ЕҢБЕК ЕПТІЛІКТІ СҮЙЕДІ

Қоғам
330 Views

Елімізде автоқызмет орталықтарына жүгінетіндердің қатары қалың. Иә, адамнан техника көп заманға да жеттік. Бүгінде әр адамның бір басында қос-қос көліктен. Темір тұлпарынан қандай да бір ақау анықталғанын байқаған азаматтар арнайы орталықтарға барады. Жоғары сапа, тиімді баға ұсынатын қызметті қаламайтын адам жоқ. Осындай мекемелердің бірі – «Досым» автосервис орталығы.

Досым Оспан – Арыс қаласының тумасы.Механикалық білімі бар кейіпкеріміз жас болса да, талай белестерді бағындырып, бірқатар жетістікке жетуде. Осы жылы мемлекеттен берілген мүмкіндікті пайдаланып, «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында грант ұтып алып, өз кәсібін ашты. Бизнес саласында тәжірибесі бар Досым әке жолын жалғайды.Бастапқыда отбасылық кәсіптерін дөңгелетіп, біртіндеп жақсы нәтиже бере бастағанын көрген соң Нұр-Сұлтан қаласына барып, тәжірибесін шыңдайды. Алайда, бас қалада қанша тырысып жұмыс істегенімен, қаржылық қиындықтарға тап болады. Өз ісін ерекше сүйетін кейіпкерімізге біреудің қол астында қызмет ету таңсық көрініп, көп ұзамай Арыс қаласына қайтып келіп, «Бизнес бастау» бағдарламасы жайлы естіп, өз өтінішін береді. Біраз уақыт бойы құжаттарын даярлап, бір айлық курстан өтіп, бизнес жоспарын құрады. Алайда, 2021 жылы мемлекеттік гранттардың 40 пайызы жағдайы төмен жанұяларға берілгендіктен, Досым конкурстан ұтылып қалады. Қайсар кейіпкеріміз сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, осы жылы тағы да бағын сынап көреді. Жиырма бес қатысушының ішінен демеушілерге оның жеке жоспары мен бизнес идеясы ұнағандықтан, 1 223 000 теңге көлемінде грант береді. Бұл қаражатқа жаңадан ашылған орталығына түрлі аппараттар мен құрал-жабдықтар алады. Досымның айтуынша, кәсіпті бастауға мемлекеттің ықпалы көп болған көрінеді. Бір жағынан әкесі де көмегін аямай, ғимарат сатып әперіпті. Қазіргі таңда кәсіптері қарқынды түрде жүріп тұр. Әзірге қол астында көлік жөндеумен айналысатын екі жұмысшысы бар. Алдағы уақытта орталықты кеңейту ойында бар.

– Кәсіп ашу үшін сол салада кем дегенде 1 жылдық тәжірибе болу керек. Себебі, ол істің басы-қасында жүрмеген соң біраз сәтсіздікке ұшырап, сынға қалу қаупі бар. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алған кәсіпкер ғана біршама жетістікке жетеді.Тәуекел түбі – жел қайық.Тәуекел етуден қорықпау қажет. Тәжірибе, шыдамдылық, мамандығыңа құштарлық жүрген жерде ғана табысты бола аласың, – дейді кейіпкеріміз.

Көлік жөндеу кәсібінің табысы да аз емес көрінеді.Қазірдің өзінде орталықтың көмегіне кем дегенде 2-3 адам жүгінеді. Клиенттің сұранысы мен көліктің жағдайына қарай баға да шарықтай береді. Жылдық есеппен шаққанда, 1000000 теңге келеді деп есептесек, шығынын қоспағанда 500000-600000 теңге қолыңызға тиеді.

Кәсібін енді бастаған Досымның алдынан сынақтар мен қиындықтар қатар күтіп тұрды. Айналасындағылар бұл істің түкке жарамсыз екенін талай айтып, аяғынан шалмақ болыпты.Бірақ, ол сынақтарға сынбай, кедергілерді жеңіп, өз арманын жүзеге асырды.

– Жаратушы жемісін еңбегіңе қарай береді.Бұл салаға келмей тұрып, көшеде түрлі иіссулар саттым. Сондықтан жан-жақтылыққа бейіммін, – дейді Досым. 75000 тұрғыны бар Арыс қаласында автоқызмет көрсету орталықтары жетерлік. Керемет нәтиже мен жақсы қарым-қатынасты көрген клиенттер қайтадан осы орталыққа жүгінеді екен.

Биыл грант саны өткен жылғыдан 2 есе өсіп, жас кәсіпкерлердің төбесін көкке жеткізіп жатыр. Бірі кондитерлік кәсіп жайлы жоспарын ұсынса, енді бірі қорасындағы жылқыны пайдаға жаратып, бизнесін бастамақ. Жасаймын десеңіз, жұмыс жетерлік. Тек жалқаулықты ысырып қойып, іске көшетін сәт келді. Есіңізде болсын, бір адамның қолынан келген іс – екіншіге де қиындық тудырмайды.

Аружан САМИДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *