұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны» деген тақырыпта республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілгенін атап өткен жөн.

Бір топ зиялы азамат құрған «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының жұмысынан да ел хабардар. Осы қордың бастамасымен Қожаберген жыраудың туған жеріндегі қорымда жерлестері тарапынан оған арнап күмбез орнатылды, құран бағышталып, ас берілді. Петропавлдағы мектеп жыраудың есімімен аталды.

Биыл елімізде бірнеше мерейтолар аталып өтіледі. Олардың қатарында ақ қайыңдар өлкесінен шыққан Қожаберген жыраудың туғанына – 360, ал ол жазған атақты «Елім-ай» дастанына – 300, марғасқа ақын Мағжан Жұмабаевтың дүние есігін ашқанына 130 жыл толғалы отыр.

Үкімет қаулысымен Мәдениет және спорт министрінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» дастан-жырының 300 жылдығы ел көлемінде аталып өтілетін болды. Маңызды іс-шараны орындаушы және жүзеге асырушылар ретінде Ғылым және жоғарғы білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімдіктері жауапты болып белгіленді. Біз бұл жауапкершілікті сезінеміз және Түркістан өңірінде тарихи тұлғаның дәріптелуі өте орынды деп е септейміз.

Қасиетті Түркістан өңірінде тарихи орындар көп. Өлкенің әрбір тасы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласында 21 хан, 50-ден астам батыр, елге тұтқа болған билер мен сұлтандар мәңгі қоныс тапқан. Ол тұлғалардың біразы Қожаберген қолбасшы-жыраудың дастандары мен жырларына арқау болған. Алдағы уақытта қолбасшы-жыраудың «Елім-айына» арқау болған Қаратаудың етегінде мәнді әрі мағыналы іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз.

Отаншылдық тарихты білуден басталады. Өз көсемдері мен тұлғаларын зерттеп, құрметтей білген ұлттың болашағы жарқын болады. Ел үшін арда туған қайраткер Қожаберген Толыбайұлының есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тарихта қалатынына сеніміміз кәміл.

Дархан САТЫБАЛДЫ,

Түркістан облысының әкімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *