ЕСІМІ ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН ЕР

Тұлға
129 Views

Мемлекетіміз – сан ғасырлық тарихы бар, бабадан қалған ұлан-ғайыр жері бар, тәуелсіздікті бойтұмар еткен қазақ елі. Ұлы дала төсінде әлем мойындаған елдің іргесі бекіді. Тарихын ұмытпаған елдің өткені өнеге, болашағы бекем болмақ. Қазақ елінің бүгінде арайлы таңы тәуелсіздікпен ұштасып, жақсылықпен кемелденуде. «Бірлігі жарасқан ел – тозбайды», – дегендей, бейбіт күннің аясында, мемлекет туының астында жұдырықтай жұмылған еліміздің бүгінгі жетістігі – еркіндігінде, тәуелсіздігінде, кемелділігінде.

Мемлекет тәуелсіздігіне қол жеткізу, оның негізін қалау түсінген адамға оңай шаруа емес. «Тәуелсіз ел болдық» деп бөркімізді аспанға атып қуану айтар ауызға жеңіл дүние болғанымен, шынайы экономикалық және ұлттық тұрғыдан Тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Көк байрағымыздың биік желбіреп, төрткүл дүниеге дербес ел атанғанымызды нақты іспен көрсету үшін ұлтжанды азаматтар тоқсаныншы жылдардың басында жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Қазақстан өзінің Тәуелсіздігіне ие болған 1991 жылдары ең алғашқы Қазақстан Үкіметін басқарып, тәуелсіздіктің қазығын тереңге батыра қаққан азаматтардың көш басында Сергей Терещенко болды. Саналы ғұмырын Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жұмсаған тұлғаның өмір жолына көз салған адам ел Тәуелсіздігінің шежіресін оқып отырғандай күй кешеді. Иә, дәл солай. Бұл – артық-кемі жоқ, ешқандай әсіре-қызылсыз, боямасыз айтылған шын сөз.

Мақаламыз еліміздің аса көрнекті майталман қайраткері, халық құрметіне бөленген азаматтарымыздың бірегейі, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрлерінің бірі болып қызмет атқарған – Сергей Терещенко жайында болмақ.

Тіршілікте жүрген-тұрғанына, адамдармен сөйлесіп-пікірлескеніне дейін айналасына тәлім-тәрбие шуағын шашып тұратын адамдар болады. Олар, бәлкім, кез келген ортада ақтарылып, ішкі иірімдерін кеңінен көрсете бермес те. Бірақ, көпті көргені, өзгенің ой-пиғылын қапысыз тануы, болып жатқан құбылыстарға сарабдал салмақтылықпен байыпты баға беруі, маңайындағыларды бір қалыпты болуға баулуы ондай жандарды өзгелерден гөрі биік тұғырдан байқатады. Өзінің замандастары, ізіне еріп келе жатқан інілері Сергей Терещенконы көп жағдайда дәл осылай бағалайды.

Сергей Александрович Терещенко – 1951 жылы 30 наурызда Ресей, Приморского өлкесінде дүниеге келген. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Премьер-Министрлерінің бірі болған. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері.

1973 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, инженер-механик мамандығын алды. Институтты бітіргеннен кейін колхоз бас инженер қызметіне жұмысқа жіберілді. Бастапқы тәжірибесін Куйбышев, Түлкібас ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысында бастаған. Түлкібас аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып төрт жыл қызмет атқарды.

1979 жылы, жеті жыл бойы партия жұмыстарында бөлімінің меңгерушісі болды, содан кейін бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің инспекторы, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы. Партияның облыстық комитетіне 1986 жылы шілдеде төрағасы болып ұсынылды, 1989 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінде қызмет атқарған.

«Қазақстанның Еңбек Ері» ерекше белгісімен, «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен марапатталған.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қосқан елеулі үлесі үшін президенттік сыйлық берілді. Республикалық «Отан» партиясының төрағасы. Еңбектерінің нәтижесі жоғарылаудан кейін жоғарылау, жауапкершіліктен жоғары жауапкершілік. Үлкен мемлекеттік қызметтің иесі болды. Елінің абыройлы азаматы деген осы.

Осылайша Сергей Терещенконың еңбекке толы өнегелі ғұмырының қайнары – Оңтүстік өңірінен бастау алып, кейіннен ол республика деңгейіндегі жауапты қызметтерге ұласты. Атпал азаматтың алға қойған мақсатқа жетудегі табандылығы, дербес шешім қабылдауға дағдылануы, әр мәселеге қатысты жеке көзқарас пен көкейге тұнған пікірді ашық айта білуі, сонымен қатар басқалардың да пікірін ынта қойып тыңдауы, тартымды ойларды жұмыс барысында басшылыққа алуға дағдыланған Сергей Терещенко қандай қиындық болса да, бәрін байыппен шешуді өмірлік кредосына айналдырды. Сергей Терещенко осы бір бекзат болмысы тұңғыш жасақталған Қазақстан Үкіметінің табысты жұмыс істеп, қазақ қоғамының нарықтық қатынастарды жатсынбай қабылдап, ел экономикасын оңалтуға барынша ықпал еткені сөзсіз. Олардың табысты жұмыс істеуіне ықпал еткенін айтпастан, қарапайым жұмыстан бастап, аз ғана уақыттың ішінде маңайындағы адамдарды ортақ іске жұмылдыратын іскер басшы екенін іспен дәлелдеп шықты.

Сергей Терещенко – азаматтық және қызметтік қару айналымы саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар мен ұйымдар қауымдастығының төрағасы, Қазақстанның Орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының басшысы, ауыл шаруашылығы Министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі болған.

Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы. Израильдің құрметті консулы. Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің қатарында.

Қытай «Боао» форумының негізін қалаушылардың бірі.

2015 жылғы мамырда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) үкіметтік емес форумының конференциясына Қазақстанның атынан қатысқан. Сергей Терещенко – 1990 жылы ҚазКСР Президентінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымды қызметтерін абыроймен атқарған. Тәуелсіз Қазақстанның 1991-1994 жылдары премьерлік қызметін атқарды. Кейіннен «Интеграция» қорын басқарды, «Отан» партиясында жұмыс істеді. Қазақстан Халықтар Ассамблеясының мүшесі болып, ассамблея құрамында жоғары лауазым иеленді.

Кеңестер Одағының бір-біріне ажырамастай матаса байланысқан экономикалық жүйесі күйреген тұста АҚШ-тың белді саясаткері Зигмунд Бжезинский өзінің атышулы «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында Кеңестер Одағының шекпенінен шығып, тәуелсіздікке ие болған бірқатар елдер (оның ішінде Қазақстан да бар) ұлтаралық қақтығыстардың ошағына айналады деп сәуегейлік жасаған-ды. Иә, айтса айтқандай, бірқатар елдерде ұлтаралық дүрдараздықтың салдарынан қарулы қақтығыс пен қантөгіс орын алды. Алайда, көпұлтты Қазақстанды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында қарулы қақтығыс пен қантөгіс айналып өтті.

Сол кездегі республика басшылары тәуел­сіздік жылдары пайда болған Жаңаөзен мен Қара­ған­дыдағы қоғамдық толқулардың алдын алғанын білеміз. Тәуелсіздік жылдары мұндай қоғамдық толқулар қандай да бір саяси мақсатты көздемегені анық. Мұндай шеру-толқулардың өзегінде халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы себепші болғаны белгілі. Сол кезде халықтың сеніміне ие болып, қоғамдық өмірімізде орын алған экономикалық қиындықтардың түйінін дер кезінде тарқатуда Сергей Терещенко Үкіметі күн-түн демей, бел жазбай еңбек еткенін бүгінгі жас ұрпақтың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңадан құрылған алғашқы Қазақстан Үкіметін басқару ісін Сергей Терещенкоға сеніп тапсыруында не сыр бар? Сөз жоқ, бұл жерде үлкен сенім болғаны анық.

Кетеуі кеткен ескі Кеңестік жүйеден жаңа нарықтық экономикаға қадам басқан сәтте қазақ қоғамын бұрын адам естіп, көз көрмеген қиын­дықтар күтіп тұрған еді. Мемлекет басшысы осы қиындықтан ұлтжанды азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі ғана алып шығатынын сезді. Ал мұндай өршіл, қиындыққа мойымайтын өжет қасиетті Сергей Терещенконың бойынан талай рет байқаған да болуы керек. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев үзеңгілес әріптесі Сергей Терещенкоға сенім артты. Иә, бұл жерде Тұңғыш Президенттің Сергей Терещенкоға үлкен сенім артқанын байқаймыз. Осылайша 1991 жылы 25 маусымда «Қазақ КСР Министрлер Кабинеті туралы» Заң қабылданып, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Қазақ КСР Премьер-Министрі деген лауазымды қызмет пайда болды. Аталған қызметке Тәуелсіздігіміз жарияланып, мемлекеттігімізді алған соң алғашқылардың бірі болып Сергей Терещенко тағайындалып, атпал азамат еліміздің өсіп-өркендеуі жолында жан аямай еңбек етті.

Сол бір кезеңде кең өрістеген тұрғын үй құрылысы мен халықтың тұтыну тауарларын өндіру, агроөндіріс кешендерін толықтай жекешелендіру үрдісі қолға алынды. Алғашқы қазақ Үкіметі бүгінде мақтанышпен айтып жүрген қадау-қадау істерді аз ғана уақыттың ішінде қалай атқарғанына таң қаласың.

Сергей Терещенко басқарған Үкімет қазақ қоғамының социалистік шен-шекпенін шешіп, жаңа нарықтық экономикаға бет бұрып, даңғыл жол салды. Бұл ел дамуындағы маңызды белес, жаңа кезең болды. Өйткені, нарықтық экономикаға көшу біз үшін бұрын-соңды болмаған мүлде бейтаныс іс болатын. Дәл осы кезеңде түрлі қиындықтар мен әбден шиеленіскен түйінді мәселелерден айналып өту мүмкін емес-тұғын. Сондықтан, еліміздің экономикалық басқару жүйесін қайта құрылымдау, жаңа сападағы шаруашылық жүйесін қалыптастыру және оның тұтас ағза секілді үздіксіз жұмыс істеуі үшін заңнамалық жүйесін құру Терещенко Үкіметіне жүктелген маңызды міндет болды.

Маңызды жұмыс жедел түрде қолға алынды. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі кіріптарлықты, қарапайым халықтың санасын дендеп енген керенаулықты жеңу оңай болған жоқ.

Қазақ қоғамын нарықтық қоғамға кіріктіруде Үкімет әлеуметтік бағыт ұстанып, еліміздің эко­но­микалық және табиғи мүмкіндігін есепке алып, барша халықтың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызатын алғышарттарды басшылыққа алуға тырысты.

Сол кездегі еліміздің нарықтық қоғамға бет бұруын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңде, саяси жағдайды тұрақтандыру, мем­лекеттік және құқықтық тәртіпті нығайту, әлеуметтік шиеленістердің өріс ­алмауын қам­та­масыз ету маңызды жұмыс болғанын байқаймыз. Осы аталған жұмыстарды табысты іске асыру үшін заман талабына сай заңнамалық базаны қалыптастыру да өзекті мәселелердің бірі еді. Екінші кезеңде, нарық механизмдерін іске қосып, экономиканы тұрақтандырып, өндірістің құл­ды­рауына жол бермеудің жүйесін қалыптастыру аса маңызды міндеттердің біріне айналды. Бұл үшін бағаларды босату, жер реформасын жүргізу сынды маңызды міндеттер жедел түрде қолға алынғанын білеміз. Үшінші кезеңде, Қазақстанда нарықтық қатынастардың қысқа мерзімде аяққа тұрып кетуі үшін мемлекеттік-монополиялық қызметтерді шектеу және еліміздің инвестициялық саясатын дамытып, осы аталған маңызды бағыттардың аясында еліміздегі экономикалық жағдайды тұрақтандыру көзделді.

Бүгінде біздер жемісін жеп отырған нарықтық экономиканың негізін қалыптастыру оңай болған жоқ. Қарапайым жұртты былай қойғанда, ірі кәсіпорындарға нарықтық экономика қағи­дат­тарын түсіндіру оңайға соқпағаны анық. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу, мемлекеттік құрылымның сағаттың тіліндей артық-кемсіз жұмыс істеуін қалыптастыруда сол кездегі Үкіметтің атқарған жұмыстарын ешбір дүниемен салыстыруға болмайды.

Терещенко Үкіметі Қазақстанды қысқа мерзім ішінде нарықтық экономикаға бейімдеп қана қойды, сонымен қатар Кеңес Үкіметінен мұраға қалған күрделі мәселелерді шешіп, халық­ара­лық деңгейдегі маңызды міндеттерді абыроймен атқарғанын айрықша атап өткен жөн. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың та­бандылығына арқа сүйеген Сергей Терещенко бастаған Үкімет мүшелері қыруар шаруа атқарғанын барша қазақ жақсы біледі.

Сергей Терещенко – елін сүйген азамат. Азамат деген сөз – қазақтың ең қасиетті бағалы сөзі, ең жоғары дәрежелі атағы. Қазақ, еліне пайдасы тиген, жақсылық жасаған, халқына қамқор, ерен еңбегімен көзге түскен, өнерлі абыройлы адамдарды азамат дейді. Ол – өзінің маңдайының ащы тері тамған қазақ елінің тұрмысы, мәдениеті, тілін жетік меңгерген өнегелі тұлға. Білікті маман Қазақстан елінің өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсап келеді. Өсіп-өнген жері Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы), табиғаты көркем Түлкібас өңірі болған. Өскен өңірі тұрмысына да, санасына да оң әсерін тигізген болуы керек, Сергей Терещенко өзге ұлт өкілі бола тұра Қазақ елінің мемлекеттік тілін өзіміздің кейбір қазақ бауырларымыздан артық меңгерген десек қателеспейміз. Қызметте қанша өссе де, өнсе де елді ұмытпады, жағдайы келсе де басқа елге қоныс аударып кетпеді. Қазақ елімен бірге өсті, өнді. Оның ең басты себебі – елге деген шынайылық пен адалдық деп білеміз. Осылайша еркін елде құлашын жазып жұмыс істеген асқар таудай ағамыз еліміздің ажарлануына бір кісідей үлес қосып, Отан алдындағы парызына барынша адалдық танытты. Мұндай біртуар азаматқа өзі өсіп-өнген жерінен бір көшенің атын берсе де жарасар еді. Атпал азаматтарымызды көзі тірісінде бағалағанымыз жөн емес пе? Бұл ойымызды Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы да бей-жай қалдырмайды деген сенімдеміз.

Бүгінде 70 жасқа аяқ басқан ел ағасы әлі күнге елдің жайын ұдайы назарда ұстап, кез келген мәселеге қатысты көкейдегі ойын бөлісіп оты­рады. Саналы ғұмырын Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, Тәуелсіздігіміздің нығаюына арнаған абыз ағамызды жетпістің шыңына шыққан бел­асуымен құттықтаймыз. Елдік мақсат-мұратпен біте қайнасқан ғұмырыңыз жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, Қазақ еліне жарық шашқан сүмбіле жұлдыздай жарқырап, ортамызда жүре беріңіз.

Осындай өнегелі, еңбекқор ұлдың тұлғалық қасиеттерінен үлгі алар біздер болуымыз керек. Боламыз да. Ол – сөзсіз. Тек, арманға бастар жолда қанатымыз қайырылмасын, ағайын!

А. СӘКЕНҚЫЗЫ

P.S. Іскер басшы халқы үшін көп іс бітіре алады. Бұған оның толық мүмкіндігі бар. Тек ол үшін елім деп соғар үлкен жүрек керек. Өзі қызмет еткен жылдарда елдің еңсесін көтеру үшін тынбай еңбек еткен Сергей Терещенко ағамыздың өмір жолы бұл сөзімізге жарқын дәлел.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *