ЕСІҢ КЕТСЕ, ЕШКІ БАҚ!

Қоғам
876 Views

Жылқыны үйірімен, сиырды табынымен, отар-отар қой бағып, төрт түліктен несібе тапқан қазаққа қоян өсіру де аса таңсық емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ерекше жан. Ол қоян өсіру бизнесін сәтті қолға алған Шәрипа Әбіш. Бір қызығы Шәрипа ханым отыз бес жыл бойы қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрған. Жылдар бойы тапжылмай жалақыға жалданып жұмыс істеген. Күнделікті күйкі тірлік осылай жалғасып кете берер ма еді, кім білсін, кенет күндердің бір күнінде аяқасты ауылға көшіп кетпегенде…

ҚОЯН ӨСІРУ ӨТЕ ТИІМДІ КӘСІП

Шәрипаға қаладан ауылға көшуді кіші ұлы ұсынған екен. Жастардың көбі керісінше алақандай ауылдан гөрі ірі мегаполисте тұруды көксейді ғой. Ал Шәрипаның ақылды ұлы тіршіліктің көзі ауылда екенін жақсы білген. Сонымен олар отбасымен Шымкенттен Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылына көшіп, жаңа өмірдің тыныс-тіршілігін бастайды. Бастапқыда азын-аулақ тауық пен қаз өсіріп көреді, кейін сиырға қол жеткізді. Бір күні Шәрипаға ешкі мен қоян өсіру туралы идея келеді! Тәуекел, неге бастамасқа?! Дереу қояндар туралы тың деректер іздеп, ақыры оны да қолға алды. Біріншіден, қоян еті диеталық тағамға жатады. Ол жеңіл сіңімді, жүрек-қан тамырлары және асқазан-ішек аурулары бар, қант диабетімен ауыратын адамдарға пайдалы. Еуропа елдерінде үш жасқа дейінгі сәбилерді басқа етпен тамақтандырмайтын көрінеді. Екіншіден, қоян аз ғана уақытта жылдам көбейеді. Қоян өсіру өте тиімді кәсіп.

Сол себепті, Шәрипа ойланып жатпастан қоянның «фландер», «француз қойы», «калифорниялық» атты тұқымдарын Түркістаннан, Қызылорда облысынан, тіпті кейбірін Ресейден алдыртты. Бір жақсысы, олар бөгде жерді жатсынбай жерсініп кетті, аса көп күтімді қажет етпейді, жылдам қоң жинайды, күннің қайнаған 50 градус ыстығына да төтеп береді. Шәрипаның тірлігі оңға басқанын бағамдаған баласы қуана қолдай жүріп, қояндарға арнап қора соғып берді.

Айтпақшы, Шәрипаның қоян өсіру туралы идеясы «Еңбек» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан қаржыландырылғанын айта кетейік. Алдымен аудандық жұмыспен қамту орталығында кәсіпкерлік негіздері туралы курс оқып, сертификат алған Шәрипа Әбіш «Ешкі шаруашылығы мен асыл тұқымды қояндар көбейту» мақсатында 583 мың көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантты жеңіп алады. Шәрипаның қоян өсіру туралы идеясын комиссияның қолдау себебі – Бәйдібек ауданында бұл кәсіп жоқтың қасы. Көбінесе ауданда ірі қара мен ұсақ малды бағу әдетке айналған.

Осылай қоян бағу кәсібі алға басып, іс дөңгелене бастады. Бірақ, әдепкіде оңай болған жоқ. «Қояндар саны жүзге жеткенде қарқынды түрде көбейе бастады, мен олармен не істерімді де білмедім, өйткені ол кезде клиенттер жоқ еді», — деп еске алады Шәрипа Әбдіжаппарқызы. – Барша көрші-қолаңды, ағайын-туыстарды қоян етін жеуге көндірдім, құр босқа обал болмасын деп, тегін таратып берген кездерім көп болды. Ал қазір сатылымда ешқандай проблема жоқ. Негізінен Алматы, Қарағанды, жақын аудандарға қоян етін тапсырыспен жөнелтіп жүрмін. Жақында Оралдан тапсырыс түсті. Күннен-күнге қоян етіне деген сұраныс артып келеді. Өйткені, бұл көптеген ауруларға ұсынылатын диеталық ет. Қоян еті дәрумендерге бай, оңай қорытылады, аллергия тудырмайды. Қоян етінен әзірленген тағамдардың дәмін татсаңыз саусақтарыңызды жалайсыз, міндетті түрде жеңсік асыңызға айналатыны сөзсіз!

Әлеуметтік желілерде Қазақстан, Беларус, Ресей және басқа елдердің қоян өсірушілерін біріктіретін өзіміздің халықаралық тобымыз бар. Мұнда біз қоянды күтіп-баптау бойынша өзара тәжірибелерімізбен және кеңестерімізбен бөлісеміз, көптеген құнды ақпарат аламыз.

Нарықта қоян етіне деген сұраныс қашанда жоғары: мәселен, келісі бүгінде 2,5-3 мың теңгеден сатылуда. Сондай-ақ бас киімдер, пальтолар, қолғаптар қоянның терісінен тігілетіндіктен сыртқы терісін де тиімді сатуға болады. Қоян өсірудің басты артықшылығы – аз ғана уақыт аралығында табысқа тез қол жеткізуге болатындығында. Бір ұрғашы қоян жылына алты рет көжектейді. Яғни, дұрыс күтіммен өссе екі ай сайын 7-8 қоян туылады. Қояндар күтімде қарапайым, көп көңіл бөлуді қажет етпейді. Сондықтан бұл бизнес қосымша табыс көзі ретінде өте қолайлы. Үлкен инвестиция құюдың да қажеті жоқ.

«Біз көрші Өзбекстанның қоян өсірушілерімен байланыстамыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстанда «Қоян шаруашылығын дамыту туралы» арнайы заң қабылданған болатын. Бұл елде қоян өсірушілерге субсидиялар беріліп, асыл тұқымды қоян сатып алуға жеңілдетілген несиелер қарастырылып, малды шекарадан өткізу тәртібі оңайлатылды. Сондықтан бүгінде көршілес өзбектерде қоян фермалары жаппай ашылып жатыр. Тіпті, қазір қоян еті балабақшалардың ас мәзіріне енгізілді. Біздің қоян өсірушілерге де мемлекет тарапынан дәл осындай жан-жақты қолдау керек», — дейді кәсіпкер Шәрипа апай өзінің ой-пікірімен бөлісіп.

ЕСІҢ КЕТСЕ, ЕШКІ БАҚ!

Айта кетейік, қоян өсіруді шырқ үйірген Шәрипа Әбдіжаппарқызы жақында мұнымен тоқталмай, асыл тұқымды ешкі өсірумен шұғылдана бастады. Жәй ешкі емес, істі асыл тұқымды заанен, альпі, нубиялық тұқымдарға назар аудара отырып, сатып алды. Иә, олардың бағасы қымбат болғанмен, есесіне жақсы сүт береді. Әрбір сүтті ешкіден күніне орта есеппен 2,5-3 литр сүт сауылады. Әр литрі 500 теңгеден сатылуда. Шәрипаның айтуынша, таңда сауылған жаңа ешкі сүті адам ағзасына өте-мөте пайдалы. Өзі күнде таңертең бір стақанын ішіп, немерелеріне береді екен.

«Ешкі өте тазалыққа жақын жануар. Үстін таза ұстайтыны ұнайды», — дейді Шәрипа. – Біреуінің су ішкен шелегінен екіншісі татып алмайды. Олар өздеріне қаншалықты жем қажет, тек соншалықты ғана жейді, өз қажетінен артық бір грамм да жемейді. Таңданарлығы, әрқайсының өз мінезі бар. Дегенмен, сөйте тұра маған қожайын ретінде бірдей бағынады. Расын айтсам, ешкілердің әрқайсысының денсаулығына мұқият қараймын. Оларға барлық екпелерді уақытында салдырамыз, арнайы дәрумендер ішкіземіз. Өткенде көршімнен «сиырыңыз күніне қанша литр сүт береді?» деп сұрадым. Менің ешкілерім қанша сүт берсе, сиыр да сонша сүт беріп отыр. Бірақ оның сиыры бес есе көп жем жейді. Мен мұнан да көп сүт беру үшін ешкілерімнің рационын байытуға тырысамын, сол себепті ұсақталған жүгері, арпа, бидай беремін. Олар жаңа піскен шөп жегенді жақсы көреді. Сыртқы жайылымнан кейін оларды үйдегі қораға тартудың тағы бір тамаша тәсілі – қатқан нан! Қатқан нанды алақаныма салсам болды, ешкілер жапа-тармағай артымнан жүгіреді. Шынымды айтсам, бүгінде ауылдағы өмірімді ештеңеге айырбастамас едім. Соңғы рет қашан теледидар көргенім де есімде жоқ. Таңертең ерте тұрамын, күнім үй шаруасымен өтеді. Жалығуға да, ауруға уақыт жоқ» — деп ағынан жарылды Шәрипа апай.

Иә, еңбек етсең емерсің деген осы. Артылған сүттен енді Шәрипа сары май жасап жүр, майдың түсі ақ, сиыр сүтіне қарағанда калориясы аз. Үйдегі айран, құрт, қаймақтар да осы ешкі сүтінен шыққан табиғи өнімдер, олар өте дәмді. Апай жақында көрші келіншектің рецептісі бойынша ірімшік жасап көрген еді. Ірімшік жақсы өңдеуден өтіп, дәмі ерекше керемет шықты. Кейбір ауылдастары ешкі сүтін жаңа туған нәрестелерді тамақтандыру үшін де сатып алады. Өйткені, оның құрамында лактоза аз, бала асқазанына да тезірек сіңеді. Әсіресе, ешкі сүті пандемия кезінде жақсы сатылды. Жұрт оны иммунитетті нығайту, тез қалпына келтіру үшін қабылдады. Бүгінде оны тыныс алу жүйесінде ақауы бар ауыл тұрғындары да ішеді.

Біле білсеңіз, ешкі сүті бүкіл әлемдік косметологияда кеңінен қолданылады. Сүтте кездесетін Е дәрумені терінің регенерациялық процестерін жеделдетуге көмектеседі. Е дәрумені теріні жарқыратып, жұмсартып, әрі жібектей ететіні белгілі.

Шәрипа апайдың ешкі қорасына кірсеңіз, құдды «балабақшаға» еніп кеткендей әсерде қаласыз. Неге десеңіз, ол кісі әр лақпен кішкентай немерелері секілді сөйлеседі. Әрқайсысын ерінбей еркелетеді. Олар да қожайын «әжелерін» алыстан танып, көрген бойда секіріп, ойнақтап кететіні тіпті қызық… Мысалы, мұнда тастан тасқа секіріп жүрген лақтың аты Қарлығаш екен. Қарлығаш бір орында тұрмайды, қимыл-қозғалысы көп екен. Оның қасында қою қоңыр түсті лақ Латте екен, расында кофе түстес, Латтенің енесінің аты Капучино екенін білгенде еріксіз езу тарттық. Арасында егіздер бар: Зита мен Гита нағыз сұлулар. Мына бірі Төлбасы – бірінші төлінен.

Кешкілік лақтар өз уақытында бөтелкемен тамақтандырылады. Жазғы демалыс болғандықтан қаладан келген Шәрипаның немерелері Меруерт пен Қазына қолғабыс етіп жүр. Олар әр жазда осылай Шымкенттен әжесіне келіп, демалыстарын пайдалы өткізеді: ешкі бағады, үй шаруасына көмектеседі, бақшадағы арамшөптерді теріп тазартады.

Лақтарға сүт берер алдын бөтелкелерді алдын ала мұқият жуып, тазалап, сүтті жылытып беретіні нағыз қамқорлық. Болашақта Шәрипа ханым кәсібін ұлғайтуды армандап жүр. Кәсіпкер әйелдерді қолдау мақсатында мемлекеттен тағы жәрдем алып, қоян етін бұқтыруды қолға алсам, ет өндірісін дамытсам, шаруашылығымды кеңейтсем, ешкі мен қоян өсіретін жер алып, үлкен сарай салсам, соған байланысты құрылыс жұмыстарын жүргізсем дейді. Қазақта «Есің кетсе, ешкі бақ!» деген сөз бар. Бәлкім, ешкінің тез төлдеп, есіңді шығаратыны, бір орнында тұрмайтынын сеп етіп алса керек.

Шәрипа Әбіш ауылдастарына ешкі шаруашылығын жүргізуді үйретуге дайын. Ол қыс бойы ешкіге арналған бидайды арнайы жәшіктерге салып, дәруменмен қамтамасыз етті, сондықтан оның бұл мәселеде тәжірибесі бар.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *